14 Қыркүйек, 2011

Махаббатсыз дүние бос

873 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Хакім Абайды тебірендірген махаббат адам қасиетінің асыл шыңы десек, қа­зақ­тың бас ақыны бұл арада ет пен терінің ара­сын­дағы әсіре қызығушылықты емес, ардың ісі болатын адал махаббатты айтып отырса керек. Ал осындай мәңгілік махаббаттан ғана өмірдің мәні кіретініне Қуан­дыр мен Құралай Бәйменовтердің тағдыры дәлел. Әңгіменің әлқиссасынан бастайтын бол­сақ, олар о бастан бірі үшін бірі жара­­тыл­ған­дай көрінеді де тұрады маған. Қуандыр Қобда ауылынды туып-өсіп, еңбек жолын сол кездегі аудандық «сельхозтехникада» жас маман бо­лып бастап, МАИ-ға ауысып, оның бас­шы­лы­ғына көтерілген кезі-тұғын. Көршілес Орын­бор облысында тұрған Құ­ралайдың ата-анасы осы Қобда ауылына қоныс ау­­­дарған-ды. Бір сөзбен айтқанда, екеуі көрші тұрды. Әнде ай­ты­латындай, «көршінің қызы керемет еді». Еліктің ла­ғын­дай әдемі де сүйкімді қыздан ау­ыл­дың жі­гіттерінің небір сен тұр, мен атайындары үмітті бола­тын. Орыс жерінде өсіп, шетте жү­ріп, намысын жібермеуге дағ­ды­­лан­­­ған, тал бойында бір міні жоқ ару қыз талайының тауын қайтарған. Бірақ, көр­шінің ұлы ғана үйдің іргесінен әрлі-берлі өткенде көз қи­ығын да салмайтын сияқты. Таби­ғатынан өжет Құра­лайға бұл ұнай қой­мады. Бір күні көршінің ауласындағы құ­дық­тан су алуды сылтауратып жетіп бар­масы бар ма. Құдықтың құлағын басуға әлі келмеген ол аулада жүрген Қу­андырға кө­мектесіп жіберуін сұрады. Сөйтіп, таныс­тық басталып кетті. Ал­ғашқыда бас­тауыш сыныптың мұғалімі бол­ған Құралай ау­дандық пионерлер үйіне қыз­метке ауысып, көп кешікпей оның дирек­тор­лығының тізгінін қолына алды. Құралай мен Қуан­дыр­дың осы таныстығы достыққа, дос­ты­ғы шы­найы ма­хаб­батқа ұласты. Кіндіктен жал­­­ғыз Қуан­дырдың анасы Айман ша­ңы­рақ­қа алтын асықтай Құралай келін болып түс­кенде, жаны қалмады, жалғызына осындай қыз­ды жолық­тырған тағ­дырға мың тәубе айт­ты. Өмірге Дания мен Арман келгенде қарт ананың төбесі көкке жетті. Айман әже оларды бауырына ба­сып, бағып-қақты. Жас жұбай­лар­дың өз кәсіп­те­рімен ай­на­лысу­ла­рына жағдай жасады. Көпшілік шараларды ұйымдастыруға кел­генде жанып кететін Құралай басшы­­лардың назарына ілігіп, абырой биігіне көтеріле бас­тады. Адалдығымен әріптес­те­рі арасында беделге ие болған Қуандыр да қатарының алды болды. Жергілікті би­ліктің тізеге салуымен заңсыз жұмыстан шыға­рылып қалғанда да Құралай құрақ ұшып жүгірді. «Аққа құдай жақ» деген емес пе, артынан бәрі орнына келді. Алайда енді істе береке болмайтынын тү­сін­ген жас жұ­байлар көп ойланбастан өнер­кәсібі дамып келе жатқан Октябрь (қазіргі Мұ­ғалжар) ауданының орталығы – Қан­ды­ағаш қала­сына қоныс аударды. Қуандырға ау­дандық ішкі істер бөлімі күзет қыз­ме­тіне бас­шы­лық жасау ұсынылды. Құра­лайдың ұйым­дастырушылық қабілетін, іскерлігін, қандай ор­таны да үйіріп әкететін қасиетін аңғарған аудан басшылары ау­дан­дық мә­дениет үйі­нің директорлығы қыз­метін сеніп тапсы­рады. Бұл жұмысты да ұршықша үйіріп әкеткен жас келіншек жұмыстың қызығына енді қаныға бас­та­ған кез еді ол. Әттең, сол бір қайғылы оқиға болмағанда Құралай Базарбайқызы қанша ша­руаның басын қай­ырар еді деп ойлайсың қазір. Қара алтынды өңірге КСРО Мұнай және газ министрі келетін болып, соларға мәдени қызмет көрсетуге жолға шыққан Құралай мінген «УАЗ» автокөлігі аудан орталығынан шық­­­пай жатып биіктігі 8 метр көпірден ауда­­­рылып кетеді. – Маған Құралайдың жол апатына ұшы­рағанын МАИ-дың жігіттері хабарлады. Тө­бем­­нен жай түскендей болды. Жол апа­ты­на ұшыраған Құралайды бастапқыда ау­дандық ауруханаға жеткізгенмен, мұндағы­лар­дың кү­­ші жетпейтіні белгілі болғандықтан, облыс ор­талығындағы ауру­ханаға тікұшақпен әкел­­­ді. Атам Базарбай екеуміз көз ілместен үш күн бойы есінен танып жатқан Құралайдың қасында бол­дық. Басынан қатты жарақат ал­ған екен. Сынған екі қабырғаны дәрігерлер алып тастады, бұғана мен сол тізесі, ең жаманы, омыртқа сынған. Осылардың бәріне ота жасауға шыдау үшін қанша жігер керек десеңші. Ал, Құралай шыдады. Есін жиған бойда айна мен ерін далабын әперші дегені бар емес пе. Мен оның қайратты, өзіне өзі сенімділігін білгенмен, мұнысын алғаш­қы­да түсінбей қалдым, сөйтсем, қанша жан азабын тартып жатса да ешкімге қинал­ға­нын білдірмегендегісі екен, –дейді Қуандыр сол бір жанын жүдеткен сәттерді еске алып. Аурухана төсегіне төрт ай та­­­ңыл­­­ған Құ­ра­лайды Қуандыр үйге көтеріп алып келді. Күні кеше ғана өз ая­ғымен жүрген келіншегін осылай сал болып қалады деп ой­лап па. Әрине, дәрігерлер енді аяғынан баса алмай­­­ды, керек десең мүлдем жатып та қалуы мүм­кін деп әлденеше ескерткен. Тіпті ер адамға масыл боп, сал болып жатқан әйелден не үміт деп түңілдіргендері де жоқ емес. Қуандыр болса соның бәріне көңілі сенбеді, құлдыраң қаққан Құралайы ертең аяғына мініп кететіндей болды да тұрды. Сал болып қалған әйелдерін 90 пай­ыздан астам еркек тастап кетеді деген дәрі­герге «сіз не айтып тұрсыз. Бұл менің сүйіп қосылған өмірлік жарым, оны былай қой­ғанда көгенкөз бүлдіршіндерімнің анасы емес пе» деп қайтарып тастады. Бар­­­лық үй ша­руасын мойнына алды, қызметін де тастаған жоқ. Бұл жолда аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Александр Шведко сияқты асыл азаматтар қол ұшын созды. Төсекке таңылған келіншегіне, балала­рына қарауға жағдай жасады. «Басқа түссе бас­пақшыл» дегендей, тамақ пісіру, кір жуу дегенді әп-сәтте үйреніп алды. Құралайдың күтіміне де уақыт тапты. Қояр да қоймай жүріп қоларба тауып әкелді. Құралайдың кө­ңі­ліне келіп қала ма деп оған әуелі өзі оты­рып, қалай басқару керектігін де үйретті. Он­ың ендігі бар арманы қайткенде де жан жа­рын қатарға қосу болды. Германияға апа­­­рып емдетуге талаптанып еді, қаржы таптырмады, мұнай­шылардың өзі иіле қоймады. Содан Қара­ған­дыдағы сауықтыру орталығына апар­­­ды, емдеген уақытта өзі қасында болып, ас-суын дайындап, күтіміне қарады. Мұн­да­ғы­лар Құралайдың қасы мен қабағына қараудан талмайтын Қуандырға риза бол­ды. Қуандыр бұдан кейін талай жерге апар­ды арқалап, алайда нәтиже болмады. Бірақ, жансерігінің мен енді қоларбаға таңылып қалдым деп еңсесі түскен емес. Қайта жігерленіп, сен барда, балалар барда мен ба­қыт­сыз емеспін деп өмірге құштарлық танытты. – Мен жол апатына ұшырағанда құ­дай­дан іштей тек аман қалсам екен деп тілеп жат­тым. Ал жарақаттарым жанымды қанша­лық­ты сыз­дат­са да шыдауым керек деген мақсат қойдым алдыма. Ауруымды елемес үшін палатада ән салатынмын, қанша ау­ырса да ешқандай емнен бас тартпадым. Ең бастысы мен қандай жағдайда да Қуан­дырдың қасымнан табыла­ты­нына құдайдай сендім. Имандай шыным, мені тастап кетеді-ау деген ой ешқашан қы­лаң берген емес. Мен оның махаббатына, адал­дығына, азаматтығына кәміл сенімді бол­дым, – дейді Құралай Базарбайқызы. – Ой несін айтасың, құдайға шүкіршілік қой. Ол кезде есеңгіреп қалдық емес пе. Жалғыз ұлдың жан жары мұндай күйге ұшырайды деп кім ойлаған. Тек жаны аман қалса деген тілеумен отырдық. Құдай тілекті берді. Құралай келінім емес қызымдай ғой, осы шаңыраққа түскелі бірге 35 жылда бір артық сөзін естімедім. Жаны жайсаң, мейірімді бала. Апалы-сіңілідей сырла­са­ты­­­нымыз да бар, – деп сөзге араласты се­ксеннің сең­гі­рі­нен асқан Айман кейуана. Ерлі-зай­ыпты­лар­дың арасындағы махаббат­тың сәулесі ене мен келін арасында шұ­ғы­ла­лы шуаққа айналғаны қандай жарасымды. Өмірге құштар Құралай төрт қабырғаға қарап жата беруге арланды, қайраттанды. Жол­дасының алақанына салып аялағаны, өзі­нің өмірге іңкәрлігі оны ты­ныш жатқызбады, қо­ғамдық жұ­мыс­тар­­ға араласуға итермеледі. Қан­ды­­­ағашта тұр­ған­да талай ша­руа­­­ның басын қай­тарды. Жер­гілікті теледидардан хабар да жүргізді. Қу­андыр болса ке­ліншегінің боркемік жан емес екеніне риза болды. Бәйменовтер 1997 жылы Ақ­­­тө­бе қаласына қоныс аударды. Келе өзі сияқты бақытсыздыққа ұшы­ра­­ғандардың мәселесімен айна­лы­са бастады. Екі жылдан кейін «Ақтөбе қаласы сал ау­руларына шалдыққан азаматтар қоғамы­ның» тұсауын кесті. Құ­ралай Бәйме­­но­­­­ва қоғамның мүм­кіндігі шектеулі жандардың проблемасына енжар­лығын жо­ю­ға күш салды. Әрине, бұл жолда бәрі оп-оңай бола қой­­ған жоқ. Жолдасы Қуандыр жеке көлігімен ана мекеме, мына ше­неу­нікке көтеріп апарып, қасы­нан табылды. Сөйтіп, қозғаусыз жат­қан мүгедектер мәселесінің талай жылдан бері сірескен сеңі сөгіле бастады. Мүмкіндігі шектеулі жан­­­­дардың алғашқы бас қосуын ұй­ымдастыру, «Қол арбадағы арулар» бай­қауын, мүгедек балалар арасында «Синяя птица» шығар­ма­шылық фестивалін өткізу, мүм­кіндігі шектеулі жандардың волейболмен шұғылдануына жағдай туғызу және басқа акциялар Құралай Бәйменованың бас­тамасымен дүниеге келді. Ақтөбе қа­ласында мүмкіндігі шектеулі жан­дар­ға ар­налған бір көп қабатты тұрғын үй пай­­далануға берілді, оларды ба­ра­тын жеріне жеткізу үшін арнайы жабдықтал­ған көп ор­ындық жеңіл такси бөлінді. Соңғы са­лынған нысандар мүгедектердің кіріп-шы­ғуына ың­ғай­лы пантуспен жабдықталды. Осы­ның бәрі­не Құралай Бәйменова өзі ұй­ытқы болды. Рас, облыс әкімі Елеусін Са­ғын­дықов оның ұсы­ныс­тарын ұдайы назарда ұс­тап, қолдап отыр­ды. Өңір басшысы әрқашан мүгедектердің проблемасына оң қарап, қам­қорлығын аяған емес. «Ақтөбе қаласындағы сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қор­ғау» қоғамдық ұйымының төрайымы Құралай Бәйменова қарақан басының қамынан гөрі қамқорлықты қажет ететін қаріп жандарға жаны ашиды.Оның араласуымен қаншама адамның тұр­мыс­тық мәселелері шешілді. Бұл арбаға та­ңылса да арманын жоғалтпаған келіншектің атқарған шаруаларының толық емес тізімі ғана. Құралай жасаған жұмыс­тар­ды он екі мүшесі түгел атпал азамат та жүзеге асыра алмас еді. Кейде осындай қуат, осындай құштарлық тал бойына қалай сыйып тұр деп таңданасың. Қазір Құралай инабатты келін, бақытты ана ғана емес, немере сүйіп отырған әже де. Ол осындай бақытқа қолы жеткені жолдасы Қуандырдың арқасы екенін айтудан жа­лыққан емес. Қасы мен қабағына қарайтын Қуан­ды­ры барда артына алаңдамайды. Оның үстіне қызы Дания да, ұлы Арман да өз жолын тапты. Соған шүкіршілік етеді.Ең­бегі еленіп «Құрмет» орденімен марапат­тал­ды, Елбасы­ның Алғыс хатына ие болды. Облыс әкімі ол басқаратын ұйымға «Волга» көлігін сыйға тартты. Өзі болса қазір Ақтөбедегі белсенді де белгілі адамдардың бірі ретінде жұр­тшы­лыққа танымал. Жазушы Әзілхан Нұршайықов соңғы берген сұхбаттарының бірінде «Махаббат – ақыл­­дың, ойдың, сезімнің, ең бастысы – се­нім­нің тұтас бірлігі» деген екен. Мен Бәй­ме­новтер отбасын махаббаттың шуағы жы­лытып тұр­ғандай сезіндім. Құралай деп құ­рақ ұшқан Қуандырды, енесіне еркелеген ке­лінді, келінін қызындай құрметтеген енені, анасын мә­пе­­ле­ген балаларын көріп бұ­лай ойламасқа ша­раң жоқ. Қандай тақсырет тартсаң да, қан­дай азап­ты арқаласаң да махаббаттың қуаты соның бәрін же­ңіл­де­тетініне кәміл сендім. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.