31 Желтоқсан, 2016

Индустрияландыру әкелген игіліктер

217 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2016 жылдың қорытындысында еліміздің ішкі жалпы өнім өсімі 1 пайызға жуықтағалы отыр. Қазіргідей әлемдік нарықта кен қазу, мұнай шикізаты сияқты өнімдердің бағасы құлдырап тұрған шақта бұл ­­көңіл қуантарлық жағдай. Себебі, біздің елдің бұрын ішкі жалпы өнім көлемінің негізгі бөлігі осы шикізат өнімдерінен түсетін. Бірақ қазір өзгерді. Отандық өндірістің өркендеуі сыртқы нарықтағы шикізат бағасына тәуелділікті азайтты. Экономика өсімінде отандық өнеркәсіптің үлесі артты. Еліміз үдемелі индустриялық-инно­вация­лық дамудың мемлекеттік бағдар­ламасының екінші кезеңінің екінші жылын аяқтады. Яғни, алғашқы бес жылдық­ты артта қалдырған бағдарлама қазір екінші бесжылдығын жүзеге асыруда. Соған байланысты биылдың өзінде бұл бағ­дарламаға қатысты көрсеткіштер екі рет қорытындыланып, индустрияландыру тақырыбында екі мәрте арнайы телекөпір өтті. Әрине, мұның өзі оның ел экономикасы үшін айрықша маңыздылығының бір дәлелі. 2016 жылы индустрияландыру аясында өткен алғашқы телекөпірде 8 ірі жоба Елбасының рұқсатымен іске қосылды. Ал жақындағы жалпыұлттық телекөпірде 23 кәсіпорын жұмысына кірісті. Әрине, оның арасында темір жол, тас жолдарға қатысты, су электр стансасы сияқты жобалар да бар. Ал нақты өнім өңдейтін кәсіпорындар арасында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ іске қосқан 4 домна пешін айтуға болады. Ол 4 млн тонна болат өндіруге мүмкіндік берген. Бұл өткен жылғы деңгейден 15 пайызға жоғары. Астанадағы «Selena Insulations» ЖШС құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың іске қосылуы елорда экономикасы ғана емес, тұтас елдің құрылыс индустриясына қосылған қарымды қадам болды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған кәсіп­орынның ашылуы да бұл саланың тынысын кеңейтті. Бұл комбинатта германиялық «Wekcenmann» компаниясының үздік жабдықтары орнатылған екен. Кәсіпорын өнімі бірінші кезеңде жылына 50 мың шаршы метр баспана тұрғызуға мүмкіндік бермек. Жылдың өнеркәсіп саласындағы тағы бір жаңалығы аяқ киім өндірісімен айналысатын «Казлегпром Алматы» фабрикасының іске қосылуы. Кәсіпорын аяқ киімді италиялық технология бойынша шығарады. «Баян Сұлу» фабрикасының печенье шығаратын өндірісі де Президенттің рұқсатымен іске қосылды. Өнімділігі өте жоғары заманауи құрал-жабдық жылына 5 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді екен. Жаңа желі іске қо­сылғаннан кейін экспортқа өнім шы­ғару 40 пайызға артпақ. Жылдық қуаты 25 млн тонна кен өндіретін Ақтоғай комбинаты да көпшіліктің көзайымына айналды. Салын­ған инвестиция­лар көлемі 2 млрд дол­лар­дан асатын аталған өндірісте 1500 адам жұмыс істемек. Алматы облысындағы шойын өндіретін зауыттың іске қосылуы да ел өндірісіне жаңа серпін болды. Жаңа зауыт инновациялық тәсілмен 400 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндірісте қазақстандық шикізат қолданылады. 2016 жылдың тағы бір индустриялық жемісі Елбасының Жапонияға сапары аясында іске қосылған Қазақстандағы болат бұйымдар шығаратын «Токио Роуп Алматы» зауыты дер едік. Жалпы, индустрия­ландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4,6 трлн теңгенің 961 жобасы жүзеге асырылса, 2016 жылда 179,2 млрд теңгенің 63 жобасы іске қосылған. Бұл – 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны. Қолға алынған жобалар арқылы 7,5 трлн теңгенің шамасында өнім өндірілсе, оның 1,8 трлн теңгесі соңғы он айға тиесілі. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»