13 Шілде, 2011

Бүгінгінің атасы мен әжесі

691 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атасы мен әжесі сыртқа жинала бастағанда, бес жасқа іліккен немересі ұртын томпайтып, кемсең­дей жөнелді. – Тағы қайда барасыңдар, мені тастап? – деп көзіне жас толып, ықылық атты. – Хорға барамыз! – Мені де бір рет ертіңдерші! – Жоқ, болмайды! Тынышымызды алып, әнге хошымыз болмай қалады ғой, ботақаны сол. «Геройство-108» мультфильміңді көре бер. Бізді де кейін телеарнадан қызықтайсың. Есік тарс жабылды. Немере селк ете түссін... Жүрек тұсы шаншып кетті-ау! Хор дайындығы мінсіз өтті. «Әже туралы ән» қатып шықты. Кейін жұрт талқысынан да сыр алдырмай өтеріне сенетін секілді бәрі. Өздері тектес зейнеткерлер ғой баяғы. Шетінен әнші, биші боп кеткендей. Ата мен әже үйге қайтып келе жатып, тәтті уілден арыла алмай-ақ қойды: «Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді, Мен өзіңнен қабылдаппын күюді. Сенің жаның жүрегіме ораулы, Менің жаным жаулығыңа түюлі», – деген немере іңкәрлігі жанды егілтеді... ... Сыланып-сипанып, жастардан бетер жасан­ған атасы мен әжесінің мейірімі түсер ме деп, жаутаңдаған жәудір көз немере байқаусызда байбалам салды: – Мен де барайыншы! Әкетіңдерші бірге! – Үйбай-ау, телевизор у-шуды қаламайды. Экраннан сенімен көрініп қалып, ұятқа батармыз, түге. Қиқарланып, шалт басып жүрсең... болмай­ды. Онда маңызды мәселе сөз болғалы тұр. Мазалама, онан да «Геройство-108»-ді көре бер! ... Бір жолы немере «Геройство-108»-дің атыс-шабысынан мең-зең болып, зеңгіп отыр­ғанда, басқа арнаны қосып қалып еді, о, қызық, атасы мен әжесі сайрап жатыр: «Ұрпақ тәрбиесі – ұлағатты іс. Оған аса сақтықпен қарау керек. Мысалы, біз немеремізді құрғақ сөзбен емес, нақты үлгілі, өнегелі істерге бейімдей оты­рып, тәрбиелейміз. Мың естігенше, бір көргені жадында сақталып қалмай ма? Балада бос уақыт болмау керек, зерікпеу керек, ол шіркіндер. Ертіп жүріп, мәдениетке, өнер-білімге баулимыз...» Немеренің төбесі көкке екі елі жетпей қалды. «Ура-а! Атам мен әжем сөйлеп жатыр!» – деп санын шапақтады. Есік қоңырауы безек қаққанда сәби жүрек дір етіп, көңілсізденіп, іле ішке енген атасы мен әжесін көргенде, әдеттегідей мойындарына асыла кеткісі келмеді. Неге екені белгісіз, тымырайып теріс бұрылып кетті... Жұмысбасты әке-шешесінің қарауынан әбден суынып, жатырқап, бөтенсіп қалған немере соңғы кезде атасы мен әжесінің оңаша шүйіркелесе кетіп: «Курорт, курорт...» – деуінен шошыныңқырап жүрген. «Ол не? Тағы қайда барады?»... Ұзақ жолға шығудың да сәті түсіпті. – Қиыр шеттегі курортқа барамыз! – деді қос қария немересінің басынан сипап. – Тәртіпті бол. Бізді сағынасың ба? – Жоқ!.. Сендер мені сағыныңдар! – деген немере сағы сынып, бетін басып, өкіріп қоя берді... Қайсар ӘЛІМ.