Туған Отанға адал қызмет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтап, қорғау осы мамандықты таңдап алған әрбір азаматтан, ең алдымен, жоғары жауапкершілікті, кәсіби іскерлік пен біліктілікті талап ететіндігі сөзсіз. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың пікірінше, «әскери кәсіби біліктілік тәжірибе жинақтау мен мол ізденіс нәтижесінде ғана келеді».
Алматы облысының «Қызылағаш» полигонында жақында өткізілген «Әуе күштері-2011» халықаралық ұшу-тактикалық жаттығулары, оған қатысушы ұшқыштар үшін, міне, осындай тәжірибе жинақтауға септесті десек қателеспейміз. Халықаралық ұшу-тактикалық «Әуе күштері – 2011» жаттығуына Қазақстан Республикасы тарапынан Талдықорғандағы №21751 әскери бөлімінің «Су-27», «Миг-27», «Миг-23» жаңартылған бомбалаушы жойғыш ұшақтары мен Қарағандыдағы №50185 әскери бөлімінің «Миг-31» жойғыш ұшақтарымен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің Балқаш әуе базасынан «Л-39» оқу-жаттықтыру ұшақтарының ұшқыш құрамдары қатысты.
Ресей мен Қазақстан мемлекеттерінің әуе топтары қатысқан халықаралық ұшу-тактикалық жаттығуларының ең негізгі кезеңі ұйымдастырылған «Қызылағаш» әскери полигонындағы «әскери бейбіт шабуылда» пайдаланылған зымырандар мен бомбалар көздеген нысанасына дәл және алдын ала белгіленген уақытта түсуімен ерекшеленді. Әрине, мұның өзі оған қатысушылардың түгелдей дерлік жоғары дайындықпен келгендігін және өздеріне жүктелген күрделі тапсырмаларға жоғары жауапкершілікпен қарағандығын айқын аңғартады.
Сәкен Жасұзақовтың айтуынша, халықаралық ұшу-тактикалық жаттығулары Ресей Әскери-әуе күштерімен өзара қарым-қатынас бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
– Біздер жақында еліміздің оңтүстігінде «Қаратау-2011» атты ірі жаттығуды аяқтадық. Бұл жаттығулардың өзі терроризммен, экстремизммен күрес арнаулы жаттығулары аясында болды. Ал, енді бүгінгі «Әуе күштері – 2011» халықаралық ұшу-тактикалық жаттығуларына Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қарулы күштерінің барлық бөлімшелері қатысуда. Ресей Федерациясымен бірлесе отырып, әуе операцияларына қарсы жоба дайындадық. Мәселен, жердегі шартты түрде белгіленген нысандарға ұшақтар ауқымды соққы берген соң, біздер қанатты ракеталарды жібердік. Қанатты ракеталар сәулесін алғаш рет жасап шығардық, мұндай тематика бізде бұрын болмағандықтан, бұл біздер үшін жаңалық, – дейді Сәкен Әділханұлы.
Қысқаша айтқанда, «Әуе күштері-2011» жаттығуларына қатысушылар өздерінің алдына қойған үлкен міндеттері мен мақсаттарының үдесінен шықты. Бұл жаттығудың келесі кезеңі Семей полигонында өтпек. Бір құптарлығы, ТМД елдері аясында әуе қорғанысының біртұтас жүйесі бар көрінеді. Негізінен бұл мәселемен тереңірек айналысып, арада толық түсіністік пен берік ынтымақтастық орнауы үшін ол одан әрі жетілдірілмек екен. Мұндай жаттығулардың пайдасы орасан және мұның Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де қауіпсіздігін нығайтуға ықпалы мол екені анық.
– «Әуе күштері-2011» әуе-тактикалық жаттығулары барысында жинақталған әскери тәжірибе біздің екі мемлекеттің, яғни Қазақстан мен Ресейдің ғана ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды. Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдеріне де өз ықпалын тигізбек,– дейді №21751 әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары Сергей Чернышев.
Сонымен, «Әуе күштері-2011» жаттығулары көршілес екі мемлекет – Ресей мен Қазақстанның әскери-әуе күштері бөлімшелерінің біліктілігін арттыруға көмектесіп, өзара түсіністікті қалыптастырды. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей қарулы күштері арасындағы әскери дәстүрлердің одан әрі нығая түсуіне ықпал етіп отыр.
Бақыт Балғарина, Алматы.