01 Шілде, 2011

Құрылыс индустриясына – қарышты қадам Қазақстанда оның жолдары айқындалып отыр

3745 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

ҮКІМЕТ

«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Адамзат өмірінің соңғы он жылдықтары экономика мен тұрмыста түрлі технологиялық үдерістердің күрт қаулап өсуімен ерекшеленеді екен. Солардың алдыңғы қатарында құры­лыс саласы да бар. Құрылыстың қарқынды дамуы жер бетінде көптеген жаңа қалалардың пайда болып, олардың санының артуына алып келді. Со­нымен қатар, бұрынғы шағын қалалар бар­ған сайын қанатын кең жайып, агломерациялық үдерістерді дамытты. Агломерация сөзін қазақ тіліне тура мағынасында аударатын болсақ, «қосып аламын», «қоршаймын» деген ұғым­ды білдіреді екен. Қалалардың қарқынды даму нәтижесінде айналасындағы елді-мекендердің сол қалаларға қосылып кетіп жатқан үдеріс­тері біздің Қазақстанымызда да аз емес. Мә­селен, мұндай құбылыс қазіргі күні Алматы, Астана, Қарағанды мен Теміртау қалалары­ның бет-бейнелерінен байқалып отыр. Әлемде құрылыстың қарқынды дамуы құрылыс индустриясының етек жаюына алып келді. Құрылыс саласында жаңа технология­ларға негізделген небір жаңа материалдар пайда болып, тұрғын үйлер мен ғимарат­тардың беріктігін нығайтып, сәніне сән қосты. Ең бастысы, бұрын қиындықпен жүргізілетін күрделі құрылыстар жеңілдеп, олардың өзіндік құны да төмендеді. Міне, осындай жағдайларды қазіргі күні Астана қаласының көріністерінен анық бай­қаймыз. Бұл қалада бұрын біздің өңірімізде болмаған небір ғажайып ғимараттар мен сарайлар тұрғызылуда. Тұрғын үйлердің бой­лары да биіктеп барады. Қазіргі күні 100-120 қабаттық үйлер тұрғызу адамзат қауымына көп қиындыққа түспейтін болды. Тек жобасын талапқа сай дайындап, қажетті материалдарды пайдалана білсеңіз болғаны. Біздің Қазақстанымыз әлем елдерінің ара­сында құрылыс қарқын алған елдердің қа­тарында тұр. Тәуелсіздігімізге ие болғаны­мызға 20 жыл ғана өткеніне қарамастан, біз бұл салада едәуір тәжірибе жинақтадық деп айтуға болады. Жалпы, құрылыс саласының дамуына ықпал ететін факторлар бірнеше себептерден тұрады екен. Соның ішінде бастылардың бірі – елде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарып, халықтың үй сатып алатындай жағдайының болуы. Міне, осы бір фактордың нәтижесінде ғана алғашқы кезде елімізде құрылыс қарқындап жүріп берді. Бірақ ендігі кезекте басқа да факторлардың іске қосылуы қажет. Солардың алдыңғы қатарында құры­лыс материалдары өндірісінің дамуының маңызы зор екен. Қазақстанда құрылыс материалдары өнді­рі­сі Кеңес одағы тұсынан қалыптасқан болатын. Бірақ еліміз тәуелсіздікке ие болып, бұрынғы КСРО кеңістігіндегі экономикалық байланыстар әлсіреген тұста ең алдымен зардап шеккендердің бірі осы құрылыс материал­дары өндірісі болды. Ірі қалаларда жұмыс істеп келген құрылыс трестерінің, құрылыс материалдары комбинаттары мен зауыттары­ның жұмысы тоқтады. Сондықтан құрылыс материалдары өндірісінің жаңа тарихы еліміз тәуелсіздік алып, ес жиған шақтан қайта басталғандығы ақиқат. Әрине, құрлыс индустриясының, соның ішінде құрылыс материалдары өндірісі мен өнеркәсібінің қайта дамуы үшін едәуір уақыт пен жағдайдың тұрақтылығы, кәсіпкерлер мен халықтың осы іске белсенділігі қажет. Біз нақты дамуға бет алған бес-алты жыл бұған аздық ететіндей. Шамасы соған байланысты болар, бізде қазіргі күні құрылыс нысандарын әрлеуге қажетті көптеген материалдар шетелдерден тасымалданып жүр. Егер нақты деректерге жүгінетін болсақ, үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында елімізде 1 миллион 761 мың тонна цемент, 2 миллион тонна бетон, 133 065 тонна құрылыс қоспалары, 9 647 тонна бояулар мен лактар, 37 332 тонна отқа төзімді бұйымдар, 17 920 тонна жылу сақтағыш минералдық материалдан жасалған қоспалы заттар және басқа да құрылыс материалдары шығарылған екен. 53,8 миллиард теңгенің құрылысқа қажетті метал өнімдері, 25,1 миллиард теңгенің резина және пластмасса бұйымдары өндірілген. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 58,7 миллион доллардың құрылыс мате­риал­дары экс­портқа шы­ға­ры­лыпты. Оның 18 пайы­­зын цемент өнім­­­дері, 22 пайы­зын асбест заттары құ­раған. Ал осы мерзім ішінде елімізге 255,4 миллион дол­лар­дың құры­лыс материал­дары импорт­талған. Оның негізгі бөлігін түрлі керамикалық бұйымдар (35 пайызы) мен шынылар (20 пайызы) құраған. Көріп отырғанымыздай, құрылыс мате­риал­дары саласында еліміздің сыртқа шығара­тын заттарынан ішке кіргізетін заттары 4,5 есе басым болып отыр. Міне, осы цифрдың өзі-ақ Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісі­нің талапқа сай дами қоймағандығын көрсе­теді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айла­рында резина және пластмасса бұйымдарын шығаруға 1,2 миллиард теңгенің, металл емес минералдық өнімдер шығару өндірісіне 5,2 миллиард теңгенің инвестициясы құйылыпты. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден тиісінше 66,4 пайызға және 24,1 пайызға артық. Бұл жағдай Қазақстанда құрылыс материал­дары индустриясының қарқынды даму бағытын ұстап отырғандығын білдірсе керек. Сөйтіп қалай алып қарағанда да, елімізде құрылыс материалдары өндірісі осылайша жылдан жылға алға басу үстінде. Қазіргі күні құрылыс материалдарын шы­ғару ісімен республика аумағында 199 кәсіп­орын шұғылданады. Алдағы уақытта еліміздегі құрылыс индус­триясы мен құрылыс материалдары өндірісін қалайша қарқынды дамытуға болады? Ол үшін не істелуі қажет? Бұл мәселелер соңғы 5-6 жылдың көлемінде жиі-жиі талқыланатын болып жүр. Аталған мәселе тіпті Үкімет деңгейінде де талай рет қаралды. Жуықта Алматы қаласында осы мәселеге арналған тағы бір маңызды басқосу болды. Оған Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, Қазақстандағы индустриялық даму институтының, ұлттық инновациялық қордың, құрылысшылар ассоциацияларының, шыны бұйымдарын шығару кәсіпорындары ассоциациясының, ірі құрылыс компанияла­рының, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері жиналды. Олар бас қосқан дөңгелек үстел басында негізінен Қазақстанда құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы талқыға түсті. Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге қатыс­қан «ҚР Индустриялық құрылыстық технологиялар» ассоциациясының төрағасы Қанапия Нұрбатыров «Қазіргі уақытта құрылысты көп жүргізуден көрі, оның жаңа нысандарын қа­лай салу және неден салу мәселесі маңызды­рақ» екендігін айтып, құрылыс саласының сапасы мен тиімділігі, тұрақтылығы туралы әңгіме қозғады. Ол өз сөзін қорытындылай келе елімізге өзіндік құрылыс өндірісін қажетті көлем деңгейіне дейін дамыту барынша маңызды екендігіне тоқталды. Индустрия және жаңа технологиялар министрі өнеркәсіп комитетінің құрылыс ин­дустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының бастығы Сәкен Қабашев өзі жасаған баяндамада Үкімет әзірлеген «Өнім­ділік-2020» бағдарламасының аясында әңгіме қозғап, қазіргі күні мемлекеттік органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып отырған шараларды саралап берді. Қабашевтің мәлімдеуінше, аталған бағ­дарламаның құрылыс индустриясымен шұ­ғылданушыларға беретін пайдасы көп. Ол пайданы көру үшін алдымен оған белсене қатысу қажет. Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбына айналған еліміздегі құрылыс индустриясы мен құрылыс ма­териалдары өн­дірісін дамыту­дың 2011-2014 жылдарға ар­налған бағдарла­масында нақты міндеттер ал­дыға қойылған. Бағдарлама толық жүзеге асқан кезде отандық құрылыс мате­риалдары өндірісі ішкі рынок­тағы тұтынудың 80 пайызын қам­тамасыз етіп, осы саладағы еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыра түсуі тиіс. Сонымен қатар, құрылыс материалдары өндірісінің дамуы нәтижесінде көптеген жаңа еңбек орындары ашылып, өнімнің қо­сымша құндылығы 76 пайызға дейін артты­рылады. Егер бұл сөзді түсінікті тілмен бейнелейтін болсақ, құрылыс мате­риал­дарына қа­жет­ті ши­кізатты өңдеп, әзір­леу нәтижесінде құ­рылыс индустриясына келетін пайда көлемі осынша мөлшерге ар­та­тын бо­лады. Міне, осы мақсатқа қол жеткізу үшін тиісті шаралар белгіленген. Со­лардың қатарында жа­ңа цемент зауыт­тарын салу, сантехникалық-ке­рамикалық бұйымдар шығаратын жаңа өн­діріс өнімдерін ұйым­дастыру, топырақ өң­деуші комбинаттар мен шы­ны бетшелер шығаратын өндіріс орын­дарын іске қосу секілді жұмыстар бар. Сонымен қатар, еліміздің ішкі рыногын арзан да, сапалы материалдармен толықтыру мақсатында отандық тұтынушылар мен орта және ұзақ мерзімдік келісім-шарттарын жасасу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі күні қолданыстағы зауыттар, темір-бетон, кірпіш шығаратын өндіріс орындарын қайта жарақтандыру мақсатындағы жұмыстар жүріп жатыр. Мұның өзі бірқатар тәсілдермен алға басуда. Осы ретте мемлекеттің құрылыс материал­дарын шығарушыларды қолдау мақсатында өндірістегі басым бағыттар бойынша инно­вациялық гранттар бөліп жатқандығын айтуға болады. Мәселен, өткен жылы 282 миллион 149 мың теңгенің инновациялық гранты бөлінді. Ол гранттардың көлемді бөлігі тиісті жұмыстарды жүргізу үшін «Каз-Строй-Стекло» ЖШС үлесіне тиді. Бұл кәсіпорын оны шетелдік жаңа қондырғыларды сатып алып, жаңа өнім шығару ісіне бағыттамақ. Сондай-ақ мұндай гранттарға «Жер қойнау­ларын кешенді игеру проблемалары инсти­туты» ЖШС, «Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық технологиялық университеті технопаркі» АҚ, Қарағанды әдістемелік ойын­техникалық орталығы секілді ұйымдар ие болды. Бұл ұйымдар өздеріне берілген грант­тарды негізінен зерттеу арқылы жаңа өнімдер технологиясын әзірлеу мақсаттарына жұм­сауды көздеп отыр. Мұның сыртында еліміздің индустриялан­дыру картасының аясында 2011-2012 жылдар ішінде құрылыс индустриясы саласындағы жаңадан 50 инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін 65 635 миллион теңге бағытталып отыр. Оларды жүзеге асыру барысында 4801 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі күні Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы жұмыс істеп тұрған «Оңтүстік құры­лыс сервис» ЖШС темір-бетон зауытының базасында қуаттылығы жылына 150 мың шаршы метрлік құрастырмалы тұрғын үй құрылысын жүзеге асыратын жаңа индус­триялық құрылыс комбинатын ұйымдастыру ісі қолға алынды. Бұл комбинат құм мен ұсақ тастарды өз кен орнынан өндіре отырып, тұр­ғын үй және өнеркәсіптік ғимараттарды салу­ға қажетті барлық материалдарды әзірлей­тін болады. Жобаны қаржыландыру ісі «БРК лизинг» АҚ арқылы жүргізілмек. Мұның сыртында Шығыс Қазақстан об­лысындағы «Бұқтырма цемент компа­ниясы» ЖШС, «Семей цемент зауыты» ЖШС, Қара­ған­ды облысындағы «Қарцемент» АҚ, «Орта­лық Азия цемент» АҚ, Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы «Шымкент цемент» АҚ секілді іргелі кәсіпорындарды қайта жарақ­тандыру ар­қылы олардың өндірістік қуатын бұрын­ғыға қарағанда арттыра түсу көзделуде. Ал Маң­ғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында жалпы қуаты 2,1 миллион тонна өнім шығаратын 5 клин­керлік-цемент­тік терминал­дар­дың құрылысы жүргізілмек. Ақтөбе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында сантехникалық-керамикалық бұйым­дар шығаратын жаңа өндірістік қондырғылар іске қосылады. Бұлар жылына 1 миллион дана өнім береді деп есептелген. Осы өңірлерде жылына 200 мың тонна құрылыс материалдарын шығаратын топырақ байыту комбинаттарының құрылыстары жоспарлануда. Ал Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Астана қалаларында жылдық қуаты 9 мың шаршы метр құрастырмалы тұрғын үй әзірлей алатын 6 индустриялық құрылыс комбинаты іске қосылмақ. Бағдарламаны жүзеге асырудың әр кезеңдеріне өзіне тән көрсеткіштері мен міндеттері белгіленген. Мәселен, үстіміздегі 2011 жылы жоспар бойынша ішкі рынокқа қажетті құрылыс материалдарының 65 пайызы отан­дық өндірістерде өндіріліп, бір адамға шақ­қандағы еңбек өнімділігі 48,4 мың долларға жетуі тиіс. Дөңгелек үстел басында сөз алған Қазақ­стандық индустриялық даму институтының Өнеркәсіптік технологияларды жаңарту орта­лығының директоры Салтанат Жұма­бекова осы институттың қаржы министрлігімен бірлесе отырып, 200-ден астам өнеркәсіп орын­дары­на технологиялық аудит жүргіз­гендігін мәлімдеді. Осы аудит нәтижесінде құрылыс саласы кәсіпорындарының ортақ проблемасы ретінде өндірістік қуаттардың толық жұмыс істемеуі, құрал-жабдықтардың тозғындауы секілді мәселелер анықталған. Ал осы проб­ле­маларды шешуге Үкіметтің бизнесті қолдау мақсатындағы жасап жатқан бағдарламалары көмекке келе алады. Бағдар­ламаға қатысудың мүмкіндігі де бар. Мәселен аталған қазақ­стан­дық индустриялық даму институты кәсіп­кер­лердің бизнес жобаларына сараптама жасап, одан өткендеріне сол жобаны дайындауға кеткен көлемнің жарты­сын қайтарады. Мемлекеттік қолдаудың келесі түрі ретінде бизнесті қаржыландыру ісін айтуға болады. Осы ретте мемлекет арқылы берілетін несие­лердің сыйақы ставкасы 6-7,5 пайыз аралы­ғын­да, яғни кәсіпкерлер үшін жеңілдікті несие бо­лып табылады. Оны алудың басты шарт­тары­ның бірі – кәсіпкер жобаға қажетті инвестиция көлемінің 15 пайызын өзі қарастыруы қажет. Сонымен қатар Ұлттық инвестициялық қор кәсіпкерлерге инжинирингтік ұйымдарды тартуға, шетелден жоғары білікті мамандарды кіргізуге, өндіріске қажетті өнеркәсіптік технологиялар мен жабдықтарды енгізуге көмек көрсете алады. Құрылыс саласындағы кәсіпкерлікті қол­дауға Үкіметтің басқа да жасайтын қолдауы мен көмегі аз емес. Бағдарламада кадр дайындау мәселесіне де елеулі көңіл бөлінген. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісі салаларында кәсіптік білім мен кадр дайындау мәселесін дамыту ісімен шұғылданатын салалық кеңес­тің құрамын бекітті. Оған бірқатар мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың Қазақстан құрылысшылары ассоциациясының, жоғары оқу орындарының өкілдері енді. Осы бойынша қазіргі күні Қазақстан құрылысын тиісті кадрлармен қамтамасыз етудің нақты жобасы әзірленді. Сонымен қорыта айтқанда, ел экономи­касын дамытуда, оны әртараптандыруда құры­лыс саласының маңызы зор. Бұл саланың экономикамызға қаншалықты әсер ете ала­тындығын біз әлемді шарлаған дағдарыс тұ­сында анық байқадық. Сол тұста мемлекеттің батыл қолдауы нәтижесінде бұл сала да тығырықтан көп қиналмай шығып, қазір қайта дамуға бет алды. Енді оны кешенді және жүйелі дамытудың неғұрлым сенімді жолдары қарастырылып, алдыға айқын міндеттер қойылып отыр. Құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы осы мақсатқа қызмет ететін болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.