16 Қыркүйек, 2011

Түркілердің, өр Алтай, төркіні едің

679 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Дүниеден ерте кеткен дарынды жазушы, қаламдас бауырым Оралхан Бөкеевтің рухына _______   Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.   ЖОЛДА Алтайдың таулары қандай кие жерімдей, Шың, тасын, қалың орманын сүйем елімдей. Ақ бұлттар жусайды аунап жоталарында қос өркеш Маңғыстау жақтың түйелеріндей.   Жоталар жатыр жамбастап қатар жағалай, жол қиын, табиғат мұнда қатал ма, қалай... Қос таудың арасыменен келеміз ұшып титімдей тікұшақпенен Катонға қарай.   Бұл жақты ән-жырға қосқан талай жолдасым, адамы-биік, тауларды жанай туғасын. Ғасырлар дақ сала алмаған мынау өлкеде алыптар Оралхан сынды қалай тумасын!   Талайдың «Кербұғыны» оқып аңсаған елі, мұнда ешкім күтіп алмайды жар сала мені. Керіліп Кербұғылардай кербез қылықпен Оралхан тірі болса егер қарсы алар еді.   Катонда жанымен құштар әркім өлеңге, өлмейді ұлтымның рухы салты бар елде! Бұл жерде туады әлі талай ұл-қыздар жаятын қазақ елінің даңқын әлемге!   КАТОН Шығыстың саф ауасы, дәрі-балы сақтап жүр адамдардың жанын әлі. Қалың жұрт Алматыдан, Астанадан жаз бойы Шығыс жаққа ағылады.   Бұл жақта адам ұзақ жасайды анық, осы-ау деп жұмақ деген масайрадық. Күндіз-түн келіп жатқан қонақтардан Бердібек* жүрген шығар басы айналып.   Шығысқа неге халық шұбырады, таңсық па әлде марал, бұғылары? Маралдың қаны қуат береді дейді, ашқан жоқ ешкім бірақ сырын әлі.   Жазғы шар шыжғырғанда жанып-ысып, құлайды таудан бұлақ, қар ығысып! Еркектер қуаттанады деседі жұрт маралдың мүйізінен қанын ішіп.   Ел айтады: «Тауда түнеп, мұз жайладық, маралды үйір-үйір құзға айдадық. Қан ішсе шалдың бәрі жігіт болып, кетеді кемпір біткен қызға айналып!»   Ал, рас, мұнда әйелдің сылқым бәрі, шынында марал қаны-мүмкін дәрі? Ел бекер айтпайды ғой, рас шығар, шалдардың тегін емес қутыңдауы.   Шыңғыстай... Қалай кетем оған қонбай, Киелі мекен керек маған да ондай. Емдейтін сезімімен жүдегенді Катонның кәрі-жасы аман болғай! ____________________ *Бердібек Сапарбаев – Шығыс Қазақстан облысының әкімі   «БАЯН»   «Шығысқа барам» деген үнім жетіп, жар салып әкімдерді дірілдетіп, «Катонға Фариза апам келеді» деп Дариға* жүрген шығар дүбірлетіп.   «Баянның» ең таңдаулы бөлмесіне қол жетсе, бүгін бізге сол несібе. Жазира*: «Саған ұйқы бермеспін» деп, бөлініп қашты менен ол несіне?   Қонақ үй «Баян» деген, емі қандай, көгорай, сыңғыр бұлақ-жері қандай! Саумал ма, сары қымыз, бестісі ме – бас қойып қылғытасың тегі қанбай.   Дос болу – адамзатқа қашан да сын, достарым қалмаса екен тасамда шын. Жазира қан құйылған суға түсіп, шал іздеп кетпегей тек жасарғасын.   Ол өзі, мен ауырсам, шошыр керім, мен күлсем, алады ол да сосын демін. Кетсе де шалға тиіп қайтем енді – әйтеуір аман болсын досым менің! __________________ *Дариға – Катондағы «Баян» шипажайының директоры *Жазира – Өскеменнен шыққан белгілі қайраткер, ақынның досы   ШЫҢҒЫСТАЙ Шыңғыстайдың келбетін көктемдегі көрсем деуші ем, армандап көптен бері. Құшағына ап Алтайдың от шеңбері жабырқаған көңілім көкке өрледі. Жылу беріп жаныма Мұзтау жақтан жүгіріп кеп бетімнен өпкен желі. Осы екен ғой Шыңғыстай – Оралханның орман кезіп, ой кешіп өскен жері. Дос-құрбысы бар ма екен – мен білмеймін, әлде таппай өтті ме дос пендені... Ардақтай ма бүгінгі ел Оралханын, келгенім жоқ мен мұны тексергелі. Асылдарды аяққа басуға әзір от қолқалы ғасырдың шоқ шеңгелі, Қазы, жалды ысырып бүгінгінің жейтініндей тамсанып шөп-шөңгені. Кербұғыны, о ғажап, қара мына! Біреуді іздеп тауға өрлеп барады ма... Жалт бұрылды, кілт тоқтап, маған қарай көзін салып мұң тұнған қабағыма. ...Жас іркіліп оның да жанарына.   ҒАШЫҚТЫҚ Шыңғыстай жері – алтын бақ – көзіңді салшы көк белге! Шыңында сұңқар саңқылдап, Марал ойнаған бөктерде.   Тарихын елдің, мұратын аңыз ғып айтады білгендер. Ғашық боп, жанып ұлы ақын Сұлтанмахмұт жүрген жер. Ғашықтық – әлем аспанын қайғы мен бақыт торлаған. Қасірет жұтып, басқаны сүйе алмай өтсең, сол жаман.   Бағила қыздың көркі – өлең, ерек-ті ақыл, өнері. Ақынның жанын өртеген аймаңдай сұлу сол еді.   Сұлу да талай күйінген, түндерде жасын сығатын. Сол қызды ессіз сүюмен армандап өтті ұлы ақын.   Талай жан өлген өртінен, Тағдырдың жолы сан қилы. Шыңғыстай жері көркімен сүюге ғана баулиды.   ТАЛПЫНЫС Перзенті ем шет-шегі жоқ сары даланың, тау дейтін төбенің де жарқабағын, «Адамдар тауда өспеген тау киесін ұқпайды», - десе біреу шамданамын. Мен, рас, көрмей өстім алма бағын, тау-тасқа өлең-жыр да арнамадым. Алтайдың тыр жалаңаш шың-құзына шалқалап қараймын да таңданамын.   Көрсең ғой таулы өлкенің таңғы алабын! Бұл елді сүймеуге енді бар ма амалым, Алтайды көрмегенге Оралханның әр сөзі – үлгісі ғой жарнаманың.   «Баянда» саумал ішіп, жал жамадым, тамсана аюға ұқсап бал жаладым. Самырсын, балқарағай өскен сонау биікке жетсем-ау деп қарманамын.   Көрем де самғап ұшқан қаршығаны, Алтайдың қолдар деймін әр шынары. Ұмтылам, бірақ жетем деген сайын шыңдары көк күмбезге шаншылады.   ҚОШТАСУ Қош енді, Қаратайдың асқақ елі, Жасқанбай жан бітірген тасқа демі. Биікке сұқтандырып шақыратын самырсын, балқарағай, жас терегі. Аман бол, қыран мекен – Бүркіт шыңы, Қатынсу, Бұқтырмадай басты өзені, «Баянда» өткен күндер есте мәңгі – мөлдір су, жұпар ауа – жақсы еді емі. Шығыста туғанымдай бауыр басқан ұл-қызды қимай көзім жас төгеді. Жаныма қуат берген осынау ел кенелтті іні-сіңлі, досқа мені. Болғанмен өңім асқақ, көңіл жүдеу – мендейлер мейірімге аш келеді. Өзге жұрт мақтанса да, асқар Алтай, әлемнің сендей болмас басқа жері. Болғасын көңілің ақ, ісің жарқын, киесін кездесудің түсінді әркім. Қоштасу керек шығар қимастармен сағынып қайта оралу үшін бәлкім...   САҒЫНЫШ Көңілім – жүдеу, сөзім – мұң, сөнгендей менде көп үміт. Қарашығынан көзімнің тамшылар жатыр төгіліп.   Сағыныш толы сезімнен жаншылып бітті-ау жүрегім. Шаттанып күлген кезім кем – қалай табамын бір емін?   Сағыныш мені жылатып (түсінер бірақ мұны кім... ). Сол сезім жанды жұбатып, жалғасып жатыр ғұмырым.   Сүю – адамның бағы ма – сағынып күнде көз ілем. Аңсаудан дертті жаныңа сағынғаныңның өзі де ем.   Өткізсең бақыт кеш, түнді ойлаумен аңсап ол жайлы. Селт етпей жүрек, ешкімді сағына алмасаң, сол қайғы.   АҒА Телефон шыр-шыр етті. Тұра қалдым. - Кім екен, Фариза ма? / Мына жанның батылы-ай, бұл кім өзі?/ - Иә, мен ем... - Шығыстан, Бошай* деген бір ағаңмын.   Жансың ғой бүкіл жұртқа еңбегі үлгі, естіп ем Катон жаққа келгеніңді. Жете алмай Өскеменнен мен отырмын, әйтпесе көрсетер ем ел-жерімді.   Өскенмін өмірімді жеке билеп, жазып ең – сол өлеңің көкейімде ед: «Жүйрік бер маған, аға, жорғаңды қой – бір зулап не де болса өтейін!» - деп.   Өзіңе жарасады-ақ еркелігің, жасыңнан ақтап жүрсің ел сенімін. Ат мінбей аттаныпсың, өкінішті, қайтейін, қалқам, қолдың келтелігін...   - Жоқ, аға, мән бермеңіз бұған дара, бұл күнде жоқ қой елде Бұлаңқара. Келгем жоқ ат мінуге, өзімнің де зауқым жоқ сыйлық, қылаң-сылаңға да.   ...Талайлар сөнді өмірден жанбай жатып, Мәңгілік тұратындай алдайды уақыт. Алыстан қамқоршың боп сені ойлайтын, болғаны ағалардың қандай бақыт! ________________ *Бошай Кітапбаев – белгілі қоғам қайраткері   МҰЗТАУ Япыр-ай, бұл атауды кім тандаған, таңданар естігенде мың сан ғалам. Шаншылып тұрған таудың тұла бойын жарқырап көкпеңбек мұз құрсаулаған.   Жолы жоқ бастайтұғын жосып алға, сұсынан адам түгілі шошыр аң да. Рухы ұлылардың мекендеген киелі Шамбала да осы маңда.   Мұзтаудың іші толған кен бе, жел ме, ал, оны түсінбейміз сен де, мен де. Өзінің сұңғақ бойын көрсетпейді ол біздердей күнәсі көп пенделерге.   Бәрібір оған қыс па, жаз айы ма – мұз құрсау денесі де, самайы да. Тайғақ шың Әлібекке* құшақ жайып, өзгені жолатпайды маңайына.   Мұзтаудан тарайтындай бар жақсылық, жасқанып етегінде алғаш тұрып қарадым дір-дір етіп, осынау шың тұр-ау деп жер мен көкті жалғастырып.   Аңыздың Мұзтау жайлы шет жағасын естігем, қатады әлі текке басым. Көргенде осы шыңды жұмақ жаққа апарар баспалдақ па деп қаласың. ___________ *Әлібек Асқаров – жазушы.   МАРҚАКӨЛ Атын естіп, көрмей-ақ толқып едім, көңілімді жаулады көркі менің. Марқакөлді көрсем деп армандаушы ем, орындалып тұр бүгін сол тілегім.   Мұхит сынды Марқакөл Алтайдағы, жамалынан әлі күн әр таймады. Маған қызық көкмайса жағасында тыныс алып таулардың жантайғаны.   Сәуле түссе, жүзінің өзі Күндей, суы мөлдір жастықтың сезіміндей. Келіншектей қырдағы көркі, бірақ сұлулығын жүретін өзі білмей.   Көкорайда шық тұнар, шаң шашылмай, сүйеді ағын жағаның жартасын жай. Тау қоршаған Марқакөл түркілердің сұлулары тағатын алқасындай.   Күн туады Алтайдан шашып нұрын, сонда менен кетеді жасық мұңым. Түркілердің, өр Алтай, төркіні едің, содан шығар өзіңе ғашықтығым.