08 Шілде, 2011

Қазақстандық цемент - келешектің іргетасы

1205 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Шымкентке Алматыдан Сайрам арқылы түнге салым маши­насымен кіріп келе жатқан жо­лау­шы Тассай ауылы тұсынан ғарыш зымыраны секілді көкке ұм­сынған қондырғыларды көрер. Әні-міне басқару аппаратынан старт алатындай кейіпте. Жар­қыл­­­даған әр түрлі жарықтар. “Апыр-ау, бұл не керемет?” дер. Алғашқыда Шымкенттіктер де сүйткен. Бір көрмеге ғарыш ай­ла­ғы Байқоңырдың осында кө­шіп келгеніндей әсер қалдырар еді. Кішігірім шағын ауылдың орнын алып жатқан қон­дыр­ғы­лар-ғарыш айлағына түк те қатысы жоқ, Қазақстандағы бірегей цемент өндіретін алып “Стандарт-Цемент” зауыты. Бүгінде мыңнан аса адамға жұмыс тауып беріп отырған зауыт жылына 1 млн. тонна цемент дайындайды. Сайрам ауданының бюджетіне жылына 2 млрд. теңге шамасында қаржы құйылады. Бір отбасында орта есеппен бес адам бар деп есептесеңіз бес мың адамды қара су мен қара нанға қаратпай ел қатарлы тұр­мыс кешуіне жағдай жасап отыр­ған зауыт қайдан нашар болсын?! Зауыттың директоры Бауыр­жан Серікжанұлы Сейітжанов бол­ғанымен кәсіпорынның иесі ретінде жұрт белгілі кәсіпкер, ғы­лым докторы, “Саутс-Ойл” ЖШС-інің президенті Серікжан Сейітжанов деп біледі. Серікжан Сейітжанов – осы зауыттың құ­рыл­тайшысы. Шымкентте цемент зауыты жоқ емес. Кеңес өкіметі кезінде салын­ған зауыттың соңғы он­шақ­ты жыл­дарда инвесторлары ауысқанымен ескіні ілдалаған жыртыққа жамау салғанмен бірдей ғой. Энергияның көбірек қажет ететін ылғалды цемент дайындайтын зауыттан ма­ңайдағы тұрғындарға аспаннан цемент жауған күндер де болған. Осыдан аттай үш жыл бұрын бүгінгі Экология және табиғатты қорғау министрі, ол кезде Оң­түс­тік Қазақстан облысының әкімі, ашуға көп ерік бермейтін Нұр­ғали Әшімов күрт қатайып “Шым­кенттегі бір миллионға жуық ха­лықтың денсаулығын ауа­ны лас­тай­тын цемент зауы­тына айыр­бастай алмаймын” деп шетелдік инвесторлардың екі аяғын бір етік­ке тыққан. Айдан астам уа­қыт­қа жаптырып тастаған. Ат­мо­с­­фераға жіберетін түтін сүзгі­сін ауыстырған. Кеңес заманында халықара­лық стандарт дегенді ойға алмай­тын, ойласа да қауқары жетпейтін кезеңде салынған қорғасын зауыты, цемент зауытынан зиян шегіп, зәрезап болып қалған жұрт “Стандарт-Цемент” зауыты са­лына бастағанда да қорқа­соқ­тап еді. Маңайдағы ауылдан айқай-шу да естілген. Осыған негіз бар ма?! Біздің білетініміз, экология­лық жағынан зиянсыз құрғақ цементті дайындау технологиясын ғылыми негізде жасаған ғылым докторы Серікжан Сейітжанов зауыттың түтіні үш қайтара тазалау фильтрінен өтетіндігі жайлы айтқан ақпарат. Қондырғы – Қытайдың Тяньзин қаласындағы цемент өнеркәсібі ғылыми-зерт­теу институтының өнімі. Дәл осын­дай зауыттар осы инс­ти­тут­тың жетекшілігімен азуын айға білеген Америкадан бастап, қор­ша­ған ортаға зияны білінсе қо­лы­на плакаттарын ұстап көшеге шығып кететін талапшыл тұ­р­ғындары бар Еуропаның талай қалаларында жұмыс істеп тұр. Ауа ластанса ондағы ағайындар дабыл қақса керек еді. Әрине, өндіріс болған жерде мәселесіз болмайды. Алайда, бес мыңдай адамның асырау­шы­сы болып отырған ірі өндіріс орындарын жабуды талап ете берсек онда Азияда көш­басшы елге айналуды мақ­сат еткен Қа­зақ­станға, мемлекетіміздің бола­ша­ғы осындай халықаралық стан­дарттарға негізделген алып кәсіпорындар екенін айтып кәсіпкерлерге дем беріп отырған Елба­сы­мыз­дың стратегиясына қар­сы шыққандығымыз емес пе? Шикізат Қазақстанды қа­шанғы асырайды? Ол – түбі жоқ тұңғиық көл емес. Ер­те ме, кеш пе түге­сі­ле­ді. Сол кезде өнерлі жұрт­тан үйрен деген ұлы Абай­дың, Ахаң, Ахмет Байтұр­сынов бастаған алаш ардақты­ларының, бейқам жұртын маса болып ша­ғып ояту­ды дұрыс көр­ген Міржа­қып­тар­дың жанай­қа­йын тағы да ұмы­тып, Пушкин­нің “Алтын ба­лық” ертегісіндей сы­нық астауды құшақ­тап қалған кейуананың кейпін киіп қал­маймыз ба деген қауіп қой біздікі. Сондықтан айқайшыл ағайын­ды сабырға ш­а­қырар едік. Халқы бір миллионға жетеқабыл Шым­кенттің өзіне халықаралық стан­дарт­тарға негізделген ондаған зауыт­тар керек. Әр сала бойынша. Сонда өзгеге кіріптарлықтан құ­ты­ламыз. Тәуел­сіздігіміздің тұ­ғы­ры берік болады. Мемле­кеті­міздің экономикалық әл-қуаты есе­ленеді. Ал, ол де­геніңіз – ел байлығы, сіз бен біздің жарқын өміріміз, ұрпағы­мыздың мұңсыз келешегі. Жақында зауытқа арнайы бар­дық. Зауыт директоры Бауыржан Сейітжановпен сұхбаттастық. – Елбасымыздың 30 корпоративті көшбасшы жобаларының қатарына осы зауыт та енген, – дейді ол. – Сол кезеңдерде әлемді қаржы дағдарысы құрсаудай қыс­ты да біз дағдарыңқырап қалдық. Осы жобаны әрі қарай жалғас­тыру қаншалықты қисынды, тұ­лыпқа мөңіреген сиырдай болып қалмаймыз ба деген де қауіп болды. Осы қаупімізді әкем, осы зауыттың құрылтайшысы, Серікжан Сейітжанов сейілтті: “Мен Елбасыға зауытты іске қосуға уәде бергенмін. Ер жігіт уәдесін жұтпау керек. Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы мемлекетімізді өте ауыр жағ­дайда орнынан тік қойды, әлем санасатын елге айнал­дырды. Осын­дай жағдайда біздің кері шегінгеніміз намысқа сын” деді. Айтты бітті. Шетелден инвестиция тартуға Ел­басының жергілікті банкке тап­сыр­масы өзек болды. 2008 жылы 8 тамызда инвестиция мәселесі шешілді. Қы­тайлық Эксим­банк­тен 100 млн. долларға жуық қар­жы алдық. Бұл аз сома емес. Он сегіз айдың ішінде зауытты салып, іске қостық. – “Стандарт Цементтің” жү­ре­гі соға бастағаны “Батыс Еу­ропа-Батыс Қытай” халық­аралық автомагистралінің қар­қын ала бастағанына дөп келді. Іскерлік қатынастарыңыз қа­лай? Оңтүс­тіктің жерінен 454 шақырым жол қиып өтеді ғой... – Бұл ғасырлық құрылыстың қаншалықты маңыздылығын Ел­ба­сы­мыз айтып келеді. Жол­дауын­да да нақтылаған. Шағын және орта бизнеске қолайлы жағ­дай туғызады. Әрі біздің кәсіп­орын секілді үлкен зауыттардың да даму стратегиясына мүмкіндік береді. Негізгі есеп бойынша жол­ға қажетті шикізаттың 90 па­йызы қазақстандық болуы шарт. Бұл қазақстандық кәсіпкерлерге жақсылық болып тұр. Біздің зауыт­тың цемент маркалары авто­магистральдің талаптарына сай келетіндіктен екі тарапта да жақсы түсіністік бар. – Қазір бәсекелестік зама­ны, ешкім ешкімге ренжи ал­май­ды. Сіздер жаңа техноло­гияны іске қостыңыздар. Құр­ғақ цемент пен ылғалды це­менттің жігін қара­пайым жұрт ажырата қоймайды. Қайсысы өндіріс үшін тиімді? – Мынау керемет деп әріп­тес­терімнің бақшасына тас ата ал­маймын. Бірақ, бір ақиқатты айт­пас­қа болмайды. Кеңес Одағы кезінде халықаралық стандарт­тар­ды сақтауға жағдайы келмеді де, қондырғылар жөнінен ба­тыстан көп қалып кетті. Ылғалды цемент энергия­ны көп қажет етеді әрі экологияға елеулі шы­ғын әкеледі. Біз ескі әдісті айналып өтіп, жаңа зауыт өте үлкен инвестиция талап ететінін білсек те, қа­зіргі заман талабына сай қондырғылар мен технология жетістіктерін пай­­даланып құрғақ цемент өндіруді қолға алдық. Бұл ма­те­риал­дық сапасын кө­теруге және бағасын төмен­детуге септігін тигізеді. Біз це­мент­тің тоннасын 12 мың теңге­ден бо­сатамыз. Мұны көпшілік біле бермейді. Базардан барып біз­­дің цементті 13-14 мың теңге­ден сатып алып жүр. Шикізатымыз жеткілікті. Әк, саз балшық, құм және пирит алу­ға серіктестеріміз бар. Диірменде осы компоненттерді араластырып, әбден үгіп шикізат ұнына жеткізгеннен кейін қыздырылып айна­лып тұратын пеш қазанды­ғына салынады. Цельсий бойынша 1450 градустан өткеннен кейін жарты­лай фабрикат арнаулы то­ңазыт­қыш­тарда суытылады. 65 градусқа жеткеннен кейін сақтау қойма­ларына жөнелтіледі. Тағы да түрлі процестерден өткеннен кейін ғана цементіміз дайын бо­ла­ды. Сульфат құ­рамды портландцемент маркасы да М500 және жоғары болады. Бұл өнім түрлері техникалық сұраныс талап­тары­на сай. Біздің зауыт өндірген өнім­дер жоғары сапалы бол­ған­дықтан үлкен сұранысқа ие. – Жаңа технологияны мең­геру ауыл үйдің қора айналып, бақшасын баптайтын шаруасы емес. Мықты мамандар керек? – Ойыңызды түсіндім. Біз кадр­ларды сырттан іздеп жатқан жоқпыз. Зауыт-Қазақстандікі бол­ғаннан кейін оның игілігін, ең ал­дымен қазақ жастары көруге тиіс. Іргедегі ауылдың елу-алпыс талапты жастарын Тяньзин цемент өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының базасында оқы­тып алдық. Зауыт аяғынан тұр­ған­ша көмектесіп, үйрету үшін ондағы орталықтан білікті мамандар келді. – Жалпы, 1 млн. тонна құр­ғақ цемент дайындайтын зауыт қалыпты жұмыс жасап тұр. Еліміз бойынша 30 корпоративті көшбасшы жобалар­дың қатарына кірген зауыт жұ­мысымен Елбасымыз жа­қын таныса алды ма? – Танысты. Зауыт салынып жатқанда Елбасымыз Оңтүстікке арнайы сапармен келген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бизнес жобаларды таныстырып келе жа­тып, біздің зауытқа айрықша тоқ­талды. Мен жалпы сипаттамасын баяндадым. Мұндай зауыттың ТМД елдерінде баламасы жоқ десем өтірік болар. Француздар да Таразда цемент зауытын салып жат­қан. Нұрсұлтан Әбішұлы жай-жапсарымызды сұрады. Қош­тасарда “біздің жігіттердің іскерлігі шетелдіктерден кем болмау керек. Намысқа тырысыңдар” деді. Елбасымыздың түпкі ойын тү­сін­дім. Қазақстанға инвестиция са­лып жатқан шетелдердің ойы – пай­даға шығу. Біз де қомақты қа­ражат несие алғаннан кейін оны қайтарып, табысымызды еселеуге ұмтыламыз. Бірақ, елдің азаматымыз, жағ­дайға қараймыз. Көмегіміз көп болады. Елбасымыздың олардан асыңдар дегенін “елдің бай­лы­ғы­на өздерің ие болыңдар, сонда халыққа жақсы болады” деп тү­сін­дім. Сол сезім үлкен қанат бер­­ді, намысымызды жаныды. Қиын кездерде шетелдіктерге Қа­зақ­стан­ға инвестиция салуға мүм­кін­діктер берілді. Одан жаман бол­ған жоқпыз. Енді олардың ор­нын өз азаматтарымыз басып жат­са ел­дің өркені өскені, әлеуетінің арт­қаны ғой. Бауыржан Серікжанұлының айт­қандарын өзге әріптестері де мақұлдаған. Зауыт басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Виктор Чернышев кәсіпорынның артықшылықтары туралы айта келіп, негізгі үш факторға тоқ­талды. Біріншіден, жоғары сапалы өнім, екіншіден, экологиялық қауіп­сіздік талаптары сақталған, үшіншіден, жұмысшыларға бү­гінгі заман талабына сай жағдай туғызылған. Тяньзин цемент өнеркәсібі ғы­лыми-зерттеу институтының өкі­лі, жоба жетекшісі Шу Сун Лин әлемнің 20 мемлекетінде зауыттарының жұмыс істеп тұр­ғанын айтады. “Біз ең алдыңғы қатарлы технологияны Еуропа мен Азияға ғана емес Ресей мен Америкаға да дайындап беріп отырмыз. Ал Қазақстандағы бұл жоба индустриализациялау бағ­дар­ламасында жетекші салаға айналарына сенемін” дейді. Қазақта “Елде болса ерінге тиеді” деген нақыл бар. Сол елге болсын дейтін азаматтардың бі­ре­гейі – осы зауыттың құрылт­ай­шысы, белгілі кәсіпкер, облыс­тық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов. Секеңнің сақылығы, Атымтай Жомарт­ты­ғы жөнінде ел ішінде әңгіме көп. Мемлекет тарапынан “Құрмет” орденімен марапатталған азамат­тың есімі сыртқы елдерге де мәлім. Ресейдің “Звезда сод­ружес­тва” орденіне ие болған Серікжан Сейітжановтың меценат­ты­ғы “Алтын жүрек”, “Парыз” қа­йырымдылық қорлары тарапы­нан лайықты бағаланды. Ғылым докторы, Халықаралық ақпарат­тан­дыру академиясының, Калифорния Ғылым академиясының мүшесі осы азаматтың атақ-даңқтарын айта бастасаң бірер парақ жетпейді-ау. Әдетте, атақ, құрметті билік орындарынан өзі сұрап жүретін адамдар болады да, абыройдың өзі іздеп жүретін азаматтар болады. Шетел марапаттарын айтпа­ғанда Қазақстанда Серікжан Сейіт­жановтың ел игілігі үшін атқарған жұмыстары көп. Өзі туып өскен Шілік ауылында мешіт салды. Кейіннен балабақша көтерді. Мемлекетке, елімізге жәрдемім болсын деп атты кісі түсіп қарайтындай мектеп салып берді. Зауыт салынған Тассай ауы­лы­ның аймағы да қамқорлықсыз қалған жоқ. Сиырдың бүйрегін­дей тарам-тарам болып кеткен ауылда орталықтағы мектепке жету балалар үшін өте қиынға соғып жүр еді. Сол маңайға бүкіл инфраструктурасы қамтылған, спортзалы да бар 240 орындық мектеп салып берді. Ақшасы қалтасына сыймай жатқан адам шетелдік банктен 100 млн. доллар несие ала ма?! Судың да сұрауы бар. Мерзімі шектеулі. Бірақ, “Саутс-Ойл” ЖШС президенті, “Стандарт-Цемент” зауыттың құрылтайшысы алдымен елге болсын дейтін тәуе­келіне басып, осындай қа­дам­дарға барды. Енді отбасын қосқанда бес мыңдай адамның несібесін айырып отырған зауыт маңында да балабақшадан мектепке дейінгі нысандар бой кө­тереді. Тағы да адамдар игілігі үшін. Өз алдына шағын қала. Ылғалды цемент өндіретін зауыт­тарда шикізат тау-тау бо­лып ашық далада үйіліп жата­тын. Үп етіп жел тұрса шаңы кө­теріледі. “Стандарт-Цемент” бұл мәселені шешкен. Экологиялық қауіпсіздік үшін шикізат арнаулы орындарда сақталады. Бүгінгі өндіріс орындарына қойылатын талап осы. Құмырсқаның илеуіндей адамдары құжынап жатқан Қытайдың алып қалаларында жұмыс істеп тұрған зауыттарға жұрттың жақ ашпауы осыдан. Зауыттың баспасөз хатшысы болып белгілі журналист Әбді­мәлік Белгібаев тағайындалған екен. Жұмысшыларына жағдай жасайтын осындай мықты кә­сіпорынды мен бұрын-соңды көрмедім дейді әріптесіміз. Жақсы әке-шешеден тәлім ал­ған Сейітжановтар әулеті осы­лай­ша-отандық өндірістің мың ше­гедей мықтысын аяғынан қой­ды. – Серікжан осы зауытты са­ламын деп ойын бөліскенде ішім­нен қалай болар екен деп ой­лап едім, – дейді сенатор Қуа­ныш Айтаханов. – Кеңес өкіметі кезінде мұндай зауыт бес жыл­дық жоспарға кіргізіліп, мем­лекеттің үлкен күші жұмыл­ды­рылатын. Осындай зауытты бір азамат жыл жарымға жеткізбей салып, іске қосты. Жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін, аудан бюджетіне 2 млрд. теңге көлемінде қар­жы са­ла­тын “Стандарт-Цемент” зауы­ты­ңыздан мемлекет осын­дай игіліктер көріп отыр. Қазақ­станның келешегі-ин­дустрия­лық-иннова­ция­лық өндіріс орын­дарында. Осындай зауыттар әр сала бо­йынша қадау-қадау бо­лып, қазы­ғын қағып, іске қосы­лып жатса Қазақстанның бәсе­кеге қабілетті елу елдің орта­сында жүрмей­тін­дей қай кемдігі бар. Осындай өндіріс орын­дары ғана елімізді шикізатты өндіруші елден бар керек-жара­ғы сай қуатты мемлекетке айналдырады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.