Кез келген нәрседен көркемдікті сезе білетін, сезіп қана қоймай, оны қабылдай білетін суретші болу бақыты көп адамға бұйыра бермейді. Ондай жандар ерекше жаратылыс иесі болып көрінеді. Сондықтан да табиғаттың таңғажайып сыйын алған қыл қалам шеберлері үнемі өзгелердің көздеріне көрінбейтін елеусіз нәрселерді әлемнің ұлы классикасына айналдырады. Ондай классикаларды қазақстандық сурет өнеріндегі ұлы шеберлер де қыл қаламдары мен түрлі-түсті бояуларынан дүниеге алып келді, келіп те жатыр. Болашақта келе береді де. Адам жанын сүйсіндіретін сол суреттерді Астананың түрлі мұражайларында да кездестіруге болады.
Мереке қарсаңында Астана қаласындағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған және қала күні шеңберінде Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы Қазақстан суретшілері С.Мәмбеевтің, К.Муллашевтің, В.Рахмановтың алғашқы және теңдесі жоқ көрмесінің вернисажы өткізілді.
Бұл көрмеге жоғарыда аталған мұражайлардың қорынан алынған және жеке жинақтардан тұратын тарихи-мәдени құндылығы бар туындылар қойылды. Үш суретшінің әртүрлі тақырыптық картиналары, пейзаждары, натюрморттары мен мүсіндік жұмыстары бір-бірлерімен ерекше үйлесім тауып, сурет өнерінің өзіне ғана лайық қозғалыс ритмін сомдап жатқандай көрінді.
Қазақ КСР халық суретшісі С.Мәмбеев туралы белгілі өнертанушы Райхан Ерғалиева: «Мәмбеевке ғана тән жазу мәнерінің ерекшелігі – оның ұлттық әлем танудағы шығармашылық толғаныстары өзінше бөлек. Оның шығармалары терең де тосын мазмұнымен баурайды. Республика өнертанушылары оның шығармаларын Борисов – Мусатов жұмыстарындағы импрессионизмнің қозғалмалы дірілі мен табиғатта туындаған декоративтік бояулардағы сындарлы жұмыстарымен салыстырады. Сонымен бірге, оның шығармашылық негізін Еуразияның, жекелеп айтқанда Қазақстан аймағын мекендеген көшпенділердің мыңдаған жылдардағы дәстүрлері айқындайды», – деген еді. Шынымен де, шекара болмайтын өнер атаулыдағы жеке шығармашылық тектіліктен ғана осындай кесек дүниелер туады.
Кескіндемеші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Татарстан халық суретшісі атанған Камиль Муллашевтің есімі сурет өнерінде бейтаныс емес. К. Муллашевтің картиналарында қазақ даласы қалай көрінеді деген сұраққа жауап іздеп көрсек, ұшы-қиыры жоқ шексіз, жазира көшпелі тұрмыстың көптеген қырлары шынайы көрініс табады. Оның шығармашылығында портреттік жанр ерекше орын алады. Мұны біз суретшінің салған туындыларынан да, өзінің: «Шынайы портрет адамның бейнесін көрсетумен ғана шектелмейді. Ол ықыласты көрермен сезінетін аурада тұрады. Жеке тұлғаның ішкі жан-сезімі, ойлары мен сезімдері – портретке жан бітіреді, адамның шынайы бет-әлпетін көрсетеді. Сонымен бірге, оның өмірін бар қырынан танытады», деген сөзінен де байқауға болады.
Ал мүсінші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, Канада Мүсіндер орталығының мүшесі Вагиф Рахмановтың шығармашылықтағы жолына келетін болсақ, ол 100-ден астам бүкілодақтық, халықаралық және республикалық көрмелерге қатысқан. Халықаралық мүсіндік симпозиумдарының лауреаты атанған В. Рахманов әлемнің көркемөнер орталықтары болып саналатын Бакуде, Алматыда, Душанбеде, Ташкентте, Мәскеу мен Парижде, Торонтода, Будапешт пен Вашингтонда өзінің жеке көрмелерін өткізген.
Сыртқы және ішкі әлемнің, тұтастық пен бөлшектің, сыртқы пішін мен мазмұнның құпияға толы келбетін қыл қалам шеберлері әрдайым сәтті сомдап шығады. Сол үшін де олардың қолдарынан шыққан әрбір сурет өзінше сөйлеп, өзінше із қалдырады.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.