Ғалымдар Жер шары алты миллиардтай адамдарды ғана асырай алады дейді. Қазір халық саны бұл көрсеткіштен асып барады. Ал оларды азық-түлікпен қамтамасыз етеді деген жер жарықтық ала жаз бойы мойнынан қамыт алмай соқаға жеккен өгіздей арса-арсасы шығып, топырағы құнарсызданып келеді. Адамдардың ар жағын ойлап, жанашырлықпен пайдаланбағандығынан. Алысқа бармай-ақ, Оңтүстіктегі Отырар ауданын алыңыз. Уақытында көзін мақтамен ашқан өзбектердің өзін таңғалдырып, мақтадан Бүкілодақтық рекордқа қол жеткізген ауданның қазір жерінің тұзы бетіне шығып жатыр. Сор татиды. Ағаш ексең, тамырын тұз қиятын жерлері бар. Біздің халықтың мың жақсы қасиетімен қоса ермелігі де бар. Хрущев “жүгері егіңдер” дегенде шолақ белсенділер жер жетпегендей қасиетті Арыстанбаб кесенесінің маңайын да айдап тастаған ғой. Құлды “бәрекелді өлтіреді” деген осы. Қазір жыл сайын Арыстанбабты басып Түркістанға миллионға жуық зияратшылар өтеді. Баба рухына тәу етеді, құдығынан су ішеді.
Ал сол суыңыздың заһарының күштілігі сондай, тіліңізді ойып түсе жаздайды. Қасиеттілігінен емес, жүгеріден мол өнім алу үшін қап-қабымен төккен селитраның, алуан түрлі тыңайтқыштардың “тәтті жемісі”. Оны айтасыз, бертінге дейін Арыстанбаб кесенесінің іргесі белуарға дейін құзданып, тұзы шығып тұратын. Қуаныш Айтаханов әкім кезінде дренаж қазып, астына бөккен тұзды тартып, іргетас құйдырған. Әйтпесе, тұз жеп құлауы да кәдік еді.
Ал үш жүз мыңға жуық халық тұратын, жері алақандай Мақтааралдағы ағайын сол жерді алды бір сотықтан, мықтысы жүз гектарға дейін бөліп алып, жыл сайын мақта егіп келеді. Мақтаның пайдалы уақыты болды. Жұрттың ауыспалы егістікті ойлауға шамасы келмеді. Жер құзданды. Көктемде сор шайған кезде суды сіңіре алмай іркіттей іріп жатқан жерді көргенде жүрегің ауырады.
Бүгінгі пайда жақсы ғой, ертеңгі ұрпаққа қандай жер қалады. Атағы шыққан Мырзашөл жантақ та өспейтін құла шөлге айналмаса екен деп ойлайсың. Селитра өсімдікке керегін бергенімен жердің ғасырлап жинаған пайдалы қыртысын қоса жойып жібереді. Бұдан шығатын жол қайсы?!
Біздің ғалымдар жерді емдейтін дәруменді тапқан сыңайлы. “Ана Жер” ҒӨБ ЖШС президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Усманов бастаған ғалымдар жер қыртысын тыңайтатын әрі өсіріп жатқан дақылға пайдасы мол МЭРС тыңайтқышын өндіріске қосып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінде де тыңайтқыштың осы түрімен жұмыс жасау қолға алынуда.
“Б” МЭРС маркалы шағын биотыңайтқышының құрамында өсімдікке қажетті темір, жез, цинк, молибден, марганец, бром және кобальт элементтері бар. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 1 грамм жер қыртысында 1,6 млрд-қа дейін микроорганизм болады екен. Осының есебінен өсімдік қорек алады. Бактериялардың көптеген түрі ауадан азот алып, топырақ құнарына сіңіреді, құрамын байытады. Ал жер өңдеуде осы заңдылық әбден бұзылған. Диқандар жерді суландыру кезінде негізінен аммиак селитрасы мен фосфор және калийсіз азот тыңайтқыштарын пайдаланып келді. Дақылдың тез өсуін қамтамасыз ететін тыңайтқыштардың жер құнарын деградацияға ұшырататынын аңдай қоймайды. Ондаған жылдар бойы тек азот тыңайтқыштарын алып келген жердің түбінде жарамсыздануына сол диқандар емес, ең алдымен ғалымдарымыз да кінәлі-ау. Оған көп мөлшердегі тыңайтқышсыз қылтанақ шықпайтын Мақтааралдағы жер алқаптарын мысалға келтіруге болар.
Мәселен, интенсивті технологияны пайдаланып, гектарына 1000-1500 кило аммиак селитрасын сіңіріп өсірген пиязды айтуға болады. Екі жыл қатарынан пияз егілгеннен кейін бұл жерге 4-5 жылға дейін жоңышқа секілді дақылдар екпесеңіз, жердің құнарлы қыртысынан айырылып қаласыз.
Ал, МЭРС тыңайтқышын пайдаланған диқандар мұны экологиялық жағынан таза әрі өнімді жақсы алуға жәрдемдеседі дегенді айтады. Жеріміздің ертеңін ойлаған біздерге де керегі осы емес пе?! Профессор Сұлтан Усмановтан Шымкентке бір келгенінде арнайы сұхбат алдық. Ауызбен айтқан бір басқа, осы тыңайтқышты пайдаланған шаруалардың дақылдарының өсу шығымын көру бір басқа. Сайрам ауданында іссапарда болғанда диқандардың көңілді райын байқадық.
Жақында Шымкенттегі бұрынғы фосфор зауыты орнынан бой көтерген өндірістік индустриялық аймақта “Ана Жер” ЖШС-ның шағын зауыты мен зертханасының ашылу қарсаңында семинар өтті. Қатыстық. Қырық бір мың халық тұратын “Қарабұлақ” ауылының ауылшаруашылық маманы Ахметжан Исмаилов МЭРС-ті 200-ден астам шаруа қожалығы пайдалануда. Соның 10-15-ін үнемі бақылауда ұстап, дақылдардың өнімділігін қадағалап келеміз. Ауыспалы егістік жоқ болғандықтан алқапты арамшөп басып кетер еді, одан құтылдық. Оны құрту үшін улы химикаттар пайдалану жер құнарын төмендететін. Ертеңгі ұрпаққа жарамды жер керек. Жерге керегін беріп, оған қосымша қыртысын қалпына келтіруге жағдай жасайтын МЭРС-ке тең келер тыңайтқыш жоғына көзіміз жетті дейді.
Ал осы семинарға арнайы шақырылған Өзбекстан органикалық химия институтының директоры, химия ғылымдарының докторы Бахтияр Закиров те жағымды ойлар айтты.
Сұлтан Усмановтың сүйегі қазақ болғанымен Өзбекстанда туып өскен. Өзбекстанда Усманов өз саласы бойынша ең жас ғалым докторы және институт директоры болды, деді ол. Ал оның докторлық диссертациясын Мәскеуде осы саладағы эталон, ғаламат жаңалық деп бағалағандығын өз құлағыммен естідім. Сондықтан, оның тыңайтқыштың экологиялық таза әрі пайдалы түрін дүниеге әкелгендігіне тағы да бас иемін.
Қазір әлемдік ғалымдар бір кездері ғылым жетістігіне балап, сан алуан биоқоспалы тыңайтқыштармен өсірген өнімдерінің адамдарға ауру әкеліп жатқанын біліп, бармақтарын шайнауда. АҚШ-қа барсаңыз, супермаркеттерде “органикус” деген бөлім бар. Ондағы жемістер биоқоспамен өсірілген өнімдердей емес, түрі солғын, тұрқы кішкене. Бұл – экологиялық таза өнім. Жұрт шамасы келсе соны алуға ұмтылады.
Сондықтан, жерді тыңайтатын әрі экологиялық жағынан таза, консервантсыз өсіруге қол жеткізетін МЭРС-тің болашағы үлкен. Бүгінде тыңайтқыштың осы түрлеріне Өзбекстанда да қызығушылық туып, сатып алуда.
Тәлімді және суармалы жерлерде табиғат құбылыстарына байланысты әр түрлі әңгіме айтуға болар, ал жылыжайларда осы тыңайтқыштың кереметіне баға жетпейді деді.
“Манкент Агро” СТК төрағасы Батыр Анарметов 300-ге жуық шаруаның МЭРС-ті екі жылдан бері пайдаланып келе жатқандарын айтады. Селитраны қолданғаннан өнім жоғары. Диқандар алғашқыда қалай болар екен деп қорқақтап еді, енді өздері тапсырыс беріп жатыр. Жеміс-жидектерден бөлек, мақсарыға да пайдаландық. “Мың естігеннен бір көрген артық”. Күзде келіңіздер, көріңіздер. Селитрамен өсірген картоптан МЭРС-пен өсірген картоптың дәмі жақсы. Мен сіздерді шақырамын дейді ол.
Батыр “жақсы өнім жарнаманы керек етпейді” деді. Рас сөз.
Профессор Сұлтан Усманов Елбасыға хат жазған екен. Онда былай делінген:
«Ана Жер» ҒӨБ ЖШС ғалымдары топырақ құнарлылығын 5-6 жыл ішінде қалпына келтіруде Қазақстанның дүниежүзілік бірлестікке өнеге болуына мүмкіндік беретін және топырақтағы микро- және макроорганизмдердің сарқылмас тегін энергия көзін пайдаланудың есебінен көптеген миллиардтаған шығынсыз ғаламшар тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін жаңа ғылыми бағыт жасап шықты.
Қойылған мәселені шешуде негізгі құрал «Б» маркалы МЭРС микробиотыңайтқышы болып табылады. Ол топырақтың әрбір грамын гумус, биопестицид, минералды және органоминералды тыңайтқыштар өндіретін микрозауытқа айналдырады. Біз бұл жаңалықты түбегейлі және даусыз инновацияға теңгере аламыз.
Зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграрлық бейіндегі мамандандырылған ғылыми ұйымдары және 1875 мың гектар жерге егін себетін ауылшаруашылық өнім өндірушілері растаған.
«Б» маркалы МЭРС микробиотыңайтқышы минералды тыңайтқыштар, ұрық дәрілеуіштері, гербицидтер, фунгицидтер және инсектицидтермен бірге қолданылады. Сонымен қатар ол 2009 жылдан бастап бағасы жеңілдетілген тыңайтқыштар тізіміне енген.
Солтүстік аймақтарда ұрық дәрілеуіш, гербицид және фунгицидтердің 50-60 жыл бойы қолданылып келуі салдарынан топырақтағы гумус 30%-ға, яғни орта есеппен гектарына 80 тоннаға төмендеуіне әкеліп соқты. Сонымен қатар топырақтағы нитрат азотын жоғалту гектарына 30-50 кг-ды құрайды, ал пестицидтердің жағымсыз әсерінен астық өнімдері орта есеппен гектарына 2-2,5 центнер кем алынуда. Бұл көрсеткіш 10 миллион гектар егістік алқабында 400 мың тонна азотқа және 2,25 миллион тонна астыққа тең.
«Б» маркалы МЭРС микробиотыңайтқышын ұрық дәрілеуіш, гербицид және фунгицидтермен бірге қолданғанда жоғарыда атап өтілген жоғалтулар болмайды және топырақтагы гумус гектарына 4-10 тоннаға артады.Топырақтағы 16 қоректік элемент 30-100%-ға және одан да жоғарылайды. Сонымен бірге Солтүстік аймақтарда ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігі 25-50%-ға, ал Оңтүстікте – 40-100%-ға артуына ықпал етеді”. Осыны айтқан ғалым Премьер-Министр басқарып отырған ғылыми-техникалық комиссияда осы жобаны қарап шығуға Елбасының бұйрық беруін өтінеді.
Отандық ғалымдар топырақ құнарлығын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жаңа ғылыми ізденісін алдарыңызға тартты. Шетелде қит еткен жаңалық болса, алды-артымызға қарамай тұра шабатын әдетіміз бар. Бүгінде израильдік технология деп аузымыздың суы құрып жүрген тамшылатып суарудың негізін Жамбыл ғалымдары жасаған болатын. Сол топта болған түбі еврей азамат тарихи отанына барған соң осы ғылыми ізденісті Израильдің жаңашыл ғалымдарының талқысына салған.
“Ауылдағының аузы сасық” деген мәтелді өзгертетін заман келді-ау. Отандық ғалым тыңайтқыштың әлемде ерек, пайдалы түрін дүниеге әкелді. Бағасына жетсек, қанеки...
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.