Қаржы • 17 Мамыр, 2017

Қазақстан – Финляндия: Дипломатиялық қатынастарға – 25 жыл

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Финляндия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай вице-министр Роман Василенко мен Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Илкка Райсанен бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазақстан – Финляндия: Дипломатиялық қатынастарға – 25 жыл

Онда Р.Василенко Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxмановтың финляндиялық әріптесі Тимо Сойниге осы датаға байланысты жазған құттықтау xатын тапсырды. Өзінің сөзінде Роман Василенко екі ел арасындағы байланыстардың жақсы қарқынмен дамып келе жатқандығын атап өтті. Финляндия – Скандинавия елдері ішінде Қазақстан экономикасына ақша салып отырған ірі инвестор. Оның көлемі 300 млн АҚШ долларынан асып жығылады. «Қазіргі кезде Қазақстанда 70-тен астам фин компаниялары жұмыс істеуде. Олар энергетика, телекоммуникация, көлік, логистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үй және тағы басқа салаларда еңбек етіп жүр», – деді Р.Василенко.

«Әріптестік қатынастар бұдан әрі де артады, өйткені, Қазақстан мен Финляндия арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комис­сияның жұмысы жандануда. Комис­сияның соңғы отырысында энергетика, білім, ауыл шаруашылығы, көлік пен ло­гистика бойынша бірнеше жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Екі ел­дің бизнес xабы да өзара тығыз бай­ла­ныстарға үлесін қосып келеді. Бұдан бөлек, білім мен инновациялар саласын­дағы қарым-қатынас нығая түсуде, − дей келіп, Р.Василенко соңғы екі жылда Қазақстанның 20-дан астам ұшқышы Финляндияның азаматтық авиация мектебінде арнайы дайындықтан өткенін жеткізді. Сонымен бірге, 100-ден астам мемлекеттік қызметкер өз біліктіліктерін шыңдап қайтқанын айтты. «Болашақ» бағдарламасы бойынша фин елінде білім алып жүрген жастар да аз емес», – деді ол.

Финляндияның Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Илкка Райсанен екі ел арасындағы дипломатиялық қа­рым-қатынастардың дамуына жоғары баға бере келіп, оны әлі де тереңдете түсу қажеттігін атап өтті. «Финляндия үшін Қазақстан – Орталық Азияға жол аша­тын қақпа. Біз де Қазақстан үшін бүкіл Солтүстік Еуропа аймағының қақ­пасы бола аламыз деп сенемін. Аста­надағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыса­ты­нымызға қуаныш­тымыз. Себебі, дәл осы жылы біз тәуелсіздігі­міздің 100 жыл­дығын, сондай-ақ екі ел арасындағы дип­ло­матиялық қарым-қатынастың 25 жыл­дығын атап өтіп отырмыз», – деді И.Рай­санен.

Баспасөз мәслихатында Финляндия президен­ті Саули Ниннисте ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрме­сіне келуді жоспарлап отырғаны да айтылды. Оның сапары маусым айының 19-21-іне  белгіленіпті. Айта кететін жайт, бұл Финляндия басшысының Қазақстанға жасайтын үшінші сапары болмақ.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»