05 Шілде, 2011

Туризмді дамыту талпыныстары

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ресей экономикасындағы туризмнің үлесі анау айтқандай елеу­лі емес, елдің осы салаға байланысты бәсекеге қабі­лет­ті­лігі де әлемдік рейтингте алдыңғы орындарға шыға ал­майды. Соған қарамастан, соңғы жылдары Ресейде туризмді табыс көзіне айналдыра отырып, өңірлерді кешенді да­мы­ту­дың нақты қадам­дары жасалуда. Туризмді дамытудың бола­шақ федералдық мақ­сат­ты бағдарламасы осыған байла­ныс­ты әзірленуде. Ел экономикасын, соның іш­інде туризмді де дамытуға тұ­ғыр болатын жобалардың бірегейі 2014 жылғы Сочи Олим­пиа­дасы мен 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатына қа­тыс­ты болады. Олимпиада қар­саңындағы қауырт іс-қимылдар елдің оңтүстігіндегі инфрақұ­ры­лымды жетілдіруге жол ашса, футбол сайысы орталық өңір­лер­дің жай-күйін сапалы тұр­ғы­да жаңғыртуға тиіс. Сол себепті қазір Ресейде құрылыс жұмыс­тары қарқынды жүргізіліп, көп­теген жаңа объектілерді, басқа да қажетті коммуникация желілерін жедел іске қосу міндеті алға қойылып отыр. Неғұрлым маңызды жобалар елдің оңтүстігіне – Краснодар өлкесіне, Солтүстік Кавказ рес­пуб­ликаларына, Ростов, Волгоград, Астрахань облыстарына ба­ғытталған. Бұл «Ресейдің оң­түстігі» деп аталатын федерал­дық мақсатты бағдарламамен тығыз байланысты. Әсіресе, Сол­­­түстік Кавказ аймағында қазіргі заманғы туристік индустрия құ­ру осы өңірдің экономикасын алға шығаруға, жұмыссыздықты жоюға мүмкіндік береді деп қа­рас­тырылуда. Инвестициялар тар­ту мен бюджет қаражатын ұш­тас­­тыра отырып, жаңа бес тау шаң­ғысы курорттарын салу қол­ға ал­ынады, мысалы, Қа­рашай-Чер­кес жұртындағы «Ар­хыз» ку­рор­тының бірінші кезегі үстіміз­дегі жылдың соңына таман пай­да­ла­нуға беріледі деп жобалануда. БАҚ хабарларына қарағанда, Ресей Солтүстік Кавказдағы туристік кластерді дамыту үшін Франциямен өзара іс-қимылын үйлестіру үстінде екен. Бола­шақта француз компаниялары осы өңірде қонақүйлер салып, ішкі инфрақұрылымды, тау шаң­ғысын дамыту үшін керекті құрал-жабдықтар жеткізетіндігі айтылуда. Сондай-ақ аталған кластерді жағажай және емдік ту­ризм курорттарын салу ар­қы­лы кеңейту жайы да көзделуде. Туризм саласында қазір қол­ға алынып жатқан істер таяу­дағы жылдары-ақ өз нәтижесін береді, яғни 2011 – 2020 жыл­дары Ресейдің туристік индус­трия­сы жылына 6, 7 пайыз өсе­тін болады, дейді дерек көздері. Серікқали БАЙМЕНШЕ. Мәскеу.