15 Қаңтар, 2010

МЕМЛЕКЕТ ШЕКАРАДАН БАСТАЛАДЫ

5524 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ал оны күзету Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  Шекара қызметіне сеніп тапсырылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы қастерлі ұғым санамызда жаңғырған сайын тәуелсіз еліміздің сан ғасырлық жүріп өткен жолы көз алдымызға елес береді. Тарихымызға үңілсек, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды сыртқы басқыншылардан қорғау жолында қаншама апайтөс батырларымыз шейіт кетті. “Ұрпақтан ұрпаққа аман-сау жеткен қасиетті жерімізге жан баласы көзін аларта сұқтанып, еліміздің тұтастығы бұзылмаса екен” деген кіршіксіз армандарын жүзеге асыру үшін қажет кезінде қолына қару алып, ғұмырларын осы жолда сарп еткен барша қаһарман аталарымыздың біздерге қалдырған қасиетті жерін күзету – үлкен абырой, үлкен жауапкершілік. Тәуелсіздіктен асқан киелі ештеңе жоқ. Еліміз тәуелсіз болған 1991 жылдың желтоқсанынан кейін іргелі мемлекеттің шекара­сын дербес күзету саясаты күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1992 жылдың 18 тамызында республика Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлы­ғы­мен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі құрылды. Егер де сол жылдардағы жағдайға көз жіберсек, белгілі бір деңгейдегі уақытша қиыншылықтар да орын алды. Мәселен, көптеген білікті офицерлер өздерінің тарихи ата­мекендеріне қоныс аударды. Осы арада Шекара қызметіне сапалы мамандар даярлау мәселесі күн тәр­тібіне қойылды. Ф.Э.Дзер­жин­ский атындағы Шекарашылардың жоғары командалық училищесі Елбасының Жарлығы негізінде еліміздің қарамағына берілгеннен кейін, әлгі мәселені шешу осы әскери оқу орнының міндетіне айналды. Алғашқы кезде осындай уақытша қолбайлауларды шұғыл шешкеннен кейін, Мемлекеттік шекара күзетін заң талаптары ая­сында жүзеге асыру мақсаты тұр­ды. Былайша айтқанда, құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру ке­зек күттірмей шешетін шаруаның бірегейіне айналды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутаттарының талқылауынан кейін барып, 1993 жылдың 13 қаң­тарында “Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік шекарасы ту­ралы” және “Қазақстан Рес­пуб­ликасының Шекара әскерлері ту­ра­лы” заңдар қабылданды. Міне, сол уақыттан бері зымырап 17 жыл өте шығыпты. “Қазақстан Рес­публикасының Конституция­сы­на сәйкес Қазақстан Респуб­ли­ка­сының­ аумағы қазіргі шека­ра­сын­да тұтас, оған қол сұғыл­май­ды және бөлінбейді” деп бас­тала­тын Ата Заңның аясында ҰҚК Ше­ка­ра қызметі өздерінің міндеттері мен құқықтарын жүзеге асырып келеді. ҰҚК Шекара қыз­метінің мақсаты мен міндеті кейін­нен то­лықтырулар мен өз­гертулер енгі­зіл­ген “Қазақстан Республикасы Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Ше­ка­ра қызметі туралы” Заңның 1-ба­бында: “Қазақстан Республи­ка­сы­ның Ұлттық қауіп­сіздік коми­те­тінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік шекарасын күзету мен қорғауға, Қа­зақстан Респуб­ликасының еге­мендігіне, аумақтық тұтастығына және қол сұғыл­мауына, қастандық жасалуының алдын алуға және жолын кесуге арналған” деп ай­қын жазылған. Ең бастысы – Мемлекеттік ше­караның қастерлі ұғым екендігін, аумақтық тұтас­тық­қа қол сұғылуға болмай­тын­ды­ғы­ның халықаралық қағидатын ел тұрғындары толығы­мен мойындап, жоғарыда аттары аталған заңдар­дың талаптарын толықтай орын­дай бастады. Әңгіме өзегіне айналып отыр­ған бұл заңдардың басты ерек­ше­лігі неде? Ол мемлекеттілігіміздің тарихында Мемлекеттік шекара­мыз­ды тұңғыш рет ресми түрде мойындап, оның күзетін құқық­тық тұрғыда дербес қорғауға ба­ғыш­талған алғашқы заң еді. Кеңес одағы кезіндегі қабылданған “Мемлекеттік шекара туралы” заңда посткеңестік елдердің шека­ра кеңістігін тұтас қамтыған жал­пы­лама о­ртақ түсініктер орын алған болатын. Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік шекара­сы деген ұғымның алғаш рет тайға таңба басқандай жазылуы осы заңның еншісіне тиді. Елін, жерін шын қастер тұтатын жандардың аталған заңды шынайы қастер­леуінің бар құпиясы осында деп бі­лемін. “Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік шекарасы туралы” Заңның 1-бабында: “Қа­зақ­стан Республикасының Мем­ле­кеттік шекарасы дегеніміз, Қазақ­стан Республикасы аумағының ше­гін – құрлығын, суын, жер қой­­науын және әуе кеңістігін ай­қын­дайтын сызық және осы сы­зық бойынша тігінен өтетін үс­тіңгі қабат” делінген. Міне, осы жыл­дар аралығында Мемле­кет­тік ше­ка­рамыздың бірде-бір мәрте бұ­зыл­мауы, оның күзетін толықтай қамтамасыз етіп отырған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жауапты қыз­ме­тінің арқасы екендігі тағы шындық. Шекара қызметі осы жылдар аралығында үлкен белестерді артқа тастады. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде Қытай Халық Республи­касымен арадағы шекараны ғана күзетіп келсек, енді тәуелсіз ел ше­карасының барлық ендіктері бойынша күзетіле бастауы – “Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік шекарасы туралы” Заң баптарының толықтай жүзеге асуы деп айтуымызға негіз бар. Арғы-бергі тарихымызда тұңғыш рет Мемлекеттік шекарамызды толық белгілеп алдық. 2006 жылдың қаң­тар айындағы ұлықтау салтанаты кезінде Президентіміз Н.Ә.На­зарбаев Мемлекеттік шекара саясаты жөнінде былай дегені есте. “Қазақстан өзі шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекет­те­рімен шекара мәселесін біржолата шешіп, халықаралық құжаттармен бекітті. Бұл – құрлықтағы шека­расының өзі 14 мың шақырымға жуық еліміздің сыртқы саясаттағы үлкен табысы. Біз барлық көр­шілерімізбен орныққан өзара ынтымақтастық пен адал әріптес­тікті қастерлейміз және оны алда­ғы уақытта да еселей беретін бола­мыз”. Елбасымыздың осы сөзінен-ақ Мемлекеттік шекарамыздың мән-мағынасының ауқымдылығы мен халықаралық саясаттағы биік орнын межелеп бергендігін аңғарамыз. Жасыратын несі бар, бұрын­дары шекаралық аймақ пен шека­ралық өңір туралы көп ештеңе білмейтін ел тұрғындары Мемле­кеттік шекарамыз толық күзетіле бастағаннан кейін бұл жәйттерден де толықтай хабардар бола бас­тады. “Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік шекарасы туралы” Заңның 19-бабында шекаралық аймақ пен шекаралық өңірге кірудің ортақ тәртіптері белгіленген. Шекара құрылым­дарын­дағы білікті мамандар шека­ралы аймақтағы орналасқан жер­гілікті билік өкілдері және тұр­ғындармен жүздесу барысында заң талаптарын түсіндіріп, сауықтыру шараларымен айналысып келеді. Оны мұқият орындау – құқықтық бағытты таңдаған мемлекетіміз аза­маттарының алдындағы мін­деттердің бірі. Сонымен, қазақ мемлекет­ті­лігінің тарихында ресми түрде бірінші рет қабылданған, Мемле­кеттік шекарамызды қорғаудың құқықтық негіздерін белгілеп берген заңның өмірге жолдама алғанына 17 жыл толып отыр. Бұл заң аталған мерзім аралығында өзінің өміршеңдігін талай рет дәлелдеді. Үстіміздегі жылдың өзінде шекара режімін бұзған 8 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 24 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, мемлекет қазынасына өндірілді. Каспий теңізіндегі экономикалық мүддемізді қорғау мақсатында өткен жылы құрылған “Жағалау күзеті” аймақтық басқармасының жеке құрамы 2009 жылғы балық аулау маусымында контрабандашылардан 150-ден астам жүзу құралдарын тәркіледі. Олардан 54 тоннадан астам балық тәркіленсе, оның 31 тоннаға жуығы сирек кездесетін бекіре тұқымдас балық екен. 25 килодан астам қара уылдырықты контра­бандашылардан тауып, тәркілегені өз алдына бөлек әңгіме. Тек 2009 жылы ел шекарашылары 12 мың­нан астам Мемлекеттік шекара бұзушыларды ұстапты. Сонымен қатар, Мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өтуге талпынған 2 мыңнан астам контрабандалық оқиғаның алдын алған. “Ғасыр тажалына” ба­ланып отырған есірткі тасыма­лына тосқауыл қоюда да шека­ра­шыларымыз қырағылықтың үлгі­сін көрсетіп келеді. Олар жалпы салмағы 177 килодан асатын 108-ден астам заңсыз есірткі тасы­малының жолын кесті. 102 килодан астам героин, 16 килодан асатын марихуана, 57 килодай гашиш шекарашылардың қырағы­лығының арқасында тәркіленді. Тәуелсіздігіміздің басты ны­шандары Елтаңба, Әнұран, Жалау секілді рәміздерімізбен қатар айтылатын қастерлі Мемлекеттік шекарамыздың мәртебесі мен мағынасын айқындап, оның қырағы күзетілуін құқықтық тұрғыда қамтамасыз етіп отырған қос заңымыздың ғұмыры ұзақ әрі мәнді болғай дейік. Кенжебек СЕЙІТМҰХАММЕДОВ, подполковник, әскери журналист.