ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Соңғы уақытта саясаткерлер мен сарапшылар арасында ТМД-ға мүше мемлекеттердің кейбірінің Кеден одағына қосылуға қызығушылық танытып отырғандығы туралы пікірлер жиі айтылуда. Осы орайда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Амангелді ЖҰмабаевты әңгімеге тартып, бірнеше сұрақтарымызға жауап беруін өтіндік. – Амангелді Жұмабайұлы, Кеден одағы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың шеңберінде құрылуда. Оның бұл Ұйымның аясында құрылу себебі неде? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы ТМД елдерінің экономикалық интеграциясы және осы мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру туралы жаңа бастама көтергені белгілі. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін бүкіл ТМД елдері өте қиын жағдайдағы экономикалық дағдарысқа ұшырағанын да білесіздер. Осы себепті Кеден одағын құру мәселесі ұзақ уақытқа созылды. 2000 жылы ғана Қазақстан Президентінің бастамасымен халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) құрылды. Бұл Ұйымның негізгі мақсаты Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік құру барысын тиімді түрде алға жылжыту болып табылды. Бүгінде оның аясында тек экономикалық мәселелер ғана емес, сонымен қатар білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау саласындағы проблемалар да шешіліп отырғандығын ауыз толтыра айтуға болады. Осылайша, ЕурАзЭҚ біздің сенімімізді ақтай білді және бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған аса тиімді экономикалық ұйым мәртебесіне ие болғанын да ерекше атап өткен орынды деп санаймын. – Кеден одағының даму келешегі қандай деп ойлайсыз? Соңғы кездері Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Украинаның Кеден одағына қосылуға қызығушылық танытып отырғандығы байқалуда. Басқа мемлекеттерді Кеден одағына қабылдау туралы ережелер қарастырылған ба? – Кеден одағы – бұл Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру жолындағы алғашқы кезең. Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік болашақта Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болуы тиіс. Жоғарыда сіз айтып өткен елдердің Кеден одағына қосылуға деген қызығушылығы ЕурАзЭҚ шеңберінде жүргізіліп жатқан интеграциялық үдерістердің тиімділігі мен тартымдылығын дәлелдей түседі. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің қосылуы үшін ашық ұйым екенін ерекше атап өткен жөн. Мемлекеттердің Кеден одағының құжаттарына қосылу тәртібін белгілейтін нақты құқықтық тетік 2007 жылы 6 қазанда Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттері қол қойған Кеден одағының шарт-құқық базасын құраушы халықаралық шарттардың күшіне енуі, одан шығуы мен қосылуы туралы Хаттамада бекітілген. Осы Хаттамаға сәйкес, Кеден одағына қосылуға қызығушылық танытып отырған мемлекеттерге тұтастай бірнеше халықаралық (70-тен астам) шарттар мен шешімдерге қосылуына тура келеді. Осы барлық құжаттар топтамасы бойынша міндеттемелерді қабылдау мемлекет ішіндегі рәсімдерді жүргізуді қажет етеді. Ал бұл өзіңізге белгілі, біраз уақытты талап ететін мәселе. – Кеден одағы шеңберінде шешімдердің қабылдану тәртібі туралы айтсаңыз. Жалпы, дауыстарды бөлуде Қазақстанның мүдделері қалай қарастырылған? – Өте орынды сұрақ. Мен сіздің дауыстарды бөлуде Қазақстанның мүдделері туралы алаңдаушылық білдіріп отырғаныңызды әбден түсінемін. Кеден одағы оған мүше мемлекеттердің қарым-қатынастары өзара тиімді негізде және ортақ мүдделерімізді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылған деп сізді толық сендіргім келеді. Барлық күмәндарды сейілту мақсатында ҚР Үкіметі осы мәселелерге түсініктеме беру үшін ҚР Конституциялық Кеңесіне кезінде өтініш жасаған. Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысы бойынша Кеден одағы Комиссиясының шешімі Қазақстан Республикасы заңдарының алдында басымдылыққа ие. Бірақ, Комиссияның әрбір шешімі мемлекетіміздің егемендігіне, унитарлығына, аумақтық біртұтастығына, басқару жүйесіне, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандығына қайшы келмеуі тиіс. Ондай жағдайда, ел Конституциясының нормаларына сәйкес заң бұзушылыққа жол берілмейді. Сонымен қатар, Кеден одағына мүше мемлекеттердің мүдделеріне қатысты аса маңызды мәселелер бойынша шешімдерді қабылдаудың дәлме-дәл тәртібі мына төмендегідей анықталған: егер тараптардың бірі қабылданатын шешіммен келіспесе немесе қажетті дауыс жиналмаса, онда мәселе Кеден одағының Жоғарғы органының (мемлекет басшылары деңгейінде) қарауына енгізіледі. Бұл жерде шешім міндетті түрде консенсуспен қабылданады. Тағы да қайталап айтатын жағдай, қандай шешім болмасын Қазақстан Республикасының Конституциясының нормаларына қайшы келмеуі тиіс. – Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары ретіндегі жаңа қызметіңізге табыс тілейміз. – Сіздерге де рахмет. Егемен еліміздің рухани өміріне зор үлес қосып келе жатқан еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» ұжымына шығармашылық шабыт, жемісті еңбек тілеймін. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26