Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Лайықтыларға – мемлекеттік наградалар

285 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты. Салтанатты шараны ашқан Елбасы қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен құттықтады.

Лайықтыларға – мемлекеттік наградалар

«Қалыптасқан игі дәстүр бойынша мемлекеттік наградалар сіздерге Отан қор­ғаушы күні мен Жеңіс күнінің қарсаңында тапсырылып отыр. Бұл мерекелер бізге айрықша қымбат. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы аға буынның ерен ерлігі мен асқан батырлығының үлгісіне айналды. Мұны әрқашан есте ұстауға тиіспіз. Елдің тыныштығын, Отаны­­мыздың шекарасын қорғау, сол үшін қызмет ету – баршаңыздың пары­зыңыз. Береке мен бірлігіміздің арқа­сында аспанымыз ашық болып, еліміз өркен­деп, өсіп келе жатыр», – деді Қазақстан Президенті.
 Бұдан кейін Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдары мен армияның ел қауіп­сіздігін және тәуелсіздігін қамта­ма­сыз етудегі айрықша рөліне тоқта­лып, олар­дың адал қызметі мен кәсіби­лігі жоғары бағалануға, зор құрметке лайық екенін атап өтті. 
 «Сіздер Отанға қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз­дер. Әскери, азаматтық парыздарыңыз­ды абыроймен атқарып жүрсіздер. Ел сүйсін­ген ерліктеріңіз, туған жерге деген айнымас адалдықтарыңыз бен ер­лік істеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өш­пес өнеге. Жастар сіздерге қарап бой түзейді, өседі. Жоғары мемлекеттік мара­патқа ие болу сіздер үшін үлкен мақта­ныш және үлкен жауапкершілік. Елі­міз­дің әскери қызметшісі және құқық қор­ғау құрылымының қызметкері атағын ал­дағы уақытта да абыроймен алып жүре­тін­деріңізге сенімдімін. Ерліктеріңіз елге үлгі бола берсін. Біз сіздердің қиын­дыққа толы қызметтегі, халық игілігі жолындағы ерен еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент Қазақ­станда әскери қызметшілердің жалақы­сы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арта­тынын айтты. «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының және Қарулы Күштер­дің 25 жылдығының құрметіне орай мен Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіп­сі­здік қызметінің, Ұлттық гвар­дия­ның және Мемлекеттік күзет қыз­ме­тінің әскери қызметшілерінің лауа­зым­дық жалақыларын бірінші шіл­деден бастап 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдадым. Кез келген Тәуел­сіз мемлекеттің Қарулы Күшінің, құ­қық қорғау органдарының болуы қа­жет екендігін білеміз. Сондықтан, мем­лекет қиындықтарға қарамастан, әске­ри қызметшілердің материалдық-тех­никалық базасын күшейту, жағдай­ларын жасау үшін барлық шараны қабылдап отырады», – деді бұл жөнінде Елбасы. 
 Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев марапатталушыларға мінсіз қызметі үшін алғысын білдіріп, оларға зор денсаулық, бақ-береке, жаңа табыс тіледі. 
«Мен бүгін осы наградаларды сіздерге зор ықыласпен тапсырамын. Бұл – ең­бектеріңіздің, мінсіз қызметтеріңіздің бағалануының нәтижесі. Әскери қыз­мет­шілер, құқық қорғау жүйесі – мем­лекетіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі. Сіздер награданы елеулі кезеңде – еліміз Қару­лы Күштерінің 25 жылдығында алып отыр­сыздар», – деді Қазақстан Президенті.
Бұл күнгі салтанатты шара бары­сында І дәрежелі «Даңқ» орденімен Сол­түстік Қазақстан облысының про­куроры Берік Асылов, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Ны­сандарды қорғау қызметінің баст­ығы Мұхтар Аюбаев, Ұлттық ұлан­ның бас қолбасшысы Руслан Жақсы­лықов, Қорғаныс министрлігі Бас инс­пек­циясының бастығы Құрбан Қара­жанов, Қорғаныс министрінің бірінші орын­басары – Қарулы Күштер Бас штабы­ның бастығы Мұрат Майкеев марапатталды.
Ал ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепехаға және Қорғаныс министрлігі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы Дәулет Оспановқа тапсырылса, І дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент бастығының бірінші орынбасары Денис Бартенов марапатталды.
Сонымен қатар, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені Ұлттық қауіпсіздік коми­­теті Астана қалалық департаменті басқарма бастығының орынбасары Іскендір Әуесбаевқа, Ұлттық қауіпсіз­дік комитеті Батыс Қазақстан облыстық департаментінің басқарма бастығы Темір Ғиззатовқа, Мемлекеттік күзет қыз­меті департамент бастығының орын­басары Евгений Лавренюкке, Қорға­ныс министрлігі №30212 әскери бөлім­інің командирі Талғат Сапарбаевқа, Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскері қолбасшысының бірінші орынбасары Талғат Исмайловқа тапсырылды.
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мем­­­ле­кеттік күзет қызметінің Нысан­дар­­ды қорғау қызметі 0112 әскери бөлі­мі­­н­ің салтанатты рәсім батальоны бөлім­­ше­сінің командирі Нариман Ах­метул­­лин, Қорғаныс министрлігі Кадет корпу­сы­ның сержанты Мирбек Рахым­беков марапатталды. 
«Ерлігі үшін» медалі Ішкі істер ми­нистр­лігі Ақмола облыстық ішкі іс­тер департаментінің аға жедел уәкі­лі Берік Айтеленовке, Ішкі істер ми­нистр­­лігі Ақтөбе облысы бойынша қыл­мыстық-ат­қару жүйесі КА-168/3 мекемесі жедел бөлім­шесінің бастығы Нұржан Жиде­хановқа, Ішкі істер министрлігі Астана қаласы төтенше жағдайлар депар­таменті­нің №8 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөн­дірушісі Асхат Сәлкеевке, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро­сы департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Тәжібаевқа тапсырылды.
Сондай-ақ, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Ұлттық қауіпсіздік ком­и­теті Үкіметтік байланыс қызметі басқар­­масының бастығы Әбжапар Әзім­баев, Қорғаныс министрлігі №41433 әске­ри бөлі­мінің командирі Серік Елу­баев, Қор­ғаныс министрлігіне қара­сты Армия орталық спорт клубы – Спорт коми­­тетінің нұсқаушы-сержанты Алина Рай­кова, Қорғаныс министрлігі №55652 әс­кери бөлімінің авиациялық эскад­­рилья командирінің орынбасары Нұр­жан Тергеубаев, Қорғаныс министр­лігі №32363 әскери бөлімінің десантты-шаб­уыл батальонының командирі Алмас Төле­генов марапатталды.
Ал «Ерен еңбегі үшін» медаліне Қор­ғаныс министрлігі Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасары – медицина бөлімінің бастығы Гүлпарида Байділдаева ие болды.
Салтанатты шара аясында мемлекеттік награданы иеленген азаматтар да сөз сөйлеп, өздерінің ыстық ықылас-ниет­терін білдірді. Мәселен, Ұлттық ұлан­ның бас қолбасшысы Руслан Жақ­сылықов: «Бұл орден – маған деген үлкен сенім мен құрмет. Ұлттық ұлан сарбаздары Қазақ елін, Конституциясын және Президентін қорғауға әрқашан дайын», – десе, Қорғаныс министрлігі Бас инс­пекциясының бастығы Құрбан Қара­жанов Елбасына деген жүрекжарды лебізін былайша білдірді: «Мәңгілік Елімізді, ұлтымыздың бірлігін көз­дің қарашығындай сақтау – Отан қорғау­шылардың парызы. Осы жолда Сіздің сеніміңізді ақтай білу – біз үшін қасиетті борыш». 
Қорғаныс министрінің бірінші орынба­сары – Қарулы Күштер Бас штабының басты­ғы Мұрат Майкеев Елбасы қолы­нан жоғары марапатты алу өзі үшін үлкен абырой екенін жеткізді. «Қазіргі таңда біздің өз еліміздің жоғары әскери мектебінің негізі қаланды. Әскери, қорға­ныс өнеркәсібі құрылды. Мұның бәрі – Сіздің батыл шешімдеріңіздің нәтижесі. Бүгінде Сіздің қамқорлығыңызбен, дұрыс жүргізілген әскери саясатыңызбен Қарулы Күштеріміз нығайып, дамып келеді. Осы орайда, Сізге Қарулы Күш­тері­міздің атынан және жеке өз атымнан үлкен алғыс білдіремін», – деді ол өз сөзінде. 
Жоғары наградаға ие болған Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті департа­менті бастығының бірінші орынбасары Денис Бартенов қазіргі таңда қауіпсіз­дік саласында еңбек етіп жүрген қызмет­керлердің, офицерлердің алдына нақты міндеттер қойылып отырғанын, олар бұл міндетті одан әрі абыроймен атқаруға әрдайым дайын екендіктерін айтты. Ал Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының сержанты Мирбек Рахымбеков: «Мен – Сіздің көреген саясатыңызбен ашылған Кадет корпусының түлегімін. Алғашқы әскери антымды қабылдаған сәттен бастап, Отаныма адал қызмет етіп келе­мін», – дей келе, бүгінде кәсіпқой сер­жанттар ел үшін адал қызмет ете беретінін атап көрсетті. 

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»