02 Тамыз, 2011

Ел тәуелсіздігінің тарихи құжаттары

5900 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Қазақ мемлекеттілігі бүгінгі Тәуел­сіз­дікке кейбіреулер ойлағандай КСРО-ның күйреуінің нәтижесінде ғана жеткен жоқ. Оның тамыры тереңде жатыр. Өйткені, тәуелсіздік үшін күрес кеше ғана бас­та­лып, бүгін аяқталған жоқ. Бүгінгі Қазақ­стан аумағын ежелгі замандардан бері мекендеген тайпалар мен ұлыстардың кезінен бастап-ақ ұлан дала үшін, оның кеңістігі мен әрбір сүйем жері үшін қан төгіп, жан алысқан күрестер болды. Біз­дің бүгінге дейінгі тарихымыз Еуразия төрінен ойып тұрып орын алған жеріміз үшін, еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін ұлт-азаттық күрестерге толы болатын. Қазақ халқы қазіргі аумағына басқа жақтан ауып немесе басқыншылық жолмен келген жоқ. Олар ғасырлар бойы осы жерді мекендеген тайпалар мен халық­тардан қалыптасты және олардың қалып­тасу тарихы мейлінше терең және күрде­лі. Біздің халқымыз тарихтың сан қилы соқпақтарының қиын да жанкешті және жеңісті де жемісті жолын кешті. Бұл жол негізінен бүгінгі тәуелсіздігімізді және бүкіл әлем мойындаған мемлекетімізді құру жолындағы күреспен өтті. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ғана Қазақ Кеңестік Социалистік Республика­сы дербес, егеменді мемлекетке айналды. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі жа­рияланған сәттен бастап мемлекеттіліктің негізгі нышандарының қалыптасу бары­сы жүрді. XX ғасырдың 90-жылдарының басында Еуразия құрлығының ұлан-бай­тақ аумағында социалистік деп аталған бір мемлекеттік-құқықтық жүйе сапалы әрі мазмұнды өзге бір мемлекеттік-құ­қық­тық жүйемен ауысты. Бұл Кеңес Ода­ғы ыдыраған соң және бұрынғы одақтас республикалардың негізінде дербес егеменді мемлекеттер құрылғаннан кейін жүзеге асты. Бірнеше жылдың ішінде тарихта өте сирек кездесетін екі оқиға орын алды. Біріншісі – құдіретті, астам держава деп есептеліп келген одақтас мемлекет бір сәтте құлады. Екіншісі – бір федеративтік мемлекеттің орнында 15 дербес мем­лекет құрылды. Соған сәйкес ескіні ысы­рып, оның орнына жаңа тұрпатты мем­лекет пен жаңа құқықтық жүйені жа­сақ­таудың объективті қажеттігі пайда болды. Бұрынғы социалистік жүйедегі рес­пуб­ликаны жаңа тәуелсіз мемлекетке ал­мас­тыру 1990 жылдың 25 қазанынан бас­талып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында аяқталды. Қазақ мемлекеттілігінің тәуел­сіздігі КСРО-дай алып империяның күй­ре­уі­нің салдарынан қалыптасқанымен, оның саяси-құқықтық негізін басты үш құжат, атап айтқанда: 1990 жылғы 25 қа­зандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация», 1991 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын Қазақ­стан Республикасы деп өзгерту туралы» Қазақ КСР-інің заңы және Қазақстан Рес­публикасы Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған «Қа­зақ­­стан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң құрады. Аталған құжаттар ішінде «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» тәуелсіздік жолындағы бірінші конс­титуциялық акт болып табылады. Қазақ КСР-інің 1991 жылғы 10 жел­тоқсандағы заңымен Қазақстан Респуб­ли­касы болып қайта аталуына байланысты аталған құжат «Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деген жаңа атауға ие болды. Қазіргі кезде Декларацияны бағалауда екі ұста­ным орын алып отыр. Біреулер: ол Қа­зақстанның мемлекеттік құрылысына қан­дай да болсын елеулі өзгерістер енгізген жоқ, сондықтан тәуелсіз және социалистік емес мемлекет идеялары баяндал­ған акт болып есептеле алмайды деп пай­ым­дай­ды. Екінші біреулері Декларация тәу­ел­сіз­дікті және мемлекет дамуының со­циа­листік емес жолының бастауын қа­ла­ды. Құжатта социалистік федеративтік мем­ле­кеттің принципін, ұйымдастырылу тәртібі мен қызметін теріске шығарған ережелер баяндалған және ол бұрын орын алмаған тың жаңалықтарды ұсынды деп есептейді. Жоғарыда атап көрсетілгендей, Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің орны­ғуы­ның және қалыптасуының негізін жо­ғарыда аталған үш тарихи құжаттың құ­рағандығын көруге болады. Сондықтан да еліміздің тәуелсіздік тарихын жазуда және оқытуда осы аталған тарихи құжа­т­тарға айрықша маңыз беру керек. Декларация Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігін ресми түрде жария­ла­ды. Қа­зақ КСР-і 1978 жылғы республика Конс­­­титуциясы бойынша заң жүзінде егемен­ді мемлекет болды, алайда Қазақ КСР-інің егемендік құқықтары Кеңес Ода­ғының еге­мендігімен шектелді. Сол кездегі Конс­титуцияның 73-бабында «КСРО заңдарын Қазақ КСР-інің аумағында орындау міндетті» деп атап көрсетілген. Ал Декларация бойынша «Қазақ КСР-і өз аумағында республиканың егеменді құқықтары мен Конституциясын бұзатын Одақтың заңда­ры мен оның жоғары органдарының басқа да актілерінің қолданылуын тоқтата тұру­ға құқылы. Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады. Қазіргі шекарасында Қазақ КСР-інің аумағы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды» делінген болатын. Мұның өзі Қазақ КСР-інің аумағында, оның өз еркімен Одаққа берген мәселе­ле­рін қоспағанда, Қазақ КСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі орнатылды дегенді білдірген еді. Басқаша айтқанда, Декларация Қазақстанның дербес конститу­ция­лық заңнамасына негіз қалады. Қазақ КСР-інің мемлекеттік өкімет ор­гандары Декларация қабылданғанға дейін КСРО мемлекеттік өкімет органдарының құрамдас бөлігі болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінен бастап селолық, ауылдық ке­ңес­терге дейінгі кеңестердің барлық бу­ын­дары мемлекеттік өкіметтің бірыңғай жүйесін құрады. Кеңестер жүйесіне кірмейтін мемлекеттік органдардың дербес ұйымы туралы айтылмады. Декларацияда «Қазақ КСР-і республикадағы саяси, эко­номикалық, әлеуметтік және ұлттық-мә­дени құрылысқа, оның әкімшілік-аумақ­тық құрылымына байланысты барлық мә­селелерді дербес шешеді, мемлекеттік өкі­мет пен басқару органдарының құры­лымы мен құзыретін айқындайды» деп жазылды. Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясында мемлекеттік өкіметтің бірлігі принципі орнықтырылған бола­тын. Бүкіл мемлекеттік билік Қазақ КСР-інің саяси негізін құрайтын халық депу­тат­тары кеңестері арқылы жүзеге асы­рыл­ды. Барлық басқа мемлекеттік органдар кеңестердің бақылауында және оған есеп беріп тұрды. Көріп отырғаны­мыз­дай, мемлекеттік өкімет билігін бөлу ту­ралы әңгіме де болған жоқ. Ал Декларацияда болса: «республикада мемлекеттік өкімет билігі оны заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бой­ын­ша жүзеге асырылады» деп жазылды. Егемендік туралы декларацияға дейін Қазақ КСР-інің меншікті ішкі әскері бол­мады. Республиканың мемлекеттік қауіп­сіз­дік және ішкі істер органдары Одақтың тиісті органдарының бөлігі болды және республиканың жоғары мемлекеттік ор­ган­дарына бағынбады. Ал мұның өзі рес­публиканың егемендігі жоқ екенінің елеулі көрсеткіштерінің бірі еді. Ал Егемендік туралы декларацияда Қазақ КСР-і Жо­ғарғы Кеңесі мен Қазақ КСР-і Президентіне бағынатын және солардың бақы­лау­ында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер орган­дарын ұстауға Қазақ КСР-і толық құ­қықты деп ерекше атап көрсетілді. Декларацияның келтірілген ережелері оның Қазақстанда социалистік мемлекеттік машинаны ығыстыруға, демократия­лық құқықтық мемлекет құруға және одақтық мемлекеттегі өзінің мәртебесін тү­бегейлі өзгертуге негіз қалағаны тура­лы қорытынды жасау үшін жеткілікті негіздеме береді. Осылайша «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» қабылдануы дербес, егемен Қазақстан мемлекетін құ­рудың негізін қалады. Ол Қазақстан Рес­публикасының дербес конституциялық заң­дарының алғашқы конституциялық құ­жаты ретінде тарихқа енді. 1991 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын Қазақстан Республикасы деп өз­гер­ту туралы» Қазақ КСР-інің Заңы қа­был­данды. Бұл заңды Қазақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесі республиканың көп ұлтты хал­қы­ның өзін-өзі билеу қағидаттарына, адам құқығы мен бостандықтарының мыз­ғымастығына, қоғамның саяси, эконо­микалық және идеологиялық жағынан сан-алуандығына негізделген демокра­тия­лық, тәуелсіз, бейбітшіліксүйгіш, құ­қық­тық мемлекет құруға ұмтылысын бас­шылыққа ала отырып қабылдады. Осы заң негізінде Қазақ КСР Конституциясы мен Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға, Қазақ КСР-інің басқа да заңдарына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған заң конституциялық деп аталмағанымен, іс жүзінде осы мазмұнға сай еді. Өйткені, 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясында «конституциялық заң» деген ұғым мүлде жоқ болатын. Бұл заң социалистік мемлекетті тарату үшін құ­қық­тық негізді қорытындылады. Заң мем­лекеттің мәнін таптық ұстаным тұрғы­сы­нан емес, өркениеттік тұрғыдан бағала­ды. Қазақстан халқы жұмысшы табына, шаруаларға және зиялы қауымға бөлін­беді, ал «Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы социалистік жалпы­халық­тық мемлекет ретінде» (Қазақ КСР Консти­туциясының 1-бабы) солардың еркі мен мүдделерін білдірді. Жаңа заң таптар мен әлеуметтік жіктерді атап көрсетпей, бүкіл халықтың атынан қабылданды. Жаңа заңда халықтың «өзін-өзі билеу, адам құқықтары мен бостандықтарының мызғымайтындығына, қоғамның саяси және идеологиялық алуан түрлілігіне негізделген демократиялық, тәуелсіз, бейбітшіл, құқықтық мемлекет құруға» ұмты­лы­сын басшылыққа алатындығы ерекше атап көрсетілді. Заңнан келтірілген үз­ін­діде «социалистік» мемлекет тетігін жою қажеттігі туралы идеялар ғана емес, со­нымен бірге мемлекеттің ұйымдас­ты­ры­луы, қызметі және оның міндеттері принципін түбірімен өзгерту идеялары да ба­ян­далған. Мұнда бұрынғы Қазақ КСР-і демократиялық және құқықтық емес әрі тәуелді мемлекет екендігі жанама түрде мойындалады. Заң Қазақ КСР-ін Қазақ­стан Республикасы деп қайта атады. Ол тиісті өзгерістер енгізу, атап айтқанда, «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға» өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетті. 1991 жылғы 10 жел­тоқсандағы заң қабылданған сәттен бастап, құжат «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деп аталды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 16 желтоқсанда қа­был­даған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­ти­ту­ция­лық заң тарихи құжат болды. Заң КСРО-ның құлауына байланысты қабыл­данды және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Заң­ның кіріспесінде Қазақстан мемлекеті басшы­лық­қа алуға тиіс Қазақстан мем­лекетінің құқықтық принциптері баян­дал­ды. Оларға Жалпыға бірдей адам құқық­тары дек­ла­рациясында, халықаралық құ­қықтың жал­пы жұрт таныған өзге де нормаларында баянды етілген жеке адам­ның құқықтары мен бостандықтарының, қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқығының басымдығын мойындау, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру, бейбітшіл сыртқы саясатты жүзеге асыру, ядролық қаруды таратпау принципі мен қару­сыз­дану принципіне адалдығын мойындау жатады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституция­лық заң бойынша Қазақстан Республи­ка­сы тәуелсіз, демократиялық және құқық­тық мемлекет деп танылды. Тәуелсіз мем­лекет ретінде Қазақстан Конститу­ция­лық заңға сәйкес өз аумағында бүкіл өкімет билігін толық иеленеді, ішкі және сыртқы сая­сатты дербес белгілеп, жүр­гі­зеді. Демокра­тиялық және құқықтық мем­лекетті құру стратегиялық мақсат бо­лып табылады. Кон­ституциялық заңда мем­лекеттік тәуел­сіздіктің маңызды прин­ципі орнықтырыл­ды. Қазақстан Республикасының бүкіл ау­мағында оның Конституциясы мен заңда­ры қолданылады. Конституциялық заңның мұндай ережесі Кеңес Одағының құла­уы­мен және оның Конституциясы мен заңда­ры­ның Қазақстан аумағында қолданылуын тоқтатуымен түсіндірілді. Қазақстан Республикасы мойындаған халықаралық құқық нормалары консти­ту­циялық заң бойынша қалыптасатын ұлт­тық құқықтық жүйенің бастау көзі болып табылады. Қазақстанның әлемдік қоғам­дас­тыққа кіруі үшін бұл ереженің зор ма­ңызы бар. Конституциялық заң мемлекеттік егемендіктің басқа бір маңызды принципін де орнықтырды. Қазақстан Рес­пуб­ли­касының аумағы қазіргі шека­ра­ларында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын аумақ деп жарияланды. Мем­лекеттің басқа мемлекеттермен өзара қа­ты­насының негізгі принциптері оның тәу­елсіздігінің елеулі белгісі болып табылады. Конституциялық заңда Қазақстан Рес­публикасы өзінің барлық басқа мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құ­қық принциптері бойынша құрады деп жазылды. Өзінің мемлекеттік тәуел­сіз­ді­гін басқа мемлекеттердің тануы үшін Қа­зақстан Республикасының ашық екені жа­рияланды. Мемлекеттік егемендіктің атал­мыш принциптері тәуелсіз Қазақстан қыз­­метінің негізіне алынды және алғаш­қы күннен бастап жүзеге асырыла бастады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституци­я­лық заңның бірқатар ережелері Қазақстан Республикасының халқы мен азаматта­ры­ның мәртебесіне арналды. Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген барлық ұлттар азаматтарының жиынтығы болып табылатын Қазақстан халқының ан­ықтамасы келтірілді. Атап айтқанда, бұл заңда «Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақ­станның біртұтас халқын құрайды, бұл халық Қазақстан Республикасындағы еге­мен­діктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады, Қазақстан Республикасының Конститу­ция­сы мен заңдары негізінде тікелей де, сондай-ақ өзі сайлайтын мемлекеттік органдар арқылы да мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыратындығы» жазылды. Заң Қазақстан халқын таптарға бөл­мейді, қайта оны әлеуметтік тұрғыдан бі­р­ыңғай, тұтас құбылыс ретінде қарайды. Конституциялық заң мемлекеттік егемен­дік­тің маңызды элементін – өз азаматты­ғы­ның болуын баянды етті. Республика­ның барлық азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік жә­не мүліктік жағдайына, шұғылданатын қыз­метіне, тұрғылықты орнына қарамас­тан бірдей құқықтарды иеленіп, бірдей міндеткерлікте болатыны мойындалды. Азаматтық тең құқылыққа қол сұғушы­лық­тың заң бойынша жазаланатыны ерек­ше атап көрсетілді. Қазақстанның аумағын патшалық самодержавие кезеңінде де, кеңестік уа­қытта да көптеген қазақтар тастап кетуге мәжбүр болды, олар қазір басқа мемлекеттерде тұрып жатыр. Конституциялық заң олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын мойындады. Конституциялық заң Қазақстан Респуб­ли­ка­сының аумағында тұратын шетелдік азаматтарға және азаматтығы жоқ адам­дарға қатысты да көзқарасын білдірді. Олар Конституцияда белгіленген құқық­тар мен бостандықтарды пайдаланады, міндеткерлікте болады, заңдар мен мем­лекетаралық шарттарды (мемлекет өзі алып тастағаннан басқасын) қолдана ала­ды. Конституциялық заң қазақ ұлтының және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар өк­ілдерінің мәдениетін, салт-дәстүрін жә­не тілін қайта өркендетіп, дамыту, ұлттық қадір-қасиетін нығайту мемлекеттің міндеті болып табылатынын мойындады. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конс­титуциялық заңда мемлекеттік билік органдары туралы бірқатар жаңа құқық­тық нормалар баяндалды. Декларация­ның мемлекеттік егемендік, мемлекеттік билік туралы ережелерін жаңғырта оты­рып, Конституциялық заң, Декларацияда көрсе­тілгеніндей, тек Жоғарғы Кеңестің ғана емес, сонымен бірге, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Президентінің де халық аты­нан сөй­леу құқығын баянды етті. Қа­зақ­стан Рес­публикасының Конституциялық соты – Конституцияны сот арқылы қор­ғай­тын жо­ғары орган болып танылуы өз алдына жаңа ереже болды. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Конституциялық соты 1992 жылы құрылып, 1995 жылға дейін жұмыс істеді. Конституциялық заңға сәйкес жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует Қазақстан Республикасының айрықша меншігіне берілді. Аталған объектілердің бәрі Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тәу­ел­сіздігінің негізін құрайды. Кеңес Ода­ғының өмір сүруі кезеңінде аталмыш та­биғи ресурстардың бәрі одақтық орган­дар­дың қарамағында болды, бұл органдар оларды өз қалауынша иеленді. Консти­ту­циялық заңда Қазақстанның экономика­лық жүйесі меншіктің алуан түрлеріне және оның барлық нысандарының тең­ді­гіне негізделетіні көрсетілді. Мұның мә­нісі мемлекеттік меншікпен қатар жеке мен­шік те мойындалды деген сөз. Тәуел­сіз мемлекет ретінде Қазақстан Респуб­ликасының өзінің қаржы-несие, ақша, са­лық және кеден жүйесін құруға, сондай-ақ өзінің алтын, алмаз және валюта қо­рын құруға құқығы бекітілді. Сөйтіп, Конс­титуциялық заң жаңа тәуелсіз мемлекет құрудың негізін қалады, оның бас­ты нышандарын айқындады. Конституциялық заңда мемлекеттік тәу­елсіздікті қорғауды ұйымдастыру мә­се­лелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қа­зақ­стан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен ау­мақтық тұтастығын қорғау мақсатында дер­бес қарулы күштерін құрады және өз ау­мағында әскерлерді, қару-жарақ пен тех­никаны орналастыру мәселелерін шешеді. Қазақстанда социалистік мемлекет аппа­ратын ығыстыру бірнеше жылдар бойына өтті және негізінен 1993 жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Кеңесінің өзін-өзі таратуымен және халық депутаттары кеңесі жүйесінің жо­йылуымен аяқталды. Жоғарғы Кеңес пен халық депутаттарының жергілікті кеңес­тері мемлекеттік өкіметтің жоғарыдан төменге дейінгі барлық органдарын (азаматтар сайлаған аудандық соттардың судь­яларынан басқа) жасақтағандықтан, Қазақстанда кеңестер жүйесін жою мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен олардың қызметінің бұрынғы кеңестік қағидатынан бас тарту дегенді білдірді, мұның өзі оларды түбірімен қайта құруға жеткізді. Ескі аппаратты ығыстыру ерекше әлеуметтік-саяси шиеленіссіз, жаңа конс­титуциялық құжаттар негізінде және со­ларға сәйкес жүргізілді. Жоғарыда атал­ған тарихи үш құжат негізінде Қа­зақ­стан Рес­публикасының тәуелсіздігі қа­лып­тасты­рыл­ды және осы құжаттар тәу­ел­сіздікті нығайтуға да алғышарттар жасады. Қазір дүние жүзінде 190-нан астам тәу­елсіз ел бар. Әрқилы жағдайда тәуел­ді­лікке түскен олардың тәуелсіздік алу­лары да тарихи және саяси жағдайларға қарай әртүрлі жолмен шешілді. Олардың кейбірі бірнеше жылдарға созылған қиян-кескі ұлт-азаттық күресі нәтижесінде тәуел­сіз­дікке қол жеткізсе, кейбірі тарихи қалып­тасқан себептерге байланысты өз тәуел­сіз­діктерін алды. XX ғасыр әлем тарихында тәуелсіздік шеруі науқанымен де әйгілі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде отар­лы ірі елдер мен тәуелді елдерде бо­лып өткен терең экономикалық және саяси өзгерістер бодан халықтардың күре­сі­не қолайлы жағдай жасады. Соның нәти­же­сінде екінші дүниежүзілік соғыстан кей­ін-ақ Азияның және Африканың он­даған мемлекеті өз тәуелсіздіктерін жеңіп алды. Тек 1960 жылы ғана Африканың 17 мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізді. 90-жылдардың басында социалистік жүйе мен КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде 20-ға жуық ел (Югославияның құрамындағы республикаларды қоса есептегенде) тәу­ел­сіз­діктерін жариялады. Кейбір елдер үшін тәуелсіздік алу қан­төгіспен келіп, оны орнықтыру оңайырақ соқса, Қазақстан және басқа да КСРО құ­ра­мындағы республикаларға тәуелсіз­дік алу оңай болғанымен, оны орнық­ты­ру, ұстап тұру, тұғырын бекемдеу, әлемдік қоғам­дас­тықтан орнықты орын алу оңайға соқпады. Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор.