Жатын орындарды броньдау жалғасуда
Жоғарыдағы бес миллион адамды жайғастыру үшін 164 қонақ үй, 350 пәтер әзір тұр екен. Енді 23 нысан ашылады. Астана әкімдігінің есебінше, қонақтар мен туристерді орналастыруға 35-40 мың төсек-орын дайын болса, 16 мыңы қонақ үйлер мен хостелдерде. ЖОО жатақханаларында – 9 мың, жалға берілетін тұрғын үйлерде 18 мың орын бар. Астана Конвеншн бюросында аймақтар мен шет елдерден келетін қонақтарды орналастыру бойынша броньдау бөлімдері жұмыс істейді. Елорда әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, қазірге дейін 4190 қонақ үй мен жатақхана брондалған. Төтенше жағдай департаментіне, ҰҚК шекара қызметіне, ІІМ академиясының курсанттарына, еріктілерге, көрмеге қатысушы мемлекеттердің ұлттық және аймақтардың мәдени күндерін ұйымдастырушыларға арналмақ. «Кинг отель» қонақ үйінен 500 орын ІІМ қызметкерлеріне бөлінген. Арнайы ашылған «Recommended by EXPO-2017» сайты арқылы астаналық кәсіпкерлер көрмеге келген қонақтарға қызмет көрсете алады. Бірақ мұнда қызмет көрсету сапасы жоғары кәсіпорындар ғана таңдалады және олар көрмені өткізуде әріптес-серіктес те бола алады. Дәл қазір «Recommended by EXPO-2017» әріптестік бағдарламасына 136 нысан кірген. Олардың қатарында 35-55 қонақ үй мен қоғамдық тамақтандыру орындары, 10 қызмет көрсету мекемесі, 4 көлік компаниясы, 7 хостел және 24 апартамент бар. «Бағдарлама бойынша персоналдың біліктілігі, ағылшын тілін білуі және туристер үшін мәзірдің қолжетімділігі талап етіледі. Қызмет көрсету барысында қандай да бір кемшіліктер болса оны жоюдың жолдары жөніндегі ұсыныстарды да қабылдауға әзірміз. Бұған осы саладағы барлық ұйымдарды белсене қатысуға шақырамын», дейді қала басшысы.«Астана Такси» бағдарламасының артықшылығы бар
ЭКСПО қонақтары көрмемен бірге, қаланы аралап, түрлі шараларға қатысуы керек. Бұл орайда, негізгі салмақ көлік жүйесіне түседі. Сондықтан, қоғамдық және арнаулы қызметтік көліктер мен такси қызметін дұрыс ұйымдастыру маңызды. «Bus Lane» қосымша бөлінген қозғалыс жолақтары есебінен жылдам жүру қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, арнайы тіркелген такси көліктерінің жүруі заңнамамен реттелмек. Астана қаласы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің мәліметінше, көрме қонақтарын таситын автобустар саны мамыр айынан бастап көбейеді. «Күн сайын 83 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін жеті жаңа «Shuttle Bus» маршруты ашылады. Сонымен қатар, ЭКСПО аумағынан өтетін қолданыстағы 11 бағыттың күнделікті тасымалын күшейту арқылы уақыт аралығын 5-7 минутқа төмендету қарастырылған», дейді ол. ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық аясында «Астана Такси» жаңа бағдарламасы іске қосылады екен. Бұл шара бойынша шағын және орта бизнес өкілдеріне отандық көлік өндірушілерден жеңілдетілген пайызбен автомобиль сатып алу қарастырылған.Азық-түлік көрші елдерден де ағылады
Көрме кезінде тұрғындар мен қонақтарды азық-түлікпен қамтамасыз ететін кешенді шаралар да қолға алынбақ. Қазіргі таңда Астана халқы күніне шамамен 1,5 мың тонна тағам өнімін тұтынады десек, ЭКСПО уақытында 160 000 тонна азық-түлік өнімі тұтынылады деп болжануда. Елордадағы «Sapa logistics», «Астық логистик», «Continental Logistics» және «Мир Круп» секілді ірі кәсіпорындарда азық-түлік сақтау орындары 42 мың шаршы метрге дейін жетеді. Бұған қоса, басқа кәсіпорындардағы қоймалардың 42500 тоннаға дейін өнім сақтау мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ардақ Досановтың айтуынша, қазір сауда-логистикалық операциялардың бірыңғай жұмыс регламентін пысықтау көзделуде. Ірі және орта сауда желілеріне ӘКК және Өңірлерді қаржыландыру бағдарламасы аясында күріш, қант, қарақұмық секілді тауарларды сатып алуға несие беру қолға алынды. «ЭКСПО кезінде оңтүстік өңірлерден, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне азық-түлік тауарларын үздіксіз жеткізу бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ауылшаруашылық жәрмеңкесіне мамандандырылған сауда алаңдары құрылады. Онда шаралар ұйымдастыруға өтінім бірыңғай электронды портал арқылы жүреді», дейді А.Досанов. Жалпы, Астана қаласында 156 мейрамхана, 460 кафе, 27 асхана және 7 көпшілік тамақтану орны бар. Бұлар бір мезетте 165 мың адамды қамти алады.Отбасылық демалыстарға көңіл бөлінеді
Көрме кезінде мәдени шаралар қалай өрбиді? Қала әкімдігінің мәліметінше, кешенді мәдени бағдарламада қазақстандық, шетелдік шығармашылық ұжымдардың және талантты жастардың қатысуымен 7 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу қарастырылған. Үш ай бойы қызықты әрі әдеттен тыс кештер ұйымдастырылмақ. Бас қаладағы театрлар мен саябақтар штаттық режімде жұмыс істейді. Астаналықтар мен қонақтар Есіл өзенінде күн сайын лазерлік шоуды тамашалайды. Бұған ресейлік субұрқақтар циркі арнайы шақырылған. Тағы айта кетерлігі, отбасылық демалыстар өткізуге екпін беріледі. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетін уақытта мәдени, ойын-сауық шараларын өткізуге «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ, Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігі жауапты болып бекітілгенін айта кетпекпіз. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»