Егеменді еліміздің тарихында 2007 алтын әріппен жазылып қалған жыл. Мағыналы, мазмұнды жыл болды. Әрине, 1991 жылдан бастап бүгінгі мерейлі 2011 жылға дейінгі жиырма жылдың қай-қайсысын жекелеп алсақ, әрқайсысының өз салмағы, өз өлшемі, мән-мағынасы бар. Жеңіл жылдар болған жоқ. Тәуелсіздіктің әр жылының осалы болмағанын біздің ұрпақ жақсы біледі. Қауіп-қатерлі жылдарды басымыздан өткеріп, бүгінгі күнге жетіп, Қазақ елі атанып отырмыз. 2007 жылы біз шын мәніндегі Қазақ еліне айналдық. Қазақ менталитетіне жақын ұғым «ел» дегеннің мазмұны кеңес заманда қалыптасқан, «қоғам» дегенге жақын келеді. Ел деген – қоғам болу деген сөз. Ескі кеңестік қоғамды қиратқан соң, қоғам құра алмай, бұрын естіп, көріп білмеген қиыншылықтарға түскен қазақ халқы 2007 жылы өзінің жаңа тұрпатты қоғам болғанын анық көрсетті. Енді осы мәселеге қысқаша тоқталайық.
***
Жыл Президенттің 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деген Қазақстан халқына Жолдауынан басталды десек те болғандай. Бұл – тарихи құжат. Дәп осы күні Елбасының аузынан Жолдауды естіп, ертеңінде мәтінін оқып түйген ой-пікірлерімді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің ұжымына талқыға ұсындым. Мұнда, әсіресе, алғашқы қолданылған «Жаңа әлем», «Жаңа Қазақстан» деген ұғымдарға баса назар аудардық. Әлем несімен, Қазақстан несімен жаңа? Бұл – дүниетанымдық сауалдар. Кейін байқасақ, 2007 әлемдік қаржы дағдарысының басталу жылы болғалы тұр екен. Алмағайып замандардың талайын басынан өткерген біздің ұрпаққа тағы да бір сын сағаты тақау келген мезгілде, әлемнің жаңалығы оның тұрақсыздығында, өзгермелілігінде екендігі айқындалды. Өзгеріс тасқын сияқты бір толастар емес, тасқын болған соң, оған тосқын керек. Ол үшін тасқынның арналарын білу қажет. Олар үшеу, біріншіден, әлеуметтік арна, ол ел ішіндегі бай мен кедейлер арасындағы алшақтық, оны ескермесек, қоғам өмірінде әлеуметтік катаклизмдарға өріс ашылмақ, сонымен бірге, бай елдер мен кедей елдер арасындағы әлеуметтік сәйкессіздік әрқилы саясатқа азық. Демек, ел ішіндегі тұрақтылық үшін әлеуметтік келісім керек, ол біздің елде бар. Ал, бай мен кедей елдер арасындағы мәселе шешімі тым ауыр. Бұл – әлемдік денгейдегі мәселе! Екіншіден, этносаралық арна. Жер шарының әр жерінде этносаралық кикілжің, жанжалдар кейде қанды қырғындарға бастап апарып, халықтардың ауыр тағдырына айналуда, оған мысалдар көп. Этносаралық келісім, құдайға шүкір, Қазақ елінде бар. Үшіншіден, дінаралық арна, ол да қантөгістерге апаруда, бұған бұрыңғы Югославия деп аталған мемлекеттің төңірегіндегі оқиғаларды айтсақ та жеткілікті. Әлеуметтік, этносаралық жанжалдарға діни төзбеушілік қосылып, Югославияның тас-талқаны шықты. Тағы да тәубе дейміз. Дінаралық келісім елімізде бар, сонымен бірге, бұл салаға жаңа әлемдік тәртіппен енген мәселелер де жеткілікті.
Жолдауда айтылған жаңа әлемде жоғарыда аталған үш арнаның ізгілікке бастайтын шешімдері табылмай-ақ отырғаны. Енді олардың үстіне мәселелерді ауырлатып әлемдік қаржы дағдарысы күшіне ене бастады. Иә, бұл бұрынғы емес, жаңа әлем, сондықтан жаңа әлем жағдайында жаңаша өмір сүру формуласын табу керек. Ол осал шаруа емес. Алайда, қиындықтан қорқып өмір сүруге болмайды. Нақтылы шешім, ізденіс, қайрат қажет.
Осы құжатқа бүгінгі уақыт биігінен көз салсақ, Елбасының көрегендігіне таңқаласың. Жолдау жыл басында ақпан айының соңында жасалды, ал тамыз айынан әлемдік қаржы дағдарысы ду етіп басталып кетті. Бірақ, елімізде айтарлықтай әбігер, қобалжулар болған жоқ, себебі, дағдарысты дөп көре білген Елбасы елдің стратегиялық бағытын нақтылы анықтап берген еді. Алғашқы он жылдыққа арналған елдің экономикалық-әлеуметтік мазмұны әлемдік қаржы дағдарысынан аз шығындармен шығуға мүмкіндік берді. Әсіресе, Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына өтуі туралы жолдаудағы идея, шын мәніндегі жаңа Қазақстанның мазмұнын ашпақ. Бәсекеге қабілеттілік деген – тек нарықтық идея емес, ол рухани серпіліс идеясы, жаңару, жаңғыру, ренессанстық идея болатын. Жолдауда Елбасы осы мәселелер туралы былай деді: «1997 жылы сіздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының Стратегиясын қолдадыңыздар, онда біздің қоғамымыздың кемел келешегі мен мемлекетіміздің ұлық мұраты баяндалғаны мәлім...»
Елбасы Жолдауда мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты өрісіндегі өзекті алты басымдық бойынша отыз бағытты саралап берді. Бұл келелі мәселелерді жүзеге асыруды Елбасы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған жаңа Үкіметке жүктеді. Үкіметтің ауысуы да табиғи жағдай еді. Елбасы әр Үкіметке өзіне тиісті жүктеме қойып, ол орындалған соң жаңа келесі Үкімет алдына тың мәселелер жүйесін қоюмен келеді. Осы жолы да солай болды. Мәселе, Үкіметтің кемшілігінде емес, оның алдына қойылатын стратегиялық міндеттерге қатысты болатын. Президент Жарлығымен Аслан Мусин Премьер-Министрдің орынбасары – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі етіп тағайындалды. Осы жылғы жаңалық деуге болатын жағдай Үкіметтің жаңа құрамын анықтауда бұл мемлекеттік маңызды іске «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы басшылығына және оның Парламенттегі фракциялық кеңесіне жүктелді.
Жолдаудағы идеялар, негізгі бағыттар басылым беттерінде жан-жақты насихатталып талқыға түсе бастады. Осы орайда Елбасының сәуір және мамыр айларында өзінің Жолдауына қатысты бірнеше маңызды шаралар өткізгенін айтқан жөн, әсіресе, «Қазақстанның бірлескен отыз көшбасшысы» бағдарламасы ел экономикасын модернизациялауда шешуші мәнге ие болды. Осы мақсатқа орай Елбасы Үкімет пен бизнес құрылымдарының бірге атқаратын тиімді жұмыстарын нақтылай келе, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына өтуін міндет етіп қойды. Бәсекеге қабілеттілік – мемлекеттің өміршеңдігі деген мағына беретін түсінік. Бәсекеге қабілетті тек құрылымдар, холдингтер, басқа да даму институттары ғана емес, бәсекеге қабілеттілік әр кәсіпкердің іс-қимылынан айқындалмақ. Бәсекеге қабілетсіздік өнімнің сапасын мүлдем төмендететін жағдай екені, сонау кеңестік кезеңнен белгілі жәйт. Бәсекеге қабілеттілік тек ынта емес, ол жаңа технологияны меңгеріп, онымен жұмыс істеп, сапалы өнім, яғни тауар өндіре білу. Бәсекеге қабілеттілік үшін іскерлік қажет. Ол өздігінен аспаннан түсетін жағдай емес, ол халыққа білім беру ісімен табиғи үндестікте. Бізге бәсекеге қабілетті білімдер жүйесі керек. Бұл білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру ісі екенін Елбасы Жолдауда нақтылап айтты.
Жолдауда әлеуметтік мәселелер, әсіресе, бюджет саласындағы қызметкерлерге, зейнеткерлерге, студент шәкіртақысына үстемелер қосу мәселесі нақты шешімін тапты.
***
2007 жыл өзінің саяси қуатымен тарихқа енді. Ол осы жылы Конституцияға енгізілген түзетулерден айқын көрінді. Елбасы 16 мамырда Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде былай дегені есімде: «Бүгін – қазақстандық демократияның тарихи күні. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң сіздердің алдарыңызда. Бұл құжат – саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылған кең көлемді жұмыстардың, еліміздің құқықтық кеңістігіндегі терең өзгерістердің қисынды қорытындысы. Мен, республикамыз президенттік болып қала тұра, Парламенттің өкілеттілігі айтарлықтай кеңейгенін діттейтін конституциялық өзгерістер жолымен жүруді ұсынамын. Бұл біздің республиканың президенттіктен президенттік-парламенттік үлгіге көшкенін білдіреді». Президент неге мұндай қадамға барды, себебі, Қазақ мемлекеті, Қазақ елі толыса келе, енді көптеген істерді қоғам иығына артуға болады деген тұжырымға келді. Бұл – батыл әрі дер кезіндегі шешім. Сөйтіп, қоғам өзін өзі басқаруға көше бастағанда, әрине, саяси партиялардың рөлі туралы сөз болуы қажет еді. Сонымен, қоғам және партия деген жаңа саяси тіркес тұрақты мәнге ие болды. Бұл Қазақ еліндегі басталған жаңа мағынадағы саяси модернизация болатын. Сондықтан, бұл жыл еліміз үшін саяси бетбұрыс жылы болды дейміз.
Президентіміз тәуелсіздік жолына түскен уақыттан стратегиялық дұрыс бағытта болды, оның ең алдымен – экономика, содан кейін саясат деген доктринасы халқымызды қиын-қыстаудан алып шыққан кемел саясат болғанына бүгін де көзіміз анық жетіп отыр. Бұл доктринаны кезінде түсінбегендер де жеткілікті болды, бірден саяси модернизация керек дегендер де табылды. Саясаттағы асығыстық – елді жарға жығу. Президент айтқанынан бұлжымай, экономика мәселесімен айналыса берді, меншік иелері пайда болды, мемлекет экономиканы тікелей басқарудан оған мүмкіндіктер жасау саясатымен айналысты, шаруамен еркін шұғылдана бастаған ерікті меншік иелері халық бойындағы тұмшаланып келген қуатты шығарып, әр адамның өзінше өмір сүру қабілетін және өз мүмкіндіктеріне деген сенімін қалыптастыра бастады. Оң істер нәтиже берді, халық тұрмысы жақсара бастады. Бәсеке түсінігі орнады, алғашқы кезде байқалған тағылықтар жойылып, адамдар еңбек етіп, өнім шығарудан қорқып-үрікпейтін халге жетті. Жеке меншік конституциясы заңды түрде қорғаныс тапты. Енді экономикадан саяси модернизацияға көшу мүмкіндігі туды, осы жағдайды біліп, оны іске асыру мақсатында Нұрсұлтан Әбішұлы Парламентке 18 мамырда «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, оны депутаттар талқылап, қабылдады, ол заңды 21 мамырда Президент мақұлдап, қол қойып бекітті.
Сөйтіп, қоғам өмірінде жаңа кезең басталды. Бұл заңда Президент, Парламент, Үкімет, жергілікті басқару органдары, мәслихат және партия туралы жаңа толықтырулар жасалды. Бұл мәселелер қоғамда айтылып, талқыланып, талас-пікірлер туындап жүр еді, енді құқықтық негізге ие болды. Бұл қоғам өміріндегі айшықты бетбұрыс болды. Бұл заманның өскелең талабына сай саяси модернизация еді. Осы жерде баса айтатын мәселе – Конституцияға енгізілген түзетулер мен толықтырулар мәнісінің тікелей қоғам ісіне қатыстылығы.
Қоғам ісі Ел, Халық деген түсініктермен нақтыланады. Қоғамның қуаты халықта, қоғам болу да оңай шаруа емес, мемлекеті болып, бірақ қоғамы қалыптаспаған да елдер бар. Қоғам қоғам болуы үшін оның елдік санасы болуы табиғи жағдай. Елдік сана қоғамның бірлік қуатының өлшемі. Осындай мемлекеттің субстанциясы, яғни қоғамға қатысты Президентіміз батыл саяси қадамдар жасап, өзінің келесі реформаторлық кемеңгерлігін танытты. Қоғам мен мемлекеттің түйісетін саяси алаңы – Парламент. Осы өткелі отырған Парламент сайлауының жетекшісі партиялар болуын анықтап белгілеу – сананы нығайтатын аса қуатты саяси шешім.
Ең алдымен айтарым, пропорционалды партиялық сайлау жүйесі Қазақстан халқының, әсіресе, қазақ халқының азаматтық санасын саяси деңгейде кемелдендіретін мүмкіндік. Енді осы мүмкіндікті ғылыми, өркениетті негізде жүргізу міндеті тұр. Бұл жерде партиялық даңғазалықты түп-тамырларымен жою керек, себебі, ол ел есіне өткен коммунистік партия тәсілдерін, айла-шарғыларын түсіреді. Бүгінгі таңдағы еліміздегі қуатты партия «Нұр Отан», оған ешкімнің таласы жоқ деуге де болады. Оған коммунистік партияның үш қайнаса сорпасы қосылмақ емес, себебі, ол – Тәуелсіз Қазақстанның өз болмыс, табиғаты қажеттіліктен тудырған партия, оның мүшелері азат елдің азаматтары. Мақсат – Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетті одан әрі нығайту, қоғамдық істерді саяси деңгейде жетілдіру. Мақсат – айқын, ниет – таза, жол – анық, ендігі жерде партияның елге деген ықыласының мөлдірлігі.
***
Заман талабына сай қос палаталы Парламентке тиісті өзгерістер енгізілді. Парламенттің өкілеттігі кеңейді. Сенаттың және Мәжілістің депутаттар саны артты. Мәжілісте 77 депутат болса, енді олардың саны 107-ге жетті. Сенаттағы 39 депутат 47 депутатқа ұлғайтылды.
Аудан, қала және облыс әкімдері мәслихаттар келісімімен сайланатын болды. Бұл – конституциялық өзгерістер әкелген жаңалық. Осының бәрі жергілікті басқару ісін іскерлік негізінде ұйымдастырып, жауапкершілікті күшейтудің мүмкіндігі. Жергілікті мәслихаттардың әкімдікпен үйлесімді шешімдерге келуіне жол ашылды десек те болғандай еді.
2007 жылы Сенаттың парламентаралық байланыстары өріс алды. Сенаторлар ТМД, ЕурАзЭҚ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, НАТО-ның Парламенттік Ассамблеясы, Еуропалық Парламент, Парламентаралық одақ, Ислам конференциясы ұйымы Парламент одағының жұмыстарына қатысты. ТМД, Еуропа және Азия елдерімен парламентаралық ынтымақтастық жалғасты. Сенат басшылығы мен депутаттар 200-ден астам әртүрлі шараларға қатысып, Қазақстанға ресми және жұмыс бабындағы сапармен келген парламенттік 30 делегацияны қабылдады. Сенат Төрағасы Қытай, Түркия, Хорватия, Моңғолия, Италия секілді елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен, түрлі халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен және еліміздің шетелдік әріптестерінің үкімет мүшелерімен кездесті. Осы жылы әлемнің 32 елімен және 13 парламентаралық құрылымдарымен ынтымақтастық топтары құрылып игілікті істер атқаруға мүмкіндіктер жасалды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасын одан әрі ілгерілету жөніндегі шаралар Сенат қызметінде ерекше орын алды. Бұл мақсатта 18-19 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының алтыншы отырысы болды.
Осы тұста айта кететін мәселе, өткен жылдан бастап бәсекеге қабілеттілік рейтингін белгілеуде Дүниежүзілік экономикалық форумның жаңа әдістемесі қалыптасты. Ол маңызды үш құрамдас бөліктен тұрады. Бірінші – экономиканың жағдайы және макроэкономикалық көрсеткіш. Екінші – қоғамдық институттар. Үшінші – халықтың инновацияға бейімділігі.
2006 жылы Қазақстан 56-шы орын алды. Келер жылы 61-ші орын. Егер макроэкономикада бізде жақсару бар болса (соңғы рет біз тіпті 10-шы орында болдық), екінші және үшінші бағыттар бойынша Қазақстан қажетті көрсеткіштерден жүздеген индикаторлар бойынша алыс жатыр.
Рас, 50 елдің қатарына ену туралы өршіл мақсаттарымызды мәлімдедік, бірақ, бұл жерде әнгіменің не туралы екенін және оның не үшін керек екенін жүйелі түрде түсіну қажет. Ең маңыздысы, бізде нақтылы мақсат және өзіміз ұмтылуға тиіс айқын да нақтылы көрсеткіштер бар.
Шынында да, әңгіме біздің рейтингімізге әсер етуге тиіс қоғамымыздағы кішкене ғана өзгерістер мен жақсарулар туралы болып отыр. Егер өткен жылға қарағанда белгілі бір орынды жоғалтқанымыз туралы айтар болсақ, мұндағы себеп бізде, яғни біздегі жағдайдың нашарлағанында емес, өзге елдердің соңғы жылда жақсара түскенінде бұл үрдіс үнемі осылай бола бермек. Бәсекеге қабілеттілік жарыс алаңы. Сондықтан басты міндет – босаңсуға жол бермей, барлық көрсеткіштер бойынша бірінші ондыққа жақындай түсу.
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Тәуелсіздіктің 16 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Адам өмірі категориясында 16 жыл – бұл кәмелетке толу және азаматтың паспорт алатын уақыты. Бүгін біз Қазақстан өзінің 16 жылдық тәуелсіз дамуында әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы, жауапкершілікті және құрметті азаматы ретінде қалыптасты деп сеніммен және мақтанышпен айта аламыз. Біздің еліміз осынау есею жылдары ішінде кездескен көптеген сынақтарға лайықты шыдамдылық көрсете білді.
Одақ ыдырағаннан кейін Қазақстанға тиген басты мұра ауқымы жағынан біз көріп білмеген жүйелі дағдарыс болды. Біздің еншімізге бәсекеге қабілетсіз экономика, басқарудың ескілікті жүйесі және қол-аяғы құрсаулы мемлекеттік аппарат тиді. Бұл біз бастан өткерген алғашқы ең ауыр да созылмалы дағдарыс болды. Сол кезде бізге қиыншылықтарға төтеп беріп қана қоймай, сонымен бірге, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар құру үшін негіз қалауға жағдай жасаған бетбұрыстық сипаттағы реформаларды жүргізудің сәті түсті. Екі сынақты бастан өткерген біздің экономикамыз бүгінде АҚШ-тың ипотекалық секторындағы қиыншылықтар салдарынан бүкіл әлемге тараған жаңа дағдарыстың ықпалын сезінуде».
Иә, дағдарыс басталып кетіпті, бірақ оған елімізде даярлық бар еді, ол – алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор қаржысын қоса есептегенде 40 миллиард долларға жақындаған ақша. Кезінде кейбір сарапшылар Ұлттық қорды Қазақстан халқына үлестіріп беруді ұсынып, өздеріне ұпай жинауды көксегендердің ыңғайына кеткенде әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұруға қандай қауқар болмақ еді. Осы жылы ішкі жинақ өнімі жан басына шаққанда 7 мың доллардан асып түсетін болады. 1997 жылдан бергі кезеңде еңбекақының ең төменгі өлшемі 4,5 еседен астамға өсті, орташа айлық номиналды еңбекақы 8,5 мың теңгеден 50 мың 800 теңгеге дейін алты есеге жуық артты. 2002 жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы 2,5 еседен астамға артты. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа көлемі 1998 жылдан бері 3 есеге жуық өсті. Бүгінде 630 мыңдай адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Олар – мүгедектер немесе асыраушысынан айырылғандар. Зейнетақы көлемі 1998 жылдан бері 4,3 есе, ал зейнетақы төлемдерінің орташа көлемі 3,3 есе көбейді. 1,6 миллионнан астам адам мемлекеттік зейнетақыны республика бюджетінен алады. 2012 жылға қарай зейнетақының орташа көлемі тағы да 2,5 есеге ұлғайтылатын болады. Табыстары өмір сүру себетінен төмен тұрғындардың үлес салмағы 3,6 есеге азаяды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері мемлекеттің қолдауымен тұрақты тұру үшін елімізге шамамен 650 мыңдай отандасымыз оралды. Өздігінше көшіп келушілерді есептегенде бұл көрсеткіш миллион адамнан асады. Маңызды істің бірі – жұртшылықты еңбекпен қамтуды жетілдіру саясаты. Жыл сайын елімізде шамамен 230 мың жұмыс орны ашылуда. Бұрынғыдай жастарды шет елдерге оқуға жіберіп қана қоймай, елімізде «Жаңа университет» ашу ісі жолға қойылды. Жылдың басты жаңалығы, деді Елбасы сөзінде, ол 2010 жылы Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық ету мүмкіндігін берген 56 мемлекеттің шешіміне айрықша тоқтады. Бұл біздің ғана жеңісіміз емес, Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бірінші ТМД елі, ол – бірінші түркі елі, ол – тарихи тұрғыда өркениетті ислам кеңістігінде жататын бірінші ел, ең соңында, ол – бірінші азиялық ел. Сондықтан, бұл біздің ортақ жеңісіміз, деп сөзін түйді Елбасы.
***
Сөзсіз, 2007 жылдың дипломатиядағы ірі жеңісі – Президент атап айтқан Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі жөніндегі шешімнің қабылдануы. Бұл – шын мәнінде Қазақ елінің абыройы. Әрине, бұл жеңіс аспаннан түскен жоқ. Ол – Елбасының 16 жыл бойы жүйелі түрде жүргізіп келген мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының сапалы нәтижесі. Бұл ұйымның алғашқы мәжілісі, сонау кеңес заманында Хельсинкиде 1975 жылы болған, ол мәжіліс хақында кейінірек әлемдік басылым беттерінде неше түрлі мағынада ақпараттар таратылып жатты. Басында бұл ұйым тек ядролық қару-жараққа шектеу мәселесін ғана күн тәртібіне қойған. Бүгінгі күні бұл ұйымның «3 кәрзеңкесі» бар. Бірінші кәрзеңке – әскери-саяси өлшемге, яғни саяси қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау орнату, қақтығыстардың алдын алу; екінші кәрзеңке – экономикалық-экологиялық өлшем, яғни экономика, ғылым, техника және қоршаған ортаны қорғау; үшінші кәрзеңке – адамдық өлшемге гуманитарлық және басқа салалардағы (ақпарат, мәдениет, білім), сондай-ақ адам құқығы жөніндегі ынтымақтастық мәселелері жатқызылды.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөз сөйлеп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға байланысты келелі мәселелерді талқыға сала былай деді: «Қазақстан халқы атомдық жарылыстар салдарының бүкіл қасіретін өз басынан өткерген. Семей ядролық полигонында 456 рет жарылыс жасалған. Сондықтан, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның бірінші тарихи шешімі Семей ядролық полигонын жабу болды. Соның артынша әлемдегі қуаты бойынша 4-ші ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымдарын жою жүзеге асты».
Ядролық қаруды өз еркімен жойған тұңғыш ел – Қазақ елі, осы ізгілік саясатты жүзеге асырған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Тарих әзірге мұндай ізгілікті қарекетті білмейді.
***
Президент ел тарихында алғаш рет 3 қыркүйекте «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деген тақырыпта Астанадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде интерактивті сабақ өткізді. Сабақ әнұранмен басталды. Елбасы дәрісінде: «Мен биылғы халыққа Жолдауымда 100 мектеп салуды міндеттеген едім. Сол 100 мектеп үш ауысымда білім алып жатқан оңтүстіктегі мектептерді ең болмағанда екі ауысымға түсіру мақсатында қолға алынуда. Астананың өзінде 3 жылдың ішінде 22 мектеп, биыл тағы 7 мектеп іске қосылады», – деді.
Елбасы өткізген интерактивті сабақ өзге де мемлекет басшыларына үлгі, өнеге.
***
Не айтсам да есіме Абай түсе береді, ол: «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел», дей келе, «Берекелі болса ел – жағасы жайлау ол бір көл, Берекесі кеткен ел – суы ашыған батпақ көл, Берекеңді қашырма, ел тыныш болса, жақсы сол», – деген еді. Дәп бүгінгі күнге орай айтылған сөздер деуге әбден болады. Елдің берекесін қашырмау үшін ел билейтін кемел жан керек, ол бізде, Құдайға шүкір, бар, оның есімін әрбір қазақстандық, қазақ мақтанышпен айта алады, ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Хакім Абай өткен ХІХ ғасырда осындай жағдайды былайша бейнелеп берген: «Единица – жақсысы, ерген елі бейне нөл, Единица кеткенде, не болады өңкей нөл». Ақын нөлді мағынасыз мәнде айтып отырған жоқ, ол нөлдердің единицаның қасында тұрғанда қаптаған күш, қуат екенін айтқан. Абай түсінігінде единица деген тұлға, кемел жан. Ол – заманға иленбей, заманды билей алатын кемел басшы.
2007 жылы Елбасы 2000-нан аса құжатты қарап, қол қойған. Оның ішінде 127 заң, 274 жарлық, 91 өкім, әр түрлі мәжілістердің 10 хаттамасы, 1400-дей сараптамалық және ақпараттық-анықтамалық құжаттар, 150-ден аса азаматтардың өтініштері. Мұның үстіне жыл ішіндегі шетелдік саяси, іскер орталықтардың халықаралық ұйымдары өкілдерімен кездесулерін қоса айту керек. Солардың ішінде ИКҰ Бас хатшысы Э.Ихсаноғлу, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Испания Сыртқы істер министрі М.Моратинос, Америка Құрама Штаттарының конгрессмендері Э.Фалеомаваего мен К.Кэннон.
Елбасының 2007 жылғы жұмыс кестесі көптеген сыртқы саяси шараларға толы болды. Ол мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарларымен Германияға, Украинаға, Түркіменстанға, Катарға, Египетке, Ресейге, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Бразилияға, Түркияға, Иранға, Сирияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Словакияға, Румынияға, Венгрияға барып қайтты.
Қазақ еліне ресми және жұмыс сапарларымен ел басшылары: Грузиядан – М.Саакашвили, Польша Республикасынан – Л.Качиньски, Ресей Федерациясынан – В.Путин, Түркіменстаннан – Г.Бердымұхамедов, Хорватия Республикасынан – С.Месич, Әзербайжан Республикасынан – И.Алиев, Моңғолиядан – Н.Энхбаяр, Біріккен Араб Әмірліктерінен – шейх Халиф Бен Заид әл Нахаян, Түрік Республикасынан – А.Гүл, Испаниядан – Король Хуан Карлос І, Иордан Хашимит Корольдігінен – Абдалла ІІ бен Хусейн бен Талал, Қытай Халық Республикасынан – Төраға Ху Цзиньтао, Италия Республикасынан – Министрлер кеңесінің төрағасы Р.Проди.
2007 жылдың алғашқы ресми сапарын Елбасы Германиядан бастады. Президент Германияның Федералды канцлері А.Меркельмен, бұрынғы президент Р.Фон Вайцзеккермен, бұрынғы канцлер Г.Шредермен, бұрынғы вице-канцлер Г-Д. Геншермен және елдің бизнес өкілдерімен сұхбаттасты.
Президент қыркүйек айында Бразилия Федеративті Республикасына барды. Сапар барысында Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративті Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастар мәселелері кеңінен сөз болып туризм, сауда, мәдениет туралы әріптестік екі жақты келісімдерге қол қойылды.
Елбасы қазан айының басында Иран Ислам Республикасына ресми сапар шекті. Иран Президенті М.Ахмадинежадпен аясы ауқымды аймақтық проблемаларды талқылады.
Қарашаның 7-9-ы күндері Елбасы Сирия Араб Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Сапар барысында Әбу Насыр Әл-Фараби жерленген Сириядағы тарихи-мәдени кешеннің іргесіне тас қалау рәсіміне қатысып, Бейбарыс сұлтанның кесенесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Осы екі нысан да тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет республиканың қаржылық жәрдемімен салынатыны өз алдына бір мерей болатын.
***
Әр жылдың өз болмысы, философиясы бар. 2007 Қазақ елі тарихының айтулы жылы болды. Болған іс, оқиғалар тарих еншісіне айналды. Бірақ сол жылы қызмет жасап, ғұмыр кешкен біздің сана-сезімімізде 2007 жыл өзінің ізгілік қуатын сақтап қала береді.
Ғарифолла ЕСІМ, академик.