Қазақстан • 17 Мамыр, 2017

Үлкен жүректі азамат

489 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Асты-үстіне сапырылысқан жиырмасыншы ғасырдың басында ала шаңдағы аспанға көтерілген Ембіге кейіпкер іздеп келген ғажайып жазушы Константин Паустовский белуардан бейнет кешіп жүргендердің мехнатын көріп «Ерлік дегеніміз – Доссор екен ғой», деп жағасын ұстапты. Мұнай өндірудің таусылмас машақаты мен маңдайынан тер сорғалаған мұнайшылардың бейнеті мен болмысы туралы содан бері талайлар қалам сілтеді. К.Паустовскийдің қаламына іліккен мұнайлы Доссорда дүние есігін ашып, бүкіл саналы ғұмырын еліміздегі мұнай өндірісі саласына арнаған Құмар Балжановтың есімі замандастары арасында үлкен құрметпен аталады.

Үлкен жүректі азамат

Құмекеңнің ата-бабалары Атырау облысының Қызылқоға ауданы аума­ғын­дағы Сарыкөл атты жерді мекен еткен. Әкесі Қайырбай қолдан ұйымдастырылған ашаршылық кезінде кәсіп іздеп мұнай өндіруді жаңа ғана бастаған көршілес Мақат ауданына қоныс аударады. Ғұмыр бойы бұрғышы болып еңбек етіп, бала-шағасын осы кәсіппен асыраған. Нар­монданақ, Жолдыбай кен орындарын пайдалануға бір кісідей атсалысқан екен. Ұлы Отан соғысы басталған ауыр кезеңде майданға аттанған ағалардың орнын басқан иегі түбіттенбеген бозбалалардың арасында, атақты ұстаз Хамза  Санбаевтың 13 жасар шәкірті Құмар Балжанов та бар еді. Кейіннен Атыраудағы мұнай техникумын үздік бітіріп, құлшынып еңбекке араласыпты. Соғыстан кейінгі мұнай саласы білікті маман­дарға аса зәру еді. Мұнай кәсіпшілігінің басшылары Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтына құжаттарын тапсыра­тын түлектердің тізіміне Құмар Балжановтың да есімін қосады. Кәсіби инженер-мұнайшы мамандарын даярлайтын ең ірі жоғары оқу орнында өткізген санаулы жылдардың ішінде студент Қ.Балжанов мұнай ғылымы корифейлерінің алдын көріп, тағылымын алды. Дипломды маман атанып, туған елге оралды. Өзінің өзгелер қызыға қарарлықтай айрықша тағдырын өзі қалыптастырды. 50 жылдан астам еңбек жолында ол басқа салаға табан аудармай, мұнай өндірісі атты асқан жауапкершілік пен ауыр бейнеттен тұратын мәртебелі салаға жегілді. Атырау, Ақтөбе облыстарының көптеген кәсіпшіліктерінде Құ­ме­кеңнің айшықты қолтаңбасы қалды.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдардың соңына таман елсіз, сусыз жапан даладағы Прорваны игеру кең түрде қолға алынады. Ойдағыдай жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде 1960 жылы 11 тамызда №1 ұңғымадан өте жоға­ры қысымда мұнай мен газ бұрқағы әуеге шап­шыды. 1962 жылдың жазында №1, 5, 6, 7, 8, 9 ұңғымалар сынақтан өтіп, мұнай беруге дайын тұрды. Дайын өнімді қабылдап алуға арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына сол кездегі «Ембімұнай» бірлестігінің бастығы Жолдасқали Досмұхамбетов, Батыс Қазақстан геология басқармасының бас геологы Нәрен Имашев бастаған білікті мұнайшылар кіре­ді. Білікті комиссия мүшелері 1962 жылдың күзінде Прорваға келіп, ұңғымаларды тек­серіп, қабылдау актісіне қол қояды. 1963 жыл­дың наурыз айында Прорва өз алдына енші алып, мұнай өндіретін басқармаға айнала­ды. Білімі мен тәжірибесі толысқан Құмар Қайырбайұлы бас инженер болып таға­йын­далады. Прорваны алғаш игергендердің қатарындағы мұнайшылардың есімдері бүгін­дері елімізге кеңінен танымал болды. Атап айт­сақ, Мутиғолла Маташев, Хамза Қуантыров, Нәсіпқали Марабаев, Қожабай Дәулетов, Бағыт Қалиев, Сағидолла Нұржанов, Орынғазы Есқазиев, Наурызғали Бешімов, Асқар Рзиев, Мұқамбет Аққайыров, Беркін Ізтілеуов, Рая Ізтілеуова, Сәнтай Ідіров, Нұрғазы Қитуев, Сатыбалды Әділов, Қожас Лұқпанов, Мақсот Есенов. Расында да, Прорва секілді қалғып-мүлгіген жапан түзге жан бітірген Құмар Қайырбайұлы сынды жоғарыдағы аты аталған майталман азаматтар болатын. «Прорва» мұнай-газ өндіру басқармасында өткізген жылдарында Құмекең көпшіліктің есінде нағыз өндіріс үшін жаратылған жандай болып жатталды. Бұрын түрен салынбаған тың өлкенің төсін дүбірлетіп, мұнай өндіру – айтуға ғана оңай. Бас инженер болып Құмекең бар болғаны 3 жылдай ғана жұмыс жасаған екен. Өзін білікті маман ретінде көрсете білген жас инженерді «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің басшылары аталған мұнай-газ өндіру басқармасына басшы етіп тағайындады. Ұжымның тізгінін қолға алған Құмекең «Прорва» мұнай-газ өндіру басқармасының жұмысын ақсатып алмас үшін көптеген шаруаларды кезек күттірмей шеше білді. Жоспарлы, кешенді геологиялық барлау жұмыстарын кеңінен жүргізуге аса мән берді. Геологиялық барлау жұмыстарын сапалы жүргізу арқылы да мұнай-газ өндіру көлемін еселей түсуге болатынын білді. Сонымен қатар, бұрын бұрғы салынбаған тың өлкеде жан-жақты дамыған инфрақұрылымда жоқ болатын. Құмекең уақытпен санаспастан еңбек етіп жүрген бұрғышылардың тұрмыстық қажетін дер кезінде шешті. Мұнайшылар мекені саналған Сарықамыста ол кезде бар болғаны 2 қатарлы 8 үй ғана болған. Халық ауыз суды тасып ішеді. Осы арада мына бір аңызға бергісіз әңгімені еске ала кетейік. Қайбір жылы Қазақ КСР КП Орталық комитетінің екінші хатшысы М.Соломенцев мұнайшылардың тыныс-тіршілігімен танысайыншы деген оймен Прорваға ат басын бұрыпты. Содан Құлсарыға тікұшақпен жеткен М.Соломенцев кідірместен Прорваға тартады. Жапан түздегі мұнайшылардың бейнетін өз көзімен көрген М.Соломенцев кездесуге келгендермен әңгімелесіп тұрғанда аяқ астынан көз аштырмас құмды дауыл көтеріледі. Қоштасар-қоштаспастан желдеткіші бар көлігіне апыл-ғұпыл жеткен ол жол бойы қасындағыларға «ойпырым-ой, мынандай ит арқасы қиянда еңбек етіп жатқан мұнайшылардың әрқайсысының кеудесіне Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызын тақса да артықтық болмас», – деп бас шайқапты дейді. Бұл сөйткен Прорва ғой. Осы Прорвада Құмар Балжановтың айшықты қол­таң­басы қалды. Тәжірибесі шыңдалып, беделді басшы атанды. Қарамағындағы­лар­ға қатал талап қоятын­ды­ғы мен қиындық атаулыдан сескенбейтін қасиетін елеген ұжымдастарының «Қара нар» деп атағаны да осы кезең еді. Кейіннен «Ембімұнай» бірлестігінің бас инженері болып 11 жыл, осыншама уақыт «Жайықмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы болған кезінде де Прорвадағы шар болаттай шыңдалып, молынан игерген тәжірибесінің көп көмегін көрді.

Еліміз тәуелсіздігін алған тұста Құмекең «Жайықмұнайгаз» басқармасының басшысы болатын. Ол кезең мұнайдың баррелі 9 долларға дейін құлдырап, дағдарыстың нағыз шырқау биікке шыққан кезеңі еді. Міне, осындай сеңсоқты кезеңде Қ.Балжанов басқармадағы мұнай өндірісі жұмысын еш төмендетпеген. Сол жылдары «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі өндіретін мұнайдың 70 пайызға жуығын «Жайықмұнайгаз» басқармасы беріп келді. Жұмысқа кіріскен алғашқы жылдың өзінде аумағы атшаптырым өндірістік база, 500 шаршы метрлік екі жылыжай, мұнайшыларға арнап монша тұрғызылды. Жыл сайын мұнайшылар отбасына жаңа пәтердің кілті табысталып жатты.  Бүгінгі С.Балғымбаев кен орнындағы 100 орындық финляндиялық типтік жатақхана мен Аққыстаудағы 100 орындық балабақшаның да құрылысы аяқталып, Құмар Балжанов басшы болған кезде пайдалануға берілді. Мартышидан жылыжай салынып, қызанақ пен қиярдан мол өнім алынды. 1988 жылы құмның жиегінен ашылған түйе шаруашылығын­дағы өндірілген емдік қасиеті мол шұбат әр мұнайшының дастарқанынан табылатын. Шұжық даярлайтын цех іске қосылып, түйенің өркеші қосылған шұжықтар аудан халқының үлкен сұранысына ие болыпты. Мұнайшылар тәжірибе алмасу мақсатында шет елге де осы кезеңде іссапарға шыға бастаған. Озат мұнай­шылардың мемлекеттік марапатқа да осы кезеңде қолы жете бастаған болатын. Жоқ­шы­лық пен қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған сол кезеңде басқарманың есебі­нен құны бір миллион жүз мың доллар тұра­тын шет елдік медициналық құралдарды аудан орталығындағы ауруханаға алып беру – Құмар Балжанов сынды нақты шешім қабылдай алатын басшының ғана қолынан келетін іс екені белгілі. Әлгі медициналық аппараттарды тереңірек игеруі үшін аудандық аурухананың дәрігерлерін басқарманың есебінен Польшаға жіберіп оқытқандығын да Аққыстаудың тұрғындары күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады. «Исатай ауданының құрметті азаматы» атанып, 1994 жылы зейнетке шыққан Құмар Балжанов 1995 жылы Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынғалиев, Мақаш Балғымбаев, Асабай Хисметов, Орынғазы Есқазиев, Болат Еламановпен бірге «Теңіз» кенішін алғашқы ашушы маман ретін­де Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің Қаулысымен Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Құмекеңнің ондаған жылдарға созыл­ған абыройлы еңбегі осылайша еліміздің ең жоғарғы мәртебелі сыйлығымен атап өтілді. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар Достығы» ордендері мен бірнеше медаль­дарды кеудесіне таққан. «КСРО-ның құрметті мұнайшысы» және «Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы» мәртебелі атақтарының иегері атанды. Сонымен қатар, 1999 жылы қазақ мұнайының 100 жылдығы қарсаңында және 2008 жылы Президенттің Жарлығымен «Құрмет» орденімен екі мәрте марапатталған санаулының бірі.

1945 жылғы 6 маусымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 17 жастағы Құмар Балжанов «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Бұл бесіктен белі шықпай жатып, ауыр еңбекке жегілген Құмар Балжановтың адал еңбегіне көрсетілген құрмет болатын. Сонау Мәскеуде жүріп танысып, шаңырақ көтерген курстасы Изила Нұрғалиқызы екеуі алтын асықтай 4 ұл мен қызды тәрбиелеп өсірді. «Әке көрген оқ жонар», демекші, ұлдары Асқар, Рүстем, Мұхтар, Мұхит пен қызы Райхан да мұнайшы мамандығын игеріп, еліміздің бір пайдасына жарасақ деп шапқылап жүр. Бүгіндері Құмекеңнің немерелері де атакәсіпті игеріп, мұнай саласында жауапты қызметтер атқарады. Ғұмырын мұнай өндірісі саласына арнап, бар білімі мен білігін елдің келешегіне жұмсаған Құмар Балжановтың ғазиз жүрегі өткен ақпан айының он екінші жұлдызында тоқтады. Иманы саламат болсын оның.  Кезін­де ағылшынның премьер-министрі У.Черчиль­дің қасындағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі болған адмирал Фишерден «Кто владеет нефтью, тот правит миром», деген ұлағатты сөз қалған. Ниетімізге қарай молынан берген мұнайымыз бар кезде, уақытша дағдарыстан да құтылармыз. Тек сол мұнайымызды игеретін мамандарға Құмар Балжанов секілді өз мамандығы мен ел-жұртын қадірлей білетін үлкен жүрек тілейік.

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ