02 Шілде, 2011

Қазақстан – Ресей: Бірлескен әскери-әуе жаттығулары

357 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Туған Отанға адал қыз­мет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақ­тап, қорғау осы маман­дық­ты таңдап алған әрбір азаматтан, ең алдымен, жоға­ры жауапкершілікті, кәсіби іскерлік пен біліктілікті талап ететіндігі сөзсіз. Қорға­ныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов­тың пікірінше, «әскери кә­сіби біліктілік тәжірибе жинақ­тау мен мол ізденіс нәтижесінде ғана келеді». Алматы облысының «Қы­зылағаш» полигонында жақында өткізілген «Әуе күштері-2011» халық­ара­лық ұшу-тактикалық жат­тығулары, оған қатысушы ұшқыштар үшін, міне, осын­дай тәжірибе жинақ­тау­ға септесті десек қа­телеспейміз. Халықаралық ұшу-тактикалық «Әуе күш­тері – 2011» жаттығуына Қазақстан Республикасы та­рапынан Талды­қорған­дағы №21751 әскери бөлі­мінің «Су-27», «Миг-27», «Миг-23» жаңартылған бом­балаушы жойғыш ұшақ­тары мен Қарағанды­дағы №50185 әскери бөлімінің «Миг-31» жой­ғыш ұшақтарымен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің Балқаш әуе базасынан «Л-39» оқу-жаттықтыру ұшақ­та­рының ұшқыш құрамда­ры қатысты. Ресей мен Қазақстан мемлекеттерінің әуе топ­тары қатысқан халық­ара­лық ұшу-тактикалық жат­тығуларының ең негізгі ке­зеңі ұйымдастырылған «Қы­зыл­ағаш» әскери поли­гонындағы «әскери бейбіт шабуылда» пайдаланылған зымырандар мен бомбалар көздеген нысанасына дәл және алдын ала белгіленген уақытта түсуімен ерекшеленді. Әрине, мұның өзі оған қатысушылардың түгел­дей дерлік жоғары дайын­дықпен келгендігін және өздеріне жүктелген күрделі тапсырмаларға жоғары жауапкершілікпен қарағандығын айқын аңғартады. Сәкен Жасұзақовтың ай­туын­ша, халықаралық ұшу-тактикалық жаттығулары Ресей Әскери-әуе күштерімен өзара қарым-қатынас бағдар­ламасы аясында ұйымдас­тырылған. – Біздер жақында елі­міздің оңтүстігінде «Қара­тау-2011» атты ірі жаттығуды аяқтадық. Бұл жаттығулар­дың өзі терроризммен, экс­тре­мизммен күрес арнаулы жат­тығулары аясында болды. Ал, енді бүгінгі «Әуе күш­тері – 2011» халықаралық ұшу-тактикалық жаттығу­ларына Қазақстан Республи­касы мен Ресей Федерациясы қарулы күштерінің барлық бөлімшелері қатысуда. Ресей Федерациясымен бірлесе оты­рып, әуе операцияларына қарсы жоба дайындадық. Мә­селен, жердегі шартты түрде белгіленген нысандарға ұшақ­тар ауқымды соққы берген соң, біздер қанатты ра­кеталарды жібердік. Қанатты ракеталар сәулесін алғаш рет жасап шығардық, мұндай тематика бізде бұрын бол­мағандықтан, бұл біздер үшін жаңалық, – дейді Сәкен Әділханұлы. Қысқаша айтқанда, «Әуе күштері-2011» жат­тығула­ры­на қатысушылар өздерінің алдына қойған үлкен міндеттері мен мақсаттарының үде­сінен шықты. Бұл жаттығу­дың келесі кезеңі Семей по­лигонында өтпек. Бір құптар­лығы, ТМД елдері аясында әуе қорғанысының біртұтас жүйесі бар көрінеді. Негізінен бұл мәселемен тереңірек айналысып, арада толық түсі­ністік пен берік ынтымақ­тастық орнауы үшін ол одан әрі жетілдірілмек екен. Мұн­дай жаттығулардың пайдасы орасан және мұның Қазақ­станның ғана емес, Ресейдің де қауіпсіздігін нығайтуға ықпалы мол екені анық. – «Әуе күштері-2011» әуе-тактикалық жат­тығу­лары барысында жинақтал­ған әскери тәжірибе біздің екі мемлекеттің, яғни Қа­зақ­стан мен Ресейдің ғана ұжымдық қауіпсіздігін қам­тамасыз етіп қана қой­майды. Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қа­уіпсіздік шарты ұйымы елдеріне де өз ықпалын тигізбек,– дейді №21751 әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұ­мыс­тар жөніндегі команди­рінің орынбасары Сергей Чернышев. Сонымен, «Әуе күш­тері-2011» жаттығулары көр­шілес екі мемлекет – Ресей мен Қазақстанның әскери-әуе күштері бөлім­шелерінің біліктілігін арт­тыруға көмектесіп, өзара түсіністікті қалып­тастыр­ды. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей қарулы күштері арасындағы әскери дәстүр­лердің одан әрі нығая тү­суіне ықпал етіп отыр. Бақыт Балғарина, Алматы.