09 Тамыз, 2011

Тұтастық тұғыры

681 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Ғалымдардың айтуынша, бүгінде дүние жүзінде бес мыңнан астам ұлт бар көрінеді. Алайда соның баршасы өзінің ұлттық ділін, болмысын, келбетін сақтап қалған деп айта алмайсың. Себебі, екі жүзден астам ұлттың ғана өз мемлекеттілігі бар, бұған қоса шамамен жетпіс шақты ұлт өз алдына мемлекеті болмаса да санының көп­ті­гімен өзінің дара келбетін сақтауға мүмкіндік алған. Сонда қазір шамамен екі жүз жетпістей ұлт өзіндік дара­лы­ғын сақтай алады екен. Қалғандары бірте-бірте мемлекет құ­рушы халықтың немесе саны көп ұлт­тың арасына сіңіп, ассимиляцияға түседі. Ассимиляцияға түсудің ең басты себебі, олардың тілінің айтарлық­тай дең­гей­де саяси, әлеу­мет­тік, мәдени, ғы­лыми, ақ­па­рат­тық қызмет ат­қара алмауында. Тілді сақтайтын, дамытатын мұндай қыз­метті мемлекеттік немесе ресми мәртебесі бар тілдер ғана толық атқара алады. Мәсе­лен, Қытайдағы маньчжур хал­қы­ның саны 10,6 млн. Демек, ол Австрия, Чехия, Болгария сияқты Еуро­па­дағы белгілі мемлекеттер халқының санынан артық. Алайда маньчжур тілі Қытай Халық Республикасында қытай тілі сияқты немесе ұлттық автономиясы бар ұйғыр тілі сияқты мемлекеттік немесе аймақтық мәртебеге ие емес. Сон­дық­тан ол тілдің дамуы тіпті неғай­был. Сол сияқты Пәкстанда 23 миллионнан астам синдх, 13 миллионнан астам мухаджир халқы тұрады. Алайда олардың тілі мемлекеттік тіл емес. Әлемде мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Қазіргі дамыған қо­ғам­да, жаһан­да­ну дәуірінде тілді сақ­тайтын ең басты қорғаныш оның саяси мәртебесі және сол тілде ұлт азамат­тарының сөйлеуі, әсіресе жас ұрпақтың өзінің ана тілін білуі. Жалпы, қай ұлт болса да өзінің ұлттық болмысын сақтауға тырысады. Ұлтты сақтау үшін ең алдымен тілін сақ­тауға күш салады. Себебі, ұлттың да­ралығын көрсететін негізгі нышан – тіл. Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет өзінің саяси бағытын, экономика­лық-әлеуметтік жүйесін қалыптастыру­мен бірге, мемлекеттілігін сақтау әрі жетілдіру, мемлекеттің ішкі рухани ахуалын дұрыстау үшін кешегі отар­шыл­дықтың зардаптарынан арылуы қажет. Мұны ғылымда отарсыздану (де­колонизация) саясаты дейді. Бұл жөнінде батыстың белгілі саясат­тану­шыларының бірі Э.Том­сон: «Отар­шыл­дыққа түскен ел отар­лық қамыт­тан құтылғаннан кейін міндетті түрде отарсыздануы керек. Отар­шылдардың өздері елден кетсе де, олардың көлеңкесі қалады. Отар­шыл­дық – азаттық алған елдің барлық са­ласында төбе көрсетіп отырады. Саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен «ұлттық сана» көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады. Оның өзгеріссіз қалуы – ең алдымен тілінде көрінеді», – депті. Бұл терең пікір бүгінгі қазақ ұлтының басындағы халді айнытпай дәл танытады. Осы оқымыс­ты­ның сөзі бүгінгі тілдік ахуалы­мыз­дың мәселесін аңғартып тұр. Өйткені, балаларымызды мемлекеттік тілдегі мектепке бермеуіміздің түпкі себебі са­намызда әлі де отарлық психоло­гияның орын алуында. Біз елімізге атау беріп отырған ұлттың тіліне, дәстүріне, мәде­ниетіне неғұрлым тез бұрылсақ, соғұр­лым тезірек отарлық санадан арыламыз. Өзімізге белгілі, біздің еліміздің өз алдына тәуелсіздік алып саяси субъект ретінде өмір сүріп келе жатқанына би­ыл жиырма жыл толып отыр. Дегенмен осы жылдар ішінде мемлекетіміздің басты тілі – қазақ тілі өзінің саяси мәртебесіне толық ие болды деп айта аламыз ба?! Әлбетте, империялық, ке­ңестік саясаттың қыспағынан шыққан халқымыз сияқты, тіліміздің де аз уақытта толық мәртебесіне жетуі оңай­шы­лықпен бола қоймайтындығы түсі­нік­ті. Десек те, тіліміздің толық мәр­те­беге жетуінің іргетасы кешеден, бү­гін­нен бастап нық әрі сенімді қалануы тиіс. Ең алдымен қазақ баласы Отанын­да, атамекенінде, тәуелсіз елінде ана тіліндегі мектепке баруы тиіс. Бұған еш­қандай сылтауға көнбейтін ақи­қат ретінде қара­ға­нымыз жөн. Қазақ бала­сының қа­зақ мектебіне баруына қазіргі таңда барлық жағдай жасалған. Тіпті, қазағы басым оңтүс­тік, батыс өңірлерді айтпағанның өзін­де, Қостанай, Павлодар, Петропавл қа­ла­ларында қазақ мектептері көптеп ашылуда. Қазақстанда білім беру мәсе­лесі толық шешілген. Мектеп бітірген соң қазақ тілінде оқуды жалғастырам десеңіз, қазақ тілді бөлімдері бар колледждер мен университеттер жетерлік. Алайда, әлі күнге дейін өздері жары­тып өзге тілді білмейтін қандастары­мыз­дың балала­рын орыс тілді мектепке жетектеп апарып жүргенін көз көріп жүр. Бұл бірлі-жарым жәйт емес, олар­дың қата­ры ондаған, тіпті жүздеген мың десем, қателеспеген болар едім. Әрине, бұл мемлекеттік тіліміздің, қазақ тілінің толық дамуына өзінің салқынын тигізуде. Осы орайда ата-аналар мықтап ойлануы қажет. Баласы мектеп жасына келгенде әрбір ата-ана баласы үшін қазақ мектебін таңдауы тиіс. Қазақ тілі бүгін болмаса да, күні ер­тең нағыз мемлекеттік тілге айналары сөзсіз. Сол кезде егер балаңыз орыс мектебін бітірген болса, еркін қызмет істей алмауы мүмкін. Қазақ тілі толық салтанат құратын ондай күн алыс емес. Қазірдің өзінде елімізде қазақтың саны жетпіс пайызға жуықтады. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында: «Біз­дің міндетіміз – 2017 жылға қарай мем­­лекеттік тілді білетін қазақстан­дықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жыл­дан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шы­ға­тын болады. Ол үшін біз бәрін де жа­сап жатырмыз», – деген болатын. Ел­ба­сының бұл сөзінен балаларын мектепке енді беретін ата-аналар өздеріне сабақ алуы керек. Кешегі кеңестік заманда жақсы өмір сүріп, жоғары білім алу үшін орыс тілі қаншалықты қажет болса, енді белгілі бір жетістіктерге жету үшін қазақ тілі соншалықты қажет болмақ. Баласын өзге тілде оқытатын мектепке беріп отырған ата-ана, әлбетте, Қазақстанда мемлекеттік тілдің кең қанат жайып кететініне сенімсіз. Содан да баласының өзге тілде оқығанын дұрыс көреді. Сондықтан да олар қазақ тілінің емес, өзге тілдің тілеуін тілейді. Олар өздерінің бұл әрекетін әр түрлі сылтаулармен ақтағысы келеді. Олар­дың алдымен айтатыны – Қазақстанда қазақ мектебінің деңгейі орыс мектебінен төмен. Сондықтан, өз ұрпағының ерекше білімді болуы үшін өзге тілде оқытатын мектепке беріп отыр-мыс. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ мектебін орыс мектебімен салыстыруға болмай­ды. Егер салыстыра қалғанның өзінде қазақ мектебінің сапалық деңгейі орыс мек­­тебінің деңгейінен артық болмаса, кем емес. Мысалы, 2008-2009 оқу жы­лын­да «Алтын белгі» алған оқу­шы­лар саны – 73. Оның ішінде қазақ мек­теп­терінің оқушылары басым көпші­лікке ие болып 61 «Алтын белгіні» иеленді. Осы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытын­дылары бойынша ең жоғары 123 балдық нәтиже алған № 38 қазақ мектеп-лицейі. 2009-2010 оқу жылы «Алтын белгі» алғандардың жалпы саны 81 болса, оның 61-і қазақ сынып­тары­ның оқушы­ла­ры. Осы нәтижелердің өзі қазақ мек­теп­терінің алда екендігін көрсетпей ме?! Елімізде қазақ мектептерінің жай-күйі жақсаруы үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда. Елбасының бұған ерекше мән беретіндігін баршамыз жақ­сы білеміз. Президент Н.Назар­баев­тың қазақ мектептеріне айрықша мән беруі, Астанадағы қазақ мектеп­те­рі­нің ашылу салтанатына арнайы кеп қаты­суы – көп нәрсені аңғартса керек. Президенттің осы қадамын баласын өзге тілде оқытатын мектепке беріп отыр­­ған ата-ананың түсінетін уақыты әл­деқашан жетті. Мәселенің бір қыры осы. Екіншіден, егер баланың ата-ана­сы өзінің туған тіліндегі оқу орда­сы­нан қашып, өзге тілдегі мектепті қолай көр­се, онда қазақ мектебі сапа жағы­нан да, сан жағынан да қалай дамы­мақ? Иван Грозный мен Петр біріншіні мадақ­тайтын орыс мектебіне баласын берген ата-ана ұрпағын отансүй­гіш­тік­ке қалай тәрбиелемек?! Ол бала қазақ фольк­лоры­ның қайнарынан да, қазақ­тың терең ойы мен көркем сөзінен де мүлде тыс қалмай ма? Туған халқының шы­найы қасиеттерінен тыс қалған азамат тәрбиелеуді саналы түрде таңдаған ата-ана туралы не айтуға болады? Иә, бала­сын туған халқының рухани дү­ние­сінен бейхабар еткісі келетін ата-ана­ның санасы өзге елдің идеоло­гия­сына шыр­мал­ғанын, баласын да соған итермелеп отырғанын көргенде тіпті не айта­рыңды білмейсің. Өзің сөз тап­паған соң, данышпан М.Әуезовке жү­гі­ніп көрелік. «Кімде-кім қазіргі уа­қыт­та ана тілін, өзінің әдебиетін сый­ла­маса, бағаламаса, оны сауатты, мәде­ниетті адам деп атау­ға болмайды», – депті ол кісі. Ал неміс халқының ең ақылды, ең данышпан ұлдарының бірі Георг Вильгельм Фридрих Гегель: «Білімділіктің ең басты факторы – туған тілінде сөйлеу мен сый­лаудан баста­ла­ды» десе, орыс халқының ұлы өкілі Иван Тургенев туған тілі орыс тілі дегенде ет жүрегі езіліп: «О, ұлағатты, құдіретті, шыншыл да еркін орыстың тілі. Отанымның тағдырын ойлап, қинала күрсінген күндерімде де, көңіл­ді күдік жайлаған күндерде де маған сүйеу, таяныш-тірек болған жалғыз ғана өзіңсің!», – деп тебіренеді. Сіз ана тіліңіз – қазақ тілі туралы осылай айта алар ма едіңіз?! Алла тағала адамды жаратқанда оны бір ұлттың адамы етіп жаратады. Яғни, сіздің де, сізден туған баланың да қазақ болуы Жаратқан Иеміздің жарлығы. Бәріміз пендеміз, тағды­ры­мыз құдіреті күшті, мейірімі шексіз Алла тағаланың қолында. Сондықтан, сіз әуелгі жараты­лы­сыңыздан айнып, қанша тырбан­са­ңыз да қазақ болып қаласыз. Ал қазақ болу деген сөз – ең алдымен сол қазаққа тән дініңізді, діліңізді, тіліңізді сақтау деген сөз. Бұл Алла алдындағы да, ұлт алдындағы да міндетіңіз һәм бұлжымай орындалуға тиісті парызыңыз. Енді сіз осы па­рыз­ды орындау үшін не істеп отырсыз? Біріншіден, балаңызды ана тілінен ал­шақ­татып отырсыз. Сөйтіп, балаңыз­дың тілін өзгерту арқылы оның діліне де нұқсан келтірдіңіз. Өзге тілде оқы­ған бала дәстүрлі қазақ тәрбиесінен жы­рақ қалып, екіұдай тәрбие көріп, еш­теңеге қанық болмай шығады. Ол ол ма, мұндай бала өз балаларын да өзге ұлттың мектебіне береді. Сөйтіп, сіздің тұтас әулетіңіз күндердің күнінде орыс­танып шыға келеді. Мұндай адамның мұсылман дініне де бұрыла қоюы екіталай. Әлемдегі барша дамыған халықтар сияқты қазақтың да дамуға, ілгерілеуге қақысы да, мүмкіндігі де бар. Адамзат баласы ғасырлар бойы бір-бірімен тәжі­рибе алмасып, селбесіп өмір сүріп келеді. Осы жолда бірінің жақсысын бірі алады. Бүкіл әлемге үлгі болатын дара ұлт жоқ. Әлемдік қауымдастық осындай бірлігімен күшті. Енді егемендік алып жатқан қазақ баласы да өзгелер жеткен межеге жетер, өзгелер бағындырған биіктерді алар. Өркениетті дүниенің есігі ағылшынға да, қазаққа да ашық. Қазақ оған өзге ұлттың бетпердесін жамылып, сө­зін сөйлеп емес, өзінің болмысымен-ақ ене алады. Қазақ өзінің ұлттық әлеуе­тін тауыспаған, моралдық-этикалық ерек­ше болмысын сақтап отырған, бергенінен берері көп дарынды халық. Сон­дықтан қазақ мектебінің де келешегі кемел. Әдетте өз баласын өзге тілдегі мектепке беретін ата-аналармен сөйлессе­ңіз, олар өзінің осы әрекетін ақтау үшін ылғи себеп пен сылтау іздейді. Соның бірі – оқулық жайы. Яғни, қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың са­па­­сы­ның төмендігі. Енді осы топта­ғы­лардың сапалы деп отырған орыс тіліндегі оқу­лықтарына келейік. Мәселен, орыс тілді тарих оқулықтарында сіздің жеріңізге басқыншылық жасаған орыс патшалары мен батырлары мақталады. Ермак сияқ­ты қазақты қырғынға ұшы­рат­қан баскесерлер орыс тарихында жақсы етіп көр­сетіледі. Орыс тілді мектепте оқыған қа­зақ баласы бұған сәбилік сезіммен сенеді. Өйткені, тарихи шын­дықты айтқан қа­зақ оқулықтарын оқуға мүмкіндігі шек­теулі. Олай болатыны ата-анасы оның туған тарихын тануға мүмкіндігін шектеп, өз тілінде емес, өзге тілде оқытып отыр. Қандай да болмасын жас мемлекет тәуелсіздік алғаннан кейін кешегі отарлық зардаптарынан тезірек арылу­ға күш салады, соның амалдарын ой­лас­ты­ра­ды. Ұмытыла бастаған та­рихын тү­ген­дейді, дәстүрін оралтады, мәдение­тін жаңғыртады. Бұл мемлекеттік, жал­пы­халықтық ұлық іске сол елдің барша азаматтары аянбай атса­лысуы қажет. Әсіресе, мемлекетке атау берген ұлт өкіл­дері бұл шарада алдарына жан сал­мауы шарт. Иә, болашақты ойлау үшін ақыл, еңбекпен бірге намыс керек. Кә­дімгі ұлттық, азаматтық намыс. Намыс ерік пен жігерден шығады. Ендеше, қа­зақ тілінің бүгінгі тағдыры қазақтың, мына сіздердің қолдарыңызда Елба­сы­мыз айтқандай, Өзіміз ана тілімізде сөй­лемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шын­дап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Жерінің аумағы жағынан әлемде ал­дың­ғы қатардан көрінетін Қазақстан­ның жерін даңқты бабаларымыз, айбын­ды аталарымыз білектің күші, найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасатымен, даналығымен, өзінің қазақы табиғатын ұстанумен, өзінің халықтық рухани қал­пының үйлесімімен сақтап келген. Дінін ұстанған, өз тілінде сөйлеген, дәс­түрін ардақтаған. Бесік жырын ана тілінде айтқан, ұл-қызына ұлттық тәрбие берген. Алаш көсемі, Ахмет Байтұрсын­ұлы: «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қу­ғын­шы» деп еді. Тәуелсіздіктің тізгіні өз қолымызға тигенде, енді бейнебір жанкешті қуғыншыдай жоғалтқан нәр­се­міздің бәрін тауып, жоғымызды тү­гендеп, асылымызды танып, ел болып ардақтауға асығуымыз керек. Тәуел­сіздігіміздің жиырма жылдығында әрбір қазақ азаматы, әрбір қазақ­стандық азамат елдік мұраттарымызға бұрылып, әсіресе, ұрпағының бо­лашағын мықтап ойлағаны жөн, ағайын! Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы.