29 Маусым, 2011

2005

804 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Әдетте мереке дегенді той-томалақ, аста-төк дастарқан мезіреті деп біржақты түсіну бар. Ал біздің мерейтой өткізуіміздің мақсаты бұдан бас­қаша, мазмұны мен мәні кеңірек. Өткен жылдарға сын көзбен қарап, неге жетістік, табысымыз қан­дай, ілгерілеудің деңгейі мен сапасы көңілге қона ма, нені ескермедік, неге көңіл бөлмедік, алдағы уақыттағы жаңа межелер қандай болмақ, даму­дың, алға басудың жаңа тетіктері мен әдістері қандай болмақ, басталған жасампаз істердің жалғасы қалай сабақтаспақ, алдымызда қандай жаңа белестер тұр, соларды алу үшін не істеуіміз керек? Осы жайларды сараптау үшін өткен кезең­ге жан-жақты сараптама жасап, өткен өмірдің анатомиясын бажайлап анықтап алуымыз керек. Міне, осы үшін еліміздің тарихи кезеңдерін бел­гілі бір уақыт өлшемдеріне сай өрлеу белестерін анықтап алу үшін бұл мерейтойлар өте қажет-ақ. Тойға әзірлік үстінде екінші онжылдықтың әр­бір жылына тағы да бір үңіліп, бұл кезең тәуел­сіздіктің іргесін нығайту жолында қандай жасам­паз­дық істерімен есте қалды, несімен ерекшеленді дегенді айқындау үшін «Егемен Қазақстанның» әр жылға қайта оралып електен өткізу жөніндегі шығармашылық қадамы әбден құптауға тұрады. Бес жылдық, он жылдық, жиырма жылдық ме­рейтойларды ауыз толтырып айтқанда, табыс­тың бәрі жеңістің осы цифрлардың арқасы деп түсінуге болмайды, жасампаздықты, дүниені түр­лен­діретін өзгерістерді өмірге әкелетін адам күші, адамның құдіреті, оның ақыл-ойының, қажымас қайраты­ның нәтижесі. 5, 10, 20 деген цифрлар сол жеңісті, табысты таразылайтын уақыт өлшемі ғана. 2005 жыл елімізге не жақсылық әкелді, қоғамның әлеуеті экономикалық, әлеуметтік, саяси рухани деңгейі қалай өсті, қоғамдық жүйе қан­шалықты алға басты? Осыған тоқталып өтелік. Қоғамның негізгі экономикалық базисін да­мы­ту бұрынғыша ел саясатының басты бағыты болып қалды. Үкіметтің жыл басындағы отыры­сында өт­кен жылдың қорытындысы шығарылып, жаңа жыл­дың міндеттері айқындалды. Мұнда сөз сөй­леген Елбасы аяқталған жыл қорытындысы жаман бол­мағанын айта келіп, Үкімет мүше­лері­нің наза­рын негізгі кемшіліктерге аударды. Мұндағы мақ­сат жылдың алғашқы күндерінен басшылықты бо­саңсытпай, қол жеткен жетістіктерге тоқмейіл­сі­мей, елдің әлеуетін арттыруға барынша күш салу еді. Қабылданған бағдарламаларды мүлтіксіз орын­дау жазылмаған заңға айналуға тиіс. Мәселе жұмсалған қаржының көлемінде емес, нақтылы нәтижесінде. Бұл жұмыстың бағасын анықтаудың өлшемі болмақ. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде басым бағыттарды қайтадан сараптан өткізіп, өңдеуші секторға баса көңіл бөлу көзделді. Оған 30 трансұлттық компа­ния­ларды тарту міндеттелді. Шағын иннова­ция­лық кәсіпшілікті қалыптастыру мен дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігі ерекше атап өтілді. Тұрғын үй проблемасы күн тәртібіне қатты қо­йыл­ды. Өткен жылы бұл салаға едәуір қаржы бө­лін­ді. Бірақ оны игеруде кемшіліктерге жол берілді. 4,7 миллиард теңге немесе 25 пайыз игерілмей қалды. Халықаралық дәрежедегі автомобиль жол­да­рын салу кешеуілдетілуде. Астана-Бурабай, Ас­тана-Алматы жолдарын салуда технологиялық қателіктерге жол берілгені анықталды. Ұлттық компаниялардың экономиканы монополиялап алғаны атап көрсетілді. Олар негізгі міндеттерінен мүлде алшақ жатқан қызметтермен ай­налысатын болған. Олардың құрылымдарында сау­да үйлері, консалтингтік, сақтандыру және қар­жы кәсіпорындары, шипажайлар, жинақ­тау­шы зей­нет­ақы қорлары, теледидар және әуе ком­па­ния­лары да жұмыс істейді. Осыған орай «Қазақ­стан темір жолы», «Тұранәлембанк» сынға алынды. Өз сөзіне негізгі кемшіліктерді арқау ете отырып, Елбасы Үкіметтен жаңа жылда өз жұмы­сын ширата түсуді талап етті. Осы отырыста сөй­леген шешендерге қайырылып: «Егер қайта-қайта менің аты-жөнімді атап, Президент тапсыр­ма­сына жиі-жиі сілтеме жасай беретін болсаңыздар, жақ­сы­лыққа апармайды. Біле білсеңіздер, еркін, демо­кратиялық қоғамда мұндай мадақтаушылық қолай­сыздық сезімін тудырады. Бізге де сөйлеу мәде­ние­тіне үйрену қажет», деді Н.Назарбаев. Сөз ара­сын­да Елбасының бұл сын-ескертпесінен әлі де то­лық қорытынды шықпай жүргенін айта кетсек, орынды секілді. Сөйлеу мәдениетіне, іскерлік жұ­мыс стилін қалыптастыруға әлі жетіскеніміз жоқ. Бұл жыл сондай-ақ «Ауыл жылы» деп жария­ланған үш жылдың (2003-2005) соңғысы болды. Астанада агроөнеркәсіп кешені қызметкер­лері­нің, облыс, аудан әкімдерінің қатысуымен респуб­ликалық кеңес болып өтті. Мұнда өткен екі жыл­ды қорытындылай отырып, үшінші жылда ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі басталды деп жарияланды. Кеңесте сөз сөйлеген Н.Назарбаев агроөнер­кәсіп кешенінде байқалған ілгерілеумен қатар, бұл салада әлі де болса проблемалар жеткілікті екенін атап өтті. Әлі де болса ауыл шаруашылығы өндірісінде еңбек өнімділігі төмен, шығарылған өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі әлсіз. Шығыс Еуропа елдерімен салыс­тырғанда бұл көрсеткіш бізде 5 есе төмен. Ауыл шаруашылығын дамытуда Қазақстан­ның әлеуеті жеткілікті. Мәселе – соларды тиімді пайдалануда. Осыған орай Елбасы агроөнеркәсіп кешені қыз­меткерлері алдына он міндет қойды. Біріншіден, ауыл шаруашылығының өңдеуші секторын дамыту­ға қолдау көрсету басты мақсат болып қала бермек. Бұл жұмысқа отандық және шетелдік инвести­ция­ларды тарту керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өндіруде және өңдеуде кластерлік жүйені белсенді пайдалану қажет. Үшіншіден, ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімдерін өндірушілерге ақпараттық-мар­кетинг­тік қолдауды күшейткен жөн. Төртінші­ден, ауыл шаруа­шы­лы­ғы кәсіпорындарын халықаралық стандарттар дең­гейінде жұмыс істетуге күш салу қажет. Бесіншіден, фермерлердің өз өнімдерін ры­нок­тарға жә­не өңдеуші кәсіпорындарға қолжетім­ділігін қам­та­масыз ету керек. Алтыншыдан, ауыл тұр­ғын­дарына несие берудің тиімді тәсілдерін іске қосу қажет. Жетіншіден, ауыл-селодағы менеджмент мәселесін жандан­ды­ру қажет, сегізіншіден, ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарын дамытуға күш салу керек. Тоғызын­шы­дан, қазіргі заманғы техноло­гияны қолдану үшін, жаңа техника, жабдықтарды сатып алу үшін ауыл шаруашылығында орта және ірі тауар өндірушілерді көбейтуге бағыт ұсыну қажет. Оныншыдан, ауыл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтау үшін ауыл-селодағы әлеу­мет­тік құрылымдардың, мәдени ошақтарының жұмысын жандандыру қажет. Елбасы 2005 жылы ауыл шаруашылығын да­мыту­дың жаңа кезеңі басталуға тиіс деп атап көр­сетті. Қазақстан экономикасының маңызды саласы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуда бұл жылы елеулі табыстарға қол жеткізілді. Президент айтқан он міндет бұл саладағы жұмыстың өзегіне айналды, әрі ауыл-селодағы жаңаруға, жаңғыруға жол ашты. Елбасының Жолдауы бұл жылы 18 ақпанда жария етілді. «Қазақстан экономикалық, әлеу­меттік жә­не саяси жедел жаңару жолында» деп аталған бұл Жол­дау біржылдық экономикалық, әлеуметтік өніп-өсу межелерін анықтаған құжат қана емес, оның бағ­дарламалық сипаты бір жыл шеңберінен асып кетті. Ол экономикалық, әлеу­меттік қана маңызды құжат емес, қоғамдық жүйенің даму жолдарын белгілеп берген құнды саяси-ғылыми тұжырымдама болды. Жолдау Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңіне жол ашқан саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы Елбасының аузынан жария етілді. Елбасы басталған жаңа жылды еліміздің экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлі жаңа кезең, Қазақстанды одан әрі жаңарту мен демократияландыру жылы деп бағалады. Жаңа Жолдауда белгіленген ме­желер мен ба­ғыт­тар елдің эко­но­микалық, әлеуметтік, мәде­ни, саяси да­муы­ның өзегін құрады. Жыл бо­йы халқымыз осы белестерді игеру үшін жасампаздық ең­бекпен шұ­ғыл­данды. Индустрия­лық-иннова­ция­лық стратегия эко­номиканы жаң­ғы­рту­дың басты нысанасына ай­налды. Ұлттық ин­новациялық жүйе­ні қа­лып­­тас­тыру қызу қолға алын­ды. Мем­лекет пен жекеменшік сектор ара­сында өзара сенім және тиімділікке негізделген әріптестік қаты­нас өріс алды. Шағын және орта бизнесті дамыту идеоло­гия­сы біртіндеп экономикалық саясаттың өзегін құрады. Бұл салаға жете көңіл бөлінді. «Шағын кәсіп­кер­лікті дамыту қоры» құрылды. Оған 2005 жылы бюд­жеттен қосымша 10 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік холдингтер­дің өздеріне үйлеспейтін міндеттерін шағын және орта бизнеске беру жүзеге асырылды. Агроөнеркәсіп кешені Жолдауға сай едәуір жетістіктерге ие болды. Жолдауда әлеуметтік салаға айрықша мән берілді. Экономиканы дамыту білім мен ғылымға негізделуі басты назарда болды. Сол үшін «Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқару­шыларсыз біз инновациялық экономика құра ал­маймыз», деп атап көрсетті Елбасы. Техникалық және кәсіптік білім беру басты басымдыққа ие болды. Қазір жылда беріліп келе жатқан «үздік оқытушы» атты мемлекеттік стипендияны тағайындау тұңғыш рет 2005 жылғы Елбасы Жолдауында жария етілген-ді. Тұрғын үй мәселелері бұрынғыша күн тәрті­бін­де алдыңғы кезекте тұрды. Түрлі деңгейдегі билік үй құрылысын жеделдете жүргізумен шұғылданды. Бюджеттен бөлінген қаржы есебінен халықтың әлеуметтік қорғалатын топтары үшін 1600 пәтер және ипотекалық бағдарлама бойынша халықтың қолы жететін арзан 11 100 пәтер салынды. Әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүзеге аса бастады. Осы жылы бес жасқа дейінгі балалар дәрі-дәрмекпен, ал жүкті әйелдер құрамында темір және йоды бар препараттармен тегін қамта­ма­сыз етілетін болды. Осы жылы 1 шілдеден бастап, барлық зейнет­керлердің еңбек өтіліне, жалақы­сы­мен тағайындал­ған зейнетақысының мөлшеріне қарамастан, 3000 тең­ге мөлшерінде қосымша негізгі зейнетақылық тө­лем жасалатын болды. Зей­нетақының орташа мөл­шері 12 мың теңгеге жетті. 2005 жылдың 1 шілдесінен бюджет саласы­ның қызметкерлерінің жалақысы 32 пайыз көте­рілді. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 9200 теңгені құрады. Қазақстан экономикасының даму қарқыны жө­нінде ресейлік академик А.Аганбегян: «Қазақ­стан мен Қытай сияқты екі ел бүгінгі таңда жо­ғары экономикалық даму қарқынына жетіп отыр», деп оң баға берді. Еліміздің көмірсутегі байлығын өндірумен бірге, оны рынокқа шығарудың жолдарын іздестіруге баса көңіл бөлінді. Осыған орай Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры мамыр айында іске қосылып, Қазақ­стан мұнайын әлемдік рынокқа шығарудың тағы бір мүмкіндігі ашылды. Әзер­байжан, Түркия және Грузия елдерімен қатар бұл жобаны жүзеге асыруға Қа­зақстан да үлес қосты. Ел мұнайы Батыс Қазақ­стан, Алашаңқай және Атырау-Самара мұнай құбырлары арқылы рынок­қа шығады. Ал іске қосылған жаңа құбыр Қаша­ған­нан өндірілген мұнайды Шығыс-Батыс дәлізі арқылы шетел рыногына шығаруға мүмкіндік береді. Мұнай әзірше Баку портына танкерлермен тасымалданады. Мәселені түбегейлі шешу үшін, әрине, Ақтау-Баку құбыры салынуға тиіс. Іске қо­сылған құбырдың 443 шақырымы – Әзер­байжан, 248 шақырымы – Грузия, ал 1676 шақыры­мы Түркия аумағы арқылы өтеді. Бұл мұнай тасы­мал­даудың маңызды бағыты болып табылады. Кез келген ел өз экономикасын оқ­шау тұрып, дара күйде дамыта ал­майды. Басқа елдермен тығыз экономикалық байланыс, сауда-саттықты жолға қою, мемлекет­ара­лық түсіністік пен ықпал­дас­тықты кү­шейту арқылы ғана жүзеге асыра алады. Осыған орай елдің саяси билігі бірсыпыра маңызды мемлекеттік шараларды өткізуге белсене ара­ласты. Мәсе­лен, маусым айын­да Мәскеу­де өт­кен Еура­зия­лық экономи­ка­лық қоғам­дас­тық мем­лекет­аралық кеңе­сі­нің оты­ры­сына Нұр­сұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Бұл отырыста ұйым жұмы­сы­на байла­ныс­ты көптеген мәселе­лер талқыланып, шешімдер қабылданды. Бұл өңірлік беделді бірлестікке «Ор­талық Азия ынтымақтастығы» ұйы­мы бірікті. Санкт-Петербургте қазан айында болған басқосуда осындай шешім қабыл­дан­ды. Үш жарым жылдан астам өмір сүрген «Орталық Азия ынты­мақтас­ты­ғы» ұйымы осыны дұрыс деп тапты. Өйт­кені, бұл екі ұйымның қызметінде өзара қо­сарластық, бірін-бірі қайталау жиі орын алды. Бұл артық шығындар жасауға әкелді. Осы бірігудің бастама­шылдығында Н.Назарбаев тұрды. Ол бұл ұсы­нысты Өзбекстан президенті И.Каримовпен бірге ұсынды. Өзбекстан осы жолы Еуразиялық эконо­микалық қоғамдастыққа мүше болып кірді. Бұл шешім өз жемісін берді. ЕурАзЭҚ нығайып, беделді ұйымға айналды. Қазір жемісті жұмыс істеуде. Елдің экономикасы мен әлеуметтік ахуалын жақ­сарту мемлекеттің халықаралық аренадағы беделіне, қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтама­сыз етуге тікелей байланысты. Елдің іргесін бекіту, көршілер­мен шекараны реттеу – қауіпсіз­дігі­міз­ді баян­ды ету­дің бас­ты шарттарының бірі. Жыл­дың басында 18 қаң­тарда Елбасы Н.Назарбаев Ресей­дің президенті В.Путин Кремльде Қазақ­стан-Ресей мемлекеттік ше­карасы туралы шартқа қол қойды. Жалпы ұзындығы 7591 ша­қырым болатын дүние жүзіндегі ең ұзақ шекараны делимитациялау процесі алты жылдан кейін аяқталып, екі мемлекет арасындағы шекара тұң­ғыш рет ресмиленді. Бұл екі ел арасындағы шартты ратификациялау туралы заңға 2 желтоқсанда Елбасы қол қойды. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сенім мен достықтың нақты көрсеткіші іспеттес болды. Көрші елдермен байланыс, қарым-қатынас ұл­ғая түсті. Қытай Халық Республикасының төраға­сы Ху Цзиньтаоның Астанаға сапары екі ел ара­сындағы достық қарым-қатынастың, стратегиялық әріптестіктің символына айналды. 5 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшыларының саммиті өтті. Бұл ұйымға мүше елдер басшыларының Астана декларациясы қабылданды. Саммитке келген шетел басшылары Президент Н.Назарбаевты 65 жасқа толуымен құт­тық­тап, оған зор денсаулық, қызметте табыс тіледі. Жылдың басында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі антитеррористік комитетінің 4-арнайы отырысы Алматы­да өтті. Бұл форумның Қазақстанда өтуінің өз мәні бар. Ғасырымыздың ауыр дертіне айналған терроризм бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Осы форумда сөз сөйлеген Н.Назарбаев: Қазіргі таңда лаңкестікке қарсы тұру Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етудің басым бағыттарының бірі болып сана­лады, деді. Сондықтан елімізде лаңкестіктің алдын алу, оның тіміскі әрекеттерін болдырмау жолында қауіпсіздік органдары сергек жұмыс істеп отыр. Қазақстан бүкіл әлемдегі тұрақтылық пен бей­біт­шілікті сақтау жолында халықаралық көлем­де үл­кен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп келеді. 8 қазанда Өскеменде өткен «Қазақстан: бейбітшілік пен қауіп­сіз­дік үшін халықаралық ынтымақтастықты нығай­ту» деген тақырыптағы халықаралық симпозиумның ма­ңы­зы күшті болды. Оған көп елдерден ядролық қару­ды таратпау және оны бақылауда ұстауға қатысы бар лауазым өкілдері мен ғалымдар қатысты. Кон­ферен­цияның жұмысына Президент Н.Назарбаевтың сөзі ғылыми сипат берді. Әлеуеті жағынан әлемде төртін­ші орын алатын Семей ядролық полигонын жабу, тұң­ғыш рет тарихта адамдар күйреткіш қуатқа ие бола отырып, одан өз еркімен бас тарту дүние жү­зінде бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы күреске қосылған зор үлес болды. Қазақстан ядролық қару-жа­рақты таратпау және оны пайдалану тәуекелін азай­ту, ядролық отын байытылған уранды төмен ба­йы­тылған ядролық материалға айналдырып қайта өңдеу, оларды соғыс жағдайында пайдалануға жа­рам­сыз күйге келтіруге байланысты шараларды жү­з­еге асырды. Осы арқылы Қазақстан өз еркімен ядро­лық қарусыз елге айналды. Конференцияда Н.Назарбаев бүкіл әлемге қатысы бар стратегиялық ойлар ұсынды: әлемде келісімге сәйкес біреулерге ядролық қаруға ие болуға, оны жетілдіруге рұқсат етілсе, екіншілерге талдап-әзірлеудің өзіне ты­йым салынған. Дұрыс емес, теңдікке, әділдікке жат­пай­ды, деді. Мұ­ның өзі АҚШ пен НАТО-ға мүше ел­дердің ядролық қаруды таратпау жөніндегі түсінік­терінің негізінде әділетсіздіктің жатқанын көрсетеді. Қауіпсіздігін сақ­тау үшін аз ғана елдер өзіне ядролық қаруды иемденеді, қалған елдерге атом энергиясын өндіруге тыйым салады. Бұл әділетке жата ма? Әлем өзін түпкілікті қауіпсіз сезінуі үшін барлық елдер атом қаруынан біртіндеп бас тартулары керек. Сонда ғана Жер шарында өзара сенімділік пен татулық орнайды. Біздің Елбасы осы пікірді қадап айтты. Қазақстанның халықаралық байланыстары күше­йе түсті. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, Ресей президенті В.Путин бірнеше рет, Беларусь президенті А.Лукашенко, АҚШ-тың экс-прези­денті Б.Клинтон және басқа лауазым иелері, ірі бизнесмендер мен банкирлер Астанаға келіп, экономи­калық және саяси мәсе­лелерді Елбасымен талқылап, бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Мұның бәрі еліміздің сыртқы саясатының са­ли­қа­­лылығының тікелей нәтижесі болып табылады. Сырт­­қы саясат ведомствосы кәсіби жағынан есейіп, Елба­сының сара саясатын елімізден тысқары жерлерде тыңғылықты жүзеге асыруға көп күш салды. Мұны 7 маусымда болған Сыртқы істер министр­лігі­нің ке­ңейтілген алқа мәжілісінде сөй­леген сөзінде Ел­басы атап көрсетті. Дипломаттар біздің еліміз үшін халық­аралық қолайлы жағдай туғызуымен ғана шектелмей, сонымен қатар, елдің жедел дамуы үшін сыртқы ресурстарды тиімді пайдалана білудің жол­дарын қа­рас­тырулары абзал екені де назардан тыс қалған жоқ. Елдің қорғанысын күшейту – Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Осыған орай әскердің жауынгерлік қуатын арттыру, оларды жаңа жетілген қару-жарақпен қамтамасыз ету саяси биліктің басты назарында болды. Қарулы Күштердің құрылымы жетілдіріліп, олардың техникалық біліктілігін күшейтуге байланысты бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Шілде айында «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заң қабылданды. 2005 жыл мерейтойларға толы жыл болды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының 10 жылдығы, парламен­та­ризм­нің 10 жылдығы, Ата Заңымыз­дың 10 жылды­ғы елімізде кеңінен атап өтілді. Сондай-ақ, Жазушы­лар одағының 75 жылдығы осы жылдың үлесіне тиді. Жеңістің жартығасырлық тойы – республика халқының үлкен мерекесіне айналды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері марапатталып, оларға деген сый-сияпат жасалып, үлкен құрмет көрсетіл­ді. Со­ғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдасты­рыл­ды, оларға өнер шеберлері концерт берді. Әртүрлі дең­гей­дегі әкімдер, мекеме басшылары әрбір соғыс ардагеріне тікелей ілтипат көрсетіп, жүзбе-жүз кездесті. Көптеген майдангерлер пәтер кілтін алды. 9 тамызда Мәскеуде Жеңістің құрметіне өткіз­іл­ген Қызыл алаңдағы парадқа арнайы шақырумен қа­тысқан Елбасы өз отандастарын сол тарихи алаң­нан жеделхат арқылы шын жүректен құттықтады. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ас­сам­­блея­­сын құру туралы Елбасының Жарлығы шық­ты. 22 қарашада Астанада өткен Қазақстан халқы Ас­самб­леясының ХІ сессиясы осы қоғамдық инсти­тут­тың 10 жылдығына арналды. Осы он жыл ішінде бұл ұйым бейбітшіліктің, келісім мен жасампаздықтың ұйытқысы болды, халықтар арасындағы достықты дәріптеді, шағын ұлттардың мәдениеті мен тілін, дәстүрін сақтаудың, елдің ынтымағын жарастырудың белсенді насихатшысына айналды. Ассамблеяның сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Менің терең сенімім мынада: қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды», деді. Демек, ұлт саясатының түйінді мәселесі осыған тікелей бай­ла­ныс­ты екендігін Президент жанындағы кон­сультативтік-кеңесші орган әрдайым есте ұстауы абзал. Алдағы уақытта бұл қоғамдық ұйымның жұ­мысын жетілдіре әрі ширата түсу қажет. Өйт­кені, Елбасы айтқандай, кез келген, тіпті ең төзімді де кемел көп этносты елде ұлтаралық келісім өздігінен мемлекеттің белсенді ұлттық саясатын­сыз, қоғамдағы ұлттық элитаның белсенді рөлінсіз сақтала қалады деп ойлау аңғалдық болар еді. 30 тамызда егемен еліміздің Ата Заңының 10 жылдық мерекесіне арналған «Конституция: тұлға, қоғам және мемлекет» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция болып өтті. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум барысында қа­былданған Конституция мемлекет пен қоғамның қалыпты өмір сүруінің басты ережесіне айналды, мем­лекеттің құрылымы мен қоғамның саяси жүйесі­нің қызмет ету аясы және азаматтардың бостандығы мен құқығы Ата Заңда нақты көрсетілген. Бұл заң еліміздің өрлеуін қамтамасыз етті. Биліктің үш тармағының өзара түсіністік жағдайда қызмет етіп, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін тиімді пайдала­ну­дың нәтижесінде еліміз қарқынды дамып келеді. Осы Конституцияның негізінде елімізде жаңа парламентаризм қалыптасты. Оның жұмыс істеу аясы белгіленді. Заң шығарушы орган ретіндегі рөлі артты. Қос палаталы Парламент өмірде өзін өзі ақтады. Сот жүйесі қалыптасты. Олардың жұмыс істеу құдіреті де айқын сипат алды. Ол тәуелсіз, тек заңға ғана бағынады. Конституцияны басшылыққа алады. Конституцияға құрметпен қарап, оның норма­ларын мүлтіксіз сақтамайынша, деді Елбасы, қо­ғам­дық келісімге, реттілікке, бейбітшілік пен ты­ныш­тыққа, демек, біздің Отанымыздың берекелі болашағына қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да Қазақстан заматтары өз Ата Заңын құрметтеп, жыл сайын оның мерекесін қуанышпен атап өтуде. Соңғы жылдары Конституция күні әскери парад өткізу дәстүрге айнала бастады. Осы жаңа Конституцияға сәйкес екі палаталы Пар­ламент жасақталды. Оның он жылдық атаулы да­та­­сы да осы жылдың еншісіне тиді. Осы мерейтой жө­­нінде 1 қыркүйекте өткен Сенат пен Мә­жі­лістің бір­лескен отырысында Н.Назарбаев Пар­ламенттің он жылдығымен депутаттарды құттық­тады. Жазғы де­ма­лыстан оралған депутаттар алдында Елбасы өзінің 18 ақпанда жариялаған жаңа Жолдауында алға қо­йыл­ған міндеттердің орындалу барысына кеңінен тал­дау жасап, ал­дағы уақытта атқарылар істерді атап көрсетті. Елбасы өзінің жаңа Жолдауындағы «Демо­кра­тия­лық реформалардың жалпыұлттық бағдарлама­сына» қатысты қағидаларды жүзеге асыруға бай­ланысты өзінің тың ойларын ортаға салды. Қоға­мымыздағы демократияны кеңейтуді елдің барлық азаматтарының қатысуымен талқылауға, нақты­лау­ға, жүзеге асыруға тиіс екендігін атап өтті Елбасы. 2005 жыл шын мәніндегі қоғамды демокра­тия­ландырудың жаңа кезеңін бастаған жыл болды. Саяси реформалардың жалпы ұлттық бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру басталды. Демократияны ке­ңей­ту және шынайы құқықтық қоғам құру бары­сында біраз шаруа тындырылды. Сайлау туралы заң қабылданды. Президент жанында тұрақты жұмыс істейтін Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, іске кірісті. Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру жөнінде шаралар қолданылып, Парламент өкілетті­лі­гі кеңейтілді. Сот жүйесін реформалау және азамат­тық қоғам институттарын одан әрі дамыту шаралары жүзеге аса бастады. Ал Президент жанындағы Ұлт­тық комиссия 29 наурызда мәлімдеме жасап, өз жұ­мыстарының негізгі мақсатын жария етті. Комиссия өз жұмысының мақсаты жалпыхалықтық талқылау арқылы және біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Респуб­ликасының өркендеуі үшін сындарлы үнқатысу негізінде нақты демократиялық өзгерістерді қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіре түсу деп түсінді. Елбасының Жолдауында азаматтық қоғам инсти­туттарын дамыту туралы ойлауының негізінде да­йын­далған «Қазақстан Республикасында азаматтық қо­ғамды дамыту тұжырымдамасының» жобасы 9 шіл­деде бүкілхалықтық талқылауға ұсы­нылды. Бұл талқылау құжаттың демо­кратиялық сипатын жетілдіруге көмектесті. Елімізде үкімет­тік емес ұйымдар­дың үлкен желісі дүниеге келіп, пайдалы жұмыс атқаруда. 2005 жылы елімізде бұлардан басқа көптеген маңызды саяси оқиғалар болды. Қыркүйек айында Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құ­рылтайы болды. Оған әлемнің 32 елінен 300-ден аса қандасымыз келді. Осы құрылтайда Н.Назарбаев сөз сөйлеп, қонақтарға қайырылып: «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде қандас­та­рын тарихи Отанына оралтумен жүйелі айналы­сып, қо­мақ­ты мемлекет қаржысын жұмсап отырған жалғыз ел – Қазақстан, ал дүние жүзіндегі үш елдің біреуі, деді 1991 жылдан 2005 жылғы 1 шілдеге дейін елімізге барлығы 110 мың 591 оралмандар от­басы қо­ныс аударды. Халық саны 600 мыңға көбей­ді. Бұл – біздің демографиялық саясатымыздың жемісі. 2005 жыл еліміздің рухани өміріне де елеулі жаңалықтар әкелді. Білім, ғылым жүйесіне ерекше көңіл бөлінді. Бюджеттен қаржы бөлу ұлғая түсті. Мұғалімдердің жалақысы көбейді, олардың қоғамдағы мәртебесі артты. Ел мәдениетін өркендету биліктің басты наза­рын­­­да болды. 2004-2006 жылдарға арналған «Мә­де­ни мұра» бағдарламасы өз жалғасын тапты. Оның шең­берінде Ресей, Қытай, Моңғо­лия, Иран, Түркия жә­не араб елдері мұрағат­тарын­дағы қазақ тарихына қа­­тысты деректер жинастырылып, жарық көре бастады. Академик С.Қасқабасов басқарған әдебиет және өнер институты жоспарлаған 100 томдық «Бабалар сөзінің» алғашқы 7 томы жарық көрді. Шығыстану институты шетелдерден әкелген ал­ғаш­қы құжаттар ғылыми айналымға түсіп үл­гер­ді. «Мәдениет туралы» Заңның жобасы 26 ақпан­да баспасөзде жарияланып, талқылауға ұсыныл­ды. Осы жылы Нью-Йоркте Карнеги-Холл – әлемнің бірінші сахнасының төрінен қазақ өнер шеберлері тұңғыш рет өнер көрсетті. Ол табысты өтті. 2005 жыл аса маңызды саяси және тарихи оқи­ғаларға толы болды. Бұлардың бәрі ел тәуел­сіздігін нығайтуға, ұлттық мемлекет­тігіміздің іргесін бекітуге елеулі үлес қосты. Бұл жылдағы саяси оқиғалардың бастысы 4 желтоқсанда өткен Президент сайлауы еді. Бұл сайлаудың ерекшелігі оның таза әрі әділ өтуі және оның баламалы негізде өтіп, «додаға» бес үміткердің қатар түсуі болды. Елбасы 1 қыркүйекте өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Қазіргі мемлекет басшысы ретінде мен өз міндетімді терең түсінемін әрі алдағы сайлаудың мейлінше еркін, адал әрі ашық өтуі үшін және де қорытын­дылары қазақ­стан­дық­тардың да, халықаралық қоғамдастықтың да зәредей күмәнін туғызбауы үшін қолымнан келгеннің бәрін де жасайтын боламын», деп күнілгері, тіпті үш ай бұрын жария етті. Ол өз сөзінен шықты. Сайлау демократиялық жағдайда, ашық әрі таза өтті. Дауыс былай бөлінді: Е.Әбілқасымов – 0,34 пайыз, А.Байменов – 1,61 пайыз, М.Елеусізов – 0,28 пайыз, Н.Назарбаев – 91,15 пайыз, Ж.Тұяқ­бай – 6,61 пайыз дауысқа ие болды. Сөйтіп, ай­қын басымдықпен Н.Назарбаев қайтадан Қазақ­стан Республикасының Президенті болып сайланды. Бұл жеке Елбасының ғана емес, бүкіл Қазақстан хал­қының үлкен жеңісі, тәуелсіз елдің саяси билігі­нің салиқалы саясатының жеңісі, тәуелсіздіктің қа­рыш­ты қадамын бүкіл халықтың қолдауының нәтижесі болды. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.