05 Желтоқсан, 2016

Әуе апатына ұшыраған футбол командалары

437 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
  28 қарашада әуе апатына ұшырған Бразилияның «Шапекоэнсе» футбол клубына Оңтүстік Америка кубогі берілді. Ол Колумбияның Медельин қаласында осы кубоктің финалдық кездесуіне бара жатқан еді. Ұшақ жанармайдың таусылуынан әуежайға жетпей құлады. Бортта 72 жолаушы және 9 экипаж мүшесі болған. Олардың бесеуі тірі қалды. Бразилиялықтар Оңтүстік Америка кубогының финалында колумбиялық «Атлетико Насьонал» командасымен кездесуі тиіс болатын. Қайғылы оқиғадан кейін колумбиялықтар бұл кубоктан бас тартқандықтан, CONMEBOL (Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы) «Шапекоэнсе» командасын жеңімпаз деп таныды. Мұнымен қоса, 2 млн доллар сыйақы берілді. Le Parisien басылымы ақпаратына сәйкес Францияның «Пари Сен Жермен» командасы бразилиялық клубқа 42 млн еуро аудармақ. Сонымен қатар, Испанияның «Барселона» мен «Реал» арасындағы кездесуден түскен қаржыны көмек ретінде аударатыны туралы жарияланды. Айта кетейік, бұл матчтағы билеттің орташа бағасы 659 доллар тұрады. Ал стадионның сыйымдылығы – 99 354 орын. Апаттан аман қалған футболшылар жөнінде мынандай көңіл жұбатарлық хабар бар: қорғаушы Хелио Сампьеро Нетоның жарақаты ауыр емес, тіпті жақында алаңға қайта оралуы мүмкін. Ауыр жарақат алған Алан Русшел алғашында жұлынына зақым келгендіктен сал ауруына ұшырап, мүгедек арбасына таңылады деген ақпарат тараған. Бірақ дәрігерлер оның жақын арада қайта орнынан тұратынын мәлімдеді. Ал қақпашы Жаксон Фолманның оң аяғынан айрылғанмен, сол аяғының қимылға келгені де көңілге қуаныш ұялатты. Футболшылар мінген ұшақтың апатқа ұшырауы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан тіркеле бастапты. Біз сол апаттарға шолу жасамақпыз.

«Торино», 1949

torino Өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы Италияның азулы командаларының бірі болатын. Әсіресе, ішкі чемпионатта үш жыл қатарынан алдына қара салмай тұрғандықтан (1946, 1947, 1948 ж) «Ториноның» атағы дүркіреп-ақ еді. Қайғылы жағдай орын алғанға дейін А Сериясында көш бастап, жақын қарсыласынан төрт ұпай алда келе жатқан. Туриндіктердің 18 футболшысы, клубтың басшылары, бірнеше журналист, яғни бортында жалпы саны 31 адам бар Fiat G.212CP ұшағы 1949 жылдың 4 мамырында апатқа ұшырап, әлемді дүр сілкіндірді. Оқиға былай болған: «Фиат G-212CP» ұшағы алғашында Лиссабоннан Миланға ұшып келуі керек еді. Алайда, экипаж уақыт оздырмай тікелей Турин қаласына бағыт алуды жөн көреді. Бұл уақытта күн райы бұзылып, қаланы соқыр тұман басып тұрған. Соның салдарынан шамамен 17:04 шамасында пилот бағытынан адасып, Суперга шіркеуінің қоршауына соғылады. Борттағылардың бәрі қаза тапты. «Ториноның» тірі қалған жалғыз ойыншысы – Лауро Том және клуб президенті – Ферруччо Ново. Бірі денсаулығына, екіншісі жарақатына байланыста жолға шықпай қалған. Өкінішке қарай, Еуропаның мықты аяқдопшыларын жинап, команданы қайта жасақтаған Ферруччо Новоның әрекеті нәтиже бермеді. Ақша да, атақты ойыншылар да бақилық болған «Ториноны» қайта тірілте алмады.  

«Манчестер Юнайтед», 1958

mu Мюнхен қаласында 1958 жылы 6 ақпанда футболшылар, клуб мүшелері, және бірнеше жанкүйер мен тілші мінген BEA Elizabethan ұшағы апатқа ұшырады. Әйгілі жаттықтырушы Мэтт Басбидің құрметіне «Басбидің балақайлары» (Busby Babies) атанған команданың Еуропа чемпиондары кубогының ширек финалында жергілікті «Ред Стар» (қазіргі «Црвена Звезда») клубымен кездесуін жеңіспен аяқтап, Белград қаласынан қайтқан беті болатын. 6 ақпан күні ұшақ жанармай құю үшін алдымен Мюнхен қаласына тоқтайды. Ауа райы қолайсыз еді, бірақ Манчестерге тезірек оралу үшін оған аса мән берілмейді. Ұшақ екі мәрте көтерілуге талпыныс жасады. Ал  үшіншісі қайғылы жағдаймен аяқталады. Енді көтеріле берген әуе кемесі аэродромның қоршауын бұзып өтіп, алдымен үйшікке, артынша жанармай толы жүк көлігі тұрған ағаш ұшақжайға соғылады. Артынша алапат отқа оранды. Борттағы 40 адамның 23-і қаза тапты. Олардың 8-і команда футболшылары болатын.  

Дания ұлттық құрамасы, 1960

Апат 1960 жылы 16 шілде күні болды. Дания құрамасы футболдан Олимпиадаға дайындалу үшін Хеннинг қаласына бара жатқан еді. Эресун аймағында сағат 15:38 шамасында de Havilland Dragon Rapide ұшағы жағажайдан 50 метр қашықтықта құлап, борттағы адамдар түгелге жуық қаза тапты. Құдіреттің күшімен тірі қалған пилот аяғынан айрылып, мүгедек болды. Дания футбол одағы ұлттық құраманы алғашында Олимпиадаға қатысудан бас тартпақ болған. Артынан бұл ойдан бас тартты. Дат құрамасы ойындарда ақтық ойынға дейін жетті. Финалда Югославия ұжымына жол беріп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.  

«Грин Кросс», 1961

green-kross Чили чемпионатының оңтүстік аймағында өнер көрсететін бірінші дивизиондағы «Грин Кросс» командасы Осарио қаласынан қайтып бара жатып, 1961 жылы 3 сәуір күні Кодильера таулы аймағында апатқа ұшырады. Борттағы 24 ойыншының бәрі қаза тапты. Апатқа ауа райының қолайсыздығы себепті ұшақтың бағытынан адасуы себеп болған.  

«Стронгест», 1969

strongest Оқиға 1969 жылдың 26 қыркүйегінде Ла-Пас қаласына қайтар бетте Анд таулы аймағында болған. Ұшақ апатынан Боливия елінің танымал командаларының бірі «Стронгест» 19 ойыншысынан айырылды. Тергеу комиссиясы әлі күнге дейін апаттың нақты неден болғанын айтып бере алған жоқ. Тек өрт шығып, борт іші түтінге толған, пилоттар амалсыздан сол маңайға әуе кемесін қондыруға тырысқан деген жорамал бар. Апаттан барлығы 74 адам қаза болды.  

«Эйр Ликвид», 1970

Көпшілік біле бермейтін тағы бір жайт 1970 жылы 31 желтоқсан күні болды. Алжирдің «Эйр Ликвид» командасы Испания құрамасымен жолдастық кездесу өткізу үшін «қызыл фурия» еліне сапар шегіп бара жатып, апатқа ұшыраған. Салдарынан команда түгелдей мерт болды.  

«Пахтакор», 1979

pakhtakor Ташкенттік команда 1979 жылы 11 тамыз күні КСРО чемпионатының кезекті матчында Минск қаласына ұшып бара жатып апатқа ұшырады. 8400 метр биіктікте екі Ту-134 ұшағы бір-бірімен соқтығысты. Екі ұшақта барлығы 178 жолаушы болған. Барлығы қаза тапты. Оның ішінде «Пахтакордың» 17 футболшысы, жаттықтырушылары бар. Бұл оқиғадан кейін «Пахтакорға» өзге командалардан ерікті ойыншылар ауысып келіп команданы күшейтті. Ал футболдан КСРО чемпионатының басшылығы қандай нәтиже көрсетсе де өзбек клубы Жоғарғы лигадағы орнын сақтап қалатыны жөнінде шешім қабылдады.  

«Альянса Лима», 1987

fc Ішкі чемпионаттың кезекті матчынан қайтып бара жатқан Перу астанасы Лима қаласының командасы 1987 жылы 8 желтоқсан күні апата ұшырады. Ойыншылардан бөлек, клуб басшылығы, жанкүйерлер, барлығы 43 адам мінген ұшақ ел астанасынан 6 миль қашықтықтағы теңізге құлаған. Тірі қалғандар жоқ.  

Голландия футболшылары, 1989

holland 1989 жылы 7 маусымында Суринам елінің астанасына бағыт алған ұшақ қонар сәтте пилоттардың қателігінен апатқа ұшырайды. 25 метр биіктікте бара жатып, оң қанаты ағашты іліп кеткен. Барлығы 176 жолаушының 11-і ғана тірі қалды. Опат болғандар арасында Голландияның 23 ойыншысы бар. Ойыншылардың бәрі Суринам елінен шыққан голландиялықтар болатын. Олар тарихи отанына жергілікті үш командамен өтетін турнирге қатысу үшін бара жатқан. Бұл тізімде алғаш әйгілі Рууд Гуллит, Франк Райкаард, Арон Винтер, Брайан Рой сынды бірқатар футболшылар да болған. Алайда жаңа маусымға дайындалу үшін қалып қойыпты.  

Замбия ұлттық құрамасы, 1994

zambia Команда 1994 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Сенегал құрамасымен кездесу өткізу үшін 1993 жылы 27 сәуірде Дакарға бара жатқан. Апаттан Замбия құрамасының 18 ойыншысы, бас жаттықтырушысы, қызметкерлері, жалпы саны 30 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Габон астанасы Либревиль қаласына жарты шақырым қашықта болды. Тергеу тобының ресми мәлімдемесі бойынша, пилот ұшақты оталдырғанда қателік жасаған. Осы себепті әуе кемесі аспанға көтерілгенде сол жақ қозғалтқышы жанып кетіп, істен шыққан. Аян ӘБДУӘЛИ