09 Ақпан, 2017

«Асың барда ел таны, беріп жүріп!»

744 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алатаудың етегіндегі ертегі қала Алматыда тұтанған XXVIII Дүние­жүзілік қысқы Универ­сиада­ның алауы соңғы рет лапыл қағып жалын атты да, дамыл тапты. Он бір күн бойы әлем назары оңтүстік астанамызға ауған еді. Намысты қолдан бермеген Қазақ елі әлемдік деңгейдегі бұл спорттық шараны дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей-ақ деңгейде дүркіретіп өткізді. Бүгін біз, той өтіп, қонақ кеткен соң, өзіміз отырып шай ішкенде тап осылай деп сенімді түрде айта аламыз. Бүкіләлемдік студенттер сайысына 60-қа жуық елден екі мыңнан астам спортшы келіп, спорттың 12 түрі бойынша 85 медаль жиынтығы үшін тартысқа түсті. Мұның сыртында, жарысқа арнайы шақырылған мәртебелі меймандар, маман-бапкерлер, спортшылардың шашбауын көтерген жанкүйерлер, осы дүбірлі доданы пайдаланып, Қазақстанды, оның ару Алматысын көріп қалайын деп келіп қалған саяхатшылар саны қаншама болды десеңізші?! Осыншама нөпір, сынап келген, қызыққа кенелгісі келген қалың жұрт Алматының айқара құшағына еніп, қазағымның қонақжай пейілін көріп, тоят тапты деп ойлаймыз. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деген рас. Қонақ күтуден алдына жан салмаған қазақы дарқандық төрткүл дүние алдында біздің мерейді тағы да көтеріп тастады. Универсиада тарихында тұңғыш рет Алматыда тұрғын үйлерінің төбесі көк тіреген «Атлеттер ауылы» салынды. Бұл жайлы да жылы үйлерде тұрған спортшылардың тұрмыстық жай-күйлерінің жоғары деңгейде болғанын көзбен көріп, құлақпен естідік те. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 30 пайызға жуығы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс деген нақты тапсырма берген еді. Осы Универсиада үшін деп салынған спорттық нысандар – «Халық Арена» мен «Алматы Арена» спорт сарайлары және басқа да ғимараттар Президент міндеттеген мүбәрак шаруаны іске асыру жолында мүлтіксіз қызмет ететініне бек сенуге болады. Неге десеңіз, бүгінгі күнде біздің халық саламатты өмір салтын қалап, дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысуға қатты ден қоя бас­тады. Оның үстіне аталған спорттық ғимараттар бой көтерген Алатау ауданында тұрғындар саны бұрынғыдан бір жарым есеге артып, бүгінде 200 мың адамға жетті. Міне, «Жақсыдан – шарапат» деген, елімізді әлемге тағы бір мәр­те танытқан Универсиада сынды халықаралық деңгейдегі ауқымды спорттық шараның елге тигізер пайдасының бір парасы осындай. Алматыдан дүниенің түпкір-түп­кіріндегі өз елдеріне аттанған өрен­дердің жүрегінде тұтанған Қазақ­станға, ару Алматыға деген махаббат отының көпке дейін шұғыла шашып, шартарапқа тарарына сенгің келеді. Солардың көбінің араға уақыт салып, саяхатшы есебінде Алматыға ат шалдырмасына кім кепіл? Алматы-2017 қысқы Универсиа­дасының ашылу және жабылу салтанаттарына, жарысты ұйымдас­тыру­дағы шаруаны ұршықша үйіре білген іскерлігімізге қарап отырып, шіркін-ай деп, Бейжіңге бұйырған 2022 жылғы Олимпиаданың бізде өтпейтіндігіне шын өкінгеніміз рас еді. Дегенмен, «Игіліктің ерте-кеші жоқ», төртжылдықтың басты додасы түбі бір Алматыны табары сөзсіз дегенге сенгіміз келеді. Қазақтан сөз қалған ба?! «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» дейді. Иә, біз қысқы Универсиаданы экономикалық мүмкіндіктер шөміштен қысқан кезде өткіздік. Өйтпеске тағы болмады: әлем бізге «Әлің сенің қандайлық?» деген сыңайда сынай қарап отырғандай болатын. Елдің имиджі әлдекімдер алдында басын имес үшін осындай нартәуекелге бел буғанымыз да рас еді. Ойбайға аттан қосқандарға қарата айтар болсақ, бұл – елдікке сын боларлық ерен шаруа еді. Мұның шығыны да аз емес, бірақ берері оны он орап алары сөзсіз. Неге десеңіз, әлемдік спорт қауымдастығы үшін біздің ел сенімді әріптеске айналды, туристер үшін біздің жер таңғажайыбы таусылмас жұмақтай әсер қалдырды, қысқы спорт үшін Алматымыз таптырмас платформа-алаңқай ретінде танылды. Ал «Қоянды» жәрмеңкесіндегідей жұрт ойдан-қырдан ағылған жердің құт-берекесі қашанда мол болады! Бүгінде «Мәңгілік Еліміз» дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды мұрат етіп отыр. Бұл санатқа ілігудегі көп жолдың бірі – танымалдылық болса керек. Олай болса, ауқымды жобаларда бақ сынап, алқалы жұрт-айдай әлемнің алдында дәл осындай ірі ісімізбен таныла бергеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»