11 Маусым, 2011

Талайды тамсандырған Талдықорған...

1040 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Алматы облысының орталығы Талдықорған шаһарының бүгінгі өсіп-өркендеуі жайлы жұртшылық әрдайым жақсы пікір білдіріп, ықыласпен айтады. Бұл тегін емес. Жылдың қай маусымында болсын қайнаған тірлік пен көз қызықтырар сән-салтанатымен ерекшеленетін оның орталық көшелері де аса көрікті. Атаулары да көңілге қонымды. Қазақстан, Тәуелсіздік, Желтоқсан, Абылайхан, баһадүр батыр Қабанбай, Қабылиса жырау, Абай, Ілияс Жансүгіров, ақын Сара тағы басқа ұлттық шы­райдағы есімдерді көргенде көңіл риза­шы­лық­қа бөленеді. Гүлзар көмкерген сән-салтанаты мен тазалығы да көрген жанның мейірін қандырады. Әрине, ол үшін қыруар жұмыс жасалып, тынымсыз тірліктің толассыз жалғасып жатқаны да ақиқат. Қала тізгінін қолына алғанына аз уақыт өткен, мамандығы инженер құрылысшы, әрі бірер ауданда басшы қыз­мет­те болған Махаббат БИГЕЛДИЕВТЕН бұған дейінгі атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлары жайлы сұраған едік. – Махаббат Садуақасұлы, қызметі­ңіз­ге әрдайым сәттілік серік болсын. Газет оқ­ыр­мандарына қаланың қазіргі келбеті жайлы әңгімелеп өтсеңіз. – Рахмет. Жаңа қызметтегі міндетімді бірден шаһармен және тұрғындардың ты­ныс-тіршілігімен танысу­дан бас­­тадым. Енді нені қолға алу қажеттігін сара­ла­дым. Көп жұмыс жасал­ға­нын өзіңіз де білесіз. Айтарым, бұған дейін қала әкімі болған Сә­кен Жыл­қайдаровтың іскерлігі мен ұйымдасты­рушы­лық қабі­летіне ерекше риза бол­дым. Жалпы, білікті кадр­лар шоғырланған қала әкім­­ді­гі­нің ұжымымен бірге Елба­сының Жолдау­ында­ғы тап­сырмаларды, облыс әкімінің алға қойған міндеттерін ор­ындауға осы­лай кірісіп кеттік. Шаһардың сәу­леті жай­лы айтудың өзі бір ғанибет. Ал­дағы жоспарлар мен тиянағын тез арада келтіретін мәселелер де аз емес. Осыдан 10 жыл бұрын облыс орта­лы­ғы­на айналған Талдықорған қаласы қай жа­ғы­нан болсын түрлене түскен, замана талабына сай түлеген. Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің арқа­сында мүмкін болған игіліктер екені даусыз. Өткен жылдар ішінде экономикасы мен әлеу­меттік жағдайы жедел дамып, ха­лық саны өскен, жұртшылықтың мәдени-тұрмыстық жағ­дайы әлдеқайда жақсарған. Барлық жағы­нан басқа шаһарларға ұқсамай­тын ерекшелігімен де қала өз қонақтарын тамсандырып, қуанышқа кенелтіп келеді. Зәу­лім ғимараттар мен жасыл желекке ор­анған Талдықорғанның кескін-келбеті, ты­ныс-тір­шілігі жыл сайын ажар­лана түсіп, өс­іп-өркендегені осының дә­ле­лі. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономи­ка­лық, мәдени да­муы да күн өткен сайын қар­қындай түсуде. Сонау 2001 жылы қаланы 115 мың тұрғын мекендесе, қазір олардың саны 150 мыңның үстінде. – Барлық құндылықтардың негізі эко­номикаға тәуелді десек, оны оңтайлы шешу, әрине, инвестиция тартуға бай­ла­ныс­ты. Бұл мәселе жайлы қандай жоспар­ла­рыңыз бар? – Мемлекет басшысының биылғы Жол­дау­­ында экономиканы көтеру үшін отандық және шетелдік инвестиция көлемін ұлғайту тап­сы­рылды. Демек, саланы жедел дамы­ту­дың негізгі алғы шарты өндірістегі инвестиция тиімділігіне қол жеткізумен тығыз бай­ла­нысты. Жаңа ғасырдың алғашқы жылы қала бойынша негізгі капиталға 1423,7 млн. теңге қаржы тартылса, 2010 жылы тек жаңа өндіріс орын­дарын ашуға 20 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталыпты. Мұның өзі жаңа жұмыс орындарының ашылып, бюджетке түсетін түсімдердің еселенуіне жол ашқан. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы са­ла­сы мен шағын және орта бизнесті да­мытуға да мемлекеттік қолдаудың барынша артуы шаһардағы тірлікке оң әсерін тигізді. Агро­өнеркәсіпте төрт түлік мал басы кө­беюімен қатар ауылшаруашылық өнімдерін өндіру ісінде де айтарлықтай табысқа қол жетті. Қа­лада 386 шаруа қожалығы, 20 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен өнді­рістік кооператив, 5 мемлекеттік ауыл ша­руашылығы кәсіп­ор­ны бар. Өткен жылы олар ауыл шаруа­шы­лы­ғының өнім көлемін едәуір арттырып, интенсивті технологияны қолдануға басымдық берген. Нәтижесінде, 56 ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­ру­шіге 16900,0 мың теңге, 4 шаруа қожалы­ғы­на бақ өсіру үшін 2,2 млн.теңге субсидия беріліпті. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, жеміс-жидек өндіретін ауыл шаруа­шылығы құры­лымдарына да мемлекеттік нақты қолдау көрсетілген. Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін қай­та өңдеумен айналысатын 77 кәсіпорын жұмыс істейді. Осы саланы дамыту үшін қайта өң­деудің заманауи технологияларына көшу мен құрал-жабдықтарды жаңарту бас­ты міндет бо­­лып саналады. Негізгі азық-түлік түрлерінің ба­ға­сын тұрақтандыру мақ­са­тында қолға ал­ын­ған бұл шаралар нақты нәтиже беруде. Тұ­тынушылар «Талсай-Ет» кәсіпорны мен ша­ғын наубайханаларда өн­дірілген азық-түлік түрлерінің тұрақты бо­луы үшін нақты жұ­мыстарын жалғастыруда. Шағын және орта кәсіпкер­лік саласында өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет өт­кен мерзімде бес есеге артып, 13 млрд. теңгені құрапты. Бірер жылдың бедерінде бірнеше шағын кәсіп­ор­ындар іс­ке қосылған. Осылай­ша атал­ған саладан бюджетке түс­кен төлем­дер 1,5 млрд. тең­геге жеткен. Бұл салада 2001 жы­лы 8 мыңға жуық адам еңбек етсе, олар­дың саны екі есеге артқанын және қалалық­тардың тұрмысына көптеген игілік әкелгенін байқауға болады. Экономиканың локомотиві саналатын өн­ер­кә­сіп саласында 21 ірі және орта кәсіп­орындар жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың қорытындысында олар 26 290 млн. теңгенің өнімін өндіріпті. Демек, өнеркәсіпте өнім өн­­ді­ру көлемі 5 еседен асқан. Бүгінгі таңда өн­­ді­ріс ошақтары өнімнің жаңа, ерекше сұ­раныс­қа ие түрлерін өндіруге бағытталған индус­трия­лық-инновациялық бағытпен жұ­мыс істеуге көшкен. Қазірдің өзінде 66 кә­сіпорын ИСО Халықаралық сапа сертифи­кат­тарына ие болғанын айту керек. – Құнды құжатта өнеркәсіпті дамыту мен қалпына келтіру мәселесіне ай­рық­ша назар аударылған. Осы тапсырманың бү­гінгі орындалуы туралы не айтар едіңіз? – Экономиканың негізі – өндірісті алға бастыру екені белгілі. Осы орайда мемле­кет­тің және облыс әкімдігінің қолдауымен жұ­мы­сын тоқтатқан кәсіпорындарды қайтадан іске қосу мен жаңа өндіріс орындарын ашу жұ­мыс­тары қатар жалғасуда. Мұндай ау­қым­ды істерді атқаруға қыруар қаржы мен еңбек кү­шін жұмылдыру қажеттігі басы ашық әңгіме. Мәселен, бұған дейін 89 жаңа өндіріс орны ашылып, мұның өзі халықтың әлеуметтік тұр­мыстық жағдайына оң әсер еткені байқалады. Қазіргі кезде осы өндіріс ошақтарында екі мың­нан астам адам ең­бекпен қамтылған. Әсі­ресе, «Қайнар АКБ», «Инфраэнерго», «Темірбетон», «Жерсу Пау­эр», «Алакөл Плант», «АСПМК-519», «Те­мір-ЭЗКО», «Гранито Плюс» сынды т.б. ірі кәсіпорындардың қала­ның экономикалық-әлеуметтік дамуына қос­қан үлестері қомақты. Экономикалық күш-қуат артқан сайын елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, күрделі мәселелердің күрмеуі шешілетіні заңдылық. Бюджеттің басым бөлігі аталмыш салаға ба­ғыт­талғанын қалалықтар оң өзгерістер ар­қы­лы күнделікті өмірлерінен көріп отыр. Білім мен денсаулық саласы жайлы айтсам, қалада 29 мектеп, 12 колледж, 2 жоғары оқу орны, сондай-ақ, 9 мемлекеттік, 6 шағын орталық және 8 жекеменшік мектепке дейінгі балалар мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарында «Назарбаев зияткерлік мектебі» шәкірттердің үштұғырлы тіл саясаты мен бәсекеге қабілетті білім берудің үлгісімен жұмыс жүргізетінін атап айтқан орынды. Қалалықтарға 34 ден­сау­лық сақтау мекемесі қызмет көрсетіп, халық­тың сапалы ем алуына барлық мүмкіндік жасалған. Өткен жылы азаматтардың жекелеген санатта­рына 52,5 млн. теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді. Мұның өзі денсаулыққа деген қамқор­лықтың едәуір жақсарғанын көрсетеді. Талдықорғанда ел назарын аударатын жә­не бір жақсы жаңалық – халықтық салт-дәс­түріміздің мәйегі саналатын ақ шаңқан киіз үйлердің көшелерде көптеп орналасуы, дертке дауа сары қымыз бен шұбат сапырған ор­ын­дар қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналғаны. Қымызханалардың адам денсау­лығы мен саламатты өмір салтын қалып­тас­тыруға ықпал ететінін дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Сондай-ақ, жыл өткен сайын мәдениет және спорт ошақтарының жұмыс­та­ры да жаңа мазмұнмен толығып, заман та­лабына сай жаңарып келеді. Өскелең ұр­пақ­тың жігерлі, шымыр болып өсуіне игі әсерін тигізетін бұл орындар да ел игілігінің бір көрінісі. – Үй болмай, күй болмайды деген. Он­ың үстіне сіз құрылыс маманысыз, мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдар­лама­сының бүгіні мен болашағы жайлы алдағы жоспарларыңыз қандай? – Елбасының алға қойған басты мақсат­та­рының бірі, тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешуге бағытталғаны белгілі. Осы үрдіс жыл­дармен жарысып, Талдықорған қала­сында да жарасым тауып келді. Өткен он жыл ішінде 225 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліпті. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал, 2008 – 2010 жылдарғы мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламасымен 475 пәтерлі 14 көп қабатты үй халық игілігіне жаратылыпты. Мұ­ның сыртында кәсіпкер­лер мен жеке тұр­ғындар да тұрғын үй құ­рылысын жанданды­руға, шаһардың қанатын кең жаюына ықпал еткенін көреміз. Соны­мен қатар, бой көтерген жаңа шағын аудан­дардағы тұрғындарға қа­жет­ті әлеуметтік тұр­мыстық жағдай жасау мақ­сатымен инже­нерлік-коммуникациялық же­лі­лер тартылып, қажетті шаралардың толық қамтылуы қарас­тырылған. Жыл сайын мә­дени көпшілік, сәулетті құрылыс нысандары салынып, қала бейнесі барынша ажарланған. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары пай­да­­лануға берілген Тіл сарайы, Достық үйі, сала­матты өмір салтын қалыптастыру мақ­са­тын­дағы «Жастар» спорт сарайы, жаңа мек­тептер мен балабақшалар қалаға ай­рық­ша сән беріп, болашағының зор екенін дәлелдеп тұр. Шаһарда «Үш ата» ескерткіші скульпту­ра­лық композициясымен ерекшеленеді. Сонау XVII-XVIII ғасыр аралығында өмір сүрген, жоңғарларға қарсы күресте ерлік пен елдіктің ерен үлгісін танытқан Ескелді би, Балпық би және Қабылиса жыраудай тарихи тұлғалар тұғыртастан лайық орнын алды. Бұл ескерткіш жастарды отансүйгіштік қа­си­етке, ел мен жерге деген сүйіспеншілікке баулиды. Тәуел­сіздік көшесінде баһадүр ба­тыр Қаракерей Қабанбайға қойылған ескерткіш те қалалық­тардың асқақ рухын көтерсе, күй падишасы Нұрғиса мен жыр сүлейі Сүйінбай, ақын Сара ескерткіштері де тал­дықорғандықтардың мерейі деуге болады. – Облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың тап­сыр­масымен жуырда қала мен ауыл бай­­ла­нысын нығайтудың тың шаралары қолға алы­­нып, жыр алыбы Жамбыл ауд­а­нының жұрт­шылығы Талдықорғанға келіп қайт­қа­нын естідік. Енді осы мәдени жүздесудің мән-мағынасына қысқаша тоқ­тала кетсеңіз қайтеді. – Иә, ауыл – ұлттың алтын құрсағы, дәс­түр-салтымыздың қайнар көзі, дарынды аза­матта­рымыздың асыл бесігі деп білеміз. Сон­дықтан қазақ баласы қанша жерден қалалық болға­нымен, ауыл дегенде ет жүрегін үзіп беруге шақ тұратыны табиғи заңдылық. Біз де Жетісу өлкесінің жауһар алқасындай әсем Талдықорған қаласын ауыл рухымен үнемі жаңғыртып тұруды мақсат санаймыз. Сон­дық­тан биыл ұлы Жамбылдың туғанына 165 жыл толуы мерекесі мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейіне орай батырлар мен ақындар мекеніндегі шығарма­шы­лық адамдарының бір тобын, өнер ұжым­дары мен еңбек және соғыс ардагерлерін облыс орталығындағы жаңалық­тар­мен жақынырақ танысуға шақырған бола­тын­быз. Алдағы уа­қыт­та рухани, мәдени және әлеуметтік байланыс­тарды одан әрі жалғас­тыра береміз. Жамбылдық қонақтарымыз қаланың ең көрікті орындарын аралап, М.Тынышбаев ат­ындағы облыстық тарихи өлкетану мұра­жай­ымен, Тіл сарайында тілдерді оқытудың жағ­дайымен, Достық үйінде бауырлас ұлт­тар­дың мәдениетімен жан-жақты танысты. «Құлан­саз» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі тартымды концертін қойды. Шығар­ма­шылық өнер адамдары түрлі кездесулер өткі­зіп, оқырмандарымен ой бөліссе, қолөнер шеберлері өз көрмелерін жайнатты. Бір сөзбен айтқанда, екі жақ та бұл мәдени шарадан рухани шұғылаға бөленді. Ауыл тынысын сезініп жігерленген тал­дықорғандықтар да алдағы уақытта Жамбыл елінде осындай кездесу ұйымдастыратын болады. Қала мәдениетін уақыт талабына сай дамыту үшін бізге мұндай байланыстар аса қажет. Мүмкіндігінше облыс аумағын­дағы өзге де өңірлермен қарым-қатынас жа­сауды ізденіспен жалғастыра берсек дейміз. – Талдықорған қаласы әсем ән мен жауһар жырдың арқауына айналған. Бұл тегін емес. Шаһардың алдағы даму жос­па­рын көзге елестетіп көрсеңіз? – Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Жар­лығына сәйкес, Талдықорған қаласының аума­­ғын 2015 жылға дейін дамыту бағ­дарла­масы дайындалған. Бас жоспардың негізінде алдағы жылдардағы шаһар келбетінің бұдан да түрлене түсетінін көреміз. Мәселен, қала­ның шығыс ауданын индустриялық аймаққа, оңтүстігін өн­еркәсіптік негіздегі инженерлік-коммуника­ция­лық инфрақұрылымдарды да­мы­туға арналған кешенді жоспарлар қолға алынатын болады. Уақыт бір орында тұрмайды. Қоғамның өр­кендеуімен қатар барлық саланың жедел қар­қынмен дамитыны ақиқат. Жаңа өндіріс ор­ны мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын­дар­ды жетілдіру, кеңейту жөнінде ондаған жобалар кезек күтіп тұр. Мұны былай қой­ғанда, тұрғын үй құрылысы, коммуналдық, жалгерлік, несиелік үйлер салу жұмыстары жалға­сын таппақшы. Соңғы бес жылда қанатын кең жайған Қа­ратал шағын ауданының болашағы тіптен де зор. Өйткені, осы атаудағы өзеннің оң жаға­лауында тұрғын аудан бой көтеріп, экономика және бизнес класты көп қабатты тұрғын үйлер мен мәдени ошақтарының қатары кө­бе­йеді. Шаһарда бірнеше футбол және волейбол алаңдары, теннис корты тәрізді ны­сан­дардың құрылыстарын бастап, оны халық игі­лігіне беру алдағы жоспарлық мақ­сат­тар­дың бірі екенін де айта кетсем артық болмас. Талдықорғандықтар ел өміріндегі айту­лы мерекелер мен салтанаттардан ешқашан шет қалған емес. Соған сай көшелерді көр­некі безендіру, гүлзарлар жасау, саябақтарды лайықты демалыс орнына айналдыру мақ­са­тында ізденіспен еңбек ету қажет. Арқа төсіндегі елі­міздің жүрегі саналатын әсем Астананың мерекесі қарсаңында жоғарыда аталған көше­лердің сән-салтанатын артты­рып, көркемдеу, сәулеттендіру қолға алы­ну­да. Шағын аудандарда, мекеме, ұжымдарда, оқу орындарында «Астана – менің өмі­рім­де», «Қазақстанның бас қаласы», «Ән мен жырдың арқауы – Астана» т.б. тақырыптар аясында кештер, дөңгелек үстел, жыр мү­шәй­ралары өткізілетін болады. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН. –––––––––––––– Суретте: қала әкімінің ша­һар­­дың бас жоспарымен танысу сәті.