“Батыс Қытай – Батыс Еуропа” көлік дәлізі – ғасырлық жоба. Трансқұрлықтық көлік дәлізінен мемлекет қана емес, жұрттың да күтіп отырғаны көп. Ені тар, көрінісі нашар, бұқпа-бұқпа сайлармен қуалап кете баратын жолдардан көлік жүргізушілер әбден зәрезап болып бітті. Жол бойында автоапаттан қайтыс болғандарға орнатылған белгілер көбейіп кетті. Мұның өзі жолаушыларды қарадай шошытады.
Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы көлік дәлізінің ұзындығы 454 шақырым ғана.
Бір қызығы, мәшинемен Жамбыл, Қызылорда облыстарына жолаушылап шықсаң, қайнаған жұмыстарды көресің. Мердігерлер техника, құрал-жабдықтарын бір жерге топтап, халықаралық талаптарға сай жол салып жатыр. Бір бұдыры жоқ асфальт жолға табаны іліккен мәшине желмен жарысып кетеді.
Кешігіп жатқан Оңтүстік. Әшейінде, пайдалы шаруаны реттеуге келгенде жылдамдылығымен, пысықтығымен ерекшеленетін Оңтүстіктің іскер азаматтары: “Жолға қажетті техника, цемент, битум, шағыл тас, құм, бетондар өзімізде бар, дөңгелетіп әкетеміз”, деп алақандарын ысқылаған еді. Әзірге жер тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыста сапалы жол салудан алдыңғы қатарда жүрген “Береке А” корпорациясының президенті Рәшкүл Оспанәлиева: “Бізді халықаралық жол салуға тәжірибелерің жоқ” деп тендерге қатыстырмады. Ал, шетелдік мердігерлердің арасынан ши шығып жатыр. Тіпті, техникасы жоқ, жол салудың не екенін білмейтін жергілікті мердігерлердің тендерде жеңгенін көрдік. Осыны бақылайтын аумақтық автомобиль жолдары департаменті қайда қарап отыр?” деп күйінеді.
Біреудің қорасы өртеніп жатса көршісі сойылған қой басын жалынға ұстап, “тегін отқа үйтіп алайыншы” депті дейді. Сол сияқты жол үстіне түскен ескі албар, құлағалы тұрған қорасының құнын ат басындай алтынға бағалап, мемлекет ұсынған қаржыны қомсынып, жұмысты тоқтатып қойғаны қаншама.
Осындай жағдайда Оңтүстікке Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев келді. Облыстық әкімдікте өткен мәжілісте топырақ карьерлерін рәсімдеу, жер телімдерін сатып алу және жобаны жүзеге асыру барысын талқылаған келелі кеңес өтті.
Кеңесті Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов жүргізіп отырды. Оған өңірдегі жобаны іске асырып жатқан мердігерлік компаниялардың басшылары қатысты.
Кеңесте Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізін қайта салу учаскелеріндегі жұмыс барысы қаралды.
Көлік ведомствосының басшысы Б.Камалиев өз баяндамасында 24 маусымда Премьер-Министр К.Мәсімовтің төрағалығымен экономиканы модернизациялауға байланысты Мемлекеттік комиссияның отырысы өткендігін еске салды. Онда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасын іске асыру барысы тыңдалды. Бүгінгі күні автожол салынатын жер телімдерін сатып алу және топырақ карьерлерін рәсімдеу мәселелері өзекті болып отыр. Бүгінге облыс бойынша 886 учаске сатып алынбаған. Жұмыс жүргізіліп жатқан жолдарда 847 жер учаскесінен 150 учаске сатып алынбаған, оның ішінде, 30 – соттық тәртіппен алынуға тиіс. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдар тарапынан белсенділік танытылу қажет. Және бір маңызды мәселе – топырақ карьерлеріне жер қойнауларын пайдалану құқығын рәсімдеу ұзақтығы. Қазіргі таңда, дәліздің іске асырылып жатқан учаскелерінде 194 карьерге жер қойнауын пайдалану құқығын рәсімдеу қажет. Соның ішінде, 152 карьерлік процедуралар 2010 жылдан бері жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні тек 18 карьер бойынша келісілудің қорытынды процедурасы жүргізілуде. Іс-шараларға сәйкес топырақ карьерлеріне жер қойнауларын пайдалану құқығын рәсімдеу мерзімін мемлекеттік органдары 3 күннен 10 күнге дейін уақытта қарауға тиіс. Алайда, Қоршаған ортаны қорғау, Төтенше жағдайлар министрліктерінің аумақтық құрылымдары және Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауы комитеті, сондай-ақ, облыстық әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері тарапынан келісілгеннен кейін бір айға дейін кешіктіру кездесуде.
Осы мәселелер бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауы комитеті мен жаңа технологиялар және өңіраралық департаментінің өкілдері түсініктемелер берді.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасын іске асыру жөнінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов баяндады.
Содан соң Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевтің баяндамасы тыңдалды. Ол жоғарыда келтірілген мәліметтерге байланысты түсінік берді. Жұмыс жүргізіліп жатқан жолдардағы 847 жер учаскесінен сатып алынбағаны 130 екенін еске салды. Регламент бойынша жер қойнауларын түгендеуге 18 ай бөліну керек болса 22 осындай істің екі айда орындалғандығын айтты. Яғни, әкімдік өз саласы бойынша тиянақты жұмыс істеп жатыр. Қалған жер учаскелері бойынша іс сотқа өткізілген. Заң талабы бойынша оған біршама уақыт қажет. Даулы істен әкімдік басын осылайша арашалап алды. Жиын барысында жұмысты бақылауға тиісті аумақтық автомобиль жолдары департаментінің күші жетпейтіндігі анықталды. Енді оған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көмекке келетін болады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін бір бағытта 140 шақырым жол салу жоспарлануда.
Тексеру барысында корейлік «Кудонг» мердігерлік компаниясының 1 айдан артық өндіріс кестесінен қалып қою жағдайы байқалды. Осыған орай, жоба басшысы ауыстырылды. Қазіргі кезде, компания кестеден қалып қоюды жою мәселесін қайта қарастыруда.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген Хусан Азизов.