27 Шілде, 2011

Құнанбайдың ұлы Халиолла

1913 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Сайын далада туып өсіп, қырандай қалықтап Шыңғыстаудан шырқап ұшып, берісі Семей, әрісі Омбы, Мәскеуден оқып ар­найы әскери білім алып, қысқа да, бірақ са­на­лы ғұмыр кешіп, айналасына өнегелі істің шуағын шашқан, ұлы Абайдың та­лант­ты інісі Халиолла Өскенбаев туралы не білеміз? Біріншіден, Халиолла Құнанбайдың үшінші әйелі, «Абай жолы» роман-эпопея­сында айтылғандай, сұлу да жас тоқалы Ай­ғыздан туған. Халиолланы ағайын туы­сы – Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде Халиулла Ускенбаев деп кездеседі. Халиолла жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабит­хан­нан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Сондықтан да, Ғабитхан молданың Омбы­да оқып жатқан Халиоллаға жолдаған 1866 жылғы 4 ақпандағы хатында «Ұстазың Ғабитхан» деп жазуы тегін емес. Кейіннен Халиолла Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде 3 жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашқаны туралы да деректер бар. Халиолланың бұдан былайғы білім іздеп, оқу оқыған қызықты тағ­дыры Шың­ғыс­таудан тым жы­рақтағы Омбы, Мәскеу қала­ларында өтеді. Оның алыстағы ауыл­дан ормандай орыстың Сібірдегі бас қала­сы – Омбыға оқуға баруының да себебі жоқ емес. Ол заманда Омбы кадет корпусы – Сібір мен ұлан­ғайыр қазақ даласындағы бірден бір беделді әскери оқу орын­дары­ның бірі болған. Оқу­ға тек орысқа адал, оған ба­ғынған қазақтың төре тұ­қымы мен сұл­тан­­дарының ба­ла­лары ғана қабылданған. Кадет корпусында әскери біліммен қатар, жаратылыстану, әде­биет, тарих, орыс тілі пән­дері тереңірек оқытылған. Бұл әйгілі Шоқан Уәлиханов пен оның інілері оқыған тарихи оқу орны. Осы арада Халиолланың бұл оқу орнына Шоқаннан 12-13 жыл кейін түсіп, оқығанын айта кетейік. Абайдың алғашқы өлеңдер жинағын шығарып, өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлы Халиолланың Омбыдағы оқуы жайлы қызықты деректер келтіреді. Кәкітай Құнанбай атасын сипаттай келіп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетскии корпустан оқытып, онан соң Москвадағы Павловский кавелерискии школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» деп қысқа болса да нақты айтып, жазып кеткен. Кәкітай келтірген осы деректерден Халиолланың алғашқыда Омбыда кадет корпусында оқу бітіріп, Мәскеуге ауысқ­а­ны, оқуын жақсы аяқтап, корнет шенін алып, қызмет істегені белгілі болып отыр. Ал, Халиолла жайлы құнды деректер Тобықты ішінде, Ырғызбай ортасында асыл­дардың соңғы тұяғындай болған ұлы Абайға адалдық танытқан Әрхам Ысқақов­тың әйгілі «Абайдың өмір жолы» естелік еңбегінде тіпті мол кездеседі. Кезінде М.Әуезов, Е.Исмайлов, Қ.Мұ­ха­метханов, С.Мұқанов, Ү.Субханбердина сынды Абайтанушылар Әрхам ақсақалдың осы еңбегіне жоғары баға берген. Абай ортасын өз көзімен көріп, жан түйсігімен түсінген Әрхам ақсақал Халиолла жайлы керемет жақсы пікірлер жазып қалдырған. Мәселен, Әрхам осы естелігінде: «Ел­дің сынынша Ысқақ пысық, ұғымтал ақ көңіл болады. Халиолла сабырлы, көп сөй­лемейтін, тұйық болады дейтін. Абай екеуін де жақсы көреді. Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы ақылды, дана адам болар деп үміт артады» деп Халиолланың оқуы туралы таңдауды Абайдың өзі жасағанын байқатады. («Ұлы Абайға адалдық» естелік кітабы). Осы естелікте Халиолланың Омбыға барып оқуын құптаған Құнан­байдың өзі болса, Абай әке ұсы­нысын барынша қолдап, Ха­лиол­лаға көмек қолын созған­дығы жақсы баяндалған. Осы естелікте айтылғандай, Абай Ха­лиол­ланы атасы Өскен­байдың атына жаз­ды­рып, куәлік қағаз алдырып, оқуына қара­жат жинайды. Тіпті оны Омбыға оқу­­ға апарып орналастырмақ ние­ті де болған көрінеді. Алайда, ел ішінде тығыз жұмыс шы­ғып, Ха­лиолланы Омбыға апару мәселесі орыс тілін білетін Ғабитхан мол­даға тапсырылады. Халиолланың Омбы кадет корпусын­дағы оқып жүрген ке­зеңінен хабар беретін біраз деректер іздеген жанға табылады. Мә­се­лен, Шоқанның өмірі мен қызметін зерттеп, архив деректеріне сүйене отырып, тамаша ғұмырнамалық шығарма жазған зерттеуші Ж.Бейсенбаев «Жа­сын тағдыр жарқылы» атты кітабында: «1867 жылы кадет кор­пусы әскери гимназияға ай­нал­ған шақта, оны 1 разрядпен бітірушілер ішінен Абайдың іні­сі Халиолла Өскенбаевты көреміз. Ол оқуын жалғастыруға Петербургтегі үшінші Александр әскери училищесіне жіберілді» деп Халиолла өмірінен бір үзік дерек келтіреді. Бірақ, Халиолла Петербургте емес, Мәс­кеуде оқуын жалғас­тырды деген сөз шын­­дыққа жақын келеді. Осы дерекке сү­йенсек және С.Мұқановтың жазбала­рын­да айтылғандай, ол кезде кадет корпусына оқуға 10-12 жастан қабылдана­тынын, оқу­дың 7 жылға созылатынын ескерсек, біраз жәйттердің беті ашылады. Ба­сым деректерде Халиолла 1848 жылы ту­ған деп жа­зы­лып жүрсе, 11-12 жасында кадет кор­пусына оқуға қабылданса, бұл 1859-1860 жылдарға дәл келеді. Одан Ха­лиол­ланың кадет корпусында 7 жыл оқып, 1867 жылы бітіріп, 1867-1868 жылдары Мәскеуде оқығанын есептеп шығару қиын емес. Халиолла оқу бітірген соң, бір жыл елде болып, бір жыл Омбыда әскери қызмет атқарып, 1870 жылы ауырып, дүниеден өтті деген деректер жазылып жүр. Сонда Халиолла аққан жұлдыздай ағып түсіп, бар жоғы 22 жыл ғұмыр кешкен болып шы­ға­ды. Осы орайда, Халиолланың туған жылы да дәл көрсетілмей жүр. Алайда, көптеген зерттеушілердің, әдебиетшілердің жазба­лары­на қарасаң, 1848-1849 жылдарды кө­бі­рек келтіреді. Мәселен: Әрхам Ысқақов­тың жоғарыда айтқан «Абайдың өмір жолы» атты көлемді естелігінде: «Сөйтіп, (Құнан­байды айтады) Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады. Бері келгенде бала­лары аппақ әже деседі екен. Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса, Құ­нанбай оның атын тағы пайғамбар атымен Халиолла қояды» – деп жазады. Абай айналасын, Құнанбай ұрпақтары­ның өмір деректерін жақсы білетін Әрхам ақсақалдың Халиолланың туған жылын шатастыруы мүмкін емес. Ал шежіре жи­наушы, ағарту, мәдениет қызметкері, жерлесіміз М.Жанболатовтың «Тобықты - Шың­ғыстау» шежіресінде Халиолла Өс­кен­баев 1849 жылы туып, 1870 жылы қай­тыс болған деген дерек келтірілген. Академик, жазушы С.Мұқановтың ертеректе жазылған «Жарқын жұлдыздар» кіта­бында Халиолланы Абайдан екі жас үлкен деп жазуы сияқты кереғар түсініктер де бар. Халиолла 1870 жылы қайтыс болғанда Құнанбай Омбыға кісі жіберіп, оның денесін елге алғызып, Сары қатын қыстауына жерлейді. Ол тұста Құнанбай 64-те, Абай 25-те. Ал, Құ­нан­байдың 1866 жылы 82 жа­сын­да өмірден өткені белгілі. Халиолланың орыс оқуын терең мең­гер­генін тағы да Әрхамның жоғарыдағы естелігінен оқуға әбден болады. «Осы де­ма­лысқа келерде Халиолла Абайдың оқуы­на орысша көп кітап алып келіпті. Ойын-сауықтан бос уақытында әдейі оқытып, ұғын­­­баған жерін үйретіп, ұстаз­дық етеді. Өткен үш жылдың ішінде өзінің білгенін түгел ай­тып, жол жобасын түгелдей көр­се­теді. Әсіресе, Абайға қиын со­ға­тыны тіл үйрену жағы. Орыс­ша кітап оқығанда сөзін түсіну қиын болғандықтан, Халиолла сол жағына көңілін көп аудара­ды. Орыс тілін қазақша аударып, жазып беріп, сөздік құ­рап, сөй­лемін ұқты­рады» – деп Әрхам ақса­қал­дың жазуына қара­ғанда Абайдың Семейдегі орысша оқуы олқы соғып, оған орыс тілін, әдебиетін оқып үйретуде Ха­лиолланың жақсы ұстаз бол­ғанын аңғару қиын емес. Тіпті, мынаған назар ауда­ры­ңыз, Халиолла қайтыс бол­ған­да оның денесімен қоса Омбыдан екі сандық қоса келіпті. Тағы да, сол Әрхам естелігіне жүгінсек, Халиолла жерленген соң, оның дүниесін таратқанда, Абай еш ойланбастан кітаптар мен қолжаз­баларға толы сандықты қалап алыпты. Халиолла тек орысша оқып, әскери шен алумен шектелмей, өз заманының озық ойлы ұланы Шоқан сияқты, қазақтың фольклор мұрасын жинаған, оны орыс жұртшылығына аударып таныстырған, әрі өзі де орыс ақын-жазушыларын көп оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударған екен. Халиолла Омбы мен Мәскеуде оқыған жылдары орыстың шығыстанушылары И.Н.Бе­резин, Н.Ф.Костылецкий және әйгі­лі Шоқанның досы Г.Н.Потанинмен тығыз байланыста болған екен. Бұл туралы Ә.Мар­ғұлан, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ү.Суб­хан­бер­дина сынды әдебиет тарихын зерттеуші ға­лымдар әр жылдардағы зерттеу ең­бек­терін­де айтып өтеді. Мәселен, фоль­клортанушы Ү.Субханбердина өзінің «Дала уалаяты газеті» (1990 жыл. Алматы. «Ғы­лым» бас­пасы) атты екі томдық кі­та­бының кіріспе бөлімінде: «Г.Н.Пота­ни­ннің айтуынша, орыс классиктерінің шығарма­ларын алғаш аудар­ушылардың бірі Абай Құнанбаевтың інісі Халиолла Өскенбаев болды. Ол 1863-1870 жылдары Омбы кадет корпусында оқиды, одан соң Семей ма­ңын­дағы ауылда өмір сүрді. Ол халықтың ауыз әдебиет үлгілерін жазып жинаған. Оның ішінде «Еңлік-Кебек» әңгімесі, «Жиренше шешен» аңызы мен Тургенев, Лермонтов, Толстой және бас­қа­лардың өлең­дерін, әңгімелерін аудар­ған. Х.Өскен­баев жинаған бұл материалдар белгілі шы­ғыс­танушы ғалым И.Н.Бе­ре­зиннің архивінде сақтаулы» – деп жазады. Айтпақшы, Халиолла жинаған «Еңлік-Кебек» әңгімесі мен «Жиренше шешен» аңы­зы «Дала уалаяты газетінің» 1892 жылғы №29 санында жарық көрген. Алайда, бұл жыл­дары Халиолла өмірден озған екен. Шы­ғарманы ұсынған И.Н.Березин мен Н.Ф.Кос­тылецкийдің біреуі болуы мүмкін. Қазақтың даңқты ұлы Шоқан Уәли­ханов кадет корпусында оқыған тұста оған шығыстанушы, түркі тілдерін зерттеуші, әдебиетші Н.Ф.Костылецкийдің ерекше ықпалы болғандығы архив деректерінде бар. Мәселен, Әлкей Марғұланның «Шо­қан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» атты әйгілі очеркінде мынадай жол­дар бар: «Архив мәліметтеріне қара­ған­да, Н.Ф.Костылецкий өзінің шәкірт­тері­не қазақ фольклорын жинау және қазақтың халық ойындарын жазып алу жөнінде нұсқау беріп отырған. Н.Ф.Костылец­кийдің атына жолдаған хаттар мен қазақ фольк­лоры­ның жазбалары бүгінге дейін сақ­та­лып келген. Мұндай жазбаларды оған Шо­қан Уәлихановтан кейін Абайдың інісі Халиолла Өскенбаев, атақты Мұстафа Бүркіт­б­аев, Садуақас Анаев, Ханғожин және басқалары жіберіп отырған». (Ш.Уәли­ханов, «Таңдамалы шығармалар жинағы», «Жазушы» баспасы, 1980 жыл). Міне, осы үзіндінің өзінен-ақ кадет кор­пусының оқытушысы Н.Ф.Косты­лец­кийдің Халиоллаға дәріс бергені, ұстаздық жаса­ғаны көрініп тұр емес пе? Олардың рухани жақын­дығы, қазақ фольклор үлгілерін жи­наушы ретіндегі Халиолланың еңбегі байқа­лып тұрған жоқ па?! Шоқанның досы болған, бірге оқыған, сая­хатшы, әдебиетші, тарихшы Г.Н. Пота­­нин­ге (1835-1920 ж.) де Өскенбаев есімі таныс бол­ған. Айталық, Г.Н.Потаниннің «Қырғыз­дың соңғы ханзадасының киіз үйінде» атты еңбегінде Халиолла есімін ілтипатпен еске алып, сүйіспеншілікпен былайша суреттейді: «Омбыда кадет корпусын бітіріп, бұдан соң Семей маңындағы туған ауы­лын­да тұрған бір қырғыз сұлтаны (қайтыс болған Өскенбаев) туралы әңгіме болды. Ол кешке қарай өз жерлестеріне орыс повестері мен романдарының мазмұнын әңгі­мелеп беруді жақсы көретін. Қырғыз­дар­дың оны қызыға тыңдайтыны сонша, одан өз әңгі­мелерін жазуды өтінеді. Сонымен қырғыз­ша жазылған дәптерлер пайда болды. Ол Тургеневтің, Лермонтовтың, Толс­той­дың және басқалардың шығарма­лары­ның еркін аудармасы болып шығады. Киіз үйдегі осы әдеби кештер кезінде қыр­ғыз­дар ой-пікірлерін ортаға салады. Сонда басы-қасында болушының әңгімесіне қарағанда, Өскенбаевтың «Тыңдаңдар, бұл жайында атақты орыс сыншысы Белинский былай деген немесе орыс сыншысы Добролюбов бұл туралы мынадай пікірде болған». (Ш.Ш. Уә­ли­хановтың шығарма­лар жинағы, Алматы, 1968 ж.). Әңгіме төркіні, Халиолла­ның жазда оқу­дан босап, елге келгендегі сәті болса керек. М.Әуезовпен бірге оқыған, оның досы, пікірлесі болған белгілі ғалым Әлкей Марғұлан Абай айналасын зерттеуге, абай­тануға зор үлес қосқаны белгілі. Ғалым­ның «Абай» журналының 1993 жылғы №6 санында «Үш хаттың сыры» деген мақаласы жария­ланған. Мақаланың маз­мұ­ны: Әл­кей Марғұлан 1938 жы­лы Ленинградта болған­да, профессор, шығыстанушы И.Н. Бере­зин­нің архивінен Халиолланың атына жазыл­ған үш хаттың көшір­ме­сін жасаған. Әрине, оны заман ағы­мына сай уақытында айта алмай, тек 1959 жылы ғана жариялаған. Осы келтірілген жазбаларды зерделей қарасақ, Халиоллаға жа­зыл­ған хаттар, оның бізге белгісіз қолжазбалары Костылецкий арқы­лы Березинге жеткенін аң­ға­ру қиынға соқ­пай­ды. Осы мақа­ла­да Әлкей Марғұлан: «Тек жастай өтіп кеткені болмаса, Халиолла ағасы Абай сияқты асқан ой­шыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді» – деп сүйсіне жазуы тегін емес. Ә.Марғұлан тауып жария­ла­ған осы үш хатта талай тарих, сол заманды байқатар құнды деректер бар. Бұл хаттар Халиолла кадет корпусында оқыған 1865-1866 жыл­дары жазылған. Әрине, бұл хаттарға Халиолла тарапы­нан жазбаша жауаптар болған да шығар, бірақ бар деген деректерді кездестірмедік. (Бұл үш хат­ты оқимын деген оқырман «Абай» журналының 1992 жыл­ғы №1 санын қолға алса, адаспай табады). Жоғарыда айттық, Халиолла 1859-60 жылдары Омбының кадет корпусына оқуға түскенде, Шо­қан бұл оқу орнын 1853 жы­лы аяқтап, Сібір генерал гу­бер­наторында әскери қызметте жүр­гені белгілі. Ұлы Қашқар сая­хаты­нан кейін Шоқанның аты бү­кіл Ресейге, Еуропаға әйгілі болып, дү­ріл­деп тұрған уа­қыты. Міне, осы Шоқан 4 наурыз 1864 жылы досы Карл Гутковскийге жазған хатында «Қазір Омбыда тұрып жатырмын. Жуырда өз үйіме, туған далама аттанбақпын» деген жолдар бар (Ш.Уәли­ханов шығармалары, 5 том). Хаттың жа­зылу мерзімін көрсетіп отырған себебіміз, 1864 жылы Халиолла кадет кор­пусында оқуда. Сонда Шоқан өзі оқыған оқу орнына бас сұғып, ұстаздарына амандасып, әлде­қалай бара қалса, онда оқуда жүрген қан­дастарына қалай жолықпайды? Жолықса, атақты аға сұлтан Құнанбайдың баласы Ха­лиоллаға қалай кездеспейді? Өкінішке орай, Халиолланың есімі Шоқан шығар­ма­ларында ұшыраспайды. Осы мәселеге орай, жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Жар­қын жұлдыздар» деген кітабының кіріспе бөлімінде мынадай қызықты деректерді келтіреді. «Шоқанның Абайға жолы­ғуы туралы мәлімет әзірге жоқ. Солай бола тұра, Абай Шоқанды біледі деген ой келеді, оған бірінші дәлел, Абайдың туған ағасы (дұрысы – інісі болуы керек) Халиолла Өскенбаев Омбының кадет корпусына 1862 жылы түсіп, 1867 жылы бітірген. Бұл Шо­қанның атағы аспанға шығып, Омбы әкім­дері мен интелегенциясының арасын­да жұл­дызды болып тұрған шағы. Халиолла көзі ашық, парасатты адам болған. Оның Шоқан­ды білмеуі және ақын болға­лы жүрген Абай­ға сырттай болса да таныс­тырмауы мүм­кін емес» деп Шоқан-Абай-Халиолла арасынан жарасымды рухани байланыс іздейді. Ал Әрхам Ысқақовтың «Абай­­дың өмір жолы» атты естелігінде Шоқан мен Халиолла жолыққан, бірін-бірі таныған деп айтылады. Әрине, архив деректерімен бекімеген соң, Әрхам ақсақалдың құнды пікірін тек таң­даныспен, солай бол­са деген жақ­сы көңілмен құп­тайсың да қоясың. Халиолланың қазақ фольклор үлгілері мен ел аузындағы аңыз әңгімелерді жинап, оны орыс тіліне аударып, шығарма­шылық та­лантын бекітетін деректер аз емес. Белгілі тарихшы, ғалым, іргелі оқу орнының рек­торы, Шә­кәрімтану ісіне елеулі үлес қосып жүрген Е.Сы­дықовтың «Шә­кәрім» атты ғұ­мыр­намалық шы­ғар­масында Ха­лиол­ла­ның 1892 жылы «Московская Иллюстративная газета» басылымының №274 санында «Киргизское предание» деген орысша жазылған ма­қаласы бол­ған­дығын атап өт­кен. Онда Халиолла өзі естіген, өзі көзімен көрген Шыңғыстау жайлы, осы төңіректегі Хан биігі, Орда, До­ғалаң, Шұнай сияқты таулар­дың тарихын баяндап, осы өлкеде ұлы билеуші Шыңғыс­хан­ның болға­н­ды­ғын көркем суреттеп жазған. Бұл мақаланың 1892 жы­лы жа­рыққа шық­қаны көрініп тұр­са, ал Халиолланың 1870 жы­лы өмірден өткені белгілі. Демек, бұл мақа­ланы профессор Березин немесе Кос­ты­лец­кийдің біреуі Ха­лиол­ла­ның аты­нан жариялатқан. Абай, Әуезов әлемін зерттеуші, әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбаевты да Халиолланың жа­сын тағдыры қызық­тыр­ғанға ұқ­сайды. Сол себептен де, Т.Жұрт­баев көп ізденіп, архив деректерін төңкеріп, Халиолла жөнінде қы­руар құжаттар жи­на­ған. Ха­лиол­ланың суреті мен Омбы кадет кор­пусындағы оқу кезеңдерін көр­сететін нақты құжаттар тап­қан. Халиолланың туған жылы мен қайтыс болған уақыты, әсі­ресе, оның Тінібай қызы Айға­ным­­ға ғашық болған хикая­сы жай­лы қы­зықты деректер келтіреді. Семейдің ірі байы Тіні­бай­дың сұлу қызы Айғаным мен Ха­лиолланың арасын­дағы сүйіспеншілік хикая­сы – махаббат тра­ге­диясына ұласқан. Бұл енді Тобықты еліндегі «Еңлік-Кебек», «Қал­қа­ман Ма­мыр» сияқты махаббат оқиға­лары­ның Семейде болған жалғасы іспетті. Екі жас бірін-бірі сүйеді. Қосылуға серт байласады. Бірақ, тағдыр талқысы екі жас­ты қоспайды. Өйткені, Айғаным айт­ты­­рылып қойған, басы байлаулы. Оның үстіне Тінібай мен Құнанбай құйрық бауыр жеп, төс қағыстырған мың жылдық құда. Бұл жайлы ғалым М.Бейсенбаев өзінің «Тінібай кім?» деген мақаласында («Абай» журналының 1982 жылғы №7 саны). «Құнанбай мен Тінібай құда. Мәкіш деген қызын Тінібайдың баласы Меңлібайға берген. Меңлібай Россияның көптеген қала­лары­мен сауда байланысын жасаған» – деп егжей-тегжейлі жазған болатын. Ш.Уәли­хановтың атақты Қашқария сапары кезінде жүргізген күнделік дәптерінде Тінібай есімі сауда керуенінің иесі ретінде бірнеше рет кездеседі. Демек, Тінібай дала мен қалаға ықпалды, өз заманының ірі көпесі атанған ауқатты адам болған. Ал, Халиолла Омбы, Мәскеу оқуынан демалысқа оралғанда жездесі Меңлібай мен апасының үйіне түсіп, осында Ай­ғаным сұлу­ға жолығып, бір-біріне ынтық болады. Бұл жайлы Т.Жұртбаев «Өнерлі өлке өрнегі» атты эссесінде «Халиолла Семейдегі Тіні­бай­дың қызына ғашық болып, оны алып қа­шады. Жолда қолға түсіп, қыз екеуін қамаққа алады. Құнанбай теріс батасын береді. Халиолла ренжіп Омбыға көшіп, көп ұзамай қай­тыс болады. Қыз да қайғылы халге ұшы­рай­ды. Халиолла оқиғасы М.Әуезовтің «Қара­көз» траге­дия­сына арқау болды» – деп жазады. Әрхам Ысқақов та Халиолла – Ай­ғаным оқиғасын тәптіштеп баяндап, бұл істің аяғы шатаққа айналып, оны Семей соты қарап, сот Халиолланы ақтап шықса да, екі жас қосыла алмайды. Халиолланың қысқа тағдыры, оның мәнді өмір жолы, Омбы, Мәскеу қалала­рын­дағы оқу жылдары, қазақ фольклор үлгі­лерін жинау­дағы еңбегі, орыс тілі мен әдебиетін үйрету­дегі ағасы Абайға әсері, тіпті Тінібай қызы Айғаным арасындағы махаббат оқиғасы, Халиолла өмірінің соңғы сәттері мен жұмбақ құпиялары әркімді қызықтырары сөзсіз. Амал не, «қолда қаржы, баста бостан­дық болмай тұр» деп Шәкәрім айтқандай, тіршілік қамы, қызмет бабы аяққа тұсау болып, шідерлеп қойған аттай, белгілі тақырды шиырлай бересің де. Әлі де кеш емес... Ізденімпаз, талантты жастар табылып, олар тағдырдың жазуымен қысқа да болса, мәнді ғұмыр кешкен Ха­лиолланың өмірін зерттеп, өнегелі ісін жа­рыққа шығарар деген үміттемін. Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылы. Суретті салған Құлахмет Қожықов.