26 Тамыз, 2011

«Тартысқа дайынбыз!» – дейді Рудный қаласындағы «Горняк» командасының бас бапкері Сергей МОГИЛЬНИКОВ

366 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бүгінде жұртшылыққа спорттың артық­шылығын айтып жатудың өзі артық. Жыл сайын біздің елімізде де спорт күні кеңінен аталып өтеді. Биыл Рудный қаласындағы «Горняк» командасының хоккейшілері осы төл мерекесін жол үстінде атап өтті. Былтыр кеншілер ко­мандасы он жылдың ішінде бірінші рет Қазақстан кубогын қан­жығалап қайтқан еді. Рудныйлықтардың биылғы дайындығы да жаман емес. Біз хоккейшілер сапары алдында команданың бас бапкері Сергей Могильниковпен әңгімелескен едік. – 2010 жылғы кубок жеңім­пазының биылғы шабысы қалай болмақ? – Хоккейден Қазақстан кубогы – маңызды турнирлердің бірі. Менің ойымша, қазір барлық ко­мандалардың дайындық деңгейі бірдей. Жеребе бойынша, біз қа­рағандылық «Сарыарқа», көкше­тау­лық «Арлан», өскемендік «Каз­цинк-Торпедо-2» және биыл құ­рылған жаңа «Астана» коман­да­ларымен бір топтамыз. Жарыста былтырғы жеңістің кездейсоқ еместігін бұл жолы да дәлелдеуге ұмтыламыз. Қысқасы, алыспай беріспейміз. – Команданың турнирге дай­ындығы қалай? Демалыс жігіттерді босатып жіберген жоқ па? – Команда Рудныйға кезекті демалыстан кейін жиналды. Ал­дымен жан-жақты медициналық тексеруден өттік, «Горняк» ойын­шы­ларының барлығы да шар болаттай шымыр екендігін көрсетті. Жергілікті спорт базасында ша­малы дайындалғаннан кейін, жігіттер он күн «Сосновый бор» санаторийінде болды. Онда күніне үш рет жаттығу жұмысын жүр­гіздік. Рудныйға келген күннің ертеңінде команда мұз айдынына шықты. Жақында ойыншылардың барлығы да жаңа форма алды, дай­ындықты күшейтіп, демалыс­сыз жұмыс істеудеміз. – Жаңа форма демекші, хок­кейдің спортсүйер қауымға берер рахаты көп болғанымен, өзі арзанға түспейтіні белгілі. Руд­ный сияқты шағын қалада жал­пы хоккейдің дамуын және «Гор­няк» командасын қолдап оты­ратын демеуші бар ма? – Рас, хоккей – қымбат спорт. Хоккей командасы жақсы нәти­же­ге жетуі үшін оған күшті жаттығу жұмыстары керек, ал ол қомақты қаржысыз жүзеге аспайды. Демеуші дегенде, алдымен ENRC кор­порациясы және «ENRC Көмек» корпоративтік қорын айтамыз. Кор­­порация жыл сайын «Горняк» хоккей командасын дамытуға шамамен 100 миллион теңгеден астам қаражат бөледі. Осындай қар­жы­лай қолдаудың арқасында команда хоккей құралдары мен спорт­тық формасын жаңалап оты­рамыз. Би­ыл командаға жаңа ойын формасы алынды, оны хоккейшілер 10 қыр­күйекте өтетін Қа­зақстан чемпио­натында киіп шығады. Мұның сыртында ENRC кор­порациясы және «ENRC Көмек» корпоративтік қоры тек біздің об­лыста ғана емес, еліміздің басқа өңірінде де спорттың кең тарауы­на қолдау көрсетеді. Биылғы жы­лы корпорация Қазақстандағы спорттық жобалар үшін 800 миллион теңгеге жуық демеушілік көмек көрсетті. Ал өткен жылы осы мақсатқа жалпы 765 миллион теңге бөлген болатын. Демеушілік жөнінде сөз қоз­ғалғанда ENRC құрамына кіретін «Соколов-Сарыбай кен өндіру бір­лестігі» акционерлік қоғамы (ССКӨБ) туралы да айтпасқа бол­майды. Бірлестік президенті Мұхамеджан Тұрдахунов он жыл бойы Қостанай облыстық шай­ба­лы хоккей федерациясын басқа­рып келеді. Биыл кәсіпорын Руд­ныйдағы ашық стадионды қалпы­на келтіру үшін 150 миллион тең­ге бөлді, онда «Горняк» маусым алдындағы жаттығуларын өткізе­ді. Жүгіру жолдары, футбол, волейбол алаңдары бар бұл стадион Қостанай облысындағы ең үздік спорт нысаны болмақ. Жаңа ойын маусымы басталар алдында клубтың әкімшілігі, жат­тықтырушы-жетекші құрамы жә­не барлық ойыншылары аты­нан ENRC корпорациясына, «ENRC Кө­мек» корпоративтік қорына жә­не «ССКӨБ» акционерлік қоғамы мен Рудный қаласы әкімдігіне спортты қолдағаны және әрқашан қасымыздан табылғаны үшін зор ризашылығымды білдіремін. – «Горняк» жаңа маусымда мұз айдынына қандай құрамда шықпақ? – Біз бүгінде командаға жас­тарды тартуды, ойынды олардың есеюі мен тәжірибе жинақтауына қарай құруды ойластырып отыр­мыз. Ересек спортшылардың та­ла­бы күшті болғанмен, олардың ойын нәтижесі шамалы, көрер­мен­нің делебесін қоздыра түсетін шиеленіскен ойындарды олар көр­сете бермейді. Ал жастар ой­ын жо­лын­да көп еңбектенеді, жат­тық­ты­ру­шыны жақсы тыңдай­ды, тез тү­сінеді. Осыған байла­нысты коман­даға қазақстандық жас балаларды алғанды дұрыс көр­дік. Өскемен хоккей мекте­бі­нің төрт түлегін –Александр Ну­ре­каны, Евгений Ергерді, Александр Куршукті және Михаил Лазаренконы шақырдық. Өткен жылы қатарымызға қосыл­ған өс­ке­мендік Леонид Метальников, Ринат Омарбеков және Вячеслав Федосенко «Горняк» құра­мында ойнайтын болады. Соны­мен қа­тар, көрші челябілік Александр Щукин, қарағандылық 1993 жы­лы туған Артем Иванов пен Магнитогорскіден келген, 1994 жыл­ғы Алексей Бывальцев те команда құрамын толықтыра түсті. Алексей жастығына қарамастан Ресей­дің құрама командасында бір­неше рет жақсы ойыны үшін мара­пат­талған жігіт. Ал жергілікті жігіттерден шымыр болаттан соқ­қан­дай Андрей Шевченко мен өзіміз үкілі үмітімізге санайтын Андрей Медяникті айтсам да жарар. Міне, осы аталған жігіттер бұрынғы ойыншылардан кем түс­пейді деп ойлаймын. – Ойыншылардың ішінде есімі көрермен жадында жүретін хоккейшілер бар ма? – Командаға бұрын «Горнякта» бір емес, бірнеше маусым ой­наған екі ойыншы бірден оралды. Олар шабуылшы Александр Обухов пен қорғаушы Сергей Литвинов. Бұл екі жігіт құрамында ой­наған кезде «Горняк» Қазақстан чемпионатының жүлдегері және бірінші лигадағы командалар ара­сында Ресей біріншілігінің («Урал-Батыс Сібір» аймағы) жеңімпазы атанды. Айтпақшы, осыдан төрт жыл бұрын «Горняк» құрамында жүргенде С.Литвинов Туриндегі Универсиадада Қазақстанның атын шығарып, қанжығаға қола медаль салып қайтқан еді. Биыл жанкүйерлер Павел Филипен­ко­ның да ойынын тамашалайтын болады. Ол жарақат алса да саптан шыққан жоқ, бүгінде жігіттермен бірге жаттығуды күшейт­кен. Өткен жылы мұз айдынымен қоштасуды ойлаған Евгений Ляпуновпен жанкүйерлер биыл да кездеспек. Қысқасын айтқанда, команда құрамында тәжіри­бе­лі­лер де, «жаңа перілер» де бар. Ең бастысы, жұдырықтай жұмылған жігерлі ұжым құру басты мақсат. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Рудный қаласы.