Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп жазды. Елдің болашағы үшін білімі мен білік күші мол жастарды тәрбиелеу керек. Мұғалім қызметінің сапасы – күрделі феномен. Ұстаздар бұл сөздің мән-мағынасын ғасырлар бойы еңбегімен дәлелдеп келеді. Бұл күнде де заманауи оқытудың қыр-сырына көз жеткізіп отыр. Мемлекет те қомақты қаржы бөліп, бүгінгі бала нені білуі керек, ал мұғалімге нені үйретуі керектігін нақтылау үшін жаңа форматты ұстаздарды дайындауды жолға қойды.
Еркін, ынталы, сенімді, өзіндік дәлел-уәжін нанымды жеткізе білетін, сыни көзқарасы дамыған, сандық технологияларға жүйрік ХХI ғасырдың оқушысына білім мен тәрбие беруге үлес қосуы тиіс жаңа форматты ұстаз қандай болуы керек? Ең алдымен, ол шығармашылық қабілеті жетік, педагогикалық соны технологияларды меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан тұлға болуы тиіс. Жаңа форматты ұстаздың басты мақсаты – оқыту жүйесіне замануи әдістемелерді енгізу. Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейде қол жеткізген оқыту әдістемелерінің бірі – сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсілдерді қолдану. Мәселен, өзім ұстаздық тәжірибемді сындарлы оқыту теориясымен және оқушылардың бұрынғы білімі мен сыныптағы түрлі дерек көздеріне саналатын мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімімен бірге жүзеге асыру тұжырымына негіздеп, кәсіби тұрғыда жетілдірудемін. Оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас білім алу мен білім берудің арасындағы үйлесім ретінде дамып, оқушы білім алушы ғана емес, сонымен қатар, білім алу жолында өз болжамының ақиқатын танып, алған білімін басқа да дерек көздерімен тереңдете отырып, оқуды өз еңбегінің жемісі ретінде бағалауы қажет. Елбасы айтқандай, табысты білім алған жас ұрпақ болашақта табысты мемлекеттің іргетасын қалауға талпынары сөзсіз.
Оқытудың басты әрі маңызды қозғалтқышы – баланың қызығушылығы. Ерекше сүйіспеншілікпен оқу үшін барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Қытай ойшылы Конфуций «Ескіні аялай отырып, жаңаны тани білген адам ғана нағыз ұстаз бола алады», дейді. Заманауи білім беру саласында ақпараттық, желілік технологиялар саны көптеп пайда болды, оны білім беру үдерісінде белсенді түрде пайдалану керек. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Сындарлы оқыту теориясына негізделген оқытудың 7 модулін (оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер, сын тұрғысынан ойлауға үйрету, дарынды және талантты балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес оқыту мен оқу, оқыту үшін бағалау, оқуды бағалау, оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, оқытуды басқару және көшбасшылық) қолдану арқылы мектеп ұстаздары оқушыларды өздігінен білім алуға, яғни ХХI ғасырда талап етілетін дағдыларға, алған білімін жай ғана иеленіп қоймай, оны орынды қолдана білуге үйретуіміз керек. Бала бойына метасананы – қалай оқу керектігін үйренуді қалыптастыруға мән бере отырып, олардың тұлға ретінде жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауымыз қажет.
Әрине, «бүгінгі» мен «ертеңгіні», оның тиімді-тиімсіз жақтарын мәңгі салыстыра беруге болады. Бірақ екеуін қанша екшесек те, бір нәрсеге салыстыру таба алмаймыз. Бұл – мұғалімнің балаға деген сүйіспеншілігі, мейірімі мен махаббаты.
Дамира РАХЫМҚҰЛОВА,
Астана қаласындағы
Ж.Жабаев атындағы
№4 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі