31 Тамыз, 2011

Сөзі – өзі

684 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Жақсы адамға жақын жүр­­­сең, өзің де жақсылыққа жақын жүресің», деген сөзді кімнен естігенім есімде жоқ, әйтеуір, естіген сәтте көңіліме қонып, жа­ны­ма жағып, санамда сақталып қал­ды. Естіген бойда: «Мен осы кімдердің жанында жүрмін?» деген ойдың жетегіне түстім де кеттім. Ойлап отырсам, өзім білетін, өзім сыйласатын азамат­тар­дың көпшілігі жақсылардың қатарынан екен. Көңіл-күйім кә­дімгідей көтеріліп сала берді. Ойымды ой қозғап, осы тіршілікте қатар жүрген адамдармен бірге өткізген күндер, түрлі оқи­ғалар тізбектеліп жүре берді. Сондай өзім үшін ардақты са­­­налатын азамат­­тар­­дың алдыңғы қата­рын­да за­­мандасым әрі әріптесім Тал­ғат Батырханның келбеті ерекше көлбеңдей берді. Ол – журналист. Жүрегі қа­лаған мамандығының адал құлы. Журналистикада жаңалық ашқан жоқ. Қай саясатқа болмасын белсенді емес. Бірақ, құдай берген қабілетіне қарай, бар білетіні, бар бітіретіні өмір бойы илеген газет атты әлемнің «саясатын» ке­ремет жүргізеді. Иә, білген адамға газет дегеніңіз нағыз сая­саттың алаңы. Мұнда мемлекеттік, ұлттық, са­лалық мүдденің бә­рі қамтылады, айтылады. Газеттегі бір сөзден кеткен қате үшін қаншама тіл­ші­нің, қаншама басшының тағдыры басқаша бол­­ғанын естіп те, біліп те жүрміз. Демек, журналист кә­сібі от пен судың ортасындағы жұмыс десек болады. Кейіпкерім Талғат Батырхан журналистиканың ат ауыстырып көрмеген иесі болғандықтан ба, осы мамандықтың қасиеті жай­ында бұрын мән бермеген ойлар тарқатылып кеткендей. Жалпы, баспасөзге талап көп қойылатын сияқты: қалың оқырманнан, қо­ғам­нан, биліктен, баспаханадан, тіптен кейде мектептегі оқушы­дан да... Демек журналиске жүк­телетін жауапкершілік деген жетерлік. Ал осындай міндетті абы­роймен атқару үшін не істеу керек?! Журналистің қасиеті қан­дай болмақ? Өз ойымша, біріншіден, білім дер едім. Иә, жақсы журналист болуға терең білім, көп оқу ке­рек-ақ. Екіншіден, ізденгіштік-ең­бекқорлық. Одан әрі.., одан әрі қандай қасиет қажет десеңіз, ба­тылдық пен сақтық деп айту қа­жет. Ал осы қасиеттің бәріне иелік етсеңіз, әрине жақсы-ақ. Қа­лай иелік етесіз? Оның кілті – мінезде. Мен білетін Талғат Батырхан­ның қасиеті – кісілік мінезі. Қа­шан көрсең, қабағы – ашық, кө­ңілі – кең, пейілі – ақ. Бірінші көрісіп, танысқанда солай болып көрінген еді, әлі де сол қал­пын­да. Асықпай жүреді, жүрегімен күледі, әңгімесін көсілтіп айта­ды, жұмысын да жасайды. Пенде емес пе, күнделікті іс барысында ашуланып қалатын кездері де болады. Ондайда қысқа сөйлей­ді, бірақ батырып айтып жібереді. Айтқанда да сөздің салмақ­ты­сын тауып, естіген адамның сү­йе­гін сырқыратып жібергендей болады. Керек десеңіз, бір-ақ ауыз мысалмен кімнің болса да мысын басатыны бар. Өзімнің түйсігімде оның мұнысын ешкім кемшілігі деп айтып жатпайды. Тәкең негізі білімпаз азамат. Аңдаған адамға көп оқығанын, көп оқитынын аңғару қиын емес. Қай кезде, қай жағдайда әдебиет жайында, әрине, жазушы-ақын­дар туралы әңгіме өрбісе, біздің Тәкең қамшы салдырмайды-ау. Мәселен, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбай, Дүкенбай Досжан, Төлен Әбдік, Дидахмет Әшімханұлы, тағы қайсы жазушылардың қай әңгі­месі, қай романы жайында әңгі­ме қозғалса, сол шығарманың кез келген оқиғасын айнытпай айта жөнеледі. Айта отырып, өзінің ой-пікірін де қосып-қосып қоя­ды. Мұндай сәттерге куә бол­ға­нымда өз басым әріптесіме қы­зы­ғып та, қызғанып та қарай­мын. Ол өзі талғампаз да. Жаңа кітапты, жақсы кітапты іздеп жү­реді, сұрап жүреді. Және сол іздегенін тапқанша қоймайды. Соңғы кездері Талғат Батыр­хан туралы бірнеше мақала оқып шықтым. Сонда: «Талғат аз жа­зады, бірақ саз жазады», дегенді ұғындым. Қазір солай шығар. Алайда Тәкеңнің бұрын жас кезінде, яғни тілшілік қамыты мой­ны­нан үзілмей жүргенде жазып тастаған талай-талай мақала­ла­рын көргенбіз. Бергіні айтпай-ақ, сол еңбек жолын бастаған Тал­дықорған облыстық «Жерұйық», республикалық «Халық кеңе­сін­де» жазғандары аз ба?! Әр жыл­дарда әр елдерде тұрып, асқа­ра­лы абыройға ие болған қазақтың қайраткер ұл-қыздары туралы ма­қалалары кімді қызықтыр­май­ды?! Қилы-қилы тағдырлы таны­мал тұлғалар туралы ой-толғам­дары «Көңіл көкжиегі» атты кі­тапқа арқау болды. Осы бір жа­зуы жеңіл, салмағы ауыр таным­дық-тағылымдық жинақтағы кейіпкерлерді таныған сайын қаза­ғыңның текті халық екеніне кө­зіңді жеткізе түсіп, ұлттық рухың көтеріліп қалады. Тәкеңнің «ой­мақтай ой» жазатын тәсілі де бар. Кіп-кішкентай дүниеден ау­қым­ды ой салатын, керісінше, да­бырайған дүниеден шап-ша­­ғын ой алатын қабілеті де қызық­тырмай қоймайды. Айналып келгенде, Тәкең аз жазса да, саз жазса да, көп ойланып, қаузаған тақырыбын әбден пісіріп барып жазатын қаламгердің өзі. Тәкең нағыз қазақы жігіт. Тұла бойынан ауыл баласының иісі аңқып тұрады. Атасы мен әжесінің қолында өскенін айт­пай-ақ аңғарасыз. Талғат Батыр­ханды жай ғана қазақы жігіт деуі­міз аз, ол ұлттық намысы най­за­ғайдай азаматтың қатарынан. Қа­зақ баласының өнерде, ғылымда, басқа да сайыстан бәйге ал­ға­нын көргенде кәдімгідей қуанып, мар­қайып кетеді. Адам намысын қайрар спорттың бір деген бесаспап білгірі. Осы саладағы саң­лақ­тарды сөмкесіне салып оқып жүретін «Советский спорт», «Спорт-экспресс», «Қазақ спор­ты» арқылы біліп, қуанғанын сездіріп жүреді. Күндегі жұмысы әр кабинетті аралап жүріп: «Иә, қазақтарым, қалайсыңдар!» деген сөзбен басталып жатады. Әріптесімнің тағы бір қасиеті көпшілдігі дер едім. Олай дейтінім, Тәкеңді көп адам іздейді. Жұмыстан бөлек жай әңгіме­ле­суге келетін адамдардың өзі бір төбе дер едім. Қашан көрсең оның бөлмесіне кірген адам­дар­дың әңгімесі жарасып кете бара­ды. Көпшіл адамның досы да көп болатыны заңдылық қой. Осы орайда Талғаттың өзі аса құр­меттейтін аға-жолдастарына қа­рап тағы да қызығып қоямын. Мәселен, Жанболат Аупбаев, Кен­жеғали Мыржықбай, Камал Әбдірахманов, Қонысбай Әбіл секілді ағалары, жақын жүретін дос-сырластары Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлы, Сайын Ес­мағи, Мұратбек Тоқтағазы, Аман­тай Шәріп, Дихан Қамза­бекұлы, Ерлан Бекқожин, Қы­дыр­бек Рыс­бекұлы... Қайсын айтсаң да ата­ғынан ат үркетін, нағыз «сен тұр, мен атайын» дейтін азаматтар. Бұлар менің білетіндерім ғана. Тәкеңнің үйде, түзде, басқа да күйде араласып-құраласатын сый­лас замандастары көп-көп екенін ішім сезеді. Соңына ілескен, «ағалап» жағалап жүретін Жандос Бесбоғда, Амангелді Қияс, Азамат Есенжол сынды әріптес інілерін қалай ғана сайдың тасындай жігіттер демессің. Иә, бүгінде «Астана ақшамы» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болып еңбек етіп жүрген Талғат Батырхан нағыз ердің жасына келіп отыр. Тал­дықорғаннан түлеп ұшқан, Ал­матыда арман қуған елгезек жігіт бүгінде Астанада, бас қаланың басылымында баспасөздің май­тал­маны болып қалыптасты. Айта кеткеніміз артық болмас, ол болашақ елордаға Ақмола ке­зін­де-ақ табан тіреген азаматтың бірегейі. 1998 жылғы көктемде келген еді. Бүгінде құтты мекеніне айналған осы шаһарға алғаш келгенде есігін ашқан шығар­ма­шылық шаңырағы «Ақмола ақ­ша­мы» газеті болатын. Жұмысты бас редактордың орынбасары бо­лып бастады. Одан кейін «Астана ақшамы» болды. 2002 жылы Тәкең ойламаған жерден «Қазақ­стан теміржолшысы» газетіне ауы­сып кетті. Алғашқыда астана­лық газетті салалық басылымға қалай қиып кетті екен деп ой­ланып та қалған едік. Сөйтсек, ҚТЖ басшылығы аптасына бір-ақ рет шығатын шағын газетін үлкейтуді ойластырған екен. Бас редактор болып барған Талғат Батырхан «Қазақстан теміржол­шысын» үлкен форматқа көшіру, аптасына 5 рет шығаратын процесті атқарып шықты. Онымен қоса жаңа дүркіреп шыға баста­ған «Айқын» газеті бас редак­торының орынбасары ретінде Астанадағы тілшілер қосынын ашып, шығармашылық топқа жетекшілік етті. Бес жылдан кейін Тәкең «Астана ақшамына» қайта оралып, сол құтты орнына қайта орнықты. Редакция қуанып қар­сы алды. Осылайша ол жас елор­да­мыздың қалыптасу кезеңіне тү­гел­дей куәгер болып келе жатыр. Иә, адам баласы үшін бұл жал­ғанның мәні де, сәні де әр­кімнің өмір-дарияда өз орнын тап­қаны дер едім. Бұл ретте менің кейіпкерім Талғат Батыр­ханды жұлдызы жанған азамат десек жарасады. Олай дейтінім, жан жүрегі қалаған мамандығы – журналистиканың жемісін теріп жүр, жан шуағын тербеткен берекелі отбасының тірегі болып келеді. Жан сарайын жадыратқан ағайын-достарының арасында абыройға ие болуда. Осының бәріне Талғат заман­дасым қалай ие болып жүр?! Оның сыры қарапайымдылықта, табиғилықта. Ал ол кеңдікке жол ашары анық. Соған ие болған адам кем болмайды екен. Сон­дық­тан да Талғат Батырханның жүрген жолы да, жүрген ортасы да кең сарай деп білемін. Ғалым ҚОЖАБЕКОВ. Астана.