30 Тамыз, 2011

Заң – замана зердесі

1941 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Халқымыз ежелден заңға, тәртіпке аса мән бере білген. Бабаларымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім­ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты өте маңызды ереже-заңдары болғаны баршамызға аян. Әділдік іздеп келген адамға әділ шешімін айтып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып, ердің құнын, нардың пұлын екі ақ ауыз сөзбен тара­зылаған би, шешендер елдің небір содыры мен тентегін тоқтатып, шекіскенді бітістіріп, араздасқанды татуластырған. Демек, кең байтақ жерімізді ежелден мекендеген халқымыз әділдік пен адалдықты әрқашан ту етіп, әділ де сындарлы заңы бар өркениетті ел болуға ұмтылған. Енді тәуелсіздігін алып, азат атанып, көк туын тік ұс­таған Қазақ елінің өз Консти­туциясы, яғни Ата Заңы бар, құқықтық мемлекет. Өркениетті қоғам құруды алдына мақсат еткен елдің Ата Заңы, заңды қорғайтын әділ соты, заңды құрмет­тейтін адал азаматы бар. Бүгінде егемендігін алып, тәуел­сіз­дігінің тұғырын беріктендіру бағы­тындағы Отанымызда тұратын әр азамат өзінің конституциялық құқығын білуге міндетті. Бүгінгі заман соны талап етеді. Яғни, құқығыңды білмесең, сан соғып, қор боласың. Қазақстан Республикасы Конс­титу­ция­сының 76-бабында «Сот билігі Қазақстан Республикасының аты­нан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқық­тарын, бостандықтары мен мүдде­лерін қорғауды, конституциялық заңдылықтардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді» делінген. Яғни, бұл – Конституция адам құқықтарының кепілі екендігіне дәлел. Ата Заңымызда адамның азамат­тық, саяси, экономикалық құқықтары мен бостандықтарының негізі ай­қын­далған. Конституцияның бірінші кезекте жеке адам, азамат мүддесін қорғауға бейімделуі – Қазақстан егемендігінің және оның тек құқықты мемлекет болуға ұмтылысының ай­ғағы. Жалпы, Ата Заңымыз еліміздің демократиялық қоғам құруына негіз қалап берді. Еліміз ішінде болып жатқан оң өзгерістердің барлығы да Конституциямыздан бастау алады жә­не заңдар арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясы 13-бабының 2-тармағында «Әркім өз құқықтары мен бостан­дықтарын сот арқылы қорғауына құқығы бар» деп көрсетілген. Мұның өзі адамдардың құқықтары мен бостандықтарын кеңес заманында­ғыдай партия емес, басқа емес, осы іспен тікелей айналысатын арнайы орган – соттың ғана қорғауға құдіреті бар екендігін заң жүзінде белгілеген. Шын мәнінде, құқықтық-демокра­тиялық қоғамда дәл осылай болуы тиіс. Яғни, адам құқығы мен бос­тандығы тек заң арқылы қорғалуы тиіс. Ұлы ойшыл Аристотель «Әлемді заң билеуі керек» деген екен. Ендеше, заң болған жерде әділдік, адалдық, тәртіп болады деген сөз. Азат еліміздің Негізгі Заңының қабылданғанына биыл он алты жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақ­станның өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығаюы, әлем таныған мемлекетке айналуы, жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткізген жетістіктері түгелдей Конститу­циямызбен тығыз байланысты. «Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі арақаты­насы» деп Фердинанд Лассаль осыдан 140 жыл бұрын айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге жолдама алған әр мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркін халықтың санасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзе­ге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек. Демек, елдігіміздің айнасы – Ата Заңымыз жасай берсін! Сүйіндік ЖҰМАҒҰЛОВ, Астана қалалық әділет департаменті бастығының орынбасары.