22 Қыркүйек, 2011

Мемлекеттік қызмет – «ұлтқа қызмет» ұғымының синонимі болуы керек

1198 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Соңғы уақытта мемлекеттік қызмет жүйе­сінде оңды бастамалар көтеріліп, елең еткізерлік жаңалықтардың болып жатқаны рас. Осы орайда «Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?» деген сауал туындайды. Осы және басқа сұрақтарға жауап алмақ ниетте Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Қызыл­орда облысы бойынша басқарма бастығы, об­лыс­тық тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым ТҰРСЫНБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Ғалым Сұлтанұлы, мемлекеттік қыз­­­мет жүйесінде жүргізіліп жатқан әкім­шілік реформалардан қандай нәтиже күтесіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ... – ТМД елдерінің ішінде егеменді еліміз алдыңғы болып мемлекеттік қызмет туралы заң қабылдады. Мемлекеттік қызметшілерді «саяси» және «әкімшілік» топтарына бөлді, конкурстық жүйені және мемлекеттік қыз­меттің мансаптық (карьералық) жүйесін, біліктілік талаптарын енгізді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды... Бұл саладағы Қазақстанның жетістіктерін, біздің тәжірибемізді ТМД елдері мойындап, жүргізілген реформаларға шетелдік сарапшылар да жоғары баға берді. Республикамыз осы салада біршама жетістіктерге жеткенімен, осымен тоқтап қа­лу­ға болмайды. Себебі, жетістіктермен қатар, кемшіліктер де бар екені жасырын емес. Олардың негізгілеріне тоқталатын бол­­сақ, конкурстық жүйенің ашықтығы қам­та­масыз етілмеген, мемлекеттік қызметшілердің жұ­мысын бағалау мен еңбегін ынталандыру мәселелері толық шешілмеген, кадрлар тұ­рақтылығының қамтамасыз етілмеуі және осы сияқты басқа мәселелер. Сондықтан да, мемлекеттік қызметке қабылдау механизмін жетілдіру, қызметшілердің кәсібилігін арт­ты­ру, біліктілігін көтеру, еңбегін ынталан­ды­ру жолдары ары қарай қарастырылуы керек. Осы бағыттағы жүргізілген жұмыстар­дың нәтижесінде мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы Прези­дент­тің Жарлығымен бекітілді. Осы Тұжы­рымдама мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап, оны рәсімдеуге және әрі қарай дамытуға бағытталған нормативтік құқық­тық актілерді әзірлеу үшін негіз болады. Жүргізіліп жатқан реформаның түпкі мақ­саты «мемлекеттік қызмет» ұғымын жа­ң­­ғыр­ту. Мемлекеттік қызмет «ұлтқа, қоғамға қыз­мет ету» ұғымының синонимі болуға тиіс. – Қазіргі таңда облыста қанша мемлекеттік қызметші бар? Олар қандай салалар бойынша қызмет атқарады? Олар­­дың кәсіби даярлығын арттыруға ба­ғыт­талған жұмыстар туралы айта кетсеңіз. – Мемлекеттік органдардың берген ақпа­раттарына сәйкес, қазіргі таңда облы­сы­мыз­дағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штаттық саны 3522 адамды құрайды. Оның 163-і саяси мемлекеттік қызметшілер, «С» санаттар тобы бойынша (орталық атқарушы органдардың жергілікті басқармалары мен департаменттері) – 1828, «Д» санаттар тобы бойынша (облыстық жергілікті атқарушы органдар) – 403, «Е» санаттар тобы бойын­ша (аудан, қала, ауыл әкімдерінің аппарат­тары, аудандық және қалалық жергілікті атқарушы органдар) 1128 бірлік бар. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби да­яр­­лығына тоқталатын болсақ, төмендегі мә­лі­­­­меттерге назар аударуды ұсынар едім, жо­ғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі қазіргі таңда 89,3 пайыз. 365 адамның екі немесе одан да көп жоғары білімі бар, ал 18 маман ғылыми дәреженің иелері. Жалпы алғанда, көрсеткіштер жаман емес, алайда, қызметшілердің кәсіби біліктілігін үнемі көтеру керектігін ұмытпауымыз қажет. Бұл бағытта біз Мемлекеттік қызметшілерді қай­та даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Орталықтың жұмысын жоға­ры дәрежеге қойып отырған азамат Қал­қаз­бек Әжібеков және осы кісі бастаған ұжым­ға облысымыздың көптеген мемлекеттік қызметшілері алғысын білдіреді. Айта кететін болсақ, тек қана биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында орталықта 522 мемлекеттік қызметші түрлі бағдарламалар бойынша біліктілігін көтерді. – Біздің білуімізше, конкурстық іріктеу жүйесі азаматтардың мемлекеттік қыз­метке кіруге тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз етуі керек. Ол сақтала ма? Тағы да сұрақ – тестілеу мәселесі бойынша не айтасыз? Осы керек пе? Оның ашық және объективті өткізілуіне кепілдік беруге бола ма? – Бірінші кезекте мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу арқылы орналасудың күші жойылмайтындығын айта кеткім келеді. «Б» атқарушылық корпусына орналасу екі кезеңнен тұратын конкурстық іріктеу негізінде ғана болуы көзделген. Конкурстың бірінші кезеңінде агенттіктің аумақтық бө­лім­шелері әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне конкурс жариялау арқы­лы тестілеудің жаңа жүйесіне негізделген, кәсіби және жеке біліктілік қабілеттері бой­ынша ең лайық деп табылған үміткерлер іріктеліп алынса, екінші кезеңде мемлекеттік органдар бос әкімшілік лауазымға үміт­керлерді конкурстық жүйемен кадрлық резервке енгізілгендердің ішінен таңдап, іріктеп алатын болады. Менің пайымдауымша, республикамызда қабылданған конкурстық-мансаптық жүйені жетілдіру – мемлекеттік қызметшілердің кә­сі­билігін көтеруге үлкен жағдай жасау бо­лып табылады және мемлекеттік қызмет са­ласы осы жүйемен үлгі көрсетерліктей бо­лып қалыптасқан Германия, Франция, Австрия, Швейцария, Испания секілді елдер­дің тәжірибесі осыған дәлел. Сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, тестілеудің мақсаты үміткердің немесе аттестацияланушының білімі мен жұмыс істеу қабілетін әділ бағалау болып табылады. Тестілеу, әрине, керек. Өйткені, заңнан хабары жоқ адам мемлекеттік қызметте не бітіреді? Ол қандай шешімдер қабылдайды? Ал тестілеу процедурасының объективті түрде өткізілетініне өз басым кепілдік беремін. Осы мәселеге қатысты тағы да айтайын дегенім – мемлекеттік қызметке үміткер немесе сол мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүріп аттестациядан өтетін кез келген азамат белгіленген заңдық актілерді оқып үй­ренуге толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Ал тестілеуге дайындалу кезеңіне көмек ретінде басқарма тарапынан біраз жұмыс­тарды қолға алу жоспарланып жатыр. – Осы орайда тәртіптік кеңестің жұ­мысына тоқталып өтсеңіз. – Биылғы жылдың 8 айы ішінде 7 оты­рыс өткізілді, отырыстарда 21 тәртіптік іс қара­лып, 22 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3 қыз­меткер жұмыстан босатылды. Тәртіптік жауапкершіліктері қаралып, жазаға тартылған­дар ішінде 12-сі, яғни жартысынан көбі түрлі деңгейдегі басшылар. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы халықты тарту, олар тара­пынан білдірілген шағымдармен, пікірлермен танысу, арыз-өті­ніштерінің шешілуіне ықпал ету мақсатында облыстың барлық ау­дандарында және облыс орталығында аза­мат­тарды жеке мәселе­ле­рімен қабылдау өт­кізілді. Қабылдау күндері, уақыты, орны көпшілікке алдын ала ақпарат құралдары арқылы хабарланып отырды. Атал­ған мерзім ішінде өткізілген жеке қа­былдауларда барлығы 175 адам болды. Тәртіптік кеңес пен облыстағы құқық қорғау, қаржы бақылау органдарымен, «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиа­лы­мен өзара іс-қимыл жұмыстарын, қызмет­тік бай­ланыс әрекеттерін жүргізу жолға қойылған. Сонымен бірге, менің пікірімше, тәртіптік кеңестің негізгі функциясы жазалау емес, тәрбиелеу болуы тиіс. Яғни, біз бірінші кезекте, заңбұзушылықтың салда­ры­мен күре­суші емес, керісінше, сол заң­бұзу­шы­лық­тардың алдын алу шараларын үй­лес­тіруші, мемлекеттік қызметшілерді құқық­тық мәде­ниетке тәрбиелеуші орган бо­луы­мыз керек. Осы мәселені алға қоя отырып, Тәртіптік кеңес, биылғы жылдың өзінде, тиісті мемлекеттік орган басшы­ла­ры­на мемлекеттік тәр­тіпті нығайтуға, сы­бай­лас жем­қор­лықтың ал­­дын алуға және мем­лекеттік қыз­метші­лер­дің Ар-намыс кодекс талаптарын мүл­тік­сіз орындауына ба­ғыт­талған 67 ұсы­ныс енгізді. – Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі­нің тұжырымдамасы қабылданды, мемлекеттік қызмет саласында біраз жаңа­лықтар күтілуде. Осыған орай басқарма тарапынан да жаңа идеялар, жобалар жоспарланып жатқан болар? – Әрине, біраз жаңалықтар енгізуді ой­ластырып жатырмыз. Мысалға, жуықта об­лыс­тың белсенді жастарымен кездесу ұйым­дас­тырып, ой бөлістік. Сол кездесудің басты нәтижелерінің бірі «Жастар кадр резервін» жасақтау болып отыр, бұл жоба бойынша біз 20-25 жас маманды іріктеп, оларды Мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталығында түрлі семинар, тренингтерде біліктілігін арт­ты­рып, мемлекеттік органдарда іс-тәжі­рибеден өткізіп, тиісті тест, емтихандар арқылы алған білімін тексеріп, сертификат беріп, мемлекеттік қызметке орналасуына ықпал жасамақ ниеттеміз. Екінші бір жоба – тәлімгерлік институтын қайта жандандыру. Баршамызға белгілі, жұмыс орнына жаңа қыз­метші келген кезде, ол өздігінен жұ­мысты үйренгенше талай қиыншылықтан өтеді, ал осы үдерісті жеңілдету мақса­тын­да, бұрынғы кезде тәлімгерлік жүйесі пәр­менді жұмыс істеп келген. Ал біз неге осы жүйені қолға алмаймыз? Қазіргі таңда осы жоба бойынша біраз жұмыс атқарылуда. Бі­рақ, тәлімгерлерді ынталандыру, яғни олар­ға тиісті үстемеақы төлеу мәселесін респуб­лика деңгейінде, тиісті нормативтік акт қа­былдау арқылы шешу қажет деп санаймын. Тағы да ойда жүрген бір жоба бар, ол – «Үздік мемлекеттік қызметші» деген айдармен облыстық сайыс өткізу. Осындай іс-шаралар мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға өз көмегін тигізуі тиіс. Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда.