Таулары тарих, даласы шежіре саналатын қабырғалы Қаратал ауданының арғы-бергі тарихында өмір дастаны аңызға бергісіз, тау мүсінді тұлғалар көптеп ұшырасады. Солардың бірі – заманында ел жұртының ризашылық пейілмен, ауыз толтырып «Шәймерден партизан, мерген» деп атаған, егеулі найза қолға алған, еңку-еңку жер шалған ері, құралайды көзге атқан мергені, бірбеткей, қарадан шыққан қара күш иесі, саяткер, жүрек жұтқан батыр Шәймерден Бейісов еді. Қос бірдей ғасырдың куәгері болған, өткен жүз жылдықта бейқұт жатқан қазақ даласын да от жалынымен шарпыған Азамат соғысы жылдарында партизандық іс-әрекетімен, құралайды көзге атқан мергендігімен, ал Кеңес өкіметі тұсында жеке- дара тіршілік еткен ағайындардың басын біріктіріп, коллективтендіруде қайраткерлігімен ерекше көзге түскен ол ақын-жазушылардың шығармасына өзек болады. Айталық, Жүсіпбек Арыстановтың «Жер ұйығы – Жетісу» кітабы, Ғабдол Слановтың «Қара аю» әңгімесі, халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың «Партизан Шәймерден» толғау-жыры, бертіндегі арынды ақын ініміз Қайрат Әлімбектің «Батыр бел буғанда» атты балладасының арқауы да осы ерен ердің ерлік істері еді. Ереуіл атқа ер салып өткен, елі мен жерінің азаттығын ойлап, түн қатып жүріп, түс қашқан Шәймерден батырдың өміршең өнегесі арқылы жас ұрпақты патриоттыққа, отансүйгіштікке, ел қорғаны болуға тәрбиелеудегі аталған туындылардың қашан да тағылымы зор.
Ақындар жырына қосқан, қаламгерлер шығармасына желі еткен Шәймерден мерген 1877 жылы қазыналы Қараталдың Қызылжар өңірінде дүниеге келген. Қатарынан оза туған, жасынан заңғар көкте самғап ұшар қыран тектес мінезімен танылған ол бозбала шағынан аңшылық пен саятшылық өнерге бір табан жақын болған. Әрдайым шу асауды құрықтап, ат жаратып, иығынан құсауыз шиті мылтығын, жанынан жүйрік тазысын тастамаған. Атқан оғы далаға құр кетпеген. Бертін келе есімі осы мергендігімен алыс-жақын шартарапқа тараған.
Жер басып, бойын шалқақ ұстаған әрбір адам өзі өмір сүрген қоғамының төл перзенті саналады. Таразының басы қызылдар жағына ауғаннан бастап кеудесінде алаулаған жалын оты бар, тас қамал бұзар қырықтағы Шәймерден шашақты ту ұстап, атқа мінеді. Төңірегіне елден іріктеліп шыққан өңшең сайдың тасындай: Сатқын, Қатқылбай, Омар, Мұқымжан іспеттес жігіттерді топтастырады. Бұған себеп Ресейдің орталығынан ығысып, көршілес Қытайға барып бас сауғалауды мақсат тұтқан ақ гвардияшыл атаман Анненков пен Дутовтың баскесерлері жолындағы жалпақ жатқан бейбіт елдің шырқын бұзады. Ауылдарды әбігерге түсіріп, төрт түлік малға қол салады. Арам ниеттілердің осындай бассыздық әрекетіне шыдамай егеулі найза қола алған Шәймерден бастаған намысшыл да қайратты азаматтар партизандық іс-әрекетке көшіп, қас дұшпанды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. Әйтеуір не керек, түн қатып, түс қашып жүріп туған елі мен жерін жат жұрттықтардың езгісінен, тепкісінен қорғайды. Партизан Шәймерден, ер Шәймерден деген атақ-даңққа бөленеді. Елдің тынышын алғандарды Қапал асырып, қуып шыққанға дейін тыным көрмейді.
Бұл турасында халық ақыны Қалқа «Ер Шәймерден» дастанында былайша жырлайды:
Залымнан бүйте берсе жан қала ма, Халықта батыр болса сандала ма? Баласы Бейістің Шәймерден ер, Аң аулап кеткен екен Ақдалаға. Шалдығып, Ақдаладан келе жатып, Кездесіп жылап жүрген сан балаға. Сұрады балалардан неғылды, – деп Бала айтты ақтың қолы қағынды, – деп Нұрбайдың қолы келіп, ел жылатып, Даласы Үштөбенің шабылды, – деп Балалар осыны айтып шырқырайды. Батырдың сай сүйегі сырқырайды. Бұл елден ондай адам тумап па деп, Аузынан қаһар оты бұрқырайды.
Содан не керек, Шәймерден батыр ақ бандыларға ілесіп, елді шулатқан Нұрбайды тәубесіне келтіру үшін Жұдырық деген тумасының жүйрік күреңін сұрап мінеді. Жанына сенімді жеті жігіт және отыз кісіні ертіп, ізіне түседі. Қиян-кескі шайқаста батыр тобы дұшпанынан үстем болады. Олардың бұл ерлігі ақын жырында төмендегідей суреттеледі:
Тәуекел дариясынан белді буып, Көрінер жауға жаудың түсі суық. Атысып ақ пен қызыл араласып, Ұстасып қоян-қолтық келді жуық. Атысып ерте менен кешке дейін, Көп малдан ақтық қолын шықты қуып. Екеуі біреуінен біреуі асты, Ала алмай бірін бірі жаман састы. Дамылсыз бір күн, бір түн атысқан соң Жиылған қалың қолдың қарны ашты. Нұрбай да елді жаман қанап еді, Елдегі қатын-бала жалаңаш-ты. Оқ тиіп оң жақтағы топшысынан, Төгеді моншақ-моншақ көзден жасты. Батырды Шәймердендей қайрат кернеп, Нұрбай да қорыққанынан кетті терлеп. Мылтығын тастай салып, тұра қашты, Жаныма бір шыбындай мәулет бер деп. «Бас қайғы, байтал түгіл» дегендейін, Жөнелді сол уақытта бір сайды өрлеп.
Ал қоғам қайраткері, журналист, жазушы Жүсіпбек Арыстановтың «Сұңқар да жерді мекендейді» туындысының «Күйреу атты» 13-тарауында Ораз Жандосов бастаған отрядтың Қаратал мен Қапал өңіріне келіп, ақ бандыларды талқандауын былайша суреттейді.
«Ақтар саппен алда келеді. Арттағы төрт шананың екеуіне шөп, екеуіне азық-түлік басқан. Шанаға байланған жайдақ аттары да көзге түседі. «Жортуылшыны торушы алады» деген болмаса, олар екі есе көп. Командир Шәймерден демін ішіне тарта сығалап тұрып, мылтығының серіппесін басқанда алдағы офицер үзеңгісіне еңкейгендей басын бір бүйірге сылқ еткізіп ауа құлады да астындағы қарагер үрке омбы қарға жалт берді. Сол замат:
– Ат! – деген командамен жарыса мылтық пен пулемет гүрс-гүрс етті де, он бесі бірдей атқа міне қылыштарын жалақтата шапты. Күтпеген жар астындағы қызыл әскердің қамауына түскен ақтар қарсыласуға шамасы келмей қол көтерді», делінген.
Екі жылдай ат үстінен түспей, жауды шекара асырып, қуып тастап, кіндік қаны тамған Қараталға оралса ертеңгі күнге үміт артқан ел-жұрты қоңторғай тіршілік кешуде екен. Соғыс пен жеті ағайынды жұт зардабынан ашаршылықтың алғашқы нышаны сезіле бастапты. Партизан Шәймерден енді мерген Шәймерден атанып, қырдан аулаған аң-құсының етімен тарыққан елін асырайды. Үштөбе төңірегінде аңшылар одағы артелін, ал төменгі Балқаш бойында балықшылар артелін құруға ұйытқы болады. Көне көздердің: кеудесі кең қазынаға толы, тоқсанның төріне озған Сейдахмет Қосжанов, батырды жігіт кезінде екі рет көрген Әбен Аймұханбетов, еңбек ардагерлері Ернест Молдабеков, Айтан Нұрбаев, Мұсахан Тоқабаев, өз ұлы Тәңірберген Шәймерденовтің бізге айтқан дерегіне сүйенсек, Шәймерден тығырықтан жол таба білуінің арқасында Түркісіб темір жолы құрылысшыларын және қазіргі Қызылжар ауылындағы балалар үйі тәрбиеленушілерін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіпті.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қаратал ауданында да ауыл шаруашылығын коллективтендіру ісі қызу қарқын алады. Жаңа өмірдің талабын жан жүрегімен сезінген Шәймерден мерген «Бірлік түбі – тірлік», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы ұстанып, маңайына сөзі өтетін, еңбек десе елеңдеп тұратын отыздан астам түтінді топтастырады. Аудан басшылары кеңсесінің табалдырығын тоздырып жүріп, түрен түспеген тың жатқан Жылыбұлақ арнасы мен Қусақтың сайы арасындағы жерді игеруге рұқсат алады. Бертіндегі «Новый мир» колхозының ірге-тасы саналған «20-шы точка» аталатын артель құрылады. «Шәймерден ауылының» берекелі тіршілігінен хабардар болған ел-жұрт алыс-жақыннан ағыла келіп қосылып, шағын артель іргелі колхозға айналады. Көрегендігімен көш бастаған Шәймерден бұл жолы да қағылездік танытып, колхоз төрағалығына өмірлік тәжірибесі бай, елге сыйлы азамат Рамазан Омарұлын ұсынады. Колхоз мүшелері бұл ұйғарымды бірауыздан қолдайды. Сенім ақталады. Күріштің әр гектарынан 100 центнерден түсім жиналады. Ортақ істен сырт қалмаған Шәймерден мерген колхоздың мал фермасын ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін оның меңгерушісі міндетін абыройлы атқарады.
Қиындығы мен қызығы мол бейбіт күндер артта қалып, батыста соғыс бұрқ етеді. Өндіршін жастар мен жасамыс тартқандар қанды майданға аттанады. Шәймерденнің ат жалын тартқан ұлдары: Шаяхмет пен Ахметсейіт те қару асынады. Ел басына күн туған сын сағатта атойлап намысқа мінген Шәймерден мерген бес қаруын асынып, аудандық әскери комиссариатқа барады. Өзін кідіртпей әскер қатарына алуды, шұғыл майданға аттандыруды сұрайды. Ондағылар ақсақалды сабырға шақырып: «Сіз тылда еңбек етуге, жастарға басшы болуға лайықсыз», деп тоқтау айтады. Арыстандай айбатына, жолбарыстай қайратына мінген қарт батырдың осы бір шамырқанған буырқанысты сәтін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ақын Қайрат Әлімбек «Батыр бел буғанда» балладасында «Жыр болып тарар жүректен, жоғалтпайды екен іріні ой. Қалқадай ақын жыр еткен, Шәймерден соның бірі ғой», деп әріден бастап, шамырқанған сәтін: «Әй, сонда мені кім дейсің? Менде де жауға сыйлық бар! Соғысып жүр ғой білмейсің, Буденный, Ворошиловтар. Жібергін мені майданға, «Пәшесті жөндеп көрейін, мен келдім жалғыз байламға, жастығымды ала өлейін... Болса да ісі күлкілі, батырлық еді ол нағыз...», деп келістіре жеткізеді.
Әрине сайыпқыран батырдың шау тартқан тұста қайратқа мініп, намысқа шапқан бұл тілегінің аяқсыз қалып, орындалмауы заңдылық еді. Оның есесіне еңбек майданының көрігін қыздырады. Жеңістің жақындай түсуіне хал-қадерінше үлес қосады. Кезінде өзі іргетасын қалаған «Новый мир» колхозының Майлыбай қой фермасының меңгерушісі міндетін 1945 жылдың ақпанынан қашан көзі жұмылғанға дейін атқарады. Еңбек ардагері Мұсахан ағаның айтуына сүйенсек, Шәймерден мергеннің бейіті Майлыбай мал жайылымының солтүстік жағындағы Қаспақбай көліне таяу жерде екен. Бейіттің төңірегі шеңгелмен қоршалған.
Халық ақыны Қалқа Жапсарбаев «Партизан Шәймерден» толғау-жырында: «Жырладым Шәймердендей бір батырды, үйретті ол халық үшін түн қатуды», деп жырлағандай, бес қаруын асына жүріп, еліне қорған болған Шәймерден Бейісов есімін жерлестері қадірлеп, қастер тұтады. Жылыбұлақ ауылындағы көшенің бірі оның құрметіне аталады. Тағы бір ден қоярлығы, мергеннің көзі жұмылғаннан кейін Алматы қаласындағы Республикалық мемлекеттік мұражай қызметкерлері арнайы іздеп келіп, батырдың тұтынған қару-жарағы мен сырт киімін, басқадай да құнды құжаттарын аттай қалап, сұрап алса керек. Сол құнды дүниелердің содан кейінгі жылдардағы тағдыр-талайы беймәлім. Батырдан қалған ұрпақ бүгінде Бастөбе ауылында тұрады.
Ер Шәймерден еліміздің мақтанышы, ері. Ұлы жазушы М.Әуезовтің тілімен айтсақ, «Ер – ел тарихының белі» деп оның бүгінгі ұрпақтары мен туған-туыстары батыр бабасын ардақтап келеді. Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның қос әншісі Оралбай Мұхамедиев пен Шәймерден атаның шөбересі Аян Оразбекқызы басына құлпытас орнатып, «Ер Шәймерден» атты кітап шығарды. Деректі телефильм түсірілді. Ер есімі ел есінде деген осы болар.
Қараша ҚАРАМАН, журналист.
Алматы облысы,
Қаратал ауданы.
Суретте: Шәймерден мерген.