24 Желтоқсан, 2016

Қуатты Қазақстан – баянды болашақ

612 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

tauelsizdik-25Өнер ғасырлар тамырын нәрлендіреді

Тәуелсіз Қазақстанымыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев торқалы тойымыздың 25 жылдығындағы құттықтау сөзін «Құрметті менің отандастарым!» деп бастауының өзі жан-жүрегімді елжіретті. Жүріп өткен жолдарымыз көз алдыма елестеп, толқындар тербеген толғаныстың дауылы мен жібек желінің жетегінде тербелдім. Жанарыма жас үйірілді. Көзімде қуаныш. Біз – екі қоғам­ның ұрпағымыз. Бөле-жаратындай емес дегенімізбен, Тәуелсіздік жылдарының тағылымы бөлек, шабыты шалқар екендігі анық. Елбасымыз айтқандай, ғасырлар тамыры нәрленіп, асыл арманымыз гүлдеді. Осы ұлы мақсат жолында қайтпас қайсарлық танытып, жұмыла жұмыс істеудің өзі бақыт екендігін сезіндік. Біз – ұлы Абылай хан 47 жыл хандық құрған «байтақ даланың жұлдызы – сұлу Көкше өңірінің» қазағымыз. Сол Абылай хан армандарын орындаған Елбасы Н.Ә.Назарбаев халық рухын биіктетіп, салт-сананы жаңғыртуда өлшеусіз еңбек сіңірді. Біз Тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен болашағымыздың жарқындығы үшін Елбасына қарыздармыз. Жасампаз ұрпақ өзіне жүктелген сенімді ақтайды. Өйткені, ертеңгі күннің ерен жолдары белгіленіп, тиісті қамқорлық жасалып отыр. Елбасымыздың көреген саясаты осы деп білемін. Салтанатты жиналыста Елбасы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздіктің тең­де­ссіз жеті табысын айқындап берді. Со­лар­­дың маңыздылары қатарында мынадай түйін айтылды: «Біз өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды жаңғыртқан «Мәдени мұра» стратегиялық жоспарын жүзеге асырдық. Елордамызда теңдессіз өнер ордасы «Астана Опера» театры мен Ұлттық музей жемісті қызмет көрсетуде». Бұл рухани жетістіктеріміздің бір парасы ғана. Елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылында 25 жаңа театр мен жаңа концерт залдары ашылса, солардың қатарында Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы тұңғыш қазақ музыкалық драма театры да бар. Міне, осының өзі баға жетпес байлығымыз, қазіргі ұстанымдарымыз ол қазынаның толыға түсетініне шүбә келтірмейді. Бұл өнер адамдарын қанаттандыратын қадам. Мен алғашқы рөлімді балаң кезімде «Ботагөз» көркем фильміндегі Ботагөздің эпизодтық бейнесін жасаудан бастаған едім. Өнер жолына түсуіме сол кинодағы шын Ботагөздің рөлін сомдаған атақты Гүлфайрус Исмайлова болды. Мұндай бақыт әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Талдықорған, Қызылорда, Көкшетау театрларында жанымды салып жұмыс істеуге осы екпін мен қуат жетіп жатыр еді. Кейінірек дуалы ауыздар «аналар галереясын қалыптастырған әртіс», «Көкшетау театрының анасы» деген бағалар беріп жатты. Бұл да ел тәуелсіздігінің үлкен шарапаты деп білемін. Бүгіндері «Мәңгілік Елдің» шежіресі жазыла бастады. Ұлы халқымыздың қастерлі қадамы құтты болсын. Елбасымыздың салтанат төріндегі баталы сөзі қабыл болсын! Жібек БАҒЫСОВА, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Ақмола облысы

Тәрбиенің қайнар көзі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзін Жетісу жеріндегі судьялар бас қоса отырып мұқият тыңдадық. Сосын мереке күндері  жүрген жерімізде Елбасының сарабдал сая­сатын айтумен шектелмей, көгілдір экран арқылы ағайын-туыс, жолдас-жораның да зейін қоя тыңдауына ықпал еттік. Мұны азаматтық парызым деп білемін. Елбасы сөзін ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымынан саралай оқып отырып, «біз 1500 жыл бұрын Күлтегін ұстынында жазылған «Мәңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, елдігіміздің 15 ғасырлық тамырына нәр бердік, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік», деп басталатын азат жолға зер салдым. Шындап келгенде, қазақ халқының даралығын бұл жолдар дәлелдеп отыр емес пе?! Олай дейтінім, ата тарихымызды ысырып қойып, тіпті жоқ жасағысы келгендер де өз заманында болды ғой. Ал мына тасқа басылған тарихи дерек соның бәрін тарихнама бетінен ысырып тастап, ақиқатты алдымызға жайып салды. Ең бас­тысы, сол құндылықты Мемлекет басшысы көрегендікпен қолдап, күллі әлемге паш ете білгенін бағалағанымыз абзал. Рас, жылжып жылдар өтер. Ал тасқа басылған дүние жан-жақты дәлелімен сом алтындай жарқырап қала беретіні хақ. Соның бір жарқын дәлелі ретінде Елбасының Сарыарқаның төсіндегі сайын далаға көрген жанның көзі тоятындай қала салып, елордаға айналдыра білгенін айтсақ та жетіп артылады. Сонымен қатар, салтанатты жиында Елбасы ана тілімізді ардақтай білгенімізді, ең бастысы, барша қазақтың басын біріктіре алғанымызды айтқаны көңілдерге қуаныш сыйлады. Нақтылай түссем, сол жолдарды бірнеше қайталап оқып, разы болып отырдым. Тағы бір баса айтар жайт, ата дінімізді оралтқан айшықты елдігімізді үлгі тұтуға болады. Біле-білсек, ұрпақ тәрбиесінің қайнар бастауының бірі мұсылмандық болып саналады. Ислам дінін зерделей оқып, сабырлылықпен көңілге тоқи білсеңіз, үйретері ұшан теңіз. Сондықтан, Құран Кәрімнің қазақша мағына-түсінігін оқыған сайын көңілімнің сарайы ашыла береді. Сол құндылықты айналамдағы адамдармен бөлісуді де әдетке айналдырғанмын. Одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әрбір мұсылман баласы тек жақсылыққа үн тастап, мемлекеттік саясатқа сай әрекет ете білсек өзіміз де, ұрпағымыз да өркендеп өсе беретіні анық. Бұл – менің Елбасының сөзін естіп, оқығаннан кейінгі түйген бір ойым. Советхан СӘКЕНОВ, Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы  ТАЛДЫҚОРҒАН  

Елбасы қойған міндет толық орындалып келеді

Еліміздің егемендігінің 25 жылдығына үлкен табыстармен жеттік. Тәуелсіздік мерейто­йында Елбасы осынау жылдарда жеткен жетістіктерімізді саралап, болашақта іске асырылатын жұмыс­тардың жайын тарқатты. Нұрсұлтан Назарбаев енді отыз жылдардан соң халқымыздың өмір сүру ұзақтығы 82 жасқа артып, 25 млн-ға көбейетіндігімізді дәйек ретінде келтірді. «Иә, оған дейін әлі 34 жыл бар. Алыс сияқты көрінеді. Дегенмен, бұл – тариxтың қысқа бір кезеңі. 2050 жылға дейін біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз. Қазақстанда орта санаттағы азаматтардың саны басым болады. Сол кезде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Ол үшін бүгінде Ұлт жоспары аясында тиісті жағдайлар жасалып жатыр. Ұлттық экономика еңбек өнімділігінің өсуі арқасында дами түседі. Оның көрсеткіші бес есеге артып, бір адамға шаққанда 120 мың долларға өсетін болады. Біз инновациялық даму моделіне көшеміз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қазіргі бесжылдығы аясында 300-ден астам жаңа инновациялық кәсіпорын салынады. 2050 жылға дейін 2 миллионға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылады. Осы орайда, жалпыға бірдей кәсіби білім беру бағдарламасының рөлі зор. Шамамен, 1 млн адам жұмысшы мамандықтарымен қамтылады. Мектепті бітірген әрбір түлекті мемлекеттің есебінен оқытып, нақты бір мамандық беретін боламыз», деді Елбасы. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Президент айтқан ұзақ жылдардағы меже осыған дейін орындалмай қалған жоқ. Біз мұны өз облысымыздың даму динамикасынан көріп отырмыз. Мәселен, «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» жұлдызды 25 күн акциясында күн сайын аймақтағы жақсы оқиғаларға куә болдық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қар­саңында 25 спорт алаңшасы ел игілігіне пайдалануға беріліп, 25 елді мекен тұрғындарына ауыз су мен табиғи газ жеткізілді, 17 елді мекеннің электр жүйесі жаңартылды. Сонымен қатар, 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 4 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мереке қарсаңында облыста 35 білім ошағы, 4 балабақша, 2 спорт кешені, 2 су қоймасы, 8 мәдениет үйі, 1 емхана, 1 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы, 1 мүгедектерге арналған психоневрология диспансері тапсырылды. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі – ха­лық­­тың ынтымақ-бірлігі мен қоғамның тұрақтылығы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты­ның арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың керемет үлгісі қалыптасты. Яғни, Қазақстанның мақсат-мұраты айқын, тұғыры биік. Бұл – ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Қайрат БАЛАБИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Шымкент  

Тарбағатайлықтар табысы – тәуелсіздік табысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында қазақстандықтардың өткен жылдарда қол жеткізген жетістіктерін тағы бір саралап, еліміздің келешектегі көкжиегін көңіл төріне қонақтатуы бар­ша­мыз­ға тағы да үлкен ой сал­ды. Мәсе­лен, Ел­ба­сы тәуел­сіз­діктің таң­­сәрі жылдарында ша­­­руасын бастап қана қой­­­май, оны дөңгелете біл­­ген фермерлер мен кә­­сіпкерлер туралы айтып өтті. Президент сөзінен өз ісін ілгерілете алған қарапайым қазақстандықтар, әрине, өздерін көргендей, қиындық пен жауапкершілікке толы өткен жылдары жадында жаңғырғандай әсерде қалды. Сол сияқты еліміздегі шека­ралық өңірлердің бірі саналатын, шеткері жатқан Тарбағатай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы Елбасы саясатын қолдаған тұрғындардың толассыз еңбегі мен ертеңгі күнге сенімі мен бірлігінің арқасында алға басты. Тарбағатайлықтар тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын жоғары табыстармен атап өтті. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң өзге­рістер көп. Соның бірі, әрине, мал шаруа­шылығы болғандықтан, мал басын асылдандыру, түрлендіру, шаруа­шылықтарды ірілендіру бойынша көптеген жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, Президент тапсырмасы бойынша келесі жылы 1 мың отбасылық мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Соңғы үш жылда қосымша 3 мың гектар жер игеріліп, гидроқұрылымдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Базар, Тебіске су тос­паларын жөндеуге республикалық бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бо­йынша 18 мектепке жөндеу жүргізілді. Арасында 40 жыл жөндеу көрмеген мектептер бар. Сонымен бірге, ауданымызда Абай, Дәулетбай батыр, Мұрын ана, Мақта ана, Тоғас баба, би Боранбай ескерткіштері қойылды. Бұл тарихи тұлғалардың мүсіндері Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы мен «Мәңгілік Ел» идеясының аясында бой көтеріп отыр. Ауылдарды абаттандыру мақсатында 100 мың түп гүл егіліп, әуенді екі субұрқақ, үш саябақ іске қосылды. 5 мыңға жуық шырша егіліп, қазіргі таңда желбіреп, орманға айналуда. Биыл облыс спартакиадасында алтыншы мәрте чемпион атандық. Осы сияқты ел өміріндегі жақсылықтар жетерлік. Экономикамыздың бір тірегі – ауылдар. Біздің ауылдарымыз қиыр жайлап, шет қонса да Елбасының қамқорлығы мен тиімді саясатының арқасында орталық қалалардың тұрғындары көріп отырған игілікке қол жеткізе бастады. Бұл – Тәуелсіздіктің ең басты табыстарының бірі! Ділдәбек ОРАЗБАЕВ, Тарбағатай ауданының әкімі, экономика ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Шығыс Қазақстан облысы