Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына, аумақтық тұтастығына, тәуелсіздігі мен экономикалық мүдделеріне қол сұғылмауын «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қамтамасыз етеді. Негізгі штабы Атырау қаласында орналасқан қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Дәулет ОСПАНОВ айбынды елдің армиясы жайлы ойларымен бөлісті.
Дәулет Рысқұлбекұлы Рязань жоғары әскери қолбасшылық байланыс училищесін, Қазақстан Қарулы Күштері Әскери академиясын бітірген. 2015 жылдың қазан айында Президенттің Өкімімен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қол-
басшысы болып тағайындалды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.
−Дәулет Рысқұлбекұлы, әңгімемізді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрылу тарихынан бастасақ.
− Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аймақтың әскери-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайы өзгеруі салдарынан туындайтын қауіп-қатерге қарсы же-
дел әрекет етуге мүмкіндік беретін мықты топ құру туралы тапсырмасы негізінде Батыс әскери округі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының аумағында жұмы-
сын бастаған еді. Содан бері мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мақсатында қызмет етіп келеді. Өңірлік қолбасшылық басқармасы 2005 жылы Ақтөбеден Атырауға көшірілді. Сол жылы маусым айында Атырау қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығын Бас қолбасшы, Елбасының өзі келіп ашты. Біздің қолбасшылықтың екпінді күші және басты ерекшелігі – Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскері. Өңірлік қолбасшылықтың құрамына Әуе қорғанысы күштерінің орталық бағыныстағы бөлімдері мен әскерлерін қоспағанда, аумақтық бөлініс шегіндегі әскери бөлімдер кіреді. Мемлекеттің қолдауымен әскери дайындыққа, қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындауға барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді.
− Мемлекеттің қуаттылығы әскерінің мықтылығымен де бағаланады. Ал сарбаздардың түрлі сынақтарда шыңдалатыны белгілі. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қандай шараларға қатысып жүр?
– Өңірлік қолбасшылық қатысқан алғашқы оқу-жаттығу жиыны «Теңіз әлемі-2002» болды. Ал «Батыс-2003» әскери жаттығуына округтегі барлық әскери бөлімдер атсалысты. «Жетісу-2004» командалық-штабтық жаттығуы, «Шекара-2006» жедел-тактикалық жаттығуы, «Өзара әрекет-2009» бірлескен жаттығуы да сарбаздарға жігер берді. «Бейбіт борыш-2010», «Орталық-2011» оқуларына қатысқан «Батыс» әскери қолбасшылығы дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсетті. 2013 жылдан бері «Қаратау» оқу-жаттығуы өтіп келеді. Мұндай шаралар әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі қандай дәрежеде екенін анықтауға мүмкіндік береді. Әскери бөлімдерде жауынгерлік дайындық қорытындыларының жыл санап жақсарып келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды.
Жалпы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы әскери қызметшілердің физикалық дайындық деңгейі Қазақстан Қарулы Күштері бойынша ең үздік санатта екенін мақтанышпен айтамыз.
– Бірақ әскери өмір тек оқу-жаттығулардан ғана тұрмайтын шығар?
– Әскери қызметшілер қоғамдық, спорттық, мәдени шараларға да қатысады. Өңірлік қолбасшылықта жедел қызмет сарбаздарының бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін арнайы шаралар ұйымдастырылады. Әскери бөлім қызметкерлерімен бірге түрлі мерекелік кештер өткізіледі. Балалар мен қарттар үйіне барып тұрамыз. Көркемөнерпаздар концерт қояды. Әсіресе, қала жастары мен жедел қызмет сарбаздарының ата-аналары үшін жасалатын ашық есік күнін өткізу кезінде әскери бөлімдер белсенділік танытады. Соғыс ардагерлерімен байланыс та жақсы жолға қойылған.
– Өңірлік қолбасшылықтың қажетті техникамен, жабдықтар-
мен қамтамасыз етілуі туралы не айтасыз?
− Бүгінде Қазақстан әскері материалдық-техникалық жағынан толық қамтылған. «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы техникалар 90 пайызға жаңарды. Барлық әскери бөлімдерде асхана, казарма, ұйықтайтын бөлме, жаттығу залы, кітапхана, демалыс бөлмелері бар.
Тәуелсіз ел алдындағы азаматтық борыштарын өтеп жатқан сақшыларға артылған жауапкершілік те жеңіл емес. Әскерлеріміздің дайындығы жоғары, рухы биік. Қазақстан Қарулы Күш-
терінің имиджін көтеруге бағытталған жұмыстар жемісін беріп келеді. Қазір әскерге барғысы келетін жастар көбейді. Ең бастысы, мемлекетіміз қорғаныс саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Ал қамқорлық пен қолдау барда қай сала да өркендеп, өрістей беретіні анық.
− Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау