Қарабура Әз Әулие есімі Қызылорда қаласындағы көшеге берілді
Қазақ халқының тарихында соңына өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар мен әулиелер аз болмаған. Солардың бірі және бірегейі-Қарабура әулие.
Жақында түркі тектес халықтардың ортақ мақтанышы, тарихи тұлға Қарабура әулиені мәңгі есте қалдыру мен ұрпақтарға ұлағат ету мақсатында Қызылорда қаласында оған көше есімі берілді. Көшеге Қарабураның ескерткіш тақтасы орнатылды. Осы рәсімге еліміздің түкпір-түкпірінен иін тіресе жиналған қауым Қарабура жайлы аңыз болып жүрген әңгімелер айтып, еліміз тәуелсіздік алғалы тарихи тұлғаларды қайта тірілту мақсатында Елбасының тікелей нұсқауымен атқарылып жатқан ауқымды істерге ризашылықтарын білдірді.
Сөз орайы келгенде текті тұлға Қарабура әз әулие жайлы бізге түскен деректерге жүгініп, сәл шегініс жасалық.
Қарабура 1104 жылы Нұр ата төңірегіндегі Қызылша деген жерде дүниеге келген. Қарабура Арыстан баптың дарынды шәкірттерінің бірі болған. Ол Қожа Ахмет Ясауимен бірге Бұхарадағы атақты ғұлама Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде білім алады. Медресені бітіргеннен кейін Қарабураны ел басқару ісіне үйрету мақсатында әкесі шақырып алады. Әкесі өлгеннен кейін ол Боғыра хандығының тағына отырады. Бірде тақтың үстінде отырғанда үйдің төбесінде адамның жүргенін байқап: “Үйдің төбесінде не істеп жүрсің?”–деп сұраса, төбедегі дауыс: “Түйе іздеп жүрмін” –дейді. “Үйдің төбесінен түйе іздей ме?”–десе, төбедегі: “Сенің тақтың үстінде тойып алып Алланы іздегенің үйдің төбесінен түйе іздегеннен де есуастық. Егер Алланы шын іздесең, Қарабураға мініп, Алла жолына түс, мақсатыңа жетесің”, – деп ғайып болады.
Қарабура содан кейін сопылық жолды таңдайды. Қожа Ахмет Ясауи сияқты сопылық ағымды дамытуға көп еңбек сіңіреді. Ол кісінің дүниетанымы мен өмірлік философиясы Қожа Ахмет Ясауимен үндес шығып, олар бірін-бірі қолдап отырады, құрметтейді. Сондықтан болар, қайтыс болар алдында жаназасын шығаруды Қарабура әулиеге сеніп тапсырады.
Қожа Ахмет әулие көз жұмарында ғұламаларды, шәкірттерін қылуетке шақырып алып: “Мен өлемін, жаназа намазымды қазақ халқының перзенті, тақаратсыз жер баспаған, үйіне бала-шағасының бір күнге жететін нәпақасынан артық ешнәрсе апармаған, бар өмірін мешітке арқалап отын тасумен өткізген Тама Бура шығарады”, –деп тапсырады. “Мен сені ақыреттік дүниеге шығарып салармын, мені кім аттандырар екен?” –деп күбірлеген екен жарықтық Қарабура әулие. Бұл Қарабураның өз заманындағы орны мен беделіне айғақ.
Қарабураның әулие атануы бір ғана қазақ елі емес, күллі түркі дүниесі мойындарлық рухани пір саналуы, атадан балаға осы уақытқа дейін жетуі, оның үлкен құдірет иесі екенін білдіреді.
Қарабураның әулиелілігі туралы аңыз болып кеткен әңгімелер өте көп. Бақтияр Сманов өзінің “Қарабура әулие” деген еңбегінде Түркияға сапары кезінде ол елдің зиялылар қоғамының төрағасы атақты ғалым Нефзат Ялшынташпен кездесіп, әңгіме үстінде қазақ топырағында жатқан барша иісі мұсылман қауымның, қала берді бүкіл зиялы адамзат баласының өркендеп дамуында көрнекті орын алатын қастерлі тұлғалар: ұлы бабаларымыз Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ысқақ баб, Баба түкті Шашты Әзіз, Қарабура секілді әулиелердің есімдерін атағанда ол орнынан тұрып қолымызды алып:
–Бұл айтқандарыңның барлығы бүкіл түркі дүниесінің Әулиелері, біздің ұлы әруақтарымыз, рухани байлықтарымыз емес пе?–деген еді дейді. Міне, Қарабура әулиені бүкіл түркі дүниесі мойындаған деуімізге әбден болады. Демек, Қарабура әулие түркі тектес халықтардың көрнекті мемлекет қайраткері, Орталық Азия ислам дінінің орнығуына елеулі үлес қосқан, әрі әулиелігін күні бүгінге дейін ұрпақтары, барша қазақ халқы пір тұтқан тұлға деуімізге толық негіз бар.
Қарабура әулие Созақ жерінде мәңгілік дамылдап жатыр. Оған 1997 жылы Сарыарқа акционерлік қоғамының президенті Құрал Ержановтың қамқорлығымен, көрнекті ғалым Әбдірахман Омбаевтың басшылығымен зәулім кесене салынды. Қазіргі күнде Қарабура әулие кесенесі халқымызды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу орталығына айналуда. Оның зиратына келіп, Аллаға жалбарынып, тілеген тілектерінің қабыл болуына ден қоюшылар қатары күн өткен сайын арта түсуде.
Қорыта айтар болсақ, Орталық Азияда ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткен Қарабура әулие Бурахан атаның тарихымызда алар орны ерекше. Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің шаңырақ көтеріп, ірге бекітіп нығаюына Қарабура белсенділікпен атсалысқан. Әсіресе, Сахарада ислам дінін уағыздап орнықтыруда Қожа Ахмет Ясауи мен Қарабура тізе қосып, қажыр-қайрат, мақсат-мүдделерін ортақтастырған.
Қарабура әулие ұрпақтары туралы бір-екі ауыз айта кеткен дұрыс шығар. Қарабура әулие мен Батымадан тарайтын бізге белгілі ұрпақтары: Қозы-Тегін, Әмбар бибі мен Бегім ана. “Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады” демекші, бұлардың барлығы да қазақ халқы құрметтеген, әулие тұтқан асыл жандар. Қозы-Тегіннен әзірге дерек жоқ.
Әмбар бибі Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Хакім ата Бақырғаниға тұрмысқа шыққан. Әмбар бибінің сұлулығымен қатар, ақылдылығы көріпкел әулиелілігі де болған. Хакім ата мен Әмбар бибіден Мұхаммед Қожа, Асқар Қожа, Хубби Қожа мен Айша бибі туады. Бұлардың барлығы да атақты адамдар екені белгілі.
Қазақ халқының әруақ тұтқан аналарының бірі – Қарабураның туған жиені, “Қыз әулие” атанып кеткен Айша бибі. Ал Әмбар бибі Хакім ата Бақырғаниды дүние салғаннан кейін түбі араб Зеңгі атаға екінші рет тұрмысқа шыққан. Қарабура әз әулиенің екінші қызы – Бегім сұлу ақылына көркі сай, парасаты мол қыз болыпты. Осындай қасиеттерінің ақылдылығы, адал, таза, қасиетті дарындылығы арқасында Бегім ана аталады.
Әмбар бибі Ташкентке жақын жердегі Зеңгі ата қыстағында жерленген. Сағанасы сонда салынған. Ал Бегім ана сағанасы Қазалы ауданының жерінде.
...Сонымен, Қызылорда қаласында Қарабура көшесі мен ескерткіш тақтасы ашылып, кейінгі ұрпаққа ұлағат етіп табысталды. Көше ашылу рәсімінен соң Қарабура әз әулие рухына бағышталып құран оқылып, ас берілді.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
ӨНЕР
“Жауапкершілікті сезінген адам ғана жеңіске жетеді” дейді дирижер Алан БӨРІБАЕВ
Көптен күткен 2010 жылға да қадам басқалы оншақты күннің жүзі болды. Жауапкершілігі мол 2010 жылдан Қазақ елінің күтері көп. Әлемнің саяси картасынан жер көлемі бойынша алғашқы тоғыздықтың қатарындағы тәуелсіз Қазақстан үшін үлкен сын болатын, алайда жемісі мол, өзінің әлем алдындағы саяси беделіне үлкен ықпалын тигізетін жылды Қазақ елінің де, Қазақстанды іштей де, сырттай да бақылап отырған басқа мемлекеттердің де тағатсыздана күткені рас. Иә, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі – біз үшін үлкен сын ғана емес екендігін, сондай-ақ зор абырой, үлкен жетістік екендігін бәріміз де жақсы білеміз. Әрине, мұндай қуаныш Қазақ елінің пәк көңілі, ақ пейіліне Алланың беріп отырған ізгі несібесі, ырыздығы десек, саяси мәні жоғары, ел мәртебесі үшін атқарылып жатқан шаралар ұзағынан сүйіндірсін деп тілейміз.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бір жыл көлемінде Еуропа халқы Қазақстанның тек қана саяси басқарушылық қабілетімен ғана емес, қазақ халқының тарихы, өнері, мәдениеті, салт-дәстүрімен де етене таныс болатыны хақ. Әрине, осыған дейін де біздің рухани әлеміміз өзгелерге кеңінен танымал болатын. Ғылым, өнер, мәдениет, спорт салаларындағы майталмандардың еңбектерінің арқасында көп елдер Қазақстанды таныды, білді. Ендігі кезектегі мақсатымыз – елдің елдігін көрсететін сәтті дұрыс пайдаланып, әлем тарихына, болашақ ұрпақтың санасына алтын әріптермен жазылатын күндердің санын көбейту.
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне байланысты 13 қаңтар күні Австрия астанасы Венада еліміздің бір топ өнер шеберлері концерт береді. Біз Венаға аттанғалы отырған осы өнер ұжымдарын елордадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында соңғы дайындықтарын пысықтап жатқан тұста жолықтырдық. Қазақ өнер шеберлері Австрия астанасы Венадағы Ховбург пен Габсбург император сарайында концерттік қойылымды Еуропа жұртшылығының назарына ұсынбақ. Өнер шеберлерінің қатарында Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен Президент оркестрі, сондай-ақ талантты, жас дирижер Алан Бөрібаев бастаған Ескендір Хасанғалиев, Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы, Айгүл Қосанова сынды есімдері елге кеңінен танымал әншілер мен музыканттар да бар көрінеді.
Қызу жүріп жатқан дайындықтың арасындағы үзіліс уақытын пайдаланып, жастығына қарамай әлем жұртшылығына кеңінен танылып үлгерген талантты музыкант Алан Бөрібаевты әңгімеге тартқанбыз.
– Әрине, дәл қазір сіз үшін әрбір сәттің қымбат екенін білеміз. Дегенмен, сәл тыныс алған үзілістегі сәтіңізді пайдаланып, бірер сұраққа жауап беруіңізді өтінсек деп едік. Олай болса, ең алдымен жұртшылықты Венада өтетін концерттің бағдарламасымен қысқаша таныстыра кетсеңіз.
– Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы біз үшін үлкен жетістік деп білемін. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз еліміздің әлемдегі саяси салмағын көрсетсе, алдағы концертті де саяси шара деп білемін. Сондықтан бар ерік-жігерімізді салып, көрермендердің көңілінен шығуға тырысамыз. Оркестрдің сүйемелдеуімен алдымен әлемдік классиктердің шығармалары орындалады. Таңдау – Моцарттың қырқыншы симфониясына түсті. Бұл кездейсоқтық емес. Зальцбургте кіндік қаны тамған ұлы музыкант, қайталанбас тұлғаны Австрия халқы пір тұтады. Отандық ұжымның Дунай сахнасына апарар басты кәдесі – ұлт мақтанышы ұлы Жұбановтың туындылары. Бұл қазақ әуенін төрткүл әлем танып, ұлт мәдениеті туралы естіп-білсін деген ниеттен туып отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қазақ мәдениетін де әлемге паш етуге таптырмайтын мүмкіндік. Концертте халық композиторларының, сонымен қатар, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамидидің шығармаларын орындаймыз. Әрине, концерттік бағдарламаның бәрін жіпке тізіп айтып беру мүмкін емес. Алайда негізгілері осылар. Жалпы, концерт арқылы жат жұрт біздің мәдениетімізді тани түседі. Бір айта кететін жәйт, бұл сапарға еліміздің ең таңдаулы орындаушылары ғана барады. Оның ішінде опера және балет те назардан тыс қалған жоқ. Елімізде талантты жастар өсіп келеді. Мәселен, Венаға бара жатқан біздің топтағы әнші, әртістердің басым көпшілігі жастар. Бұл да үлкен мақтаныш қой!
– Әлгінде дайындық залына кірген бетте бұл жер бізге тым салқын сияқты көрініп еді. Алайда, сіздердің өнерлеріңізді тамашалай келе зал іші бейне жылынып сала бергендей.
– Әрине, өз шығармашылығымды мақтаудан аулақпын. Алайда біздің өнеріміз сіздерге осындай әсер етіп жатса, бұған қуанатынымыз анық қой! Өнер құдіреті дегеніміз де осы (күліп). Вена мен үшін, жалпы өнер адамы үшін таңсық қала болмауы керек. Өнердің терең тарихы да осы Вена қаласымен тығыз байланысты. Бұған Вена университетінде тәжірибеден өткен кезімде көзім анық жетті. Венаға бара жатқан осы жолғы сапарымды, бір жағынан, Венаға, өнерді тереңге бойлатқан ұлы қалаға беріп жатқан шығармашылық жетістігімнің бастауы деп те түсінемін. Жалпы, алдағы концерттен барлығымыздың күтеріміз көп. Өнер шеберлерінің барлығы да өз мойнындағы жауапкершілікті сезінеді деген ойдамын. Өйткені, жауапкершілікті сезінген адам ғана жеңіске жетеді. Бұл – өмірдің бізге үйреткен ең басты сабағы.
– Бұл сапар сіз үшін несімен қымбат?
– Өз Отанымның азаматы болғандықтан, әрине, біріншіден, елім үшін қуанамын әрі мақтанамын. Өсіп келе жатқан жастарға қарап, шыны керек, кәдімгідей шаттанады екенсің. Өзіміздің ұлттық болмысымызға тән, ұлттық бояуы аңқып тұрған өнерді басшылыққа ала отырып, басқа да әлемдік деңгейдегі ұлы классиктердің туындыларына да көңіл бөлсе, өнердің таразысын тең ұстаса, алар асуы әлі алда деп тұжырымдауға болады. Өсіп келе жатқан жастар да дәл осы заңдылықты басшылыққа алары сөзсіз.
Өнер шеберімен бірер сәт ішінде осылайша ғана тілдесіп үлгердік. Әңгіме барысында Аланның маңдайынан тепшіп шыққан терді де байқап қалдық. Өнер шеберлеріне сәт сапар тілеген біз талантты дирижермен болашақта да жүздесіп, әңгіменің өрісін кеңейтіп, көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алармыз деген ойдамыз.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.