Аймақтар • 20 Мамыр, 2017

«Бала дауысы – 2017!» байқауы Таразда өтті

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» Қоры еліміздегі балаларға арналған ауқымды ән байқауларының ұйымдастырушысы ретінде танымал. Мәселен, қордың шығармашылық тобымен 2015 жылы «Бала Тюрквижн» байқауы өткізілсе, былтыр Ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауы авторлық жобасын қолға алған болатын.

«Бала дауысы – 2017!» байқауы Таразда өтті

«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, аталған ұлттық жоба ел ішінен талантты бүлдіршіндерді тауып, олардың жолын өнер әлеміне ашып келеді. Сондай-ақ, балалардың ән шығармашылығын дамыту және қолдау, балалардың музыкалық білім алуына және тәрбиесіне қатысты сұрақтарға қоғамның назарын аудару және жалпы адамдық құндылықтарды ашу мен дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған жобаның алғашқы кезеңі Павлодар қаласынан бастау алды. Осы уақытқа дейін Павлодар, Өскемен, Алматы қалаларында ұйымдастырылған «Бала дауысы – 2017!» ұлттық байқауы сенбі күні Тараз қаласында өтті. Балаларын ұлттық өнерге баулыған ата-аналар бұл күні қалалық мәдениет үйін бетке алып, бүлдіршіндердің өнеріне куә болды.

Бұл байқау – қандай да бір коммерциялық мақсаттарды көздемейтін қазақстандық брендке айналу және Астана, Алматы қалалары мен еліміздегі барлық облыс орталықтарын қамтитын жоба. Сондай-ақ, Айқын Төлепберген, Мақпал Исабекова сияқты белгілі эстрада әншілері де талантты балалармен жұмыс істейді екен. Осылай деген жоба менеджері Толғанай Хасен «Бала дауысы – 2017!» байқауының артықшылықтары жөнінде де әңгімеледі.

«Егер байқауға қатысушы балалар саны 500-ден асса, 2 жеңімпаз анықталады. Жеңімпаз балаларға еліміздегі өнер саласындағы жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Франция мемлекетінің астанасы Париж қаласына саяхатқа жолдама беріледі. Тағы айта кететін бір жайт, финалға шыққан әрбір баламен біздің мамандар жұмыс істейді», дейді Толғанай Хасен.

Тараз қаласында өткен «Бала дауысы – 2017!» ұлттық байқауына 172 талапкер бүлдіршін қатысты. Байқау барысында қазылар алқасының шешімімен 12 жасар Дияр Бақыт жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта жеңімпазбен бірге «Асыл» тобының әншісі Ақерке Бүркітбай бірлесе жұмыс істейтін болады. Ал марапаттау кезеңінде Диярдың анасы Әсем Махашева сөз алып, жоба жетекшілері мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Айта кетейік, аталған байқаудың алғашқы жылында Әулиеатаның намысын қорғаған Айлун Заушова жеңімпаз атанған болатын. Енді Диярдың жұлдызы жарқырады. Тараз топырағынан тағы бір талантты өнерпаз өнер әлеміне қанат қақты.

«Бала дауысы – 2017!» ұлттық байқауы енді Шымкент қаласында жалғасады. Сондай-ақ, еліміздің өзге де өңірлерінде болып, ел ішіндегі өнерлі балаларды елге танытуда еселі еңбек етеді.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»