06 Тамыз, 2011

«Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!»

5105 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Өртке тиген дауылдай» өр­шіл өлеңдерімен қазақ поэзия­сына жаңа леп, ерекше екпін алып келген дауылпаз ақын Қа­сым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына байланысты ақын шығармашылығына арналған мә­дени іс-шаралар жер-жерде өтіп жатқаны белгілі. Осындай игі ша­раның бірі таяуда С.Қожам­құлов атындағы Жезқазған қазақ музы­калық драма театрында да өтті. Ақын өлеңімен аттас «Ей, тә­каппар дүние, маған да бір қара­шы!» деген атпен қойылған поэ­ти­калық қойылым көптің көңі­лінен шықты. Қойылымның сценарийін жазған әрі сахнаға шы­ғар­ған режиссер театрдың талант­ты актрисасы Райхан Ибраева. Жиналған қөпшілік ақын өлеңдері бірінен соң бірі кезекпен оқылатын әдеттегі жыр кешін күтіп отырған. Алайда, қойылым­ның өзгеше басталуының өзі бұл шығарманың көтерер жүгі сал­мақ­ты екенін байқатты. Жүректі тербетер әуенмен бірге сахна шы­мылдығы жайымен сырғып ашыл­ған сәтте көзге түскені – сахна бұрышында тұрған шағын үстел.Үстел үстінде кітап-қағаз, балауыз шам. Бейне ақын Қасым түнімен майшамның жарығымен бұрқыра­тып өлең жазып, орнынан енді тұрып кеткендей. Сол кезде көрермен залынан көтерілген екі-үш жас үстелді жағалай отырды. Сахна төріндегі портреттен олар­ға «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ?» – деп ақын әрі қызыға, әрі сынай қарап тұрғандай. Балалардың бірі Қасым Аман­жо­ловтың: Балалар – біздің болашақ! Сүйсінеміз. Сүйеміз. Бұл болашақ тамаша-ақ, Болашаққа иеміз, – деген жыр жол­дарын оқып, болашақтың иесі – бүгінгі жастарға үлкен сенім арт­қан, жаны – от, рухы – биік ақын­ның артында қалдырған мол мұрасы туралы не білетіндерін ор­таға салуға шақырды. Қалған­дары бұл ұсынысты қолдап, ақын­ның алмас қылыштай жарқыл­даған өлең­дерін бірінен-бірі іліп алып, жігерлене оқи жөнелді. Сахнадағы қойы­лым көріністері де осы жастардың ортаға салған ойы, толғаныстары сияқты өрбіді. Ақын өмірі мен шығармашылы­ғының басты-басты кезеңдері – балалық және жалынды жастық шақ, арайлы Алматыдағы ақындық қалыптасу кезеңдері мен Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі шабытты шығармашылық жылдары қамтыл­ған қойылымның көптің көңілінен шығуы үшін театр әртістері мен Жезқазған музыкалық колледжі актерлік факультетінің студенттері барынша күш салды. Алғашқы көрініс Қасымның балалық шағы, әкеден жастай қа­лып, жетімдіктің тақсыретін тарт­қан кезі туралы сыр толғайды. Қыс. Қыстау. Ата-мекен Қызылдағы Ерттеулі аттар толы қора маңы. Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым, Тойдырып күресіннің сырғанағы.   Жармасып босағаға үйге енгенде, Түскендей болды жүрек ыршып жерге, – Сұп-сұлық жатты әкем алдымызда, Бүркеніп жайнамазын оң жақ төрде, – деп тебіренеді жетімдіктің тауқыметі иығына ерте түскен бала Қасым әке табыты жанында тұрып. Бұдан кейінгі көріністерде Қа­сым­ның Орал педагогика инсти­тутында оқыған жалынды жастық шағы, Алматыға келіп журналистік қызметке кіріскен, ақындыққа біржола бет бұрып, Абай үлгісіне, ау­дармашылыққа ден қойған және қазақ поэзиясында өз үнін таныт­қан кездері кезең-кезеңімен көрініс тауып, осыған орай сыршыл сезімге толы, жігерлі жырлары оқылды. Қазақтың кең даласын, Сары­арқаның сары жайлауын, Ертістей сұлу өзенін, Оралы мен Жайығын, ақбасты Алатауын жалынды махаббат, сарқылмас сағынышпен жыр­лаған Қасымның: Қош бол, досым, жақыным, Уақыт тығыз, сөз қысқа. Кетіп бара жатырмын, Сұрапыл бір соғысқа, – деп май­данға аттанып, от пен оқтың ортасында жүріп, жанартаудай жа­лынды жырларымен алапат соғыс­тың адамзатқа әкелген апатын, өмір мен өлімнің арпалысын, жауын­герлердің ерлік сипатын шынайы көрсеткен ақынның бөлекше тұлға­сын театр актерлері Ерке Бәй­дешов, Жасұлан Түсіпбеков, Бақыт­жан Ибраев, Әбілқасым Шоман­ұлы, Құрман Игібаев, Теміржан Жанботаев «Сен – фашиссің, мен – қазақпын», «Сырласым», «Ақын өлімі туралы аңыз», «Бауыржан», «Достар, қайда жүрсіңдер?», «Үс­тім­де сұр шинелім» деген өлеңдері арқылы әсерлі жеткізе алды. Алапат өрттің ортасынан аман шыққан ақын жүрек : Келдім сені сағынып, Алтын ұям – Алматым. Кең көшеңде басар нық, Мен бір ақын – солдатың, – деп шаттана жырлайды. Ақын өлең­дерінің осы кездегі басты тақы­рыбы махаббат , батырлық, ерлік , туған жердің жасыл жайлауы, тастан-тасқа секірген бал бұлағы екенін көрермен «Алматы», «Са­қып­жамал», «Махаббат періштесі», «Дариғашым» т.б. өлеңдер арқылы таныды. Бір сөзбен айтқанда, лапыл­даған жалындай екпінімен қазақ поэзиясын дүр сілкіндірген Қа­сым Аманжоловтың мәңгі өлмес өлеңдері мен театрдың әнші-әртістері Дүйсен Кенжеев, Әбіл­қасым Шоманұлы, Жасұлан Тү­сіп­беков, Айнұр Досымбаева орын­даған ақынның сөздеріне жазылған қазақ композитор­лары­ның «Дариға, сол қыз», «Туған жер», «Өзім туралы», «Оралым», «Жас дәурен», «Алма бағында», «Ақсәуле» сияқты әндерінің құді­ретті рухы көрерменнің жүрегін баурап, жүректеріне ыстық леп туғызып, ерекше күйге бөледі. Қазақстанның халық әртісі, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Досжан Жанботаев ерекше жігермен оқыған ақынның «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» атты өлеңі қойылым­ның соңғы нүктесі, қорытынды түйіні болды. Үмітай МОЛДАБЕРГЕН, С.Қожамқұлов атындағы  музыкалық театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Жезқазған қаласы.