06 Қаңтар, 2010

ҚҰБЫЛЫС

4335 рет
көрсетілді
47 мин
оқу үшін
Заманымыздың заңғар ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлімен әңгіме Қазақ әдебиетінің киелі әлемінде қазірде әрбір қазақ үшін қадірменді Қадыр ақын есімінің орнығып, жасап келе жатқанына жарты ғасыр бедерінен асып барады. Ендігі жерде әрі көптен бері-ақ ұлттық поэзиямызды осынау ғажайып ақынның тұтас дәуір көшіне батпандаған жүк боларлық қазыналы дүние-мүкәммәлінсіз көзге елестету қиын болса бір сәрі ғой, мүлдем мүмкін емес дер едік. Осы сирек феноменнің сыры неде?.. деген сұраққа кезінде “Егемен Қазақ­стан­ның” бетінде “Жиырмасыншы ғасыр жырлайды” атты авторлық антология аясында жарық көрген ақын жырларына кіріспе мақалада жауап берілді деп ойлаймыз. Соған жүгінсек, шын мәнінде де “...жиырмасыншы жүзжылдық­тың қазақ поэзиясына бергені не деген сауалға басқалардан да, тап осы Қадыр жырлары жақсы жауап қайтара алады. Ғарасат ғасырдың ғаламат катаклизмдері – отызыншы жылдар ойраны, сұрапыл соғыс, жеңістен кейінгі желпініс, тоқырау тұсы, желтоқсан желі мен тәуелсіздік тәуекелі ақын жүрегін бірде жырлатып, бірде жы­рып жатты, осының бәріне оның туабітті ше­шендігі мен көсемдігі, айтқыштығы мен алғыр­лы­ғы, аса қуатты интеллекті, ұлан-ғайыр білімі, ең бастысы – азаматтығы қосылғанда біздің көз алдымызға Қадыр атты құбылыс келеді. Қадыр тұрпаттас таланттар, қанша жерден кең десеңіз де, әдебиет әлеміне сыйып кете алмайды. Қадыр – ұлттық сана-сезімге сіңген суреткерлер санатынан. Халық сөзі Қадыр сөзімен астасып кеткеніне де көп болды”. Айтары жоқ, әділ баға. Сонымен бірге, осындағы “Қазақтың қадірін білу үшін қазақтың Қадырын білу керек. Халқымыздың қадыр-қа­сие­тін дәл Қадыр Мырза Әлідей жеткізе жыр­ла­ған ақын сирек” деген уәжді тұжырымға келіс­песке әддіміз жоқ. Расында да, қазақ пен Қадыр жырларының жандары егіз екендігіне ел түгел қол қояды. Туған халқының мінезімен табиғи тұтасып кеткен ақын шығармашылығы бізге сол үшін де қымбат әрі құнды. Әсіресе, қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы жаңа ділі, заманға сай жаңғырған жан дүниесі өткен тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен жымдастырыла өріліп, Қадыр кітаптарында айшықты бейнеленді. Нақ осы тұрғыдан келгенде, прозада қазақ деген халықты әлемге алғаш Әуезов танытса, поэзияда қазақ­тың паспорты боларлық жауһар үлгілерді бір­тұ­тас болмыс-бітімімен, бүтін түзілімімен мақсатты түрде өрнектеп Қадыр Мырза Әлі жасады деп айтсақ, сірә, қателесе қоймаспыз. Ұлы ұстаздан жазмыш сыйындай аманат арқалаған Қадыр ақын қазірде өзі де ұлт ұстазы боларлық ұлан асуды алды, ұлт мұратына сай рухани әлем, тағылымды мектеп қалыптаған оның дара мінезді кітаптары нешеме буын ұрпақ­ты ана әлдиіне қосылып, тал бесіктен бастап тәр­биелеп келеді. Кез келген балалар әдебиетінің көшін бастауға, атасы болуға лайықты еңбекті елден ерек ерте қамдап үлгерген Қадыр үлкендер поэзиясына кешігіңкіреп келсе де салған жерден жарқ етіп көзге түсіп, өзінің қамал бұзар қабыр­ғалы дүниелерін алпысыншы жылдардың ортасы ауа бір деммен жазып тастап еді. Кешегі кер­медегі кеңес кезінде оның шырқыратып айтпаса да, орайын тауып, қапысыз қазақы айтқыш­тық­пен шым-шымдап айтқан шындығы қаталаған халық жүрегіне шөл далада сылдыраған шипалы бұлақтай жол тауып отырды. Қадыр өлеңдерінің ой орманы өміршең әуезбен толғады, тарихы кенен арғы-бергі дала дидарын көз алдымызға келтірді, замандастарының кеудесінде туған ел­дің бұлбұл бағын орнатты, шабытының дом­бырасын құйқылжыта күмбірлетті, ұлан-байтақ қазақ жерінің жерұйыққа парапар поэтикалық картасын жасады. Көркем суреткерліктің көк­жие­гін кеңіткен Қадыр ақын тұтас толағай тақы­рыптарды бірегей шабытпен жырлап, оқырманға құранды өлең жинағын емес, бір деммен балқытып құйылған бүтін туынды – өлең кітабын ұсынды. Соның бәрінде қазақ деген халықтың жан дүниесі жарқырап ашылды. Өзін әлі күнге жалқаумын, ұйқышылмын деп санайтын Қадыр ақынның барлық жылдардағы ғаламат өніктілігіне қайран қалғандайсыз. Азамат ретінде қайраткерлік көрсетіп, ел алдындағы перзенттік парызын өтеуді де ұмытпаған ол бү­гінде қырықтан астам жыр кітаптарының, әдеби-сын және балаларға арналған басылымдардың авторы. Қазір жиыны қалың-қалың 20 том болды. Бұл да әлем демесек те, қазақта бір де бір ақынның қолы жетпеген биік. Кезінде Қадыр аға 50 жасқа келгенде “Кең тыныс, кемел кезең” атты мақала жазыппыз. Бү­гін желкенін жетпістің бесеуінде желбіреткен қазақтың ақсақал ақыны Қадыр Мырза Әлі, ар­тық-кемі жоқ, баяғы дала данышпандарынша тол­ғайды. Кемелдіктен өтіп, кемеңгерлікке жет­кен абыз суреткер елдігін бірлеген, еңсесін тік­те­ген халқымен бірге Алашының алақанында. – Қадыр аға, әуелгі сөзді алғашқы қадам, алғашқы өлеңнен бастасақ қайтеді? – Алғашқы қадам дегенде есіме туған жерім, алыстағы ауылым Жымпиты түседі. Алашорда алғаш сонда ту тіккен. Өлеңті, Шідерті деген қос өрім өзені бар. Мұрат жырлайтын баяғы үш Қиянмен жалғас жатқан жерлер. Біздің зиялылар Алашорданы осы қалың қазақтың ішіне әкелген ғой. Ол кезде орыс қаласы деп Оралға да тоқтамаған. Олардың бүйтіп жүргені, Сырым Датов осы жерде көтеріліс жасап, патшаға 25 жыл қыр көрсеткен. Алаш арыстары сол атамыздың аруағы қолдасын деген болу керек. Соғыстың ауыр жылдары. Қайран шешем! Анамызды аптасына бір рет көріп, көрмесек көрмейтінбіз. Ол мен ұйықтап жатқанда жұмысқа кетеді, мен ұйықтап жатқанда келеді. Демалыс болмайды. Осыған орай бір сөз, біз шекаралық аудандармыз ғой, сол кезде соғыстың өрті көрініп тұ­ра­тын. Сонда көшкен елмен бірге бір ат келді. Рысак. Дон жылқысы. Біз­дің Жымпитының қазақтарымен салыстырғанда анау демократияны көп көрген жылқы. Неге дейсің ғой? Сенбі күні кешке келгенде ат­ты доғарасың. Содан өріске ке­теді де, жексенбі күні ұстатпай қояды. Себебі, жексенбі – заңды демалыс. Бұл күні әке десең де жұмыс істе­мей­ді. Сосын дүйсенбіде жүген­ге мо­йынсұнып, кәдімгідей шұлғып келіп тұрады. Ал енді біздің шешелерімізде демалыс жоқ. Тек қана жауынды-шашынды күндері келіп, біздің кір-қоңымызды жуып, бірдеңе істеп кетеді. Міне, осындай өте ауыр жылдар болды. Жаңағы жылқы екеш жылқы құрлы қарсылық көрсете алмайды. Жылқының правосы бар демалуға. Ал әбден көнбіс болып басылып қалған қазақтың правосы жоқ. Соны көріп өстік. Мен мектепке соғыс бас­тал­ған жылы барғам. Латын жазуы алынып тас­талып, біз орыс әліпбиінен бастап оқыдық. Бірден кириллицаға көштік. Ешбір дайындықсыз. Бұл да зорлықпен келген дүние. Өйткені, бірін­ші­ден, соғыс басталып кетті. Сонша асықтыратындай не әкетіп барады? Екіншіден, жаңа жазуға көшер ал­дында тым құрыса оқулықтары шығу керек қой. Ол жоқ әлі. Сонымен, соғыс бітті. Бір күні бес жыл бойы жабық тұрған клуб ашылды. Бес жыл той-томалақ, ойын-сауық көрмеген жұрт клубқа ағылды. Ақтөбе жақтан бір топ өнерпаздар келіп концерт қойды. Сонда концерт деген сөздің өзін біреу білсе, біреу білмейді. Бір жігіт шығып “16 қыз” деген ән салды. Ғарифолла айтатын “16 қыз” емес. Одан басқа, 16 шумақ өлең. 16 қыз туралы. Бірінші қыз мынандай, екінші қыз анандай. Бәрін сипаттап шығады. Әуесқойдың шығарған нәрсесі болуы керек. Сол өлең маған қатты ұнады. Түнгі 11-лерде үйге келе сала, етбетімнен жатып, әлгінің әсерімен өзімше 16 жігіт туралы өлең жазбақшы болдым. Шамам алты шумаққа жетті. Келесі күні өлеңімді барлық балалар оқыды. Мұғалімдер көшіріп алды. Құдай салмасын, әлгі жерде бір-ақ күнде ақын атанып кеттім. Алғашқы өлең осы. Алтыншы сыныпта оқимын. 1946 жыл. Алты шумақ өлең. – Содан жазып кеттіңіз бе? – Жазғанда, пәлендей жаза қойған жоқпын, әрине. Жас бала не жазады? Бірақ бір ғажап нәрсе, әсіресе, сонан кейін мен кітап оқуға қатты мән бердім, қолға түскен барлық өлең кітаптарын түк қоймай оқыдым. Жымпитының сондағы кітап­ха­насы үлкен еді. Әлде, кітапқа құныққан маған солай көрінді ме екен? Алайда, оқыған өлеңдердің көбі маған ұнамайды. Артынан түсіндім. Ол өзі бір өлеңнің азған жылдары екен ғой. Жамбыл атамызға да көсемдерді жырлатып қояды. Кейін білсем, ол кісінің де мықты өлеңдерін кітабына мүлдем кіргізбепті ғой. Басқалардікін тіпті ұнатпаймын. Бірінші майға, жетінші ноябрьге арналған, сондай саяси өлеңдер. Сосын барлығы партия жасасын, Сталин жасасынмен аяқталады. Енді, ол өлең емес қой, шынын айтқанда. Содан кейін менің өлеңге қызығуым азайыңқырады. Бірақ мен кішкентай кезімде эпостарды, батырлар жырын жақсы оқыдым. Құдай-ау, ана Қыз Жібектің көштері, көз алдыңнан ағылып өтіп жатқан керемет бір сурет. Ер Тарғынның белі опырылып: “Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау, Бұл­ды­рап тұрған құрғыр тау...” деп күңіренуі. Сосын ана “Қобыландыдағы” Тайбурылдың шабысы: “Көлденең жатқан көк тасты, Тіктеп тиген тұяғы Саз балшықтай иледі” деп келетін. Фольклор ғой бізді тәрбиелеген. Сөйтіп жүріп мен прозаны жақсы көріп кеттім. Өйткені, әлем және орыс әдебиетінен аудармалар шықты. Бірте-бірте өзіміз­дің жазушылар көрінді. Бердібек Соқпақ­баев­тың “Он алты жасар чемпионы”, Мұқан Иман­жа­нов­тың “Алғашқы айлар” деген кітабы. Солар мені еліктірді. Содан мен өңшең повесть жазатын өнер шығардым. Өзім мектепте оқимын, интернатта жатамын. Осы Алматыға келгенде кәдімгідей 3-4 повесім болды. – Сол повестеріңіз қайда қазір? – Өртеп жібердім. Гогольдің “Өлі жандардың” екінші кітабын өртегеніндей. Ұлы жазушының сонысына өкініш білдіретіндер де бар. Ал мен өртегені дұрыс болған деп ойлаймын. Мастер ғой ол! Қаламынан не туғанын өзі білмеді деймісің? Біздің қазақтың да ұлыларының кейбір бітпей қалған, редакцияланбаған, елге етене танымал шедеврлерінен деңгейі төмен, осалдау дүниелерін шығарып жатыр. Ау, ана аруағыңнан айналып кетейін адамды қорлаудың бір түрі ғой бұл. Е, мақтап жүргені мынау ма дейді ғой. Өзі тірі болса, бәлкім, бұл қалпында ұсынбас та еді. Осында дұшпандық та болуы мүмкін. Сосын мен ойладым: ертең классик болып, өліп кетсем, мынаны да басып жіберер. Тәжірибесіз баланың жазған олақ шығармасы кімге керек? Сөйтіп, әлгі повестерімді алдым да өртеп жібердім. – Ал енді алғашқы қадамдар Алматыға келгесін, студенттік шақта қалай жалғасты? – Оқуға 1953 жылы түстім. Бір бөлмеде 20 бала жатамыз. Әңгіме жазбақ түгілі, басыңмен әлексің. Бірақ өмірдің сценарийі бөлек қой. Бізбен бірге Абдрахманов Махмұт деген ұйғыр жігіті оқыды. Старостамыз. Сол жігіт айтты: “Қадыр, жағда­йың­ды түсініп жүрмін. Жазғың келеді, жаза алмайсың. Жатақхананы тастап, пәтерге шықсақ қайтеді? Бала-шағалы бір ұйғыр әйелін білемін. Алған стипендиямызды беріп тұрсақ болды. Тамағын береді, жататын жері дайын”. Осында екі жыл тұрдық. Ол да біраз көмек болды жазуыма. Жатақ­хананың у-шуынан құтылдым. Оқимын, жазамын. Оқимын, тағы жазамын. Сабақты да жібермейміз. Бастаған кездегі жақсы жағы осы болды. Екі жыл уақытымды еркін пайдаланғаным. Білім болмай жақсы жазушы, жақсы ақын шығатыны бекер. Мұқағалидан естіген әңгімем еске түседі, соғыстың аш-құрсақ жылдарында биені еметінбіз дейді. Сұмдық сурет қой! Сол айтқандай, білімге шөлдеген біздер де кітапхананы кәдімгідей “саудық”. Кітапты тоқылған торқалтамен тол­тырып әкеліп, оқып болған соң қайта апарып тапсырамыз. Сөйтіп жүріп оқыдық. Екінші курста өлеңдерімді “Пионер” жур­на­лына алып бардым. Онда Мұзафар Әлімбаев деген ағамыз. Өлеңдерімді оқыды. Сол балаларға арналған өлеңдердің ішінде “Өлеңті” дейтін өлең бар болатын. Соны оқыды да: “Сен не, Пав­ло­дар­дансың ба?” деп сұрады. “Жоқ, Өлеңті дейтін өзен сіздің елде де, біздің елде де бар” дедім. Содан ол кісі әуелі солардың ішінен таңдап бір өлеңімді басып жіберді, сосын үлкен бір топтамамды д­а­йын­дады. Соның қаламақысына кәстөм-шалбар алып кигенмін. 1954 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ІІІ съезіне шақыру билетімен қатыстым. Сол съезге Шолохов келді, оны да көрдік. Мұза­фар Әлімбаев съезде сөйлеген сөзінде “Түл­кі­нің сыны” деген мысалымды келтіріп мақтады. Еш­кім­ге беймәлім Қадыр Мырзалиев деген жиырма жас­тағы жымпитылық студенттің аты әдебиет әлемінде алғаш осылай аталып еді. – Мұзағаң кескен екен ғой поэзиядағы тұсауыңызды? – Жас кезімде көп адамдардың жақсылығын көрдім. Еркеш Ибраһим, Жақан Смақов. Әрине, Мұзафар ағамыздың орны бөлек. Өзінен кейінгілерге қамқоршы, жақсы кісі. Қазір кішкене ауырыңқырайды. Бесінші курста оқып жүрген мені жаңадан ашылған “Балдырған” журналына алғаш жұмысқа алған да осы кісі. “Жетісу” газеті мен “Үгітші блокнотының” редакторлары оралдық болғандықтан, менің жерлестігімнен қорқып жұмысқа алмай, сабылып жүрсем, Мұзағаң бір жерден тауып алып телефон соқты: “Қадыр-ау, сен қайда жүрсің, мен саған приказ беріп қойдым ғой” дейді. Осындай да жағдай болған. “Балдырған” журналының поэзия бөлімі – алғашқы баспалдақтардың ол да бірі. Мәскеуден оқып келген Бердібек Соқпақбаевпен бірге істедім. 57-58-ші жылдар. Сол бір қызық дәурен еді. Бір айлық стипендияма группама той жасап үйлендім. Журналистика факультетінің мәшинке бюросы бар, сонда қолжазбамды өзім басып, Жазушылар одағына тапсырып қойғам ғой, сол алғашқы өлең жинағым 1959 жылы “Көктем” деген атпен шықты. Содан сара жолға түстік. Заманда кішкене өзгерістер бола бастады. Сол кездерде Джавахарлал Неру келді Алматыға. Мәртебелі мейманды көреміз деп көшеде қазақтар қаптап кетті. Нағыз демократтар ғой, сол Неру сөйлеген сөзінде: “Бұл республика емес, ең мықтағанда доминион. Мен мұнда ешқандай ұлт республикасын көрген жоқпын”, депті. Қазақтарға осы сөздердің шарапатты дүмпуі жетпей қалмады. Жан-жақтан халықаралық қысым болған шығар. Жүре-бара республика басшылығы қазақтанды. – Мұхтар Әуезовтен ақжолтай бата алуыңыз да осыларға жалғас жақсылық емес пе? – Мен ҚазМУ-де оқып жүргенде Еркеш Ибраһим университеттің әдебиет үйірмесінің жетекшісі қылып маған өзінің орнын беріп кеткен. Менен жетекшілікті Әбіш Кекілбаев қабылдап алды. Соның алдында “Жас қанат” және “Жырға сапар” деген жас ақындардың екі кітабы шықты. Мен “Жас қанатқа” кіре алмай қалдым. Сосын Ғафу Қайырбеков айтыпты, Қадырға өткенде обал болды, ендігісін соның өзінен бастайық депті. Ғафаң керемет ақын, сондай бір жаны таза қазақ болатын. Сол екі кітапты, бір жағы бізбен де ақылдасып, Әуезовпен кездесу өткізуді ізерлеп жүр­ген Әбіштер үлкен жазушының пікірін тыңдайық деп апарып береді. Ұлы Мұхаңмен кездесу күні де жетті. 1960 жылдың 26 желтоқсаны. Ол кезде “Балдырғанда” істеймін. Сенсең, жүрегім дауаламай, қорқа-қорқа бардым. Төрешің Мұхтар Әуезов болса, онша-мұнша әспеттеп жазып жүргендерің оған ұнамай қалса, мына ақын мынадай екен деп бір сынап жіберсе, өмірлік қара таңбаның басылғаны ғой. Мұхаң әуелі “Жас қанатқа” көбірек тоқталып, содан бірсыпыра авторларды атады. Тұманбайдан бастап Тілеген Шопашевқа дейін. Ал “Жырға сапар” кітабынан екі-үш жас ақынды ғана ауызға алып, мені мақтап өтті. Және менен мысал келтірді. Өзі бір шумақ қана жақсы өлең еді. Басқа ешкімнен мысал алған жоқ. Артынан “Лениншіл жас” осы кештің стенограммасын жариялады. Өлеңімді Әуезовтің мақтағанын айтады. Бірақ мысалға келтірген шумақты алып тастапты. Мұны іздеген адам енді Әуезовтің шығармалар жинағының 25-ші томынан табады. Ұлы ұстаз бізге сабақ берген. Ол өте ұқыпты адам еді. Сондықтан, мына ұмытылмас кездесуде менің атымды атай тұрып, маған байланысты бір-екі жағдай есіне түспеді деп айта алмаймын. Мені бұған дейін де біледі деп ойлайтын себебім, Әуезовтің 60 жылдығы тойланған тұста “Жетісу” газетінде жазушы жайлы пікірім шыққан. Студент оқырман ретінде. Артынан өзімізге сабақ берді. Бірақ Абай тақырыбында емес. Абайтану курсын бұл кезде қысқартып тастаған. Абайдың үстінен арыз болған ғой. Бұл қазақты қойсаңшы! Әуезов бізге туысқан халықтар әдебиетінен лекция оқыды. Мұның өзі аптасына бір-ақ рет. Академиялық екі-ақ сағат. Мұхаң келді. Келуі де бөлекше, тұрпаты да ерекше. Сондай шымыр, сондай зиялы, көңілді, ақжарқын. Сиреңкіреген бұйра шашы саздауыт жерден көтерілген будай көпіршіп тұрғанына дейін әлі көз алдымда. Бала кезде сурет салатын әдетім бар еді. Ең артында отырғам. Өз-өзімнен Мұхаңның суретін сала бастадым. Кішкентай ғана сурет. Таба алмай жүрмін. Бір кітаптың ішінде жатқан болар. Көріп қойды. Әңгіме бастады. “Кейбір студенттер мұғалімнің лекциясын дұрыс тыңдамайды. Беретін сабағын ол да бір жерден алады, ондаған томдарды оқиды. Содан елеп-екшеп ит зықысы шыға­ты­нын­да жұрттың шаруасы жоқ...”. ...Сөйтіп, жайлап маған қарай келе жатты. Мен бұл кезде ол кісінің портретін бітіріп, өзінің айқара ашулы кітабының бетіне қойғам. Маған қарап: “Фамилияң кім?” деді. “Мырзалиев”. “Атың кім?”. “Қадыр”. “Кім қойды бұл атты?”. “Әкем қойған”. “Молдалығы жоқ па еді әкеңнің?”. “Аздап болатын еді” дедім. Осы ара­да Мұхаңның жүзі жылып: “Ә, бәсе, атыңды Қа­дыр деп қойғанына қарағанда, сен қадыр түні туған болуың керек” деді. Сосын салған суретіме қарады да, жайлап жүріп бара жатып жаңағы үзілген әңгімені жалғастырды: “...Енді бір студенттер болады. Бұл балалар сегіз ағайынды өнерді бір-бірінен бөлмейді. Бұлар әдебиетін зерделейді. Музыкаға да көңіл бөледі. Суретін де ұмытпайды” деп өзінің дағдылы мәнеріне басты. – Ұнатқан ғой сіз салған суретті... – Әрине, ұнатқан. Артынан барып менің ана “Жетісуда” шыққан өзі туралы мақалам да есіне түсті деп ойлаймын. Әуезовпен, енді, бұдан артық араластым, сөйттім-бүйттім деп айта алмаймын. Тек сол кісіге қатысы бар бір жағдайды қаперге салсам болатын шығар. – Ол нендей жағдай? – Алпысқа толғанымда ҚазМУ-ге кездесуге шақырды. Жиынды академик Қабдолов өткізді. Өзіме сабақ берген ұстазым. Жақсы өткізді. Қаб­до­ловтың аты Қабдолов қой. Өте щепетильный адам еді. Қарсы келуге болмайды. Былай жақсы көр­­ген адамын жақсы көре береді. Бірақ абай­ла­ма­саң, кілт ете түседі. Сөйлеп отырып, өзі де мен туралы айтып жатыр ғой, маған қиғаштай қадала қарады да: “Сен ұлы ақынсың” деді. Бұл менің мүл­дем күтпеген әңгімем, түсіме кірмеген нәрсе. Енді, ұлы ақын деген тым үлкен сөз ғой. Әрі-беріден соң “Қадырдың дәмесін қара!” деп елге күлкі болуың мүмкін ғой. Бірақ айтылар сөз айтылып қалды. Қабдоловқа қате айттың деп және қарсы келе алмайсың. Бір ғана ілгешек таптым. Жаңағы сөзінің ішінде: “Мен бұл сөзді өмірімде екінші рет айтып тұрмын. Бі­рін­ші рет Әуезовке айтқанмын. Ол кісінің Ленин­дік сыйлық алған кезі, бір күні түнде сол төңіректе қыдырыстап жүрсем, үйінің терезесінен жарық көрінді. Өзім аспирантымын Мұхаңның. Не болса да кіріп шығайыншы деп көңілім шауып кетті де, есікті қағып едім, өзі қарсы алды. Үй толы қонақ. Сонда құшақтап тұрып: “Мұха, сіз ұлы адамсыз” деп айтқанмын. Сол уақытта түнгі сағат 3 болатын. Содан кейін сізге айтып тұрмын” – дейді Зей­на­ғаң. “Сізге” дейді, “саған” демейді. “Қап әттеген-ай!” деп шынымен қысылып қалдым. Мұндай сөзді дұ­рыс түсінбей де қалатын адамдар бар ғой. Бір мезгілдерде маған да сөз келген кезде: “Айналайын, балақайларым, достарым, іні-қарындастарым, заман өзгерді ғой”. Қатты өзгерді. Қазір жұрт бұрын түнгі сағат 3-те айтатынын күндізгі 3-те де айта беретін болды ғой” дедім. Осы кезде Зейнағаң күліп жіберді. Отырған ел де жадырап мәз болысып жатыр. Сөйтіп, енді, артық, асыра мақтауды жуып-шайғаным ғой. Әйтпесе, Әуезовпен қатар аталғанды кімнің іші жек көреді дейсің. Әлгі сендердің “Қадырдың айт­қыштығы” деп жүрген нәрселерің де осындай қысылтаяң сәттерде туатын болар. – Өзіңіз әдебиетке ендеп келген алпысыншы жылдардың әдеби ауанын азырақ көзге елестетіп өтсеңіз? – Сол жылдарда әдеби айтыс-тартыстар көп болатын. Алдымыздағы аға буын сондай күрестерде шыныққан ғой. Алпысыншы жылдардың басы ғой деймін. “Жұлдыз” журналында жауапты хатшы, одан соң орынбасар болып жүрген кезім. Сәбит Мұқановтың “Есею жылдары” деген мемуарлық романы төңірегінде көп дау-дамай болды. Менің білуімде бұл өте құнды кітап, өз заманының көптеген шындықтарын ашып айтқан осында. Голощекинді шын мәнінде әшкерелеп, әкесін танытып ең бірінші сойған да Сәбит Мұқанов. Осы кітапты марксизм-ленинизм институтына рецен­зиялатып, Жазушылар одағы бір айға жуық тал­қы­лады. Үлкен аға буынға бірдеңе деу қиын. Екі дайға бөлінген айтыста бет жыртысқан қатты сөздер де болып қалғанын несін жасырайық. Ол заманның өлшемінде біз әлі бала едік. Шеттерінен мықты қазақтар. Одақ төрағасы Ғабиден Мұс­та­фин. Жұмағали Саин өте өткір, әділ адам еді. Пар­торг болды. “Жұлдыз” бен “Қазақ әде­бие­тінің” бас ре­дакторлары Нұрпейісов пен Нұр­ша­йы­қов. Ай­тыстың ақыры ЦК-ға жетіп, көпшілігі орын­дарынан алынды. Барлығын ауыстырды. Солардың арасында түк жазығы жоқ менде жұмыссыз қалдым. – Бұл әлі балаларға жазып жүрген кезіңіз бе еді? – Алты ай жұмыссыз отырғанда қаламақымен жан бақтық. Үйдің ішіне жұмыссыз қалғанымды да білдірмедім. Таңертең жұмысқа кеттім деп шығып кетемін де, кітапханаға барып оқимын, өлең жазамын. Қаламақы жақсы ғой ол кезде, соны жалақым сияқты жеңгеңе уақтылы беріп тұрамын. Ал өлең жайына келсек, лирикаларым жарияланбайды. Лирикам түсіністікпен қабыл­дан­баған соң балаларға арнап жаза бердім. Үлкендер түсінбесе де, айналайын балалар жақсы, менің өлең­дерімді күтіп ауыздарын ашып отырады. Жа­қында шыққалы жатқан 20 томдығымның алғашқы екі кітабы балалар поэзиясы: “Күміс қоңырау”, “Алтын омырау”. Балаларға әлі де жазғым келеді. Тұ­манбай да ренжиді “Балдырғаныма” өлең бермей кеттің деп. Мен жақсы төлеймін деп те қыздырып қояды. Ақша керек екенін біледі ғой. – Сөйтіп, кәдімгі үлкендер поэзиясына қалай ауыстыңыз? – Бастапқыда лирикамды жұрттың неге түсін­бе­генін мен қазір түсінетін болдым. Өйткені, ш­а­ма­дан тыс көп оқып қойғам, көп біліп қойғам. Бас­қа әдебиет үлгілері, басқа көзқарас советтік қа­зақтың идеологиясына келіңкіремеген. Ділі мен дәстүріне келсе де, озып кетіп жазылған дүниелер. Үлкен лириканы қоя тұрғаным сол еді. Бір кітап апарып тапсырып едім, оны бастыра алмадым. Тұманбай ол кезде менен бұрын “Студент дәп­терімен” танылған. Жұмекеннің екі кітабы шықты, “Балауса”, одан кейін “Сыбызғы сыры” деген. Әлгіні оқысам өзімнің өлеңдерім сияқты. Рухы бір, көзқарас-пайымы бір. Екеуіне де рецензия жаздым. Өзін әлі танымаймын. Осыдан соң ескі жындарым қайтадан оянды. Табандап отырып “Ой орманын” жаздым. Соны “Жазушы” баспасына апарып тапсырсам, Құланбай Көпішев деген ақсақалымыз бар еді, сол кісі 200-300 жолдайы кәдеге асады, қалғаны жарамайды деп рецензия жазып беріпті. Содан қолжазбаны Жазушылар одағында кәдім­гі­дей талқылауға салдық. Әбу Сәрсенбаев, Ғали Орманов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайыр­беков, жастардан Тұманбай мен Жұмекен, бәрі қатысты. Жариялау керек деген шешім қабылдады. Сол қағазы менде әлі күнге дейін сақтаулы. Үлкен лирикаға қайтып оралуымның мән-жайы осындай. – Одан соң “Дала дидарын” жаздыңыз ғой... – Осы “Дала дидарына” Ілияс Омаровтың ықыласы ауды. Ондай зиялылар сирек. Ғабит Мүсіреповтің “Оянған өлкесі” туралы “Қазақ әдебиетінде” қос беттің подвалында көлдей мақала бастырған. Партия қызметкері жазды деп ешкім ойламайды. Сол кісі жаңа шыққан “Дала дидарын” сұратып Жайсаңбек Молдағалиевтан сәлем айтып­ты. Беріп жібердім. Екі-үш күн өткенде Іле­кең теле­фон соқты. Ол кезде Госпланның төрағасы. “Қа­дыр, айналайын, Ілияс деген ағаң ғой, сен бү­гін кешке біздің үйге келсең қайтеді?” деп адресін айтты. Төлебаев көшесінде тұрады екен. Бардым. Қыс іші. Екеуміз отырып әңгі­мелестік. Алдымызға үйеме табақ ет келді. Бір кезде: “Қазақ осылай сұрайды ғой. Ренжіме. Осы сен қай жердің бала­сы­сың?” деп сұрады. Айттым: “Жымпиты деген жерденмін”, дедім. “Е-е, Алашорда орнаған елден екенсің ғой. Әй, бәсе, мына кітаптағы өлеңдердің та­мыры қайда жатыр деп ойлап едім. Ал енді мен саған айтайын. Мен пайғамбар емеспін, әулие емеспін, бірақ осы Алашорда түбінде ақталады”, деді. Алпысыншы жылдардың ортасында айтқан сөзі. Өзін Алматы киностудиясына басшы қылып жібергенде сол мекемені бара сала “Қазақфильм” етіп жіберген Ілекең ғой. Бұрын Алматы ки­но­студиясы деп аталатын.Ұлтқа жанашырлық сол емес пе. Кітабымды оқығанда пікірлерін қа­ғазға жа­зып отырыпты. 15 бетті толтырыпты. Үйге келіп оқы­сам, кереметтей пікір. Мені тірі классик қылып қой­ған. Мәшинкеге басып едім, он шақты бет ма­қала болып шықты. Содан әлгіні қолтығыма қы­сып “Лениншіл жастағы” жігіттерге бармаймын ба. Бәрі оқып, әй, мынаны біз басайық дейді. Іле­кең де жариялап жатса, берейік деді. Сол мақала “Қа­­дырға хат” деген атпен жарқ ете түскенде мен 31 жаста едім. Дүрілдеп шыға келдік. Үлкен кісі­лер­дің қасы мен қабағының арасында, есебінде жүрдік. – Алыптардың алақаны алғаусыз аялапты. Қандай бақыттысыз, Қадыр аға! Қос Ғабаңмен қалай болдыңыз? – Ғабит пен Ғабиден ақсақалдардың орны мен үшін ерекше. Екеуіне арнаған “Екі шал” деген өлеңім де бар. Қара шал. Сары шал. Екеуі де әкем­мен құрдас. Әсіресе, Ғабиден. Ғаба, көке, әке деп қа­латынмын. Оқығаны аз болса да, сондай да­ныш­пан адам еді. Және таза. Қаланың сыр­тын­да, Қарғалыда тұрды. Бірде Сүлеев деген жігіт екеу­міз Жазушылар одағының ертең болатын пре­зи­ди­умына шақыра барсақ, Ғабаң ауласында қой жетелеп жүр. Бір қолында таяғы. Мені көріп қуанып кетті. Ақыры сол қойын сойысып, қуыр­да­ғын жеп, мәре-сәре болып қайтқанбыз. Содан жыл жарымдай уақыт өткенде бір күні Одақтың ал­дына барсам, жазушылар топталып тұр екен. Ғабиден аға маған сол арада: “Біздің қазіргі жастар үлкендерді сағынбайтын болып барады”, дегендей базына айтты. Әке-бала болып жүрген адамдармыз, сөз аңғарын түсіне қойдым да: “Ғабе, не деп тұрсыз? Сіз адамды айтасыз. Адам тұрмақ мен кей­де қойды да сағынамын”, дедім. Сондай бір тауып қалжыңдайтыным бар менің баз-базында. Ғабаң да нені меңзеп тұрғанымды біліп, әй, бір мәз болып рахаттанып күлді. Сосын айтты: “Әй, Қадыр, шы­ным­ды айтайын ба, тап сол қойды қазір мен өзім де сағынып жүрмін”, деді. Ағалармен әзілімізді де, көңілімізді де жарастырған шуақты дәурен екен ол да. Ғабит ақсақал ұстамдырақ болды, көп сыр аша бермейтін. Алты ай жұмыссыз отырғанымда Одаққа қызметке алған. Сырбаз, киімге бап. Бір байқағаным, күн сайын кәстөм өзгертеді. Дүй­сен­біде бір бөлек, сейсенбіде басқаша, әр күн­нің өз кәстөмі бар. Соған көзім үйренгені соншалық, Ғабеңнің үстіндегі кәстөміне қарап қай күн екенін білетін болдым. Кейінірек Ғазиза апайға үйленді. Ол біздің ауылдың қызы, маған апай. Соны білетін Ғабең маған қуақы мейіріммен қарап, қалжың айтып қойып жүрді. Балдыз қатарына қосқан сыңайлы. Үлкен кісімен әзілдесіп ойнау оңай ш­а­­руа емес енді. Және кіммен? Марқасқа Мү­сіре­пов­тің өзімен! Дегенмен, бірте-бірте менің де етім үй­рене бастады. Содан келе-келе Ғабең маған “сво­лыш” дейтінді шығарды. Кәдімгідей. Тамсап, бап­тап айтады. Кейде орысша дикциясымен. Бұл енді өзі онша жақсы сөз емес қой. Ренжиін десем, тағы ренжи алмаймын. Қазақ сүйгенін “шұнағым” дейді емес пе. Ғабең де сөйтеді екен. Менің бір өле­­ңімді оқыған немесе тыңдаған кездерде. Бастапқысында, Батыс Қазақстанды аралағанда Ақтөбеде болғанбыз. Сондағы кеште мен алғаш рет “Бір жаманы, бір жақсысы” дейтін өлеңімді оқыдым. Банкетке бара жатсақ, Ғабең маған қарата нәштей созып: “Сво-о-лочь!” дегені. Бірақ бұл жолы “сво­лыштың” сырын түсінбей қалдым. Бірте-бірте аңдап байқасам, ол маған сүйсінгенде, риза болған кезінде айтатын сөзі екен. Осының тобықтай түйіні мынадай. Алыптар тобының осы ақырғы тұяғы қайтыс болды ғой. Сонда мен біраз жылдарға дейін Ғабеңнің осы “сволышын” сағынып жүрдім. Мүсірепов ақсақал сыртқа паң көрінгенімен, менің шығармашылығымды да қадағалап жүріпті-ау. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған “Жерұйық” деген кітабымды қолтаңбаммен бергем. Соның ішінде балалық, жігіттік, кәрілік туралы лирикалық шегініс болды. Осы өлеңдерді жатқа оқиды екен. “Боз дала” дейтін өлеңімді жақсы көріп, жазу­шы­лардың тілге арналған пленумында жасаған баяндамасында бастан-аяқ мысалға келтірді. Жалпы, Ғабең сөздің қолданысына өте қатты мән беретін. Артынан қарасам, сыйлаған кітапта­рым­ның бәрін қарындашпен сызып тұрып оқыған. “Таймановым Иманов боп тірілді” деген өлең жо­лына леп белгісін қойыпты. Кейін осы өлеңдердің әрқайсысы үшін Ғабеңнің бір-бір “сволышын” естігенімді еске түсірдім. – “Біздің тарих ол да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы...” Қадыр ақын өз заманының осы тектес ащы шындықтарын астарлап айта білуімен де халқына, қазағына қадірі артты десек, біз де шындықтан алыс кетпеспіз. – Шындық деген де киелі ұғым ғой. Әсіресе, әдебиеттегі шындық. Біздің қазақ әдебиеті Кеңес өкіметінің табанында ең қатты зардап шеккен әдебиет деп есептеймін. Және бағаланбаған әдебиет. Әуезовтің жөні бөлек. Замана шындығын айт­­қызбады. Әйтпесе ана Мағжандар шындықты шыңғыртқан сұрапылдың өзі емес пе. Жан­сү­гіровтің прозасындағы ащы ақиқаттар. Сабазың шынымен-ақ соттауға болатын шындықтарды жазған екен. Табиғатынан мықты ақын Жароков саналы түрде 1917 жылдан арыға бармады, бергісінің де бетінен қалқыды. Шындықты айта алмағанына күйінген Қасымның ақындық құдіретпен шырқырап жазған жырлары бәрібір мәңгілік боп қалды. Бірдеңені айта білудің өзі интеллектуалдық өреге байланысты ғой. Жақсы жазушының бірі Бердібек Соқпақбаев еді. Сырластығымыз бар. Кейде кездескенде: “Бе­ке, не жазып жүрсіз?” деп сұраймын. Сонда ай­та­ды: “Әй, Қадыр, сен қызықсың. Не жазасың? Үкі­­­­­мет­ке тек қана өтірік керек, ал маған тек қана шын­дық керек. Менің шындығымды ол жаз­дыр­май­ды, оның өтірігін мен жазғым келмейді”, дейтін. Солай бола тұрса да: “Шындық та жөтел сияқ­ты Жыбырлап тұрар тамақта”, деп жүріп біраз нәрселерді айтқан сияқтымыз. Өлеңдерімнің афоризмге жақындығы да сол ақиқатты айт­қыш­тықтан болса керек. Менің сол шындығымды сол кездерде-ақ қалтқысыз ұққан халқыма рақмет. Құрдасым Оразақын Асқар: “Қазақта “халық айтса, қалт айтпайды” деген сөз бар. Одан кейін “Абай айтса, қате айтпайды” деген сөз болды. Енді “Қадыр айтса, қате айтпайды” дегенге келіппіз” деп жазды. Әлеумет осылай бағалап жатса не істейміз? Көнеміз. Әдеби кредо деген болады. Менің шындықты айтуым сол шығар. – Ақыным, абызым деп өзіңізді ардақ тұтқан, алақанға салған халқыңыз үшін әдебиетте ғана емес, өмірде де қайраткерлік етіп күрескен кезіңіз болды ма? – Алғашқы Конституциямыздың жобасы тал­қы­ланғанда тіл жөніндегі тармақты өткізу өте қи­ынға түсті. Мен онда Жоғарғы Кеңестің депу­та­­ты­мын. Сұрапыл пікірталас. Алдымен Заманбек бас­­тады, Нұрқаділов. Сосын бір орыс, одан кейін бір қазақ. Осылай алма-кезек айтысу. Қазақтың ай­та­­­тыны: Мемлекеттік тіл біреу болсын, ол қазақ ті­лі болсын. Орыс-тілділер бұған қарсы. Әбден қы­сыл­ған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы: “Қадеке, сіз сөй­­­лейсіз бе? Сөйлеңізші!” деді. “Сөйлеймін”, дедім. Екі нәрсені айттым. Бір орыс әйелі “Ком­со­молец Украины” деген газетке жазыпты: Менің балам орыс. Өйткені, әке-шешесі біз орыспыз. Орыс класында оқиды. Барлық пәннен бес. Украин тілінен төрт. Сол үшін балам алтын медаль ала алмайды. Неге менің балам украинша оқуы керек?.. дей келіп: “Кому нужен этот никому не нуж­ный украинский язык?” деп аяқтайды... Аме­риканың әскери атташесі Украинаға 3 жылға қызметке келіпті. Екі жылда украин тілін үйреніпті. Енді бір жылдан кейін кетеді. Соған қарамастан үйреніп отыр. Осыны алдыңғы мысалмен салыс­ты­ра келе, “Оказывается кому-то нужен украин­ский язык”, дедім. Мен онша батыр адам емеспін, бірақ логикаң мықты болса, қарсыласыңды кәдімгідей қыжыртып, тізе бүктіруге болады. Сөзім депутаттарға қатты әсер етті. Енді, украин, басқа ұлттардан да депутаттар отыр ғой. Солардың іштерінде бұғып жатқан қыжылдарын оятып, қазаққа одақтас етіп шығардым. Канаданың бір жазушысы бар. Сетон-Томпсон деген. Өңшең хайуанаттар жайлы жазады. Сонда бір киіктің лағы иттен қашып аңшының бұтының арасына келіп тығылады. Байқайсың ба? Сөйтіп, аман қалады. Мұны орыс депутаттарға қаратып айттым. “Ау, осы сендердің баяғы Добро­любов­тарың, Чернышевскийлерің қайда кеткен? Мына қазақтың тілі еліктің лағы сияқты араша сұрап тұр ғой сендерден”, дедім. – Оңдырмай айтқан екенсіз. – Сонымен, дауысқа салып жібергенде, сонда 93% алғанбыз. – Бұл енді ақындықтан гөрі ақылмандыққа көбірек келгендей екен. – Қалай болғанда да, мұнымды халқымның, қазағымның алдындағы перзенттік парызды мысқалдай болса да ақтап өтеуім ғой деп ойлаймын. Елбасымыздың да әркез: “Қадеке!” деп құрметтеп, ұмытпай, елеп-ескеріп жүретіні де осындай жайлардан болар. – Әңгімеңізге рахмет, Қадыр аға. Жетпіс бесіңіз құтты болып, еліңізбен бірге жасай беріңіз! Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.