Қоғам • 01 Қаңтар, 2010

Жылдың жылы сөзі

8628 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСА БЕРЕДІ Жаңа жыл облыстағы Май, Железинка аудандары мен Ақсу қаласы тұрғындары үшін қуанышты көңілмен басталды. Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша осы аудан ор­талықтары Көктөбе мен Железин­када, өндірісті Ақсу қаласында жар­қы­раған жаңа ауруханалар пайдала­нуға берілді.

Жылдың жылы сөзі

Бұрынғы қырық жылғы ескілеріне қарағанда, аудан орталы­ғында өмірі болмаған жаңа аурухана­ның салынуы, әрине, бұрынғы Семей поли­гоны зардаптарын көріп келе жатқан ел іші үшін толықтай емделулеріне жасалған үл­кен мүмкіндік. “Тек 2010 жылы денсаулығы­мыз мықты болсын, ауырып-сырқай қалсақ, енді бұрынғыдай облыс орталығына жүгірмейтін болдық, емделіп, тексерілу үшін барлық медициналық құрал-жабдықтар өзіміздің аудандық аурхуанада бар”, – дейді ауыл тұрғындары. Ал облыс орталығынан шалғайда орналасқан Железинка ауданының орталығы Железинка ауылы көршілес Ресей елінің Шарлақ ауданымен шекаралас орналасқан. – Біз енді көршілермізге осындай ауруха­намыз бар деп көрсетіп, біздің ауылда қандай құрылыс бой көтергенін айтып, мақтанатын болдық, – дейді аудан тұрғындары.

Сөйтіп, былтырғы жылдары көңіл құлазытқан аудандар және облыс орталығындағы тоқтап қалған құрылыстарға жыл соңында жан бітті. Өткен жылы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша шалғайдағы аудан орталығы Ақто­ғайда, Май ауданының орталығы Көктөбеде жарқыраған жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ауыл тұрғындарына аса қажетті құрылысы тоқтап қалған мектептер мен ауруханалардың жауапсыз мердігерлерінің кінәсінен кешігуіне назар аударып, бұл орын­­дардың іске қосылуын тікелей өз бақылауына алды. Сол қатаң шара, тиісті бақылаудың арқасында үлкен істер жүзеге асып, ауыл балалары қазір жаңа мектептерде білім алуда.

Елбасы жиі айтып жүретіндей, мұндай жарқыраған жаңа мектептер, ауруханалар бұрын қашан салынып еді. Елу жылда ел жаңа деген осы. Облыс орталығындағы тағы да сол мердігерлер кінәсінен тоқтап қалған үш үйдің құрылысы жаңа жылдың алдында жанданып, пайдалануға берілді. Осының арқасында қала тұрғындары 1410 жаңа пәтерлерге қоныстанды. Жергілікті билік орындары өндіріс жағдай­ы­на, жұмысшылардың санына, олардың ең­бекақыларының уақытында төленіп, құқық­тарының сақталуына арнайы есеп-мониторинг жүргізіп отырады. Ірі кәсіпорындармен өнім өндіру көлемін, жалақыны азайтпау, жұмыс­шы­ларды қысқартпау жөнінде меморандум­дарға қол қойылған.

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жұмысы халықтың ертеңгі күнге сенімін жоғалтпай, қиындықтарды бірлесіп жеңуге бағытталды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының өткен жылғы өсу қарқынының жалғасы биылғы бас­талған жылы да нәтижелі көрсеткіштерге жетеді деген сенім бар. Дағдарысқа қарсы бар­лық шаралар жасалды. Енді одан келіп-кетер қорқыныш жоқ. Облыстағы ірі кәсіпорындар басшыларымен жұмысшылардың еңбекақы­ла­рын қысқартпау, еңбек өнімділігін төмендетпеу туралы меморанумға қол қойылды. Облыстың өнеркәсіп орындары өткен жылы 700,0 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Жалпы облыс бойынша құрамына алюминий, электролиз зауыттары, Ақсу ферроқорытпа, Павлодар мәшине жасау зауыты, Ақсу ГРЭС-і, “Еуразия­лық энергетикалық корпорациясы” АҚ енетін “ENRC Menegment KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 23510 адам еңбек етеді.

Бұл күндері кәсіпорындар, Екібастұздағы стансалары, көмір кеніштері қалыпты еңбек ырғақтарымен жұмыс істеуде. Ал “Қазақстан алюминийі” АҚ-та былтырғы жылы көктемде 130 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, со­ны­мен қатар 400 орындық зауыт жұмысшыла­рының балаларына арналған балабақша құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығындағы мұнай-газ саласына арналған құбыр жасайтын “KSP Stell” және “Кастинг“ ЖШС филиалдары да тұрақты жұмыс жасауда. Былтыр құбыр жасаушылар “Қазақстан темір жолы“ ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамымен теміржол рельстерін жасауға байланысты екі жақты келі­сім-шарт жасасты. Осындай ауқымды өндіріс­тік жоба іске асса, алдағы жылдары құбыр зауыты жылына кем дегенде 100 мың тоннаға жететін магистральдік желілерге арналған рельстер шығара бастайды. Өйткені, елімізге жыл сайын темір жол бойын жаңартып отыруға жүз мың тоннадай рельстер қажет көрінеді. Бұл – өндіріс орны 4 мың жұмысшы қолын күтеді деген сөз. Өткен жылы ұлттық ком­паниялар тарапынан 15 мың тонна жіксіз құбыр алуға тапсырыс түсіпті. Өндірісті Екі­бастұздағы “Та­ман” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі бұрынғы вагон жасау зауыты негізінде жүк вагондарын жасап шығаратын жобаны жүзеге асыруда. Яғни, жылына 2,5 мыңдай вагон жасап шы­ға­ра алады. Биылғы жылы электролиз зауытының екінші кезегінің іске қосылатын уақыты да жақын қалды. ГРЭС-2 стансасының үшінші энер­го­блогы құрылысын бастауға арналған мемлекетаралық екі жақты келісімдер барысына да қол қойылды. Стансаның 3-ші энергоблогын салу жұмыстарына 2,5 мыңдай құрылысшы қатысады деп күтілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіретін жиырмаға жуық жаңа орындар ашылыпты. Биыл да жыл бойы облыс және аудан орталықтарында жәрмеңкелер өткізіледі. Барлық аудандар облыс орталығында өз дүкендерін ашып берді. Олар арзан бағалы азық-түлік өнімдерін сатуды қолға алды. Сонымен қатар облыстағы Шарбақты құс фабрикасын қайта құру, жабдықтау жұмыстары аяқталды.

Бұл күндері фабрикада құс саны 234,6 мыңға дейін көбейді. Осы ауданның Орловка және Пав­лодар ауылында бірінде қуаттылығы 7, екін­шісінде 20 тоннаға дейін жететін құрама жем зауыттары жұмыс істеуде. Ауылшаруа­шылық өнімдерін өңдеп дайындау­ды 319 дайындау пункттері жүзеге асыруда, был­тыр ауылдарға 50 сүт салқындатқыш сатып әперілді. Бұл күндері облыс аумағында жаңадан екі жылыжай кешені, бройлерлі құс фабри­ка­сы, 2330 мал ұстайтын сүт фермасы, халық­ара­лық талаптарға сай жабдықталатын көкөніс қоймасы салынуда. Ал жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерде 6 спорттық кешен, балабақшалар, мектеп жанынан 67 шағын орталықтар ашылды. Жалпы облыста қазір құны 212,4 млрд. теңгені құрайтын төрт серпінді жоба жүзеге асуда. Жаңа басталған жылы ашылған жаңа өндіріс орындары, атап айтқанда, эфир-пропилен өндірісі, мұнай-химия зауытындағы өнім сапасын жақсарту бағытында сутегі өндірісін жабдықтау, керамикалық кірпіш шығаратын екі зауыт және Екібастұз жылу-электр орталығында 12 мегаваттық электр энергиясын өндіретін турбина жасайтын орындар жұмысы әрі қарай жалғасады. Жаңа жылда да облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев айрықша жігермен қолға алған жақсы істер, еліміз үшін жақсылық әкелетін сәттер, үлкен міндеттердің орындалу қуанышы күтіп тұр деп ойлаймыз.

Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.

 

АЛМАТЫ БҮЛДІРШІНДЕРІ: алдағы үш жылда балабақшалармен толық қамтамасыз етілмек

Елбасының тікелей желі кезінде айтқан ұлағатты әңгімелерінен балаларға жасалған қамқорлық – еліміздің болашағына жасалған қам­қорлық екендігі айқын таныл­ған болатын. Нақ осы орайда, елдің басқа да аймақтарындағы сияқты, Алматы қаласында да шешімін тап­паған түйткілдер бары анық. Бүгінгі таңда мұнда мектепке дейінгі білім мекемелерімен қамтылу көрсеткіші 62 пайызға тең. Ал бұл ретте кезек­ке тұрғандар саны жиырма екі мың адамнан асады. Осы толғақты мә­се­лелерді қала әкімі Ахметжан Есі­мов пен Білім және ғылым минис­трі Жансейіт Түймебаев Алматы­дағы мектепке дейінгі ұйымдар жүйесінің даму барысымен таны­сып көру аясында кеңінен ақыл­дасып ойласты. Өткен жылдарда көптеген ба­ла­бақшалар жекешеленіп кетті немесе жеке адамдар мен ұйымдарға ұзақ мерзімге жалға берілген-ді. 2008 жылы соларды түп иесіне қайтару жөніндегі жұмыстар басталған. Со­ның нәтижесінде 700 орындық бұрынғы төрт балабақша ғимарат­та­рында қазір балалық бал дәурен­нің шат лебі есуде.

Балабақшаларды қайтару орай­ындағы жұмыс биыл да жалғасуда. Қазіргі уақытта бұрын жекемен­шікке байыпсыздықпен беріліп қойған ғимараттарды қайта сатып алу үшін қаржы іздестіруде. Ғи­марат жалға берілген жағдайда жал­ға алу шартының күші жойылатын уақытты күтуге тура келеді. Не болмаса шарттарды бұзудың заңды жолдарына жүгіну керек. Осы тұрғыдан келгенде, биылғы жылы 1300 орындық бұрынғы бес ба­лабақша ғимараты толығынан және 150 орындық екі ғимарат ішінара қайтарылады деп көзделуде. Сонымен қатар, қазіргі кезде Алматыда 1200 орындық алты жаңа балабақша салынуда. Және биыл 1200 орындық тағы бес балабақ­шаның құрылысы жоспарланған. Бүгінде 240 орындық 4 мектепке дей­інгі жаңа жеке меншік мекеме­лер қатарға қосылуға сақадай сай тұр десе, биыл жеке кәсіпкерлер бұған қосымша 600 орындық он балабақша салуды жоспарлап отыр. Осы арада жаңа жыл қарсаңында 50 орындық “Айгөлек” атты бала бақшаның және “Әдемі” бүлдіршін қыздарға арналған дайындық мектебінің пайдалануға берілгенін айта кетсек дейміз. Сондай-ақ мегаполистің құры­лыс жүріп жатқан тұрғын үй ке­шен­дерінде мектепке дейінгі ба­лалар мекемелерін орналастырудың басқа да мүмкіндіктері молынан қарастырылуда. Осындай кешендер қатарынан 1000 баланы орналас­ты­ру­ға болатын 14 ғимарат анықтал­ды. Мұндай балабақшалар негізінен жаңа құрылыстардың бірінші қабаттарында орнығып, тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымымен үйлесіп, біте қайнасып кетпек. Бұл жағ­дайда жеке меншік балабақша­ла­рының жұмысын реттестіретін өртке қарсы және санитарлық нор­малар мәселелерін Үкімет деңгей­інде шешуді де ұмытпаған абзал. Өткен жылдың қаңтар айында Елбасы бастамасымен құрылған Ала­тау ауданында жаңа №161 бала­бақшасы ашылғаны бәріміздің есімізде. Бұл қуаныштың бір ғана өкініші, ол соңғы жиырма жылда оң­түстік астанада ашылған мектеп­ке дейінгі жалғыз мекеме.

Осынау балабақша “Шаңырақ” шағын ау­данында орналасып, 120 бүлдіршін­ге есептеліп салынған. Ғимараттың жал­пы алаңы 1800 шаршы метр. Мұн­да оқу тәрбие жұмысы мемле­­кеттік тілде жүргізіледі. Балабақша бес топқа бөлінген, онда асхана, му­зыка залы, медицина кабинеті бар. Қазіргі кезде жалпы жиыны 700 орындық балабақшалар құрылысы­ның алты жобасы барша құжатта­масымен қоса толығынан әзір тұр. Қаржы көзі табыла салысымен олардың құрылысы да дереу басталып кетпек. Осылайша, тікелей желідегі тап­сырмаға жауап ретінде құрылыс қар­қыны жеделдетіле түсіп, Алма­тыдағы балабақша зәрушілігінің түйткілдері таяудағы үш жыл ішінде түпкілікті шешіледі деп пайымдалуда.

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

 

Жылдың жылы сөзі ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА...

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты. Өткен жылдың өзекті сәттері аз бол­ған жоқ. Дағдарыстың жегі желі талай қиыншылықтар туғызды. Оның сыр­тын­да Этносаралық және конфессия­аралық келісімді, азаматтық бірлікті қамтамасыз ету Қазақстан дамуының, елдің әлеу­меттік-экономикалық, саяси жаңғы­руының маңызды шарты болып табы­латыны айқындала түсті. Қазақ “төртеу түгел болса төбедегі келеді” деген қағиданы жан-жүрегімен ұғынған халық. Заманалардың көш-ке­руені бүгінгі күнге жетегін сындырмай, шылбырын үзбей әкелген біздің ел мынау аламан уақыттың ұлы көшінде өз орнын табуға бел буған. “Мен қазақпын, бақытты, байтақ елмін, Қайта тудым өмірге қайта келдім – деп Жұбан ақын жырлағандай, қазақтың бақытты шағы жұлдыз боп жанып, көгімізде күн болып жарқырады. Әрине, бақыттың үлкені — Тәуелсіздік.

Адамзат баласы үшін одан қасиетті, одан қастерлі ұғым жоқ. Қобыздың пернесінде, домбыраның шанағында күңіреніп сан ғасыр көңілімізге нұр, жанымызға жыр сыйлаған осы бір киелі ұғым бүгін біздің жанымызға жақсылық сыйлайды. Өз басым қызмет бабымен ел ішінде көбірек жүремін. Сонда ұққан ақиқатым, Сарыарқаның қазағы да арман мақсаты бес саусақтай жұмылған бір қазақ. Қазақ атаулының жаны жақсылыққа жайылған. Алдағы жылдан не күтесің дегенде жұмыссыз жастардың, тәнін сатқан қыздардың жай-күйі мазалайды. Бұл аз болса да қоғамда бар көріністер. Сол жастар аспаннан түскен жоқ. Біріміздің қарындасымыз, біріміздің қызымыз дегендей...

...Мұқым қайғы, Таяз бақыт, Күз қала, Сықырлайды аяз уақыт сыздана, Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп Қап арқалап бара жатыр қыз бала – деп жазыппын ертеректегі бір өлеңімде. Қызы қылықты, ұлы ұлықты елдің баласы болғанға не жетсін! Өткен қыста Мәскеуге іссапармен екі мәрте жолым түсті. Сонда көргенім, көршілес қырғыз, тәжік, өзбектің жастары көшедегі қара жұмыстардың бәрін атқарады екен. Көше сыпырып, қар күреп жүрген қазақ баласы жоқ. Кезіккендері ғылым-білім қуып жүргендер. Бүгінгі әлем ақыл-ой аламанын ғана мойындайды. Жаһанданудың алапат тасқынының астында қалып қоймау үшін білімің мен білігің сай болуы керек. Қазақта “Ескі ай есіркесін, жаңа ай жарылқасын” деген көне тілек бар. Жарықтық ауылдың қарттары ай жаңарған сайын айтып отырушы еді. Иә, үмітін үкілеп, арманын асқақтатқан елдің ертеңінен күтері көп. Тәуелсіздікпен бірге келген сәулелі жаңалықтар көзімізді қарықтырмай, Алаш баласын әппақ нұрлардың ішінен көруге жазсын.

 

ӘР БАЛАНЫҢ ӨЗ НЕСІБЕСІ БАР:

Тәрбие СМАҒҰЛОВА, көп балалы ана. Егемен елімізде ана мен балаға деген қамқорлық жыл сайын жақсарып келеді. Соның жарқын бір көрінісі – барыс жылынан бастап алты бала тауып, аман-есен өсірген ана “Күміс алқа”, жеті ба­ла­­сы бар ана “Алтын алқа” иегері ата­на­ды. Бұл қанша құрметтесең де артық ет­пейтін аналар үшін мемлекет тарапы­нан жасалған үлкен қамқорлық. Бұл демо­гра­фиялық ахуалдың жақсаруы мен ұлты­мыз­дың өсіп-өркендеуіне алғышарт қалайды. Мен бес ұл-қыз өсіріп отырған көп балалы ана­мын. Ұлымды 1984 жылы, қыздарымды тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерде дүниеге әкелдім. Дегенмен, “әр баланың өз несібесі бар” дегендей, соған қарамастан, олардың бәрінің балабақшаға, мектепке барып, қатарларынан кем болмауына тырыстық. Оған қоса отағасым заң қызметкері, ол кезде Алматыдағы жоғары оқу орнында сырттай оқып жүрді. Бүгінде ұлым Арман Жалмұханов әке жолын қуып, тергеуші болып жүр. Қыздарым Әлия, Айнагүл, Айнұр – студент, кенжеміз Айгүл мектеп оқушысы. Өзім 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін аяқтағаннан кейін Батыс Қазақстан облыстық “Орал өңірі” газетіне жолдамамен келген едім. Еңбек ете жүре жүріп, тұрмыс құрдым. Сонда да журналистік мамандығымнан қол үзбедім. Қызмет барысында Ақжайық өңірінің түкпір-түкпірін аралап, тағдыры қызық қаншама адаммен кездестім, қаламымның күшімен кейбір жанға қамқор болған кез де болды. Өзіме жақын әлеуметтік мәселелер, гендерлік саясат, ана мен бала құқығын қорғау және басқа да тақырыптарда жазған еңбектерім еленіп, талай рет республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атандым. Шығармашылық жолда үш кітап құрастырып, үш-төрт жинаққа әңгіме-новеллаларым енді. 2002 жылы өзімнің қырық бес жасқа, ҚазМУ-ды бітірген курстастарыммен кездесудің 20 жылдығына арнап 1 мың метр биіктіктен парашютпен секіріп, “көктен түс­кен әріптес” атандым. Мұның бәрін жазып отыр­ға­ным, көп бала – ата-ана үшін мақтаныш, қуаныш. Мен көп балалы анамын деп ешқашан өмірдің сыйынан құр қал­ған емеспін. Менің өрлеуіме ең алдымен отбасы иесі Жұ­ма­ғали Сапашұлы мен балаларым жол ашып, қолдап отыр­ды. Содан кейінгі ризашылығымды тоқсан жылдан астам тарихы бар, ұйымшыл ұжымым – “Орал өңірі” газетіне арнаймын. Биыл құдай қаласа, көп балалы ана ретінде зейнет демалысына шығамын ба деп отырмын. Меніңше, көп балалы аналар үшін мұндай қамқорлықтың орны ерекше. Сөзімнің соңында, биылғы барыс жылы әр отбасына құт ала келсін, елімізде бесік тербетер аналар одан әрі көбейіп, әр шаңырақтан сәби үні естілсін деген тілек айтамын. Орал.

 

ӘЛЕУМЕТКЕ ТЫҢДАТАДЫ БИЛІГІН:

Қорғанбек АМАНЖОЛ. Бір ғажайып келді жаңа жыл тағы, Жанымызды жыл шуағы жылытады. Әлди, әлди, жас балақан Жаңа жыл – Уақыт деген ұлы патша ұрпағы. Тереземе салып өрнек қырау гүл, Келді, міне, ағыл-тегіл жырау жыл. Сәби жылды бесігінде тербеткен Көңілдерге түспесінші қылау бір. Ұбақ-шұбақ ұлы көші уақыттың, Жаңа жылым – жарқыраған жаһұтым. Жаңа жылым, сыйла бізге қуаныш, Татыр бізге балдай дәмін бақыттың! Достар, достар! Тағы да бір жыл жаңа. Қадам басты ұрлана да нұрлана. Жүректерде лүпілдейді жас үміт, Ашылады, шашылады бүр жаңа. Жаңа жылым, жұмбақсың-ау. Кім білсін?! Күміс күлкі, хрустальдай сыңғырсың. Көкіректе арман толы күмбірсің. Жаңа жылым жаз көңілмен жайнатып, Жас сұлудай шаттандырып күлдірсін. Жаңа жылдың шапағатты нұр таңы, Достар, бізге құшақ жайып тұр тағы. Артық болсын бір несібе, бір ырыс, Биік болсын ән самғауы, жыр тағы. Табыс та бар, шүкір, Алла, тұрмыс бар, Жамандыққа бола берсін кім құштар? Жаңа жылда жақсылықтың мерейі Тым құрыса үстем тұрсын бір мысқал. Жаңа жылда басқа бақыт іздемен. Өз Отаным, өз үйімде – түзде емен. Адал болсақ жылдың ақша қарындай, Махаббат та, мархабат та бізбенен. Өздеріңде, достар, барлық жақсылық, Көздеріңде ұшқындаған жақсы үміт. Жаңа жылда желбіретіп жалаудай, Жақсылықты көтерейік бас қылып. Барыс жылы биік тұғыр, би жылым, Тосып тұр-ау алдан алқа сыйлығың. Нар қазағым Еуропада көкке өрлеп, Әлеуметке тыңдатады билігін. Қане, достар, көтерейік иықты, Аңсайықшы қыран самғар биікті! Құт дарытар Қыдыр ата сияқты, Сәлем саған, Жаңа жылым сүйікті!..

Алматы.