Медицина • 05 Мамыр, 2017

Қымыз, қазы һәм шұбат

233 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Сары қымыз – дәрі қымыз» деп көктемгі сусынға қызып, басымыз мәңгіріп жүргенде, қымыздың патентін Германиядағы бір неміс ағайынның алып қойғаны белгілі болды. Төре табақ еттің ішіндегі қазы-қарта десе, «мұны жесе – қазақ жесін, ұлттық асы ғой» дейді. Біздікі емес екен. Өзбекстандық бір азамат қазыны өзіне меншіктеп, патент алған.

Қымыз, қазы һәм шұбат

Кейін Астанадан келген, патент алуға қатысы бар бір дөкейден сұрадық. «Бұл қалай, қазы қазақтың асы ғой» деп. Ол айтты. Егер француз бір табақ етке бір қияр қосып, «осылай жесе өте сіңімді болады» деп ұлттық тағамның бір түрі ретінде заңдастырып алса, оныкі дұрыс болар екен.

Сөйтіп жүргенде көкпарды «Көк­бө­рі» деп қырғыз ағайындар өзіне мен­шік­теп алды. Зеңгібабаның түлігі түйе, оның шұбатына ешкім таласпайтындай көретін едік. Келді. Қытай азаматы. Ірі кәсіпкер. Сол Түркістан қаласында қы­мыз бен шұбат өндейтін зауыттың ір­гетасын қалады. Зауытты салуға жұм­сайтын қаржысы 7 млрд 456 млн тең­ге. Зауыт толық қуатына шыққанда жы­лына 100 тонна түйе және жылқы сү­тін қайта өңдеп, осы өнімнің ұнтағын шы­ғарады.

Шымкентте Мұсатілла Тоқанов де­ген ғалым бар. Үлкен ғылымдағы са­налы ғұмырының дені шұбатты те­рең өңдеп, құрғақ ұнтақ, таблетка, тез еритін түйіршік алған жалғыз маман осы. Отыз жылдан бері шұбаттың мың бір ауруға ем екендігін дәлелдеп ке­леді. Әлемдегі ең қауіпті саналатын обыр және қант диабетін емдеу­ге болатындығын ғылыми негізде дә­лел­деп шықты.

Мәскеудің Герцен атындағы онко­ло­гиялық институтының профессоры Р.И.Якубовская бастаған бір топ ға­лым­дар обыр ауруының алдын алатын лаф­рот деген препаратты өндіріске е­н­гізбекші. Профессор ракқа қарсы фер­мент­ті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бі­р­ақ, ғылыми жаңалықтың өзіндік қи­ын-

­дықтары аз емес.

Мәселен, 1 грамм препарат алу үшін 25 әйелдің сүті өңделуі керек. Оның өзін­дік құны – 2500 доллар. Ал 100 грамм алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек. Аналарымыздың көңіліне келмесін, әйел сауын сиыр емес. Конвейерге қойып қақтап сауып алатын.

Мұсатілла Тоқанов бұл тығырықтан шығудың жолын тапты. Түйе сүті ана сүтімен құрамдас, лактоферрин ферменті ақуызында тепе-тең қа­лып­та. Түйе сүтінде сиыр сүтімен са­лыс­тырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда, құ­рт ауруына, ішек-құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық жә­не қант ауруына бірде бір еміңіз түйе сү­­ті­н­де. 1 литр түйе сүті 400-500 теңге екенін ескерсеңіз, обыр ауруына қарсы препарат жасау оншалықты шығын қажетсінбейді. Бір қызығы, осындай жаңалыққа Үкімет тиісінше назар аудармай отыр.

Ал, енді айтайық. Осы Мұсатілла Тоқановты Жапонияның маңдайалды «NHK» телекомпаниясының жур­на­листері іздеп тауып алды. Онысы да қы­зық. Интернеттен ғылыми жаңа­лы­ғын оқып білген жапондар әуелде Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне те­лефон шалады. Олар Тоқановты қай­дан білсін. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне сілтейді. Шымкентте де­ген соң олар осындағы Батыс, Оң­түс­­тік Қазақстан ғылыми-зерттеу ин­с­­­ти­­тутының сол кездегі басшысы, ака­д­е­мик Әбдірахман Омбаевқа сұрау са­­лады. Осындай мехнаттан соң телеко­мпания өкілдері Тоқановты табады.

Мұхит жалдап қияннан келген қо­нақ­т­арға Тоқановтың да сауалы бар.

«Токио мен Шымкенттің арасы қан­ша шақырым?» деп сұрайды. «9 мың ша­қырым». «Сонша жерден мені іздеп ке­летіндей мен не іс бітіріппін», дейді тағы да.

Сонда жапондар «Жапонияны дү­ние жүзінде ешбір мемлекет электрони­ка жаңалықтарымен таңғалдыра алмай­ды. Машина жасау саласында да солай. Ал түйе сүтінен лактоферрин алып жат­қан сізді іздеп келуіміз, ғы­лы­ми жа­ңалығыңыз қызықтырады. Бір­ге жұ­мыс жасаймын десеңіз, біздің ға­лым­дар дайын» дейді.

Тоқановқа бұл қызық емес. Та­лай мем­лекеттен шақырту алған. «Қазақ­стан­­­да іске асырамын, қазағым­ның атын шығарамын» деп қадам баспай жүр­ген­дігі жаны – ғалым, жаратылысы – қазақ екендігінде.

Осы Тоқановқа түйе сүтінен құрғақ ұн­тақ алатын ғылыми жобаңды сат деп құ­да түспеген жер жоқ-ау. Қытайдан ин­весторлар шықты. Моңғолиядан сатып алушы табылды. Еуропа елдерінен ат арытып келгендер бар. Басқа біреу болса, «ақыры Үкіметке керегі жоқ екен, күйген дүние күйіп кетсін», деп сатып та жіберер ма еді. Мұсекең өйтпейді. Қазақ елінің несібесі ғой, бір күні болмаса бір күні Үкімет мойын бұрар деп үміттенеді. Талай ғылыми жобаларға қатысып, шұбатты терең өңдеу арқылы пайдалылығын дәлелдеп алған 8 патенттің және тағы басқа салалардан 22 патент иесі. Патент алу үшін ғылыми жұмысының сипаттамасын ағылшын тіліне аударып, әлеуметтік же­ліге салады. Ұшы көрініп тұрған ғы­лыми жұмысты түрлі тәсілдермен бе­рі қарай суырып алуға әртүрлі сынақтар өткізіп лабороториядан шық­пай­тын ла­бо­ранттың өзі жетіп жатыр. Ға­лым­ның отыз жылдық ақыл-ой, көз майы осы­лайша жем болып барады.

Тоқановтың кластерлік технология­сы шұбатты үш айға дейін сол күй­інде сақ­тауға болатындығын дә­лел­де­ді. Шұ­баттан қант диабеті, ішек-құ­ры­лы­сы­на емдік қасиеті бар биойогурт, иммунитетті көтеретін балқаймақты шағын партиямен өндіріске шығарды. Құрғақ ұнтақ пен таблетка, тез еритін түйіршік түрінде шетелге экспорттауға болатындығының ғылыми негізін жасады.

«Шұбаттың қандай дәрумендік қа­сиеті бар?» десеңіз, екі-үш сағат лекция оқып тастайды. Нағыз ғалым. Бірақ, осы идеяны іске асырардай қалтасында артық көк тиын жоқ. Өзі біліп тұрған соң кәсіпкерлікке қыры келмесе де ғылыми жұмысын өндіріске қосу үшін бизнес-жоба жасаған. Әрі есептеп, бері есеп­теп 373 млн теңгенің көлемінде өн­дірісті аяғынан нық тұрғызбақ.

Былай қарасаң, осы ақша мемлекет үшін түк те емес. Әкімдер бір кез­дері өздері қол қойып берген ірі құ­ры­лыстарды бұзуға осындай қаржы шы­ғарып жатыр. Кейбір облыстарда ба­лабақшада, мектепте бала саны тола бер­мейді. Бірақ, әкімдер жаңа ірі нысандар үшін мемлекеттік сатып алулар өткізеді. Кейбір балабақшалардың жоғары оқу орны ғимаратындай орасан үлкен болып кеткенін Елбасы да сынаған. Балалар бір бұрышына ғана сыйып кететін осы ғимаратты күтіп-ұстауға жыл сайын бюджеттен қанша қаржы кететінін есептеп көріңіз.

Алысқа бармай-ақ, Шымкенттің жол жиегіндегі граниттей мықты, кем дегенде 20 жылға жететін стандарттарға сәй­кес бордюрларын қопарып тастап, орнына бір тепсең опырылып қалатын бор­дюр қойып жатқанын көргенде, бюд­жеттің есіл ақшасына ішің удай ашиды. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.

Мұны неге таусылып айтып жатыр­мыз. Тоқановтың отыз жылдан бе­рі «қа­зақты емдейтін де – шұбат, бай­ы-

та­тын да – шұбат» деп дәлелдеп келе жат­­қан жобасын қаржыландыруға әл­гі қар­жының бір бөлігінің ғана шама­сы жететіндігін салыстыру үшін айт­қа­ны­мыз ғой.

Шұбат – біз күн сайын баррель ба­ға­сын есептеп отырған, мемлекеттің эко­номикалық шамасын байқататын мұнайдан әлдеқайда қымбат. Мәселен, халықаралық нарықта шұбаттың 1 келі құрғақ ұнтағының бағасы – 200-500 еуро. 1 тонна мұнайыңыз – 250 дол­лар. Енді осыны шотқа қағып кө­ріңіз. 1000 келі құрғақ шұбатты 250 еу­роға көбейтсеңіз, 250 000 еуро бола­ды. Қарапайым есеп. Құрғақ шұбат мұ­найдың осы көлеміне шаққанда мың­даған есе пайда бергелі тұр.

Аспанасты елі түйе өсірмейді. Бірақ, нені қолға алса жолындағылардың бә­рінің аузын күншығысқа қаратып жібе­ре­ді. Енді араға өзіміздің ағайындарды са­лып, қымыз бен шұбаттың пайдасына кірді.

Әрине, бізге инвесторлар керек. Жұмыс орындары ашылады, салық тү­сімі көбейеді. Бірақ, болашақта млрд-та­ған қаржыны емдік қымыз, шұбат ұ­н­тағы ретінде шет ел пайдасына асы­ра­тындығымызды ойламаймыз ғой.

Мұсатілла көкем осы дертпен мен пақырды да ауру етіп тынды. Сөйлесе қал­саң, әңгіме шұбаттан басталып, ем­дік қасиетімен бітеді. Жазып жатырмыз, жазып жатырмыз, «әй, мыналарды тыңдап көрейік, қазақтың ендігі брен­ді осы екен, жобаны іске асыруға кө­мектесейік» деген пенде жоқ.

Ал, тағы жаздық. Ұлт пайдасын о­йла­ған шенді, естір құлақ болса...


Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»


Оңтүстік Қазақстан облысы