06 Желтоқсан, 2016

Асығың алшы түссін, бала!

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Айтақыр асфальт бетіне қы­зыл бояумен боялған, бәлкім, көп ұста­л­ғандықтан әлде бояудың әсерінен жып-жылмағай, шеттері мүжілген қызыл асық шоршып түсті. – Алшы түсті! – деп айқайлады асықты иірген бала, қуаныштан өңі бал-бұл жанып. Үлкен қалада, асфальт бетінде асық ойнаған баланы тұңғыш көруім. Әлде бұрын көрдім бе екен. Әйтеуір, байқамаппын. Қым-қуыт қала тір­шілігінде, бар адамның санасы компьютерлендірілген заманда асық ойнаған біртүрлі тосын көрінеді екен. – Алшы түскен деген не? – деп сұрадым мен. Баяғыда, бала кездегі көкіректе жатталып қалған көне су­рет­терді тірілткім келіп. Соны да білмейсіз бе дегендей, асық ойнаған бала ұзақ таңырқап қарады. Содан соң асық жайын әңгімелеп кетті. – Біз «үш табан» ойнап жатырмыз. Ойын шарты бойынша Беріктің асығын мен сақаммен дәл тигізіп ұшырсам, асық тұрған жер мен асықтың түскен орнының арасына үш табан сыйса, асық менікі. Менің аяғым кішкентай ғой, аға. Ал Берік майтабан. Оның табандары пілдікіндей. Қанша ұшырса да, үш табаны сыймайды, – деп қуақылана күлді асықшы бала. Асфальт бетінде асық ойнаған балалармен жағаласып, асық ойнаудың ережесін үйренгім келіп кетті. Алшысы – асықты иіргенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі екен. Ең бірінші осыған мән беріледі, яғни бірінші орын. Асықты иіргенде шұңқырлау табаны жерге тисе, ол тәйке деп аталады екен. Дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатса, бүк түскені. Ол – үшінші орын. Шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, етпетінен жатық түссе, төртінші дәреже, ол шік түсті деп аталады екен. Айтақыр асфальт бетінде асық ойнаған екі баламен қосылып, бірге ойнағым келіп кеткені. Бұл да өзінше бір дене шынықтыру, балаларды шалт қимылға, тосын шешім қабылдауға машықтандыратын тиімділігі мол дүние. Әрі сонау бала кезден жадымызда жатталған ойынның тылсым сырына құштарлығымызды арттырған естелік тәрізді. Байқал БАЙӘДІЛОВ, журналист