ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы, аймақтан шыққан бірінші геолог Өзен, Солтүстік Бозашы, Қаражанбас кен орындарын алғаш ашушы Әділ Нұрмановты әңгімеге тарттық.
– Әділ Молдашұлы, сіз өзіңіз туып-өскен Маңғыстаудың қазына байлығын игеруге үлкен үлес қосқан ардагер-ағасыз. Маңғыстау мұнайының жарты ғасырлық тойы тұсында әңгімені өмір және еңбек жолыңыздан бастасаңыз деген тілек бар.
– Мен Маңғыстау ауданының Шайыр ауылында туып-өстім. 1957 жылы ҚазМУ-дың геология факультетін инженер-геолог мамандығы бойынша бітірдім. ҚазМУ-ді бітірген жылы Маңғыстауда «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылып, еңбек жолым сонда басталды. Содан 41 жыл бойы геолог-барлаушы ретінде еңбек еттім. Осы уақыттарда Маңғыстау өңірінің тауы мен тасын тынымсыз аралап, 70-тен астам мұнай-газ кен орындарының құрылымын анықтауға қатыстым. Небір іргелі істердің бастауында жүріп шаршап, шалдығуды білмедік. Мақсатымыз жер астындағы қазына байлықты халықтың кәдесіне тездетіп жарату, туған жерді түлету болды. Сол арман – мақсат орындалғанын көріп отырмыз.
– Әңгіменің басында айтқанымыздай аймақтан шыққан бірінші геолог ретінде дәл сол жылы алғаш құрылған «Мұнайгазбарлау» тресінде еңбек жолыңыз басталыпты. Сонда Маңғыстауда геологиялық іздестіру және мұнай-газ барлау жұмыстары сол 1957 жылдар қай жерлерде қалай жүргізілгені есіңізде болар?
– Жалпы, Маңғыстау өлкесін зерттеу жұмыстары әріден басталады. 1887 жылы орыс геологы Н.Андрусов өлкеге бірнеше рет арнайы келіп зерттеу жүргізген. 1915 жылдары өлке геологиясында кездескен шөгінділердің табиғи орналасу кестесі халықаралық жүйеде жасалды. 1957 жылдан бастап, барлау жұмыстары кең көлемде жүрді. Соның нәтижесінде аймақтың жер асты құрылысы зерттеліп, мұнай мен газ іркілген перспективалы құрылымдар орналасқан аймақтар белгіленді. Аймақтың мұнай мен газ жөніндегі картасы жасалды. Іздестіру жұмыстары Одақтың орталық ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының ұсынысы бойынша Бозашы түбегінде, Түпқараған түбегінде жүрді. Оңтүстік Маңғыстаудағы Түбіжік, Қарасаз, Тасбас алаңдарындағы қазылған ұңғылардан мұнай мен газ алынбады. Тіпті, Бозашы дөңінде қазылған ұңғыдан су бұрқағы атқылап, мұнай мен газ табу мүмкіндігі аз деген қорытынды да жасалды.
Ал 1959 жылы Жетібай алаңында бұрғыланып жатқан № 1 ұңғы 2653 метр тереңдікке жетіп тоқтап қалды. 1960 жылы Жетібайдағы № 2 ұңғының забойынан жыныс май сіңген саз аралас құм шықты. Бұл мұнайлы қабаттарды айғақтады.
1961 жылы маусым айының соңғы күндерінде № 6 барлау ұңғысы 2430 метрлік тереңдікте тоқтап қалып, оған насостық-компрессорлық құбыр жіберіле бастайды. Батыл да, жауапкершілігі өте ауыр шешімдер алу қажеттігі туған сәттер басталды. Қорқынышты кезеңдер артта қалып 1961 жылдың шілде айында №6 ұңғыдан ерітінді асып төгіледі. Қатты гүріл естіліп, мұнайдың дүлей селі аспанға атылады. Сөйтіп, Жетібайдағы Н.Петровтың бригадасының №6 терең бұрғылау ұңғысынан атқылаған алғашқы мұнай бұрқағы Маңғыстау мұнайлы аймағын бүкіл Кеңестер одағына жария етті. Шынын айтсам ол күнгі қуанышты сөзбен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес.
Сол бір қиын кездерде істелген еңбек еш кетпеді. Елеусіз де қалған жоқ. 1966 жылы Маңғыстау мұнайын ашқан Ж.Досмұхамбетов, Б.Дьяконов, Ш.Есенов, Е.Иванов, Н.Имашев, Н.Калинин, Х.Махамбетов, В.Матвеев, В.Токарев, Н.Черепанов, Х.Өзбекқалиевтерге Лениндік сыйлық берілді. Осы тұста қатарымызда жүргендері де, өмірден озғандары да бар, біраз әріптестеріміздің есімін атау ләзім сияқты. Олар Қ.Мырзағалиев, Х.Тәжиев, Қ.Қазиев, Ж.Дәуітов, Б.Әбішев, Г.Балмұханбетов, тағы басқалары еді. Жүздеген адамдар орден, медальдармен марапатталды. Кейін мұнай өндіріле бастаған кезде Т.Қадыров, А.Еремин, С.Рысқалиев, Г.Шевченко, С.Жалғасбаев, Т.Қазбеков Социалистік Еңбек ері атанып, Б.Қосмағанбетов, А.Қадымова КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері болды. С.Өтебаев, Р.Өтесінов, Н.Марабаев, Н.Бекбосынов, Л.Қиынов, С.Қырымқұлов, Ж.Жанғазиев, тағы да басқа азаматтар мұнай өнеркәсібін өркендетуге үлес қосып, есімдері елге белгілі болды.
Тағы бір қуанарлығы Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен, Үкіметіміз аймақтың экономикасын қарқынды дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуде. Мен мұны мұнайшылар ордасы Жаңаөзендегі оң өзгерістерден анық байқап жүрмін. Мысалы бір ғана Жаңаөзен қаласын дамытуға 2009-2012 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, оған 429 млрд. теңге бөлініпті. Қалада екі жылда 50-ге жуық әлеуметтік-нысандар пайдалануға берілген. Осының бәрі мұнайшылар үшін жасалуда. Кейінгі толқын жастардың осы игі дәстүрді жалғастыра түсулерін қалар едім.
– Бүгінгі әңгіме барысында құжаттарыңыздың арасынан әр жылдары КСРО-ның геология министрі Е.Козловскийдің қолы қойылған «Өзен, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы кен орындарын алғаш ашушы Әділ Нұрмановқа» деген дипломдарды көріп отырмыз. Осындай елге ырыс, халыққа бақыт сыйлаған сәттерді еске алғанда қандай көңіл-күйде боласыз?
– Азаматтардың, әріптес інілерімнің ыстық лебізіне рахмет. Жалпы мен жоғарыда айтқанымдай өзім таңдаған геолог мамандығынан бір сәтте ажырамаған адаммын. Өйткені, мен осы мамандықты жер қойнауындағы байлықты халқымның қажетіне, елімнің ертеңіне жаратуға үлес қоссам деген ниетпен таңдадым.
Жоғарыда айтқанымдай Жетібайдан мұнай табылған соң ендігі кезек Өзен бағыты болды. Өзен жақты белгілі геолог В.Козмедемьянский екеуіміз бірге аралап, терең бұрғылау жұмыстарын ұсындық. Ол 1961-1967 жылдары нақты нәтиже берді. Барлау жұмыстары өндірістік мұнай және газ қорлары барлығын көрсетті. Күзде бұрғылау шеберлері Ғ.Әбдіразақовтың бригадасының К-18 ұңғы-сынан газ, ал М.Кулебякиннің № 1 ұңғысынан таза мұнай алынды. Ал жаңағы әріптестерімнің сөзіне оралсам Бозашы мұнайын табуда түрлі жағдайлар болғаны рас. Жетібай, Өзеннен кейін назарымыз Солтүстік Бозашыға ауды. Бірақ түрлі себептермен Қаражанбас алаңын бұрғылау 1973 жылғы жоспарға енбей қалды. 1974 жылғы жоспарға қосуға келісім алынды. Бірақ бекіген жоспардан хабар болмай-ақ қойды. Жоғарыдағы басшылар да асықпады. Сәтсіздік бола қалса бас кететіндей жағдайда мен бір батыл қадамға бардым. Бұрғышы шебер С.Таяновқа К-12 ұңғыны қазу керектігін айтып, іске кірісіп кеттік. 200, 300, 302 метр тереңдіктен 1974 жылы 26 қаңтарда Бозашыда алғашқы мұнай бұрқағы атып, тарихқа жазылды. Сөйтіп, бекімеген жобаны жүзеге асыру арқылы Қара алтынға қол жеткені бар.
Ал Қаламқас мұнай алаңы 1976 жылы 30 қаңтарда ашылды. Белгілі геологтар Х.Өзбекқалиев, В.Токарев үшеуміз бірігіп жасаған жаңа әдісіміз нәтижесінде Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас мұнай алаңдары бұрын-соңды болмаған өте қысқа мерзімде яғни, үш-ақ жылда өндірістік баға алды. Бұл әдісіміз 1978 жылы Кеңестер Одағының кен қорлары жөніндегі комитетте жоғары бағамен қабылданып, бекітілді. Жаңағы айтқан көзсіз батырлығымның белгісі ретінде Қаражанбас кен орнының төріндегі К-12 құрылымдық ұңғының орнында биік тұғырлы тақта тұр. Сонда алғашқы ашушы ретінде менің және бұрғылау шебері С.Таяновтың есімдері алтын әріппен жазылып, қойылған. Өткен күнде белгі бар деген осы.
– Әділ Молдашұлы, сіз сонау алпысыншы жылдарда азаматтар қол жеткізген табыстарға тоқталдыңыз. Өзіңіз жайлы өндіріп ештеңе айтпадыңыз ғой...
– Мен қатардағы қарапайым геолог ретінде еңбегімнің жемісін көрдім. Жиырма жыл бойы Маңғыстау геологиялық іздестіру экспедициясының бас геологы, он жылдай бастығы болдым. Бірақ ешқашанда геолог екендігімді ұмытпадым. Іздендім, оқыдым. Соның нәтижесінде 50-ден астам ғылыми-геологиялық мақалалар мен монографиялардың авторы болдым. Мәскеу, Петербург, Алматыдан Бозашы, Үстірт мұнай-кен орындары жайлы зерттеу кітаптарым жарық көрді. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, ондаған медальмен марапатталдым.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ.