22 Маусым, 2011

Халықаралық құжаттар тілінің сапасы төмен. Неге?..

1320 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Мемлекеттік тіл бүгінде қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласына еніп келеді. Осы орайда Қазақстанның шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жасасатын шарттарының мемлекеттік тілдегі мәтінінің айрықша маңызды екенін ескеру қажет. Халықаралық келісімдер туралы арнайы заң қабылданды. Міне, осы заңда екіжақты халықаралық шарттардың әдетте қатысушы тараптардың мемлекеттік тілдерінде жасалатыны бекітілген. Сөйтіп, тіліміздің халықаралық кеңістікке өтуіне заңдық негіз жасалған. Ендігі мәселе – осы мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалана білу. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Мемлекеттік егемендіктің аса маңызды атрибуттарының бірі ретінде мемлекеттік тіл елдің халықаралық қызметінде лайықты көрініс табуы керек. Ресми халықаралық кездесулер мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс» деп атап көрсетілді. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2020 жылға арналған Бағдарламасында осы қағидат одан әрі дәйектелген. Қос палаталы Парламент қызметіне кіріскелі бері, яғни 1996 жылдан бастап 2011 жылдың маусым айына дейін әртүрлі 770 халықаралық құжат ратификацияланып, тиісінше соларға сәйкес осынша заң қабылда­нып­ты, ал оның ішінде 227-сі Парламенттің қазіргі төртінші сайланымының үлесінде. Осы арада азырақ арифметикаға жүгінсек, осы кезге дейін, яғни 15 жылдың ішінде қа­былданған 1883 заңның 40 пайызына жуығы ратификациялар екен. Ал бір ғана төртінші сайланымда қабылданған заңдардың 50 пайызынан астамы – халықаралық құжат­тарды ратификациялау туралы заңдар. Алайда Парламенттің ратификация­лауы­на ұсынылатын халықаралық құжат­тардың көпшілігінің мемлекеттік тілдегі аудармасы сын көтермейтінін ашық айту қажет. Бекітіліп, қолданысқа енген заң тер­миндерінің бірізді алынбауы, бұрмаланып қате аударылуы, сөйлем құрылымының жол­ма-жол аударманың орашолақ дең­гейінде жасалуы, тіпті мәтіннің ішінде өріп жүрген грамматикалық, еміле қателері осы құжаттарды әзірлеуші мемлекеттік меке­мелердің мемлекеттік тілге мән бермеуінің, жауапсыздығының салдары демеске лаж жоқ. Жауапсыздықтың мұндай көрінісі әрі-беріден соң тіл туралы, халықаралық келісімдер туралы заңнаманы өрескел бұзушы­лық. Көп жылғы тәжірибемнен білемін, рати­фикациялардың мемлекеттік тілдегі мәті­ніне Парламент қабырғасында жасалатын сараптама жүргізу барысында, әрине, олар­дың орысшадан аударылатындығы ескеріледі. Өкінішке қарай, біз өз ана тілімізде заң жазу түгілі, кеңсенің ресми құжаттарын жазуға да әлі толықтай көше қойған жоқ­пыз. Көп жүк әлі түгелдей дерлік аударма­ның мойнында. Сондықтан ұғымдардың орысшамен дәлдігі, жекеленген сөздердің мағыналық бұрмалануы, ратификациялана­тын құжат тақырыптарының мазмұнына сәйкес болуы, терминдердің дұрыс алынуы сияқты жәйттарға басты назар аударылады. Мемлекеттік тілдегі халықаралық құ­жат­ты аударушылардың басты кемшілігі – ратификация мазмұнына орайлас заң мәтіндерінің нормалық, терминдік қолда­ныстарын ескермеуі. Айталық, экономика, қаржы, салық, кеден, қылмыстық, азамат­тық істер мәселелерін қозғайтын келісімдерде осы саладағы заңнаманың нормативтік лексикасы мүлде ескерілмейді. Жауапты дайындаушы құжатты мемлекеттік тілде дайындау барысында заңнамалық базамен мүлдем жұмыс істемейтін сияқты әсер қалдырады. Мәселен, негіздемелік заңдарда (рамочный закон) қолданылатын, қалып­тасып, жүйеге түскен белгілі терминдер халықаралық құжаттардың денінде дұрыс, бірізді алынбайды, тіпті мүлдем бұрма­ланған мағынасында алынады. Сөзімізді дәйектеу үшін бірер мысалға жүгінсек те жеткілікті. «Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімнің» 7-бабы төртінші абзацындағы «Кеден одағының жоғары ор­ганы» деген тіркес «Кеден одағының жо­ғар­ғы соты» деп алынса, ал «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Ара­биясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Астана қаласында Сауд Арабиясы Корольдігі елшілігінің объектілерін салу үшін жер учаскесін беру туралы келісімнің 2-бабында «елші» (посол) деген сөз «өкіл» деп қазақ­шаланған. Мұндай келеңсіздік құжатқа жауапты адамның мүлдем сауатсыздығын көрсетеді. Міне, ана тіліміздегі осындай келісімдерге ресми кездесулер барысында қол қойылып кеткендіктен, амалсыздан халық­аралық нота арқылы ресми түрде сауатсыз­дығымызды түзетуге мәжбүрміз. Көптеген халықаралық құжаттардың мәтіні жолма-жол аударылады да, сөздердің мағыналық үйлесімі жойылады. Айталық, «Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін беру тәртібі туралы хаттаманың» 2-бабы бірінші абза­цын­да «шаралар қабылдайды» деген сөз тір­кесі өзінің қисынсыздығымен бірден көз­ге ұрады. Шараларды қалайша қабылдауға болады? Мәтіндік дұрыс үйлесімі «шаралар жүзеге асырылады» немесе «шаралар қол­да­нылады» емес пе! Бірін-бірі кері тепкен екі сөздің басы бір қазанға сыйып тұрған жоқ, әрине. Ал осы баптың екінші абзацындағы «өзектілендірілген» деген анықтауышты қазақша деуге ауыз бармайды, бұл арадағы ұғымның анықтауышы «толықтырылып, жаңартылған» дегенге сайып тұр. «Таңбаларды халықаралық тіркеу тура­лы Мадрид келісімі хаттамасының» 8-бабы мәті­нінде «үстеме баж» термині «қосымша баж» (добавочная пошлина) деп жолма-жол алынады да, заң актісінің нормасы бұрма­ланады. Осы сияқты кемшіліктерді Парламентте қарау барысында түзеу көптеген қиын­дық­тар туғызатыны белгілі. «Заң шұ­ғыл қажет, қазақшадағы оны-мұны олқы­лық­тар­ды түзеп жатуды уа­қыт көтермейді. Орысшасы, әйтпесе ағылшыншасы дұрыс жазылған, соған жүгінеміз деген уәжбен кейбірде көзжұмбайлық тәуекелге бару – тілімізге қиянат екенін ескере бермейтін жағ­дайлар да болып жатады. Қазақша мәтіннің, өз тіліміздегі халықаралық құжаттың са­палы болуына басқа емес, алдымен өзіміз мүдделі болуымыз керек емес пе?! Ратификацияланатын құжаттардың мә­тін­дерінде заң терминдерінің бірізділігі көп жағдайда сақталмайды. Осыдан келіп қалыптасқан белгілі бір ұғымның мағынасы бұзылады. Мәселен, залал, зиян, нұқсан, қатер, қауіп, білікті, құзырлы («Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет­тердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісім»), уәкілетті, өкілетті («Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қа­тыс­ты қосарланған салық салуды болдыр­мау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттама»), ғаламдық, жаһандық («Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвен­ция») деген терминдер әр құжатта әртүрлі қолда­нылады. Ал шын мәнісінде бұлар синонимдер емес, әрқайсының заңдық тұрғыда көтеріп тұрған нормалық жүгі бар терминдер. Қазақ тіліндегі мәтінге жауапсыз қарау­дың небір сорақы мысалдары мағыналық ауытқуларға жол беретін сөйлемдердің стиль­дік қателерінен де көп көрініс береді. «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық ту­ралы конвенцияның» кіріспесінен «шетел­дік бала асырап алудың» деген сөздерді оқимыз. Құжатты әзірлеуші тым болмаса Конвенцияның тақырыбындағы «баланы шетелдік асырап алуға қатысты» деген тіркеске де көңіл аудармаған. Стильдік ора­шолақтықтан «шетелдік бала асырап алу» деген ұғым енгізіліп, құжаттың нормалық мағынасы бұзылып тұр. Осы Конвенцияда «қабылдаушы ата-ана» деп жолма-жол бе­рілген ұғымның да стильдік дұрыс мағы­насы: «асырап алушы ата-ана», ал «шық­қан мемлекетінің» деген дүбәра тіркестің жатық, түсінікті қазақшасы: «баланы асы­рауға беріп отырған мемлекеттің» болуға тиіс. Мәселен, мына бір конвенцияның тақы­рыбына көңіл аударайық: «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшы­лық­тың қатысуы және қоршаған ортаға қа­тысты мәселелер бойынша сот әділді­гіне қол жеткізу туралы конвенция». Осын­дағы өзімен-өзі жалқы тұрған «ақпа­ратқа кіру» тіркесіне көзіңіз амалсыздан сүрініп, мүдіріп қаласыз. Бұл арада кез келген бір ақпаратқа кіру емес, қоршаған ор­таға қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа қол жеткізу, сол бойынша шешімдер қабыл­дау процесіне жұртшылықтың қа­тысуы сөз болып отырған жоқ па? Сондықтан да дұрысында конвенция: «Қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа қол жеткізу, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және сот әділдігіне қол жеткізу туралы» мәселені көтеріп отыр. Ал кейде аударманың ықпалымен тер­мин­дердің мағынасы әсіре ауытқушылыққа да ұрынады. Халықаралық терминдердің сана­тына енген латын, грек, араб, парсы тіліндегі атаулардың арнайы бекітілген қазақ­ша оңтай­лы баламасы болмаса, мұны пуризмге салы­нып, әсіре аударып әлектенудің қажеті жоқ. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі ара­сын­дағы Табыс пен капиталға салынатын са­лық­тарға қатысты қосарланған салық салу­ды болдырмау және салық салудан жал­таруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттама туралы» құжаттың 15-ба­бының атауы мен мәтініндегі «гоно­ра­ры» деген сөз «қаламақылары» деп қазақ­шаланады, шығармашылық еңбекке берілетін ақыны «қаламақы» десек құба-құп, ал осы құжаттағы көтеріліп отырған мәселеде компания директорына қаламақы не үшін беріледі, осы орайда «гонорар» деген ха­лық­аралық ұғымдағы ортақ терминнен қашудың қажеті бар ма?! Халықаралық құжаттардың көпшілігі Пар­ламентке лингвистикалық сараптаудан өтпей, мәтіндер ала-құла, шала, жолма-жол аударманың деңгейінде келеді десек, асы­рып айтқандық болмас еді. Соның сал­да­рынан мәтіндер қайта-қайта түзетіліп, нота арқылы келісім жасаушы тараптарға немесе Үкіметке қайтарылып жатады. Халық­ара­лық деңгейде мәтін түзету жұмысының, бы­лайша айтқанда корректорлық, редак­ция­лық жұмыстардың үнемі жүргізілуі онша қо­лайлы болмаса керек. Бұл жөнінде осы таяуда Үкімет мәжілісінде де қатаң айтылды. Бұл өткір мәселенің дұрыс тиянағын қа­лай­ша табуға болады? Министрліктерден кейін заң мәтіндерінің мемлекеттік және ресми тілдегі сәйкестігін үйлестіріп отыратын ор­талыққа бұл міндетті жүктеу қан­ша­лықты заңды? Олардың лингвис­ти­калық сарап­тамасының нәтижесі Парламенттегі, Үкімет кеңсесіндегі ма­ман­дардың пікірімен үйлессе жақсы, ал олай болмаған жағдайда не істеу керек, тағы да сол мемлекеттік тілдегі мәтінді дұрыстау жөніндегі айтыс пен пікірталастың иірімінде үйіріле беру керек пе? Оның үстіне бұл орталық заң институтының құрылымдық бө­лім­шесі ғана шын мәнісінде линг­вистикалық орталық тәуелсіз әрі оған айрықша мәртебе беру керек. Бұл орайда ең басты шешім – құжат дайындайтын жоғарғы дәре­жедегі мекеменің мемлекеттік тілді өз саласында сауатты орнықтырудың саясатын дұрыс жолға қоя білуі. Қазақша құжат жазу (тек қана аударма жасау емес) тапсырылған маманның өз тілін меңгеріп, мемлекеттік қызметті атқару біліктілігі басты өлшем мен талап болуы керек. Бұл үдеден шыға алмайтын маман­ның мемлекеттік қызметтегі категориясы міндетті түрде төмендетілетіндігі басты шарт әрі шара ретінде орнықтырылуы қа­жет. Талап қатаң, бірақ мұнсыз нәтижеге, сапаға жету мүмкін болмайды деген пікірдемін. Тілімізді мемлекеттік деңгейде иге­ру­дің уақыты бүгінгі таңда әбден пісіп-жетілді, осылайша әкімшілік тұрғыдағы нақты шаралар арқылы ғана шаруамызды бүтіндей аламыз. Әйтпесе еңбек нормасын бұзып, күніге он-он екі сағаттап жұмыс істейтін аудармашымен ғана тіліміздің қолданысын мем­­лекеттік тұрғыда жолға қою – өнімсіз тірлік. Халықаралық әртүрлі мәселелерге қа­тыс­ты құжаттарды ана тілімізде сауатты жаза алмайтындығымыз – ұлттық намысы­мызға сын. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылында мемлекеттік тілде құжат әзірлеуі­міздің деңгейі осы болса, тіліміздің көсегесі қашан, қайтіп көгереді деген сауал тіл ұшына еріксіз оралады. Дамып, өркендеуімізге қатысты әлем елдерімен әртүрлі өзекті байланыстар орнату ісінде мемлекеттік тіліміздің халықаралық деңгейдегі мәртебесі әлі сын көтермейтін дәрежеде екені ащы да болса, шындық. Мұның басты себебі, ана тілімізді біз әлі өзі­міз толық мойындап болған жоқпыз, оның конституциялық биік мәртебесі туралы бұл­жымас қағиданы санамызға біржола сіңі­ре алмай келеміз. Жүсіпбек Аймауы­тов­тың бұдан бір ғасырға жуық бұрын айтқан «Естеріңізде болсын, қара халықтың мәде­ниетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ бо­луы қиын. Баласына осы бастан ұлт ру­хын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәр­биелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген көре­ген­дік пайымы өзінің өзектілігін бүгінде де жойған жоқ. Құдайға шүкір, тіліміздің асыл қазына­сы сарқылған жоқ, ұлттық болмыс-бітімі ұлан-ғайыр бай тіліміз дәстүрлі де жаңа сипатты мәдениетіміз, әдебиетіміз бар. Қа­зір­гі жаңа инновациялық заманның тала­бы­на орай тілімізге өзге тілдерден жаңа ұғым­дар мен атаулар еніп, ол өзінің прогрессивтік белгілі бір даму сатысына аяқ басты. Қоғам өмірінің жаңаруы тілдің қолданылу сипатына әсер етпей қоймайды, бірақ бұдан ұлттық лексикамыздың бояу-нақышы, өмір­шең өрісі көркейе, кеңейе түсетіні ақиқат. Белгілі этнограф Жағда Бабалықовтың пайымдауынша, қазақ тілінде жылқы ма­лын бір ғана сыртқы түр-түсіне қарай үш жүз атаумен атап беруге болады екен. Ал ісмер­лік өнерге қатысты 80-ге жуық атау бар екен. Қай елдің тілінде осыншама көл-көсір байлық бар?! Ана тіліміздің осындай кәусар тұнығын лайламай, дұрыс қолдана білсек, әрине, өміріміздің барлық саласы бой­ынша оңтайлы да жатық, қазақша ұғы­нықты атауларды, терминдерді тірілтуге әбден болар еді. Бүгінгі күні біршама жаңа заң терминдері де қолданысқа енді, орнықты деп ай­туға тиіспіз. Өзім жұмыс істеген жылдары Сенат аппараты Редакциялық-баспа бөлімі­нің бастамашылығымен «Заңдарда жиі қол­данылатын терминдер мен сөз тірке­стері­нің» 5 мың атаудан тұратын қазақша-орыс­ша, орысша-қазақша сөздігі құрастырылып және әр жылдары толықтырылып үш рет шығарылды. Жоғары билік органдары мен министрліктерге тегін таратылып берілді. Әділет министрлігімен бірлесіп шығарыл­ған «Заң терминдерінің сөздігі» де бірнеше басылыммен жарық көрді. Сенат аппара­тындағы заңгерлер мен экономистер бірігіп, экономикалық сөздік құрастырылып, жарық көрді. Бұдан басқа да әртүрлі салалық терминдер сөздіктері жыл сайын шығарылып келеді. Бұған қоса заңның электрондық базасы да бар, мұны Әділет министрлігі жанындағы арнайы орталық күн сайын жаңғыртып, толықтырып отырады. Мемлекеттік тілде сауатты жұмыс істеймін деген адамға дерек те, құрал да жеткілікті. Тек талап пен ынта, ал ең негізгісі ана тілімізге деген өзіміздің азаматтық, ұлтжанды кіршіксіз құрметіміз қажет. Ал тіліміздің елдің халықаралық қыз­метіне лайықты көрінісін табуы үшін саннан сапаға өтіп, мемлекеттік тілді ұлт­аралық және халықаралық аренаға шығару міндетін мемлекеттік деңгейде күн тәр­тібіне қоюдың мезгілі әбден жетті. Мәди АЙЫМБЕТОВ, жазушы.