23 Тамыз, 2011

Тәрбиеде бір мысқал қате кетсе еңбегің еш, тұзың сор

798 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Абай. Қазақ елінің болашағы – бү­гін­гі өсіп келе жатқан жас ұр­пақ. Ендеше, ертеңгі қоғам мүд­десіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық тәрбие, ұлттық сана қалыптасқан, білімді, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру басты міндетіміз екенін үнемі назарда ұстап жүруіміз қажет. Бүгінгі таңда білім беру мазмұны жаңару үстінде. Сол жаңару жолындағы міндеттерді іске асырушы маңызды мекемелер – балабақша, мектеп, жоға­ры оқу орыны. Ендеше бүгінгі оқу орындарының алдында үл­кен міндеттер тұр. Атап айтсам, жаһандану заманына лайық икем­ді ойлау жүйесін қалып­тас­тыру, ұлттық мәдениет пен әлем­дік мәдениетті меңгеру, өз ана тіліне жетік бола отырып, өзге тілдерді меңгеру, сол тіл ар­қы­лы өз мәдениетін басқаларға таныту, оқушыларды адамгершілікке, ел­жандылыққа тәрбие­леу, саламат­ты өмір салтын қа­лыптастыру. Мі­не, осындай міндеттер аясында еңбек етіп келе жат­қан мұға­лім­дер қоғам дамуы­ның қозғаушы күші деу орынды. Отбасы – бала үшін қоғамның алғашқы ұйытқысы. Баланың қо­ғамдық-әлеуметтік дамуы отба­сын өз орнын алуынан басталады. Жас ағаш иілгіш болса, жас адам да сондай. Жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Қазақта: «Ба­ла­ның бас ұстазы – ата-анасы» деген сөз бар. Ал француз педагогі Жан Жак Руссо: «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қа­лай салсаң, қағаз бетіне солай тү­седі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиеле­сең, ол да солай тәрбиеленеді», деген екен. Бұдан шығатын қоры­тынды, бала тәрбиесіне ең әуелі ата-анасының еңбекқорлығы, ұс­там­дылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етеді. Баланы жақсы қасиетке тәр­бие­лейтін құрал – еңбек. Сондық­тан ата-аналар баланы жастайы­нан ең­бекке баулу керек. Сәл ғана қолы­нан келетін нәрсесі болса, көңіл бөліп дарынын, талабын тың­дауға ықпал ету қажет. Ата-бабамыздың тарихын, салт-дәс­тү­рін үнемі құ­лақ­қа құйса, ұлы Абай­дың бес асыл ісімен дос (талап, еңбек, терең ой, қанағат, ра­хым) болуын, бес дұш­панмен (өсек, өті­рік, мақ­тан­шақ, еріншек, бекер мал шаш­пақ) қас болып жүруін айтып отырса, бала оң бағыттан тай­майды. Қазір ұл-қыздың тәрбие­сіне кері әсер ететін жат әдеттер өте көп. Ең бірінші, баланың қалыпта­сатын орта­сын бақылап отырған жөн. Бала тәрбиесі ешқандай үзі­лісті, бір сәт те назардан тыс қал­дыруды қаламайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда со­ны ілерсің» демекші, отбасында қандай ахуал болса, бала соған бейім тұрады. Балаға күш көр­сетіп, дөрекі сөзбен ұрысу – ол дәрмен­сіздің ісі. Балаға мұндай қылық көрсету қазіргі заманның ағымына сәйкес келмейді. Тәр­бие­де бір мыс­қал қате кетсе, еңбегің еш, тұ­зың сор. Сон­дық­тан бала тәр­бие­сіне аса жауапкершілікпен қарау – әр ата-ананың міндеті. «Бала – ұрпақ – өркен» деген ұғымдар ерекше ескеріліп, бүгінгі күннің ең маңызды мақсаты бала тәрбиесі болу керек екендігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі-өнегесінен бола­ды. «Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақ­сылап тәрбие­леу қажет», деп М.Әуезов айт­пақшы, жас ұрпаққа сапалы білім мен  са­на­лы тәрбие беруде мек­тептің ерек­ше орын ала­ты­нын білеміз. Баланың – өмір, адам, қоғам жө­нін­дегі дүниета­ным өрісін да­мы­ту жолдары мектеп қабыр­ға­сынан бастау ала­ды. Мектеп – өткен мен бү­гіннің, бүгін мен ертеңнің ара­сын­дағы алтын кө­пір. Ал, мұға­лім сол алтын кө­пір­дің ақыл-дариясы. Оқу-тәр­бие үрдісіндегі жаңа, озық педа­го­гикалық тех­но­логияларды тиімді пайдалану арқылы мұғалім бейнесін анық­тап алса, яғни ақыл-да­риядағы ескегі мықты болса, қан­дай  тол­қындарға болса да қар­сы тұ­рып, жағаға жетеді. Тәрбие жұмысына үйде ата-ана жауапты болса, мектепте ұс­таз жауапты. Баланы өмірге бейім­деуде мектеп – ұстаз – ата-ананың орны бөлек. Тәлім-тәр­биедегі жа­ра­сымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұ­мыс істеген жағдайда ғана үйлесім­ділік табады. Сон­дық­тан ата-ана мен ұстаздар арасындағы байла­ныс мықты болу керек. Осы бай­ла­ныс мықты болса, алар асуымыз да биік болары сөзсіз. Нұрзила СӘРСЕНОВА,  Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын инсти­тутының директоры, доцент.