12 Шілде, 2011

Мамандығына ғашық жан

451 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Адамның жаны ауырған жерінде дейді қазақ. Ал тіс ауырғанда ше? Бебеулетіп жіберетін ауру жаныңды көзіңе көрсетеді. Ұйқы бермей, мазаң қашады. Ал осы аурудан құтылып, көзің шырадай жанған кезде емдеуші жанға айтар алғысыңыз ерекше, әрине. Стоматология саласында 22 жыл еңбек өтілі бар Бақыт Бекентайқызы да тісі ауырған талай адамның алғысына бөленген жан. Көптеген кісілердің ризашылығын алып, жиырма жылға жуық дәрігер деген атақты абыроймен арқалап келеді. Дәрігерлік мамандыққа бір емес, екі талпыныстан соң түскен Бақытты ба­сында мұғалімдері педагогика саласына баруға үгіттепті. Болашақта кім боларын білмей, бұлыңғыр күй кешіп жүрген құрбыластарына қарағанда, мақ­сатын нақты біліп, соған ұмтылған қыз сол жолы оқуға түсе алмайды. Математика пәнінен берген сынып жетекшім Бақыт жақсы ұстаз болады деп күткен еді, деп жылы жымияды Бақыт Бе­кентайқызы. Осы мақсатта Қостанай пединститутына дайындалған болатын. «Маған жолдама әкеліп берген күні түнімен көз ілмедім. Таң атқан соң жолдаманы қайтарып бердім де, дәрігер боламын деген арманымды айттым. Олар жолдаманың барлығы таратылды, қайда бармақсың деген еді. Мен айтқанымнан қайтпадым. Бұл 1978 жыл болатын. Қостанайға жолдамамен бармай, Қарағанды мединститутына тар­тып кеттім. Оқуға түсе алмаған соң жұмыс істей жүріп, жыл бойы оқуға дайындалдым. Келесі жылы қайта құжат тапсырып, қалаған маманды­ғыма, стоматология факультетіне түс­тім. Бұл жылы да маған оқуға жазбаған екен. Дәрігерлік тексеруден өту бары­сында бүйрегімнің ауыратындығы белгілі болып, академиялық демалыс алдым. Сөйтіп, тек үшінші жылы оқи бастадым. Оқуды 1985 жылы бітірдім. 1984 жылы тұрмысқа шықтым. Жұ­байым Әуезханмен ауылда бірге оқы­дық. Диплом алғаннан кейін екі жетіден соң тұңғышымды босандым. Мені жолдамамен Қостанайдың Рудный қала­сына жіберді. 1987 жылы қыз балам өмірге келді. Дәрігерлер бүйрегім ауыр­ған соң, тезірек ана болуды дұрыс деп шешті. 1989 жылы Қоста­найдың Науырзым ауданына кеттім. Аудандық ауруханада үш ай жұмыс істедім. Осы уақытта об­лыстың бас стоматологы Эрнст Кре­мер тіс протезіне баруға, ортопед болуға ұсыныс берді», дейді ол. Эрнст Иванович жұмысын аяққа енді тұра бастаған жас ма­манға сеніп, ортопедия саласына баруға ұсыныс білдіруі үлкен сенім десек, артық айтпаған болар­мыз. Әрі аудан орталығында істеп жүрген маманға облыста білім алып, мамандығын жетілдіру үшін бар күшін салып, екі ай маман­дануға Бақыттың жұбайына өзі телефон соғады. Екі ай бойы аудан мен облыс орталығы ара­сындағы жолды талай тоздырған Бақыт Бекентайқызы осылайша стоматологиядағы жаңа маман­дық­ты игереді. «Мен Эрнст Кремерге өте ырзамын. Ол кісінің өзі ортопед. Мені таңдағанына әлі күнге дейін таңғаламын. Шынында да ол менің қабілетімнен осы маман­дықты көр­ген болар», – дейді Бақыт. 1987 жылы аудандағы аурухананың тіс протезі, орто­педияның меңгеруші­лігіне та­ғайын­далады. Осылайша, оның стоматологиядағы жолы жал­ғасады. «Мен бір жыл бойы тіс жұлуда хирург, екі жыл емдеуде болдым. Үш ай балалар стомато­логия­сында жұмыс жасадым. Өзім­нің қай салада жүйрік екендігімді, қай сала маған соншалықты жақын екендігін білгім келді. Әрі стоматолог болған соң барлығынан хабардар болуың керек. Соңында ортопедияға келдім. Бұл – нағыз менің маман­дығым. Келгеніме еш өкінбеймін. Дәрігерлік салада жүргеніме мүмкін әулетіміздегі дәрігер аға-апаларым­ның да әсері болар. Мен әуел бастан-ақ дәрігерлікті жаныма жақын қабылдадым. Қолыма келіп тұрған тегін жолдаманы ал­мағаным да со­ның себебі болар. Жұбайым жұмыс бабымен Астанаға шақырылған соң, осында көшіп келдік. Міне, енді елордада да қал-қадерімше қызмет етіп жатырмын», дейді ол. Бақыт Бекентайқызы 1998 жылы Астанаға көшіп келгеннен соң Қара­ғандыға барып тағы да маманданады. Міне, ортостоматологтағы қызмет өтілі 12 жылға, жалпы стомато­логиядағы атқарған еңбек өтілі 22 жылға қарап барады. Білікті маман­ды шақырған жерлер көп болғаны­мен, бір көргеннен-ақ диагноз қоя білетін, емдеуді жүйелі жүзеге асы­ратын, жұмысын тиянақты атқа­ратын дәрігерді ортостоматолог жібермейді. «Жұмысымды қатты жақсы көремін. Тіпті жұбайым да әзілі-шыны аралас жұмысыңа қатты беріліп кеткенсің дейді. Шынында да солай, демалысқа шықсам жұмысымды сағынамын. Неше түрлі тіспен келеді, соны түзегенше, емдеген адамның риза болып жымиғанда жұмысың­ның нәтижесіне масаттанып, содан ләззат аламын. Кейде тіс салып берген адамдарды үйде уайымдап жүретінім бар», – дейді Бақыт Бекентайқызы. Бұл – өз ісін жақсы білетін, еңбегіне адал жанның сөзі. Мықты маманның отбасының уықтары да мықты. Отағасы Әуезхан екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ата-ана парызын орын­дап, айналасына үлгі болып отыр. Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Соңғы жаңалықтар