Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қордай ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылының тумасы, іскер басшы, халал кәсіптің иесі Саттар БЕЙСЕҚОЖАЕВ. Ол Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының қабырғасында жүрген кезде-ақ кәсіпкерліктің қыр-сырына терең үңіліп үлгерді. Көп ұзамай шаңырақ көтеріп, пайдалы кәсібін жолға қойса да Саттардың бар ойы сыртта, ауылда болды. Қанша жерден қызылды-жасыл бояуымен қала өмірі арбаса да, оны еш қызықтыра алмады. Ол дала өмірін, табиғат байлығын адамдардың игілігіне жарату тәсілін жүзеге асыруды көп толғанды. Түбі солай болды да қойды. Білімді, іскер азамат заман сұранысын қанағаттандыратын жоба жасап, сол жобаны іске асыру үшін туған жер төскейіне біржола табан тіреді.
Бұл жоба үстіміздегі жылдың көктемінде іске қосылып, бұйыртса, ондаған жылдар бойына күш алып, сонау межелеген 2020 жылға дейін созылатын өміршеңдікке ие. Еліміздің аграрлық саласындағы бәсекеге қабілетті құрылымға айналу жоспарында бар. Саттар Бейсеқожаев «Қордай Халал-Ет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін өмірге әкелгенде жәй ғана ауылшаруашылық мекемесі болып қалуды емес, керісінше, алыс-жақын шетелдерге тауар шығаратын қарқынды агрохолдингтің іргетасын қалағанына сенімді. Оның бұл мақсатқа жетуіне Англия, Гонконг, Қытай секілді азулы елдердің инвесторлары алдында бұл жобаны толықтай қорғап шыққаны куә.
Жоба төрт сатыдан тұрады, алғашқы үш сатысын жүріп өту үшін бір жылдан аса уақыт кетсе, ал кейінгі төртінші саты алты жылда игеріледі. Бірінші сатысы, яғни үстіміздегі жыл холдинг басшылығының жоспары бойынша жем-шөп даярлау және техникалық құрамды қалыптастыру жұмысын бір ізге қою. Бұл дегеніңіз, жүгері, сұлы, соя, май және жем өндіретін рапс өсімдігі, қант қызылшасы, арпа, қарақұмық және сафлор дақылдарын отырғызатын алаптар мен осы аталған өсімдіктерден өнім алатын заманауи техникалық базаны жабдықтау. Одан кейінгі шаруа – тамшылатып және жаңбырлатып суару құрылымын, бүгінгі тілмен айтқанда, инновациялық технологияларды енгізу. Сосын өнім өндіру қабілетіне ие болған кезде ғана жем-шөп даярлайтын зауыт пен мал бордақылау кешенін тұрғызу.
«Қордай Халал-Ет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бұрынғы Отар нан қабылдау мекемесінің ғимаратында орналасқан. Агрохолдингтің бүгінгі пайдаланып отырған ауқымды базасы аталмыш кооператив меншігінде десе де болады. Өйткені, көнерген ғимаратты барлық ескі мүлкімен сатып алып қана қоймай, оны жөндеп, жұмыс істеуге сай жабдықтады да. Құжаттарды рәсімдейтін, өнімдерді сақтайтын және техниканы ұдайы бабында ұстап тұратын орын сайлап алды.
Бес гектардан тұратын жазық дала – өндірістік кооперативтің егін алқабы. Мұның 300 гектарына жүгері, ал 200 гектарына соя егілген. Егістіктің басында механизаторлар мен тракторшы- диқандар тамақтанатын, демалатын, керек болса, науқан кезінде түнеп жатып жұмыс істеуі үшін бірнеше вагондар қойылған. Төрт кісілік бұл тұрғын-жайлар таза төсек орындарымен және жуынып, шайынатын душпен жабдықталған. Тамақ ішетін асханасы да мұнтаздай таза.
Еңбеккерлерге жасалған жағдайды көріп ішің жылыса, жұмыс барысында қолданатын техникамен танысқаннан кейін «Қордай Халал-Еттің» қожайыны шынымен де диқаншылықтың заманауи жолын таңдағанына риза боласың. Алдыңғы қатарлы Франция, Германия, Америка елдерінде жасалып, компьютермен жабдықталған соңғы үлгідегі комбайндар мен тракторлар, жер айдаушы, тұқымсепкіш және дақылды шығынсыз жинап алатын кешенді құрылғылар бұл саладан хабары жоқ адамның өзін жұмысқа тартатындай.
«Қордай Халал-Ет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі өз еңбеккерлерінің жағдайын барынша жасап, сол арқылы шаруаның тоқтаусыз жұмыс адымын қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, бұл кооперативтің қызметкерлері әрқайсы әр ауылдың тұрғындары, тіпті, кейбіреулері егіс басына сағаттап жүрерлік шалғай елді мекендерде тұрады. Алайда Саттар бастық өз жұмыскерлері егіс даласына, жұмыс басына уақтылы жетуі үшін ондаған жол талғамайтын «джип» көліктерін алып, солармен ауылшаруашылық мамандарын жоспардан қалып қоймау үшін мүдіріссіз бару-келу шарасын қарастырған.
Отар алқабындағы Жеті құдық сілемі ұзақ жылдардан бері тың жатқан жер. Топырағы құнарлы, жері шұрайлы, табиғаты жайлы. Бұл жерде ертеректе суармалы жүйе болған. Бейсеқожаев бұл жерге жарық тартып, ескірген жүйені жаңалап, жаңбырлатып суару үшін 11 ұңғыма құдық қазған. Аумағы 479 метрді құрайтын алқап осындай әдіспен суарылады. Бұл – жүгері мен соядан алғашқы сатыда қомақты өнім жинап алуға әбден жетерлік жоспар. Шаруақор Саттардың мол өнім жинауға сенімділік танытып отырған тағы бір сыры, дәнді дақылдардың тұқымын Сербия секілді әлемдік сапалы дақыл өндіруші елдерден жеткізгендігінде. Сонымен қатар, Отар табиғаты да әлгіндей шеттен келген өсімдіктердің тез бой көтеруіне, жақсы өнім беруіне таптырмас орын.
Қасық сілеміндегі жерге егілген қызылша мен жүгері алқабы да көз бен көңілді қуантарлықтай. Жақын ауылдардың халқы бос жүрмей, осы қант қызылшасын өсіруге, уақтылы дәрілеп, сапалы өнім жинауға бір кісідей атсалысуда. Аптап ыстықта жас өскіндер күйіп кетпес үшін бес мың текше метр көлеміндегі үлкен су қоймасы жаңбырлатып суғаруға сақадай сай тұр. Екі жүз гектарлық жүгері алқабына да қолмен сызғандай етіп әдіптеп тұрып тас арық тартылған. Бір сөзбен айтқанда, шаруа басында істі білетін, заман талабына сай қабілетті маманның қолтаңбасы анық байқалады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына арнап Саттар Бейсеқожаев құны 108 миллион теңгені құрайтын электр желілерінің жобасын дайындап жатыр. Қыстық егінді де ескеріп, қосымша алқапты күні бүгіннен тыңайтқыштармен әзірлеуде. Жем-шөп дайындау ісі мал шаруашылығын көркейтуге даңғыл жол екені екібастан белгілі. Сол себепті болашақта ірі қараның етті және сүтті түрін ұстап, жылқы мен қойдың басын көбейту де көзделуде. «Қордай Халал-Ет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жасаған бұл жобаға Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Жуырда ғана бірлескен өндіріс құру үшін екіжақты келіссөздер жүргізу ісі басталды. Жем-шөп және мал өнімдерімен қатар, жыл он екі ай өнім беретін жылыжай шаруашылығының да іргетасы қаланды.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ауыл шаруашылығы өнімдерімен халықты қамтамасыз ететін жобаның үшінші сатысы аяқтан тұрып кетуі үшін алты жыл уақыт керек. Бұл жылдар ішінде дәнді дақылдар өнімінің санын ғана емес, сапасын да арттыру, жем-шөп және соя майларын сырт мемлекеттерге экспорттау, сүт пен етті ТМД аймағында еркін тарату секілді қаншама жұмыстар күтіп тұр. Саттар Бейсеқожаев өзі басқарып отырған холдингтің өнімдері қанша жерден сапалы болса да, жем мен шөптің, ет пен сүттің, жеміс-жидектің бағасы кез келген кісінің қалтасы көтере аларлықтай болуы керек деген пікірді қызу қуаттаушы. Ең бастысы, халал индустрия қарыштап дамып келе жатқан Қазақ жерінде «Қордай Халал-Ет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ұсынып отырған халал-өнім өз тұтынушыларын тез табары сөзсіз.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.