17 Тамыз, 2011

«Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер»

1167 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
ХАДИСТІҢ ОСЫ СӨЗІ ОЙДА ТҰРУҒА ТИІС Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің ха­лық­аралық орталығының діни орталықтарды зерттеу бөлімінің бастығы, ясауитанушы Айнұр ӘБДІРӘ­СІЛ­ҚЫ­ЗЫ­МЕН газет тілшісінің әңгі­ме­сінде қоғамда бүгінгі таңда ойландырып отырған бірқатар мәсе­ле­лер ортаға салынады. – Ясауитанушы ретінде сізбен әңгімемізді Ясауи іліміне қатысты сауалдан бастағымыз келіп отыр. Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаев үсті­міз­дегі жылдың наурыз айында Түркі­с­танда өткен кездесуінде: «Біз Қожа Ахмет Ясауи ілімін алып жүруіміз қажет», деп атап көрсетті. Ясауи ілімінің ұлтымыздың, мемлекетті­лі­гіміздің тарихындағы маңызы қандай? – Ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады. Бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден тұратын азаматтық тарих, ал екіншісі – ұлттың идеоло­гия­лық бағдарын орнықтыру жолында жа­сал­ған рухани тарих. Біздің аза­мат­тық тарихымыз көптеген іргелі зерттеулерге арқау болды. Жеткілікті түрде назар ау­дарылмай келе жатқан үлкен бір бағыт біздің рухани тарихымыз дер едік. Қазақ халқының тарихында ұлттық-мемлекеттік идеология дәрежесіне көте­рілген біртұтас ілімдерді жасаған даңқ­ты тұлғалар болды. Ұлтымыздың бол­мысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген осындай ілімдердің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи ілімі. Ясауи ілімін бірыңғай діни-мисти­ка­лық ілім ретінде бағалау орынды емес. Ясауи ілімі – ең алдымен рухани-мо­ральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Ясауи жасаған ілім өз бас­тауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықта­рынан алады. Қожа Ахмет Ясауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қо­ры­тып, оны ислам дінінің қағидалары­мен үйлестіріп, біртұтас ілімге айнал­дыр­ды. Ол өз ілімінің барлық қағидал­а­рын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Ясауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі рөлін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрі­ніс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүр­ле­рі­нен, жыр-аңыздары мен мақал-мә­телдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыла­ры­нан айқын аңғарамыз. Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерек­шеліктерінің берік сақталуына Ясауи ілімі тікелей әсер етті деп біз сеніммен айта аламыз. Соңғы кездері айтылып жүрген: «Қытай халқы үшін Конфуций ілімінің мәні қандай болса, Қазақстан қоғамы үшін Ясауи ілімінің маңызы да сондай ерекше», деген пікір осындай келелі ойлардан түйінделген тұжырым. – Ясауи ілімі өзге рухани ілімдерден несімен ерекшеленеді? Оның ұлттық ұстанымдарымызбен қабысатын тұс­тарына тоқталсаңыз. – Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Ясауи жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды. Ол өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді. «Жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да арлы бол» деген қазақ халқы да осы ілімді жан-жүрегімен қабылдаған. Ясауи ілімінің негізгі ұстанымда­ры­ның бірі – толеранттылық. «Бөгде дін өкіліне де азар бермеу – Пайғамбар сүннеті» («Сүннет ерміш кафир олса берма азар») деп жазған Ясауи кез келген дін өкіліне құрметпен қарауды насихат еткен. «Адамзаттың бәрін сүй бауы­рым деп» деген Абай сөздері де осы ақи­қатқа тіреледі. Ясауи іліміндегі «Адам адамға құл емес, Аллаға ғана құл» деген ұстаным да адам баласының бәріне бірдей қарауға, ешкімді кемсітпеу­ге, өзін де өзгелер алдында төмен санамауға міндеттейді. Бұл қағида бүкіл қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. Халқымыз бұл қағиданы: «Еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес, шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес» деген ұстаныммен түйіндеген. Ясауи ілімі ағартушылыққа, ғылым-білімге шақырады. Ясауи: «Адамды ақи­қатқа жеткізетін бірден-бір жол – ғылым жолы» деп жазған. Ясауи ең­бектерінде ғылымға ұмтылу, надандық­тан қашу мәселелері жиі көтеріледі, шынайы ғалымдар ерекше құрметте­ле­ді. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Ақыл – азбайтын тон, білім – таусылмайтын кен», «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деп мақалдаған ұлтымыздың ұстанымдары да осы қағидалардан қиыс кетпейді. Ясауи ілімінде «Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету» деген ұстаным бар. Бұл қағида қоғамға адал қызмет етуді насихаттайды, отаншылдыққа, елді сүю­ге, бауырмалдық пен жанашыр­лық­қа, өзара құрмет пен сыйластыққа тәр­биелейді. Осы бір қағида өзгеге қол­ұшын беруге қашанда құлшынып тұра­тын біздің халқымыздың болмысына сің­ген деуге болады. «Өз үйінде ою ой­мағанның кісі үйінде сырмақ сыраты­ны» да осыдан болса керек. Қожа Ахмет Ясауи көшпелі түркі халықтарының ағайындық, бауырмал­дық сезімдерді басты орынға қоятын ізгі дүниетанымымен, туыстық қатынас­тарға негізделген рулық-тайпалық құ­ры­лымымен етене таныс болған. Ясауи ілімінің осындай ерекшеліктері жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ қа­уымындағы әйелдер мен қыздарды хиджаб пен пәренжі киюден қорғауға бір себеп болды. Ясауи ілімінде қонақжайлық дәстүрі адамды рухани кемелдікке бастайтын ерекше дәстүр саналады. Ясауи ілімін таратушылар барған жерлерінде «суфра тұту», яғни «дастарқан жаю» дәстүрін ұстанған. Көпшілікке, келімді-кетімді жолаушыларға арнап жайылған дастар­қан басындағы сұхбатқа рухани ілім иесі – Қызыр келіп қатысады деп санал­ған. Қазақ халқының «Қонақ келсе, Қыдыр келеді», «Қырықтың бірі – Қы­дыр» деген мақалдары осы дәстүрден туындаған. Осындай қағидалар арқылы Ясауи ілімі халықтың болмысына сіңіп, қазақ дүниетанымының, ұлт ментали­тетінің негізіне айналды. Дұрысы, Ясауи өз ілімі арқылы тарих тереңінен бастау алатын ұлт құндылықтарын ислами сүзгіден өткізіп берді. Біз Ясауи ілімін ұлтымыздың рухани тарихының тағылымды тәжірибесі ретінде қабылдауға тиіспіз. Қазақ халқы ислам діні аясында ұлт болып қалып­тасса, қазақы исламның бітім-болмысы, қазақ мұсылмандығы Ясауи ілімі арқылы қалыптасты. – Ясауи ілімінің тарихи рөлі талас тудырмайды. Ал қазіргі қоғам үшін ол несімен маңызды? Бұл ілімді бүгінгі күннің кәдесіне асыратын тетіктер жөнінде қандай ой айтар едіңіз? – Ясауи ілімі тек тарихи рөл атқарып қана қойған жоқ. Бұл ілімде қазіргі қоғамға қажетті идеологиялық ұстаным­дардың барлығының негізі қаланған. Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Ясауи ілімінде кө­рініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастау­ла­рындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешулерінде ұлтты ұйыстыра білген Ясауи ілімі қазіргі қазақ қоға­мына да рухани бағдар болмақ. Тамы­рын туған топырағымыздан алатын, ұлт­тық болмысымыз бен ділімізге етене жақын Ясауи ілімін бүгінгі Қазақстан мемлекетінің идеологиялық тұғырнама­сы ретінде орнықтыруға барлық негіздер бар. Ясауи ілімін ел игілігіне жаратып, ақыл-ойының өзегіне айналдыратын тетіктерді жүйелі, мақсатты түрде жүзеге асырсақ, ұтарымыз көп болмақ. Ең ал­дымен Ясауи ілімі өзінің кең мазмұн­дылығымен қазіргі өскелең буынның рухани сұраныстарын жан-жақты қана­ғаттандыра алатынын ескеруіміз керек. Аталмыш ілімнің негізгі қағидаларын заманауи өмірге бейімдеп қайта жаң­ғыр­ту арқылы қазіргі қазақ қоғамын­дағы көптеген рухани проблемалардың алдын алуға болады. Бұл, әсіресе, идео­логиялық бос кеңістікті жаппай толты­рып жатқан экстремистік жат ағымдар мен деструктивті діни қозғалыстар идео­логиясының ықпалын сөзсіз төмендетеді. Осы орайда алғашқы кезекте Ясауи еңбектерін аудару, жариялау, қайта жариялау жұмыстарын жүзеге асыру қажет. Оның шығармашылығы поэзия­лық туындылардан, яғни хикметтерден ғана тұрмайды. Ясауи ілімінің негіздерін танытатын «Жүректің айнасы», «Па­қырнама» секілді трактаттар да шәкірт­тері арқылы хатқа түскен ақынның өз шығармалары болып табылады. Соңғы кездері ғалымдар Оның «Рисала-и дәр әдәби тариқат» атты еңбегін ғылыми айналымға қосты. Ясауидің ататегіне қа­тысты шежірелер мен оның шәкірт­терінің еңбектерінде де осы ілімнің негіздерін танытатын тағылымды дүние­лер мол. Аталған еңбектердің барлығын аудару, қайта жариялау, Ясауи ілімі мен шығармашылығына қатысты отандық және шетелдік ғалымдардың таңдамалы зерттеулерінің жинағын жарыққа шыға­ру, жаңа танымдық басылымдардың жа­рық көруіне, таралуына жағдай туғызу қажет. Түркістан қаласында жиі өткізіліп, дәстүрге айналып үлгерген «Ясауитану» байқауына, «Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен шығармашылығын зерттеудің өзек­ті мәселелері» атты ғылыми-тәжіри­бе­лік конференцияға қолдау көрсету, «Ясауи әлемі» деген атпен жарық көріп отырған ғылыми-көпшілік, тарихи-та­ным­дық журналдың таралымын көбей­ту керек. Ясауи ілімін халыққа кеңінен таратып, түсіндіру үшін бұқаралық ақ­парат құралдарында арнайы айдарлар, бағдарламалар ашуға болады. Жоғары оқу орындарында Ясауи атындағы ар­найы шәкіртақы, руханият саласына ең­бек сіңіргендерге оның атындағы сый­лық тағайындаған жөн. Халқымыздың рухани мәдениетінің барлық саласында терең із қалдырған Ясауи ілімін зерттеу ұлтымыздың түп негізін тану болып табылады. Ясауитану ілімі – қазақтану, түркітану ілімі. Ясауи ілімі тарихи дәуірлерде түбі бір түркі халықтарын ортақ дүниетанымға ұйыстыра білді. Қазіргі татар, түркімен, қарақалпақ, қырғыз, түрік халықтары­ның қазақ жұртымен рухани тұтастығы – аталған халықтарға да Ясауи ілімінің кеңінен тарағандығының нәтижесі. Сон­дықтан Ясауи ілімінің бүгінгі әлемдік қоғамдастықта түркі халықтарын ынты­мақтастырушы басты факторға айнала алатынын да ұмытпауға тиіспіз. Осы бағыттарда арнаулы ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, кең көлемде жұмыс жүргізу қажет. – Енді осы айтылған мәселелерге соңғы кездері жиі ауызға алынып жүр­ген «дәстүрлі ислам» деген түсінік тұ­р­ғ­ысынан көз салсақ. Жалпы, дәс­түр­лі исламның қазақ даласындағы та­рихи негіздері қандай? – «Дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» деген ұғымдардың негізсіз еместігіне дәлел бола алатын екі қайнар көз бар: біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылман­дық­қа негіз болған бірегей ілімдер қалып­тастырған ұлтымыздың көрнекті тұл­ға­ла­рының еңбектері; екіншісі – халқы­мыздың діни танымын, рухани құнды­лық­тары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары (ауызша шежірелер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар). Бірінші салаға кеңірек тоқталсақ, қазақ даласында сонау Әбу Насыр Әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесі бар. Саналы ғұмырын араб жерінде өт­кіз­генімен, Әл-Фараби – түркі топыра­ғының түлегі, сол топырақта дүниеге келген ілімдердің дамытушысы. Атақты Отырар кітапханасы орнаған өңірде туып-өскен ғалымның барлық рухани және дүнияуи ілімдердің бастауынан ту­ған өлкесінде сусындағаны, негізгі көз­қа­растарын өз отанында қалыпта­стыр­ға­ны анық. Туған топырақтан алған тә­лімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұш­тас­тырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет» («тәңірлік даналық») ілімінің негізін салды. Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр Әл-Фа­ра­бидің даңқты отандасы – Жүсіп Бала­са­ғұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Ясауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Осы ілімнің негізгі қағидалары Ясауи­дің жоғарыда сөз етілген еңбектерінде көрініс тапты. Ясауи танымдық мекте­бі­нің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық ойшыл қа­ламгерлер туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орнық­қан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін екі қағида құрады деуге болады: біріншісі – ұлттық құндылықтар мен отан­шылдық қағидаларды қорғау; екіншісі – ислам шариғатына құрметпен қа­рай отырып, ары қарай дамыту. Осындай орныққан көзқарастар қа­зақ жыраулар поэзиясы арқылы ХІХ ға­сырдағы ірі ақындық мектепке жалғас­ты. Сол ақындық мектептің көрнекті өкі­лі Абайдың діни көзқарастарын жи­нақтаған «Қарасөздері» де қазақ то­пырағындағы біртұтас рухани ілімдер мен орныққан көзқарастар жүйесінің заң­ды жалғасы болып табылады. Ыбы­рай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты», Мәшһүр-Жү­сіп Көпейұлы мен Ғұмар Қараштың ту­ындылары дәстүрлі қазақы мұсылман­дық қағидалары негізінде дүниеге келген. Кеңестік кезеңде өмір сүрген ірі дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани өзінің діни еңбектеріне қазақ жерінде жазылған «Файзул арифин» туындысын негіз еткен. С.Ғылманидің «Дін педагогикасы», «Құран туралы жала мен өтіріктерге қар­сы», «Махмұд Шалтут тафсирінің ау­д­армасы» атты еңбектері өз кезеңі үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де аса маңызды (өкінішке қарай, аталған еңбектер әлі қолжазба күйінде жатыр). Жалпы алғанда, дәстүрлі исламды, дәстүрлі қазақ мұсылмандығын біз хал­қы­мыздың дүниетанымында ежелден негізі қаланған, ғасырлар бойы қолда­ныс­та болған, заманалар сынынан сү­рін­бей өткен рухани қағидалар мен ілімдер негізінде танимыз. «Дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» түсінігінің аясында ұл­ты­мыздың біртұтас рухани тәжіри­бесі толығымен қамтылады деп білген жөн. – Осы ұлттық болмысымызбен үй­­лесім тапқан дәстүрлі исламды дамы­ту­дың қандай жолдары бар? – Дәстүрлі ислам насихатын күшей­ту­дегі маңызды тетіктердің бірі – стра­те­гия­лық зерттеулерді жүзеге асыру. Мұндай зерттеулердің бір бөлігі ретроспективті сипатта жүргізілуі тиіс. Бұл біз жоғарыда атап көрсеткен мәселе­лер­ден туындайды. Яғни, қазақы болмысқа тән бірегей рухани ілімдер қалыптас­тыр­ған ұлтымыздың көрнекті тұлғала­ры­ның еңбектері мен халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтарын танытатын ауызекі шығармашылық мұ­ра­лары (шежірелер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар) дін­танулық зерттеулер негізіне айналуға тиіс. Бұған дейін аталған мұралар көбіне тарихи, филологиялық, мәде­ни­ет­танулық, философиялық зерттеулер нысаны ретінде қарастырылды. Теоло­гия­лық және дінтанулық тұрғыдан біршама талданғанымен, бұл мұралар қа­зақы мұсылмандық көзқарас, дәстүрлі ислам қағидалары тұрғысынан мүлде дерлік зерттелген жоқ. Ендігі кезекте осы бағыттағы зерттеулерді жолға қой­ып, рухани-діни мұраларымызды толық игеруге, «дәстүрлі ислам» түсінігін ғы­лыми тұрғыдан орнықтыруға күш салу қажет. Дәстүрлі исламды дамытудағы екінші бір бағыт баспа жұмыстарымен бай­ланысты болмақ. Жоғарыда аталған Әбу Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Йүгінеки еңбектерін, Хусамеддин Сығнақи, Жамал әл-Қарши секілді ортағасырлық ойшылдар туындыларын, Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген діндар ақындар мен тарихшы ғалымдар еңбектерін, Шағатай кезеңінің төл тарихымызбен, танымымызбен тамырлас туындыларын аудару және жариялау жұмыстарын жүзеге асыру қажет. Діни мазмұндағы еңбектерді қайта жариялау барысында әдеби шығарма­лар­ға да назар аударған жөн. Қазақ ақ­ын-жазушылары дін тақырыбын үнемі назарда ұстап, діни-этикалық ойларын, дін-ислам жөніндегі негізгі таным-тү­сініктерін әдеби туындылар арқылы жеткізіп отырған. Ұлтымыздың ағарту­шы-ұстаздары ретінде танылған ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ қаламгерлері шығармашылығын қайта қарап, олар­дың дін мәселелеріне арналған таң­дау­лы әдеби туындыларын іріктеп, екі том­дық ретінде құрастырып шығаруға то­лық негіз бар. Сондай-ақ, халқымыздың ислами түсініктерінің қалыптасуында ма­ңызды рөл атқарған ислам ғұламала­ры­ның, соның ішінде ханафи мазхабын­дағы дін ғалымдарының, ортағасырлық және заманауи дін қайраткерлерінің еңбектерін аудару, жариялау және қайта жариялау мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Үшінші бағыт ретінде отандық зай­ырлы және діни білім беру жүйесінің барлық деңгейіне «Ұлттану» пәні мен «Абайтану» курсын енгізуді ұсынар едік. «Ұлттану» курсының оқу бағдар­ла­масы біз жоғарыда айтып өткен дәс­түр­лі қазақ мұсылмандығына негіз бол­ған дерек көздері мен соларға қатысты зерттеулерге сүйеніп жасалуы қажет. Бұл бағыттағы оқу-хрестоматиялық материалдар қазірдің өзінде кемінде үш сыныптық немесе курстық бағдарла­ма­ны түзуге толығымен жеткілікті. Бола­шақта жаңа аудармалар, басылымдар мен зерттеулер негізінде оқу бағдар­ла­масын үздіксіз толықтырып отыру керек. Бұл пән арқылы қазақстандық білімгерлер ең алдымен туған топырақта қалыптасқан дүниетаныммен, соның іш­інде діни таныммен тереңірек таны­су­ға, ұлттық рухани ілімдерді қалыптас­тырған ғұламалар еңбектерін зерттеп, білуге, қазақ тарихының көркем шежіресі болған ауызекі туындылар арқылы халқымыздың діни танымын жақыны­рақ тануға, қазақ әдет-ғұрып, салт-дәс­түрлерінің ислам қағидаларымен табиғи үйлесімін танып-білуге мүмкіндік ала­ды. Бұл өз кезегінде дәстүрлі исламның қазақы негіздерін тану арқылы діни кадрлардың біліктілігін арттыруға, адас­қан ағымдар мен жат идеологияларға қарсы насихат жұмыстарын жаңа са­палық деңгейге көтеруге жол ашады. Ал «Абайтану» курсын отандық білім беру жүйесінің барлық деңгейінде бір курстық бағдарлама ретінде енгізуге болар еді. Абайдың «Қарасөздеріне» тек бір автордың ой-толғамдарын ғана білдіретін дербес туынды ретінде емес, өзіне дейінгі қазақ топырағындағы бү­кіл рухани-діни тәжірибені жинақтаған, ғасырлар бойы қалыптасқан, қорытыл­ған бірегей ілімді ХІХ ғасыр кемең­ге­рі­нің ой көрігінен, сана сүзгісінен өткізіп, іріктеп берген танымдық мәні зор ту­ынды ретінде қараған жөн. «Абайтану» курсын зайырлы оқу орындарының оқу бағдарламасына «Ұлттану» пәнінің құ­рам­дас бөлігі ретінде енгізуге де болады. – Дәстүрлі ислам жайлы сөз қоз­ғалғанда қазіргі ислами ағымдар ту­ра­лы да айтпай кету мүмкін емес тә­різ­ді. Еліміздегі радикалды ислам ағым­да­рының ең кең таралғаны – уаххабилік туралы және одан келетін қауіп-қатер бар-жоғы жайында айтып өтсеңіз. – Радикалды көзқарастың өзі ислам­ға тән емес нәрсе. Дегенмен, радикалды идеологияны ұстанушылар өз көзқа­рас­тарын ислам негіздерінен таратады. Салафилер, уаххабилер (жихадшылар), так­фирші-хижратшылар, мадхалилер, су­рурилер секілді радикалды бағыттар XIV ғасырда Сауд Арабиясында Ибн Таймия негізін қалаған «таза ислам» ұстанымы жайлы салафилік көзқарас­тар­ды ұстанушылар болып табылады. ХVІІІ ғасырдан бастап бұл идеологияны саудиялық Мұхаммад ибн Абд әл-Уах­хаб дамытты. Салафилік ағым өкілдері өздерін Пайғамбар дәуіріндегідей таза исламды ұстанып жүрміз деп есептейді, өз ұстанымдарынан басқа барлық көз­қа­растарды теріске шығарады, исламның өз заңдылықтарынан туындап жатқан жаңашылдықтарды қабылдамайды. Құ­ран мен Суннада көрсетілмеген кез келген құбылысты, соның ішінде мазхабпен жүруді де «бидғат» деп санайды. Құран мен Сунна тура мағынасында қа­былдануы керек, оларға салыстырмалы түсіндірме беруге болмайды деп есептейді. Осындай қасаң көзқарастардың салдарынан салафилер мазхаб ұстану­ды, мазхаб ғұламаларының еңбектерін жоққа шығарады, «дәстүрлі ислам» тү­сінігін, ұлттық дүниетаным ерекшелік­терін терістейді. Көптеген ұлттық дәс­түрлерді «бидғат» деп, оны ұстанушы­лар­ды «бидғатшы», «мүшрик» деп қа­былдайды. Олар «ұлт» деген ұғым мен құндылықты есепке алмайды, өз көз­қарастарына ортақ болғандарды ғана «мұсылман бауырлар» деп санайды. Такфирилер өз жамағатының мүше­ле­рінен басқа барлық адамдарды кәпір­лер (дінсіздер) деп санайды, қоғамнан оқшауланып, сол қоғамға қарсы қарулы көтеріліске дейін барады. Такфирилер үшін «Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен олар­дың үкімдерін разылықпен қабылдай­тын жұрт – кәпір. Оларды кәпір демейтін дін ғалымдары да кәпір». Құран Кәрімнен басқа ислам тарихының мұсылмандар үшін ешқандай мәні жоқ, ислам ғұламаларының сөздерінің, тафсир және ақаид кітаптарының ешбір құндылығы жоқ деп есептейді. Жинақтай айтқанда, радикалды ағым өкілдері сенім мәселесінде шектен шық­қан көзқарастарды, ымырасыз пікірлерді ұстанады, сол арқылы ислам­ның ең мәмілегер дін ретіндегі бол­мы­сына көлеңке түсіреді. Бұл жағдай Пайғамбарымыздың: «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен, өкініште қалған», деген хадисін еске салады. «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық...» деген қасиетті Құран Кәрім­нің аяты да бар. Ал шектен шыққан көзқарастарды ұстанатын идеологиялық ағымның кез келген көрінісі ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, ұлт тұтастығына, мемлекет тұрақтылығына, дәстүрлі діни құндылықтарға үлкен қатер төндіреді – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.