20 Желтоқсан, 2016

Жүйелі жұмыс нәтижеге жеткізеді

230 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
dsc_0809Қарапайым халық полиция­ны қорғаным, қысылтаяң шақта арқа сүйер тірегім деп таниды. Рас, кейбір келеңсіз жайттар полицияның атына кірбің де түсіріп жатады. Ал, тұтастай алғанда полиция ел тыныштығының тірегі, азаматтардың конституциялық құқығының қорғаушысы бола беретіні анық. Бұл ретте әріптестеріне жетісулық полицейлерді үлгі тұтуға болатын игі істері бар. Сондықтан төл міндетін адал атқарумен бірге әрдайым БАҚ жанашыры да бола білетін Алматы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат ҰРЫМХАНОВПЕН жүргізген сұхбатымызды ұсынамыз. – Мұрат Жалелұлы, ел ты­ныштығы мен қоғамда­ғы тәр­тіп­ті сақтауда төл міндет­тері­ңіз­ді қалай атқарудасыздар? – Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған мерекеде де облыс аумағында тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзу­шылыққа жол бермеу, қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында жеке құрам қызметі күшейтілген режімге көшірілді. Сонымен қа­тар, қазіргі кезде Алматы облы­сындағы қалалар мен аудандар орталықтарындағы көше қиы­лыстарында, қоғамдық орындар мен автожолдарында 144 сыртқы бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Бұл бейнекаме­ралар қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдері мен Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығына қосылған. Сөз реті келгенде айта кетсем, осы жылдың соңына дейін облыс көлемінде тағы да 200-ге жуық бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Жұмыс нәтижесіне келсек, ағымдағы жылы Талды­қорған қалалық ішкі істер бөлімі камераларының көмегімен тонау, бұзақылық, ұрлық деректері бойынша барлығы 97 қылмыс пен 12624 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. – Қандай да бір қылмысты ашып, тергеу амалдарын жүр­гізетін полицейлер әреке­тіне кә­сіби тұрғыда әрі статис­тика­лық мәліметке сүйене баға бер­сеңіз?                – Қылмысты ашу полиция қызметкерлерінің қажырлылығын, шыдамдылығын шыңдайды. Қан­дай да бір болған оқиғаға дер кезінде терең үңіліп, ден қойып әрі жедел қимылдауын талап етеді. Ағымдағы жылы ауыр және аса ауыр қылмысты ашу республика көлемінде 63,2% болды. Бұл факт былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстың 14,9 пайызға артық ашылғанын көрсетеді. Сол жұмыс­тың жақсаруына жетісулық полицейлер де ерекше еңбек сіңірді. Негізінен Алматы облысы тұрғын­дары мал шаруашылығымен айна­лысатындықтан, көбіне-көп мал ұрлығы орын алады. Сондықтан полицейлер мал ұрлығының алдын алу, ұрылардың ізіне түсіп, оларды ұстау сынды шараларды уақтылы атқаруға машықтанған. Мәселен, ағымдағы жылы облыс бойынша ұрланып, жоғалған 2 254 бас малды полиция қызметкерлері тез тауып, иелеріне қайтарды. Тұтастай алғанда, қазіргі күні облыстағы криминогендік ахуал тұрақты бақылауда тұрғандықтан тыныштық сақталуда. Жалпы, барлық қылмыстық істер бойынша тергеу амалдарының заңға сәйкес жүргізілуі менің жеке бақылауыма алынған. – Облыста алғашқылардың бірі болып құрылып, жұмысын бастаған консультативтік кеңес­тің рөлі туралы не айтасыз? – Үстіміздегі 2016 жылғы нау­рызда ішкі істер департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган туралы ережені және оның құрамын бекіттік. Аталған кеңестің негізгі мақсаты ішкі істер органдары қызметінің айқындылығын қамтамасыз етуге ықпал ету, қызметтік этика нормаларын бұзған қызметкерлердің іс-әрекетіне шағымданған жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау болып табылады. Ал міндеттеріне келер болсақ, олар – халықтың ішкі істер органдары қызметіне сенімін арттыру, полицияны халыққа жақындату, ішкі істер органдарының қызметіне консультативтік, әдістемелік және тағы да басқадай қолдау көрсету. Тағы бір артықшылығы, қызметкерлерге әлеуметтік тұр­ғыда қолдау көрсетіп, полицейлер қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді. Осы мақсаттар мен міндеттерге дер кезінде қол жеткізу үшін кеңес­тің жұмысына ішкі істер орган­дарының ардагерлері, «Нұр Отан» партиясының, бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ, әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жұмылдырылды. Кеңес жұмысының арнайы жоспары әзірленіп, бекітілді. Сол жоспарға сәйкес биылғы жылы екі отырыс өткізіліп, бү­гінгі күннің өзекті мәселелері қа­ралды. Соның ішінде, ішкі істер департаменті жергілікті полиция қыз­метінің атқарған жұмысы туралы есебі, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қоғам­дық-бақылау комиссиясы тобы­ның құрамына кіру мәселесі, по­лиция қызметкерлерінің имид­жін көтеріп, жемқорлыққа қар­сы әрекет етуге бағытталған шара­лар­­ды өткізу стратегиясы қарас­тырылды. – Полиция құрамында өзін­дік орны анықталған жол поли­циясының жұмысы туралы толық­қанды мағлұмат берсеңіз? – Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30-ыншы қадамын орындауда 2015 жылғы 2 қарашада «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Аталған заңға сәйкес жергілікті полиция қызметі құрыл­ғаны мәлім. Жергілікті полиция қызметінің негізгі мақсаты ел ты­ныштығын күзетуде полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, полицияға ха­лық­тың сенімін арттыру, құқық бұзу­шылықтың алдын алу болып табылады. Аталған қызметті жүргізуге учаскелік полиция инс­пекторлары, ювеналдық полиция, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, табиғатты қорғау полиция­сы, тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғалар үшін қабылдау-тарату орындары, жол-патрульдік полиция жұмылдырылады. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің ма­териалдық-техникалық жағ­дайын күшейту мақсатында радио­байланыспен, дабыл кү­шейткіш құрылғымен, GPS қон­дырғысымен жабдықталған қызметтік автокөлікпен, жылжымалы фоторадар «Крис-П» кешенімен, ауыр жүкті көлік құралдары жүргізушілерінің демалыс пен еңбек режімін сақтауын бақылауға арналған тахографпен, бейнежазбаларды өңдейтін стансамен жарақтандыру үшін облыс бюджетінен қаражат қа­ралды. Жергілікті полиция қызметі тарапынан үнемі өткі­зіліп тұратын «Жасөспірім», «Мен және менің полицейім», «Жаяу жүргінші», «Учаске», «Қауіпсіз жол», «Браконьер», «Құ­қықтық тәртіп» және т.б. жедел алдын алу іс-шаралары құ­қық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтық білі­мін жетілдіруге, қылмыстарды болдырмауға бағытталған. – Тәуелсіздік мерекесіне тар­туларыңыз да бар шығар? – Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігіне 25 жыл толуына орай ағымдағы жылдың мамыр айында Кинологиялық қызмет орталығы толық жөн­деуден өтіп, пайдалануға берілді. Ки­нологиялық қызмет орта­лы­ғында бүгінгі күнде – 18, қалалар мен аудандардағы ішкі істер бөлімдерінде 18 қызметтік-іздестіру иттері қызмет етуде. Нәтижесінде есірткі және жа­рыл­ғыш заттарды анықтау, із­деу одорология желісі бойын­ша қолданылады. Жыл басынан бері 433 қылмыс ашылды. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында облыс әкімдігінің қолдауымен ішкі істер департаментінің теңге­ріміне өткен аумақта жаңадан плац ашылып, 25 түп қарағай көшеті отырғызылды. Сондай-ақ, облыс полицейлері жетім, мүгедек балалар, ардагерлер, жалғызбасты қарттар мен мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «25 қайырымды іс» акциясын өткізді. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,  «Егемен Қазақстан»   Алматы облысы