Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 20 жыл
Осынау бір қатқыл сөз құлаққа жағымсыз естіледі. «Соғыс» деген сөзбен ағайындас. Оның арғы жағынан адамдарға жасалған қиянат, қауіп-қатер, қасірет дауысы естіліп, жаныңды түршіктіреді. Соғыс та талай өмірді жалмайды. Бірақ одан кейін сол соғыс әкелетін өлімнің тоқтайтыны бар. Ал полигонның жайы өзгерек. Оның өлім сепкен қасіреті жалғаса береді. Біраз уақытқа дейін. Сөйтсе де сол полигонның жабылғаны жақсы. Қасіреттің көзі жойылады. Тоқтатқанға, жапқанға мың алғыс, дейді халық. Халыққа қасірет әкелген үлкен соғыстарды тоқтатқан тұлғаларға сол халық рахметін айтады, тарих дейтін адамзат жады оны есте қалдырады. Тіпті кешегі өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына себепші кімдер дегенде, тарих И.Сталиннің, Ф.Рузвельдтің және У.Черчильдің есімдерін еске салады. Оларды адамдарды қырып-жойған соғысты, миллиондарды қайғы-қасіретке ұшыратқан соғысты тоқтатқандар деп есептейді. Сол ХХ ғасыр ядролық қару деген кесепатты да дүниеге алып келді. Сол қару кеңінен қолданылмай жатып, өзінің пайда болу кезеңінде-ақ айналасына өлім септі. Сынақтар, сол сынақ өткізетін жер – полигондар пайда болды. Сондай қасіретке әлемнің біраз жері, оның ішінде қазақ жері – халқымыздың аяулы перзенттері дүниеге келген Семей жері де ұшырады. Бұл қасірет халқымыздың жанына қатты батты. Ұлы замандасымыз Олжас Сүлейменов айтқандай, «Біз соғыстың аяқталғанына 40 жыл болды, 40 жыл бейбіт өмір сүрудеміз деп келдік, сөйтсек, соғыс аяқталмапты, 40 жыл бойы үн-түнсіз, қатыгез соғыс жүріп жатыпты». Сынақ аймағында. Полигонда. Сол «үн-түнсіз, қатыгез соғысты» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен тоқтатты. Жоғарыда Екінші дүниежүзілік соғысты тоқтатуға мұрындық болған елдердің басшыларының атын атап, олардың тарих алдындағы еңбегін айттық. Қазақ елі басшысының еңбегін солармен салыстырса болғандай. Семей ядролық сынақ полигонын жабу – теңдессіз оқиға. Оны біздің еліміздің басшысы жапты деп мақтанамыз. Әлі КСРО-ның құрамында бола тұрып, республика Президентінің мұндай шешім қабылдауы расында да теңдессіз ерлік еді. Бұл шешімнің маңызы ауқымды. Ол халықаралық мәнге ие. Семей ядролық сынақ полигонын жабуға байланысты халық талабы алғашқы күннен бастап халықаралық сипат алғаны белгілі. Оның «Невада-Семей» деп аталуында да үлкен мән бар. Ал полигонды жабу жөніндегі Қазақ елінде жасалған ұлы шешімнің бүкіл әлемдік мәнге ие болуы да заңды еді. Бұл – әлем жұртшылығының тілегі. Сол тілектің жүзеге асуында Қазақ елі басшысының тұрғаны үлкен мақтанышқа да, бағаға да лайық. Араға бір жыл салып, АҚШ Конгресі де Невадада ядролық сынақты тоқтатуға шешім қабылдаса, оған басты себеп – Семей полигонының жабылғаны екені айдан анық. Семей полигонында сынақ жүріп жатса, АҚШ парламентінде бұл мәселе қаралмас та еді. Сынақ полигонын жабу қолдау таппас та еді. Одан кейін француздар да ақылға келіп, 1995 жылы өздерінің Тынық мұхит аралындағы полигондарын жабуға мәжбүр болды. Мұндайда алған беттерінен қайта қоймайтын қытайлар да 1996 жылы өздерінің Лоб-Нор шөліндегі полигонын жапты. Өз істеріңді, еліңнің табысын басқалар атап айтып жатса, мақтанғаның да жөн-ау дейсің. Ол елдің абыройы, халықтың еңсесін көтеретін жәйт. Қазақстан басшысының Семей ядролық сынақ полигонын жапқан күн – 29 тамызды Жаппай қырып жоятын қаруларды жоюдың бүкіләлемдік күні деп жариялау жөніндегі ұсынысының Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау табуы да білген адамға үлкен баға. Біздің еліміздің, қазақ дейтін халқымыздың ізгі ниетін бүкіл әлемге паш еткен бұл оқиғаны болашақ ұрпақ әркез еске алатын болады. Ядролық қарудың пайда болуын, оған қарсы күресті адамзат ешқашан ұмытпайды. Алда бұл қару жұмсалмасын дейік, қазірге дейінгі тарихының өзі адам шошырлық. Хиросима мен Нагасакидің өзі жан түршіктіреді. Жай сынақтардың өзі халыққа үлкен қасірет болып тиіп отыр. Ал қазірге дейін жинақталып қалған 41 735 ядролық оқтұмсықтың күші Жер шарын бір емес-ау, жүз мәрте жоя алады екен. Сол жойқын қаруды жоюдың бастамашысы біздің еліміз болып отырғаны да елімізге, халқымызға, ұлтымызға абырой. Біз айтып, басқалар қолдаған күнді алғаш рет атап өтетін уақыт та жақындап келеді. Биылғы атаудың да жөні бөлек – сол халыққа қасірет болып жабысқан Семей ядролық сынақ полигонының құрылып, онда 40 жылдан астам уақыт бойы түрлі сынақтар, яғни жарылыстар жасалғаннан кейін оны біржола жабу жөнінде Президент Н.Назарбаевтың Жарлығы шыққанына да 20 жыл толып отыр. Тажалға тосқауыл қойылғанда, оның нендей сұмдық екенін, оның қалай пайда болғанын да білген жөн. Сол мақсатта оқырман қауымға біраз мағлұмат ұсынуды жөн санадық. Семей сынақ полигоны – әлемдік милитаристік саясаттың, қарулану бәсекесінің салдары. Сол Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында АҚШ Жапонияда алғаш рет атом бомбасын жарып, халықты қанға бөктірді. Тірі қалғандарын ауруға шалдықтырды. Осы әрекетімен ол өзінің басқалардан күшті екенін дәлелдеді. Дәлелдегенде, өзіне мойынсұнуды талап етті. Ал АҚШ-тың басты қарсыласы – коммунистік КСРО оны мойындағысы келген жоқ. Мойындамаудың бір-ақ жолы бар – сондай бомбаны өзі жасап шығару. Ол үшін алдымен оны сынап көретін жер керек. Ол жер Қазақстаннан табылды. Табылғанда, онда тұрып жатқан халықтан сұраған да жоқ. Сынақ жүргізуге қолайлы деп, қазақтың ең бір қасиетті жерін ойып тұрып алды. Ол кезде оған қарсылық көрсету деген болмайтын. Оның үстіне бұл зұлматтың қандай қасірет әкелетінін де біліп жатқан халық жоқ еді. Шешім қабылдаған КОКП ОК мен КСРО үкіметі (қаулы 1947 жылғы 21 тамызда шықты) оны білмеді емес-ау, білді. Бірақ халықты аямады. Сол қаулы бойынша, алдымен Таулы сейсмикалық станса (№905 нысан) құрылып, бір жылдан кейін ол КСРО Қарулы Күштері министрлігінің оқу-жаттығу полигоны деп аталса, ақырында №2 Мемлекеттік орталық ғылыми-зерттеу полигоны деген атқа ие болды. Мұнда №52 605 әскери бөлімше көшіп келді. Ертістің сол жағасында, Семей мен Павлодар облыстарының түйіскен жерінде, батысында Қарағанды облысының біраз бөлігін алып жатқан аймақта күн-түн демей қарбаласқан құрылыс жұмыстары жүрді. Оның бәрі халықтың көзінен таса еді. Жұрт өзеннің жағасында қала орнағанын, таулы-жазықты жерлерде небір нысандардың бой көтергенін білген де жоқ. Білдірмеді. Сөйтіп, 1949 жылдың шілдесінде Семей ядролық сынақ полигоны атом бомбасын сынап көруге дайын болды. Бұл «айтулы оқиға» сол жылғы 29 тамызда таңғы сағат 7-де жүзеге асты. Семей полигонында атом бомбасын жару КСРО дейтін елді қайтадан АҚШ дейтін ұлы державаның қатарына көтерді. Ол ядролық қаруы бар елге айналды. Бұған әдетте «әлемдік деңгейдегі аса маңызды саяси және ғылыми-техникалық оқиға» деген сипаттама беріліп жатады. Шын мәнінде де солай екені даусыз. Біздің жанымызға бататыны – сол жарылыстан жеріміз бүлінді, адамдарымыз қасірет шекті. Жердің бүлінбеуін, адамдарға қасірет әкелмеуін жан-жақты ойластырып жасағанда, мұндай оқиғаны мақтаныш етуге де болар еді. КСРО дейтін әлемдегі ең жері көп алып елде адамдар зардап шекпейтін жер де табылар еді. Солтүстік мұзды мұхиттағы аралдарды айтпағанда, адамдар сирек тұратын Сібірден, Тайгадан орын табылар еді. Амал жоқ, болар іс болғаннан кейін, сол сынақ полигоны жайында толығырақ мағлұмат беру мақсатында онда жүзеге асырылған жұмысты айтқан да жөн. Семей сынақ полигоны ядролық жарылыстарды жүзеге асыруда көлемі жағынан да, саны жағынан да, технологиялық деңгейі жағынан да әлемдегі ең үлкен де озық сынақ орнының бірі болды. Алғашқы атом бомбасын сынау 1949 жылы өткізілсе, 1953 жылғы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды, ал 1955 жылы 29 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасын ұшақтан тастап жару сыналды. Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жасалды. Семей сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі – 1949 – 1962 жылдарда ядролық жарылыстарды ауада және жер үстінде жүргізу болса, екінші кезеңі – 1962 – 1989 жылдарда жер астында (штольнялар мен ұңғымаларда) жүргізілді. Сынақты ауада, жер бетінде жасағанда қоршаған ортаның радиациялық ластануы көбірек болады. Соны ескеріп, кейінгі жылдары жерасты жарылыстарына көбірек назар аударылды. Семей полигонында тек ядролық жарылыстар ғана сыналмай, химиялық жарылыс заттарын пайдалана отырып жүргізілетін жарылыстар да сыналды. Мұндай жарылыстар саны да аз емес – 175. Осынау жарылыстарды сынауға Семей полигоны айрықша ыңғайлы еді. Ауадағы жарылыстар «Тәжірибе даласы» алаңында өткізілді. Бұл Курчатов қаласынан 50 шақырымдай жердегі айналасын тау қоршаған, диаметрі 20 шақырымдай, 300 шаршы шақырымдай жерді алып жатқан ғажайып жазық жер еді. Атом бомбасы да, термоядролық бомба да, сутегі бомбасы да осында сыналды. 116 жарылыстың 86-сы ауада, 30-ы жер бетінде жасалды. Мұнда жердің радиоактивтік ластануы айрықша күшті болды. Көп сынақ өткізілген жер – «Балапан» алаңы. Мұндағы жарылыстар ұңғымада жасалды. Оның ауаны радиоактивті ластауы жер бетіндегі жарылыстарға қарағанда әлдеқайда төмен. Сөйтсе де бұл алаңның полигонның шетінде болғаны, елді мекендерге жақындығы айтарлықтай қауіпті еді. Сонымен қатар, жерасты жарылысынан зиян аз деген желеумен аса қуатты сынақтар жүргізілді. Сондай күші 140 кт (килотонна) жарылыс салдарынан диаметрі жарты шақырымдай, тереңдігі 100 метрлік «атом көлі» пайда болған. Жерасты жарылысы зиянсыз дегенмен, онда күтпеген жағдайлар да орын алып, жергілікті аймақтың радиоактивтік ластануына жол берілгені де бар. 4 ұңғымада сондай жағдай болды. Сірә, содан да болар, ұңғымадағы жарылыстардың біразы бұдан кейін сынақ полигонының ортасына таман орналасқан «Сарыөзен» алаңында өткізілген. Соған жақын жатқан Мыржық тауында да жерасты жарылысы жасалды. Семей сынақ полигоны дегенде, көңілге оралатын бір атау бар. Ол – Дегелең тауы. Көркімен де, ол туралы айтылатын аңызымен де жұрт назарын аударатын әсем тау. Өзінің елге келген бір сапарында аяулы жазушы, абыз атамыз Сапарғали Бегалин сол Дегелеңге барғысы келеді. Әрине, сынақ заманында әскерилер оны жібермейді. Сонда Сапекең: «Маған көңіл айтыңдар, мен Дегелеңімнен айрылған екенмін», депті. Расында да, табиғаттың Дегелеңдей кереметін сол жарылыстар заманында аямай-ақ жаралаған еді. Онда орташа және шағын қуатты жарылыстар жасалды. Ол үшін таудың өн бойын тілгілеп, штольнялар қазды. Диаметрі 3 метрдей болатын үңгірлердің ұзындығы кейде бірнеше шақырымдарға жететін. Соған зарядтар салынып, оны жарып, таудың жүрегін солқылдатқан. 209 мәрте! Тауды шұрық тесік еткен. Полигонның басқа аймақтарында да сынақ өткізетін алаңдар болды. «Ақтамберлі» алаңында толық емес тізбекті реакцияларға тәжірибе жасалды. «Телкем» алаңында өнеркәсіптік жарылыстардың технологиясы сынақтан өтті. Бұл полигонда әлі де талай сынақтар жасау көзделген еді. Бұрынғылары аздай, «Жаңа» деп аталатын ауқымды жерді алып жатқан алаң әзірленген. Онда талай құрал-жабдықтар орнатылды. Бәлкім, бұрынғылардан да зорырақ сынақтар жүргізілер ме еді, кім білсін, бірақ онда, құдай жарылқап дейік, республика басшысының көзсіз ерлігінің арқасында сынақ жабылып, зұлматтыққа жол берілмеді. Полигонның көмейіне құм құйылды. Семей сынақ полигоны дегенде, біздің ойымызға ядролық жарылыстар, атом, термоядролық, сутегі бомбаларының жарылыстары оралады. Көзімізге жарылыстан пайда болған саңырауқұлақтар елестейді. Ал мұнда кең көлемді реакторлық сынақтар да болды. 1958 жылдан бастап, КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен мұнда ядролық зымырандық двигательдерді (ЯЗД) және ядролық энергодвигательдік қондырғыларды (ЯЭДҚ) сынақтан өткізу ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сол ЯЗД және ЯЭДҚ, сондай-ақ олардың жеке тораптарын сынау үшін полигонда 1961 жылы жылулық нейтронда жұмыс істейтін импульстік графиттік реактор (ИГР) пайдалануға берілді. Басқа да сынақтарды жүргізу үшін 1962-1970 жылдарда «Байкал-1» реакторлық кешені жасалды. Бұл сынақтардың әскери қарулар жасау үшін ғана емес, өндірістік те маңызы бар еді. Олар КСРО дейтін алып елдің жер-жерінде қуат өндіретін реакторлық қондырғылар жүйесінің дамуына, оның ғылыми-зерттеу негізін белгілеуге кең жол ашты. Бір сөзбен айтқанда, аса маңызды ғылыми-зерттеу жүргізілді, ол белгілі дәрежеде халықтың игілігіне де жаратылды. Сөйтсе де бұл сынақтар да, олардың саны 200-ден асады, радиоактивтік ластау тұрғысынан алып қарағанда, полигон аймағын айтарлықтай бүлдірді. Полигон... Осы бір сөзден тек жамандық есітілетіндей болады. Жақсы нәрсе іздеуге көңілің дауаламайды. Жақсы бір сөз айтуға аузың бармайды. Осында жүргізілген орасан зор ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы жақ ашпаймыз. Сынақтан көрген қасірет олардың барлығын көлегейлеп кетеді. Шындық үшін кейде соны да айта кету керек-ау дегенде, осы жұрт оны қалай қабылдайды деп күдіктенеміз. Мынау адамның өзі сол сынақ полигонының ашылғанын құптап отырған жоқ па деп айтады деп сескенеміз. Мұны да азаматтық көзқарас ретінде қабылдауға болар. Ал шындыққа жүгінгенде, Семей сынақ полигонында әлемдік деңгейде аса зор ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстар ядролық қарулардың жойқын күштерін анықтаумен қатар, одан қорғанудың да жолдарын көрсетуге қызмет етеді. Мұнда жалпы адамзатқа қажетті атом энергиясын өндіру мен пайдаланудың сан-саласы бойынша аса терең жұмыстар нақты іспен, тәжірибемен ұштастырылды. Оған талай ғылым салаларының өкілдері қатысты. Соның бәрін саралап, салалап айтып шығу да оңай емес. Осынау жұмыстардың ауқымдылығына дәлел ретінде оған қатысқан үш ғалымды атап кетсек те оқырманның көп нәрсеге көзі жетер еді. Семей сынақ полигонында сынақ жұмыстарына алты жыл бойы (1949 – 1955) Игорь Васильевич Курчатов (1903 – 1960) басшылық етті. Көзі қарақты адамға оны таныстырып жату артықтау, сөйтсе де қысқаша айтайық. ХХ ғасырдың ұлы физигі. КСРО-дағы атом ғылымы мен техникасы жөніндегі жұмыстарды бірінші ұйымдастырушы және жетекшісі. Академик. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері. Алғашқы кеңес циклотронын жасаушы. Атом энергетикасы институтының негізін қалаушы, директоры. Осындай адам полигонда алты жыл жұмыс істеді дегеннің өзі мұндағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының әлемдік деңгейін аңғартады. Оның есімі сынақ полигонының астанасы саналатын Курчатов қаласына берілген. Онда ұлы физиктің еңселі ескерткіші бар. Тағы бір ұлы физик, академик Юлий Борисович Харитон (1904 – 1996) да аты тарихта қалатын ғалым. Ол – алғашқы атом бомбасын жасаушы. Үш мәрте Еңбек Ері. Лениндік және үш мәрте Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты. Алғашқы атом, термоядролық сынақтарды жасаудың басы-қасында жүрген. Андрей Дмитриевич Сахаровты (1921 – 1989) әлем жұртшылығы ядролық қаруға қарсы күрескер, ұлы демократ ретінде көбірек біледі. Ғалымдығы әсте де одан кем емес. Академик. Үш мәрте Еңбек Ері. Лениндік және үш мәрте Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты. Бәрі де оған ғылым үшін берілген. Ең бастысы – сутегі бомбасын жасаушы. Семей полигонында сол қаруды сынауға қатысқан. Бәлкім, сол қарудың алапат күшін осы полигонда өз көзімен көрген соң да шығар, кейін өз өмірін осынау қаруларға тыйым салу жолындағы күреске арнады. Атом қуаты қырып-жоюға емес, жасампаздыққа қызмет ету керек деген идея үшін күресті. Иә, Семей сынақ полигонында үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оған аса зор материалдық-техникалық база да жасалды. Полигонды жапқанда, ол қайда қалмақ? Парасаттылыққа жүгінгенде, онда қалыптасқан ғылыми-техникалық әлеуетті халық игілігіне пайдалану керек еді. ССП-ны жабу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығының екінші тармағында республика Үкіметіне «...Семей сынақ полигонын одақтық-республикалық ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру» тапсырылды. Ол әлі Одақ бар кез еді. Тіпті сол Одаққа да парасаттылық жолын көрсеткендей шешім еді бұл. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тағы да Президенттің Жарлығымен Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) құрылды. Семей полигоны орналасқан жер – халқымыздың құйқалы жері. Өктемдікпен одан тартып алынған жер қайтадан халыққа қайтарылуы тиіс. Ол – жараланған жер. Алдымен жарасын жазу керек. Оны жазу үшін осы сынақ полигонында жасалған үлкен ғылыми-техникалық әлеует пайдаланылғаны жөн. Осы мақсатта құрамына Ядролық физика, Атом энергетикасы, Геофизикалық зерттеулер, Радиациялық қауіпсіздік және экология институттары және «Байкал-1» реакторлық кешені кіретін Ұлттық ядролық орталық қыруар жұмыс атқарды. Халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесе отырып ҰЯО Семей сынақ полигонындағы және оған жақын аймақтағы радиациялық жағдайды жан-жақты зерттеп, үлкен ақпараттық мағлұматтар жинақтады. Сынақ алаңдарындағы нысандар демилитаризацияланды, яғни штольнялар мен ұңғымалар жойылды. Сол жан-жақты зерттеулердің, сынақ зардаптарын жою жұмыстарының арқасында ССП аумағында болған жердің 80 пайыздық көлемін шаруашылық жұмысын жүргізуге қайтаруға мүмкіндік туып отыр. Шаруашылық дегенде, бұл аймақ ежелден берекелі қоныс, мыңғырған мал өскен жер екені өз алдына, онда қазбалы байлық та көп: алтын, марганец, флюорит, таскөмір, мыс, молибден кендері бар. Қазір Қаражалда флюорит өндіріліп жатыр. Ол елімізде осы жерде ғана кездеседі. «Балапан» сынақ алаңында мыс-молибден өндіріледі. Ал Қаражыра көмір кен орны біраз жылдан бері осы аймақтың тұрғындарын отынмен қамтамасыз етіп келеді. Оның қоры – 1,2 миллиард тонна, жыл сайын 3 миллион тонна көмір өндіріледі. ҰЯО көп жұмыс атқарып жатыр. Оның бір ғана көрінісі – сол Орталықтың бас директоры, академик Қайрат Қадыржанов бастаған бір топ ғалым ядролық және радиациялық физика саласындағы іргелі зерттеулер және олардың негізінде ядролық және радиациялық технологиялар құрудағы жұмыстар циклы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл жұмыстар әлемдік ғалымдар тарапынан жоғары бағалануда. Қасіретке айналған аймақ енді қайта сергіп, қайта түлеп, халыққа қызмет етуге тиіс. Осы жолда қыруар іс тындырылды. Оны бүкіл әлем бағалап отыр. Әлде қызғаныш, әлде жетесіздігінен болар, сол істі елегісі келмейтіндер, ең болмағанда әйтеуір бір жамандап көрсеткісі келетіндер де бар. Әркім – өз ниетінің құлы. Полигон. Ядролық сынақ полигоны. Оны адамзат ұмытпауға тиіс. Осы жерде ССП нысандары кешеніне ЮНЕСКО-ға тіркелген ескерткіш мәртебесін беру керек деген де пікірдің жаны бар. Бұл еліміздің зұлымдыққа қарсы күресінің, қасіретті игілікке айналдыру жолындағы қадамдарының ескерткіші болар еді, еліміздің мақтанышына айналар еді. 29 тамызды тек біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы адамзатқа қарсы жасалған зұлым қаруларды жою күні ретінде атап өтеді. Оның басында біздің еліміздің тұрғаны – мақтаныш. Мамадияр ЖАҚЫП.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше