07 Ақпан, 2017

«Онлайн өмірдің» 10 зардабы

5419 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазір адам санасын басқарудың немесе адамзатты рухани аздырудың түрлі тәсілі тәжірибеге енді. Ғаламтор, әлеуметтік желілер, телефонға тәуелділік, тағысын тағылар. «Бұл – бүгінгі заманның техникалық жетістігі. Мөлшерімен пайдалана білсе, пайдасы шашетектен», – дейтіндердің уәжі де орынды. Өзін басқара алатын (Алла тағала бізге осындай мінез бен сипатты нәсіп еткей) адамның әңгімесі басқа. Зияны да жеткілікті. Ендеше, «онлайн өмірдің» зардаптары туралы ойланып көрейік. 1. МЕЙІРІМСІЗДІК. Қазір ұрыс-керістің ХХІ ғасырға тән «тә­сілі» пайда болды. «Қар­с­ы­ластың» жағасын жыртып, көзін «көгертіп» әуре болмайсыз. Бі­лек­тің күшінен асып түсетін «әлеу­мет­тік желі» деген адам жанын ауыр жаралайтын «қаруыңыз» бар. Желіден желдей ескен негізсіз жала­лар мен ғайбат сөздер адамдар арасындағы мейірімділік, қайырымдылық, бауырмалдық сияқты асыл құндылықтардың алтын арқауын біртіндеп үзуде... Алла сақтасын! Желі пайдаланушылар та­қы­рыпты талқылауды қо­й­ып, адамның жеке тұлғасын қор­лау­ды, кемшілігін сынауды үлкен «олжа» көре бастады. Әлеуметтік желі түрлі көз­қа­рас­тар мен ұстанымдардың «соғыс» алаңына айналды. Адам­дар арасындағы нүктесі жоқ пі­кір­таластар кеңшілікке емес, кек­шіл­дікке бастап жатқан жайы бар. Пі­кірталаста жеңілмеу, реті келсе сөзбен түйреп тастау басты мақ­сатқа айналғандай. 2. УАҚЫТТЫ ӨЛТІРУ. Таңғы жұмыстың «кіріспесі» әлеуметтік желіні «шарлаудан» басталады. Оған біреу 1 сағатын «құрбан» етеді. Біреулер үшін 2 сағат аздық етеді. Өзгенің не ішіп, не жеп, қандай киім киіп, қайда барғанын көріп, біреу үшін ызаланып, біреу үшін қуанып, эмоцияға беріліп жүргенде, 2-3 сағаттың өтіп кеткенін байқамаймыз. Таңертең ғаламтордың тұңғиығына бір «сүңгіп» алмасақ, бір нәрсе жетіспей тұрған секілді болады. Уатсапқа кіріп, кім не жібергенін көріп шықпасақ, басымыз «ауырып» қалатын жағдайға жеттік. Телефонға тәуелділік күн өткен сайын артып келеді. Сонымен таң атырып, кеш батыратын болдық. 3. «ӘЛЕУМЕТТІК МҮГЕ­ДЕК». Шотландиядағы Эдинбург уни­верситетінің докторы Аяд Рах­ван желіге тәуелді болған адам­ды «әлеуметтік мүгедек» деп атап­ты. Желіден «түспейтіндер» ара­сында ғылыми зерттеу жа­са­ған ғалым: «Әлеуметтік желі адамның ойлау логикасы мен шешім қабылдауына кері әсер ететініне көзім жетті. Осы мәселе бо­йынша ғылыми талдау жасау барысында әлеуметтік желі адамның сараптау, талдау, есте сақтау қабілетін азайтады деген қорытынды шығардым», – дейді. Доктор А.Рахван желіні белсенді пайдаланушылар арасында қара­пайым сауалнама жүргізіпті. Қа­ты­сушылардың 80 пайызы санаулы сәтте оңай сұраққа дұрыс жауап бере алмаған. «Әлеуметтік желіге тәуелді болған адам әр мәселеге атүсті қарайтын дәрежеге жетеді. Өйт­кені, 1 минутта бірнеше жаңа­лық­қа лезде шолу жасау осыған итер­мелейді. Сөйтіп, адам ойлау, талдау қабілетінен айырыла бас­тайды», – дейді Эдинбург уни­вер­ситетінің докторы А.Рахван. Ғалымның статистикасы бойынша, желідегі белсенділердің небәрі 20 пайызы ғана көлемді материалдарды соңына дейін оқып, сол мәселе төңірегінде ой қорытып, талдау жасай алады екен. 4. ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛУ. Ғаламтор әлеміне кіріп кеткен адам шынайы өмірден алшақ­тайды. Бүкіл болмыс, ми, көңіл күй, назар әлеуметтік желідегі боямалы, жасанды өмірге ауған кезде айналадағы адаммен әңгі­ме­лесуге, ата-анамыздың көңілін ау­лауға, баламыздың тәрбиесі мен сабағын қадағалауға уақыт жет­пей қалады. Өйткені, біз бос емес­піз. Одан да «маңызды» шаруамен шұ­ғылданып жатырмыз ғой... Ой мен көңілді, сезім мен түйсікті ға­ламтордағы қайдағы біреудің жылт еткен жылтырақ суреттері жау­лап алған. «Онлайн режімде» өмір сү­ре­тін адам жұмыс пен отба­сын­да­ғы адамдармен жөнді тіл табы­судан қалады. Сөйтіп, өзі де, өз­гелер де тұйыққа тіреледі. Ға­лымдар мұндай күйге түскен адам­ды өзге түгіл өзінің өміріне жау­апкершілікпен қарай алмайтын, ғаламтордың нұсқауымен тіршілік кешетін зомбилер мен тірі «құлтемірлер» деген тұжырым айтыпты... Алла сақтасын! 5. ДЕРТ. Мойындамасқа ла­жы­мыз жоқ, әлеуметтік желі бі­з­­­­­дің сырласымыз бен мұң­да­­сы­мызға айналды. Бұрын іші­міз­дегі шерімізді жақын адамға ай­тып, шығарушы едік. Қазір қай­ғымыз бен қуанышымызды же­ліде «желпінген» жандармен бө­лі­семіз. Сөйтіп, отбасының сыры мен құпиясын жалпақ жұртқа жа­риялауды айып санамайтын күйге жеттік. «Түркияға демалуға кетіп барамыз, мынау жолдасым сыйлаған гүл, бүгін күйеуіммен келіспей қалдым, қызымның жаңа сөмкесі, бүгін алған көйлегім...» Осы сарындағы жаңалықтардан көз сүрінеді. Өткен жолы әлеуметтік желі­лер­ден зардап шеккендерге пси­хо­логиялық көмек көрсететін орта­лықтар туралы ақпаратты оқы­ғанда зәре-құтымыз қаш­ты. Желіге минутын емес, бір­не­ше сағатын арнайтындар пси­хо­логиялық күйзелісті бастан ке­ше­ді. Интернетке тәуелділік адам жүй­кесін «жұқартып» тас­тайды екен. 6. ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚҰРТУ. Телефон мен компьютерге ұзақ телміргендер денсаулығын құртады. «Белің ауырса, бүйрегің сыр берсе компьютерде ұзақ отыр­ма. Көбірек жүр, көбірек қоз­ғал. Турникке тартын. Одан басқа ем жоқ», деп еді бір дәрігер. Тіпті, тамақтанып отырғанда да телефонымызға дамыл жоқ. Тамақты тәбетпен ішу жоқ. Назарымыз, эмоциямыз – әлеу­мет­тік желіде. Бірінен соң бірін ша­р­лап отырғанда не ішіп, не жеп қойғаныңды білмей қаласың. Тәт­ті тамаққа тұзды нәрсені аралас­ты­рып, ыстық шайдан соң суық су ішіп дегендей, тамақтану тәрті­бі­нің «ботқасын» шығарамыз. Өйт­кені, толассыз келіп жатқан жа­ңа­лықтарды лезде шемішкедей ша­ғу керек... 7. АРТЫҚ АҚПАРАТ – АРТЫҚ ПРОБЛЕМА. Әлеуметтік желі сіз туралы (үй мен жұмыстың мекенжайы, телефон, электронды пошта, т.б.) ақпараттың бәрін талап етеді. Желіге отба­сы­­ңызбен қайда, қанша күнге де­­ма­латыныңызды жайып сал­ған сәтте, кейбір әккі ұрылар от­­ба­­сылық жоспарыңызды өз ың­­ғайына пайдалануы мүмкін. Осы­­лайша, артық ақпарат артық проб­­л­ема туғызады. Желіде «шет­ел­ге немесе ауылға кетіп барамыз» деп шулатқан өзіміз. Мұны аңдып отырған ұрыларға үйдегі бағалы заттарымызды «сыйға» қалдырып кететін өзіміз. Кімге шағымданамыз? Кінәлі – тағы өзіміз... 8. ӨЗ СӨЗІМНІҢ ТҰТ­ҚЫ­НЫ­МЫН... Әлеуметтік желі – іштегі эмоцияны шығарудың алаңы. Кейде іште­гі шерді жұтып жіберуге тура келетін жағдайлар болады. Алайда желі деген «сырлас досымыз» бұған жол бермейді. Монитордың арғы бетінен ірі сөйле, тіліп айт, «жыртып» жаз, «шымшып» ал, аямай «соғып ал» деп тұрады. Сөйтіп, бізді аузы «батыр» адамдардың қатарына қосады. Өзінің шағын мемлекетін (отбасын) басқара алмайтындарды бүкіл мемлекетті «басқаруға» «тәрбиелейді». Саясатқа аралас­тырып, арандатады, біреулерге еріп «үргізеді». Нәтижесінде, адамды өз сөзінің «тұтқынына» айналдырады. 9. ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАЙ­ҚА­ЛУЫ. Желідегі жылт еткен суреттер­ге қызығып та, қызғанып та қа­райтын кейбір әйелдер: «Анау жолдасына шуба әперіпті, мы­нау көлік сыйлапты, анау болса сырға сатып алыпты, мынау Түркияда демалып жатыр. Сонда сен мені қашан жарылқайсың?» – деген шағымдар айтып, қана­ғатсыздық танытып қоятыны мәлім. Осыдан кейін: «Біреудің Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деген мағынадағы сөздер отағасына қарай қарша борайды. Түсінбеушіліктің соңы жақсылыққа әкелмейтіні бесенеден белгілі. 10. КҮНӘ АРҚАЛАУ. Әлеу­мет­тік желіде біреуді кемсіту, ғай­баттау, жағалаудағы жарт­ы­лай жалаңаш суретіңді жария­лап, өзгелердің иманын әлсірету, бол­машы бұйымдарды салып, қаншама шаңырақтың шай­қалуына түрткі болу, денсаулықты құртып, уақытты өлтіру, тұйыққа тіреліп, өз өміріңе немкетті қарау, тағысын тағылар адамгершілікке де, шариғатқа да сай келмейтін әрекеттер. Бұлар пенденің күнә арқалауына себеп болмайды деп ешкім кепілдік бере алмас... ТҮЙІН. Біздің бұл жазбамыз – ғаламтордың игілігі мен тиімділігін жоққа шығару деген сөз емес. Мұрат Мөңкеұлы бабамыз айтқандай, «Мен қауіп еткеннен айтамын...». Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз бөлімінің меңгерушісі